Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрi Бiрғаным Сарықызы Әйтiмоваға қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер енгiзуге рұқсат ете отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Жоба
Қазақстан Республикасының Yкiметi
мен Қырғыз Республикасының Yкiметi арасындағы Бiлiм беру
саласындағы ынтымақтастық туралы
келiсiм
(2010 жылғы 31 шілдеде күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2010 ж., N 6, 50-құжат)
Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi,
халықаралық нормаларды негiзге ала отырып, екi елдiң ұлттық заңнамаларын назарға ала отырып,
бiлiм саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтыла отырып,
Тараптардың арасында қалыптасқан оңтайлы бiлiм беру байланыстарын және бiлiм беру саласындағы өзара мүдделi басым ынтымақтастықты есепке ала отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар мынадай салаларда ынтымақтастықты жүзеге асырады:
- бiлiм беру жүйесi мен бiлiм беру саласында жүргiзiлiп жатқан реформалар туралы ақпараттар алмасу;
- оқу және оқу-әдiстемелiк, аудио және видео материалдар алмасу;
- бiлiм алушылармен, педагогикалық және ғылыми-педагогикалық қызметкерлермен алмасу;
- бiлiм беру мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық кесiмдер алмасу;
- бiлiм беру ұйымдарындағы аттестаттауды және аккредиттеудi жүргiзу мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлеуге ықпал ету;
- барлық деңгейдегi Тарап мемлекеттерiнiң бiлiм беру ұйымдарының арасында ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге ықпал ету.
2-бап
Тараптар мамандар, ғылыми-педагог кадрларын алмасу, даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру, бiрлескен ғылыми зерттеулер мен iс-шаралар жүргiзу саласындағы ынтымақтастықты дамытады, оларды iске асыру Тараптар мемлекеттерiнiң мүдделi ұйымдарының арасында тiкелей шарттарды жасасу негiзiнде жүзеге асырылады, онда олардың құқықтары, мiндеттерi және жауапкершiлiгi анықталуы тиiс.
3-бап
Тараптар жыл сайын баламалы негiзде бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша бiлiм алушылармен алмасуды жүзеге асырады.
Тарап мемлекеттерiнiң әрқайсысынан бiлiм алушылардың жыл сайынғы саны баламалы негiзде 5 адамнан аспауы тиiс.
Осы санаттағы бiлiм алушылардың оқу мерзiмiн қабылдаушы Тарап ол мемлекеттiң ұлттық заңнамасына сәйкес айқындайды.
4-бап
Тараптар Тарап мемлекеттерiнiң азаматтарына орта бiлiм алуға тең құқықты және оған қол жеткiзудi қамтамасыз етедi, ана тiлiн үйрену үшiн жағдай жасайды.
5-бап
Осы Келiсiмдi iске асырудың қаржылық шарттарын Тараптар мынадай үлгiде айқындайды:
- осы Келiсiммен көзделген алмасу бағдарламасы бойынша бағытталған тұлғалардың көлiктiк шығыстары бағыттаушы немесе iссапарға жiберушi ұйымдардың өз қаражаты есебiнен жүзеге асырылады;
- қабылдаушы Тарап бiлiм алушыларды оқуы, кiтапханаларды (оқу-құралдарын, ғылыми-техникалық құжаттамаларын, зерттеу жабдықтарын) пайдаланғаны үшiн ақы төлеуден босатады, сондай-ақ ұлттық заңнамаға сәйкес оларға стипендия мен жатақхана бередi;
- қабылдаушы Тарап денсаулық сақтау саласындағы қолданыстағы ұлттық заңнамалар шеңберiнде алмасуға қатысушыларға медициналық қызмет көрсетудi қамтамасыз етедi, жiберушi Тарап оларды жазатайым уақиғадан сақтандыру полисiнiң бар болуын қамтамасыз етедi;
- Тараптар бiлiм алушы отбасы мүшелерiнiң елге келуiне байланысты шығыстарды өтемейдi, сондай-ақ отбасы мүшелерiнiң тұруы мен жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етпейдi.
Бакалаврлар және магистранттар алмасу шарттары жекелеген хаттамаларда нақтыланады.
6-бап
Осы Келiсiм олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
7-бап
Осы Келiсiмге, Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiледi.
8-бап
Осы Келiсiмде көзделген iс-шараларды iске асыру Тарап мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
9-бап
Осы Келiсiмдi қолдану немесе талқылау жөнiнде Тараптар арасында туындайтын даулар Тараптар арасындағы келiссөздер мен консультациялар жолымен шешiледi.
10-бап
Осы Келiсiм әрбiр Тараптың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнiнен бастан күшiне енедi.
Осы Келiсiм белгiсiз мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi оның әрекетiн өзiнiң тоқтату ниетi туралы басқа Тараптан тиiстi жазбаша хабарламаны алған күнiнен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде болады.
200__жылдың "__"________ _______________ қаласында екi түпнұсқада, қазақ, қырғыз және орыс тiлдерiнде жасалды, барлық мәтiннiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасының
Үкiметi үшiн
Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін