Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Катар Мемлекетiнiң Үкiметi арасындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы келiсiм мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрi Владимир Сернеевич Школьник Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Катар Мемлекетiнiң Үкiметi арасындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы келiсiмге қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат берiлсiн.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.03.04. N 218 Қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Катар Мемлекетiнiң Үкiметi арасындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы келiсiм
Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Катар Мемлекетiнiң Үкiметi,
олардың саудадағы техникалық кедергiлерден (бұдан әрi - СТК) арылу және Қазақстан Республикасы мен Катар Мемлекетi арасындағы экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз ету ұмтылысын негiзге ала отырып;
халықаралық қағидаттар мен нормаларға негiзделген стандарттау, заңнамалық метрология және сәйкестiктi бағалау саласындағы техникалық ынтымақтастықты iлгерiлетуге олардың өзара мүддесiн назарға ала отырып,
екi жақты экономикалық мүдделердi кепiлдендiру мақсатында
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Мыналар:
Қазақстан Республикасында - Индустрия және сауда министрлiгi;
Катар Мемлекетiнде - Стандарттау және метрология жөнiндегi бас ұйым осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру жөнiндегi уәкiлеттi органдар болып табылады.
Көрсетiлген органдардың ресми атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар бойынша бiр-бiрiн уақтылы хабардар етедi.
2-бап
Тараптар стандарттау, заңнамалық метрология және сәйкестiктi бағалау саласында өзара тиiмдi ынтымақтастыққа қол жеткiзу үшiн жұмыс жүргiзедi әсiресе:
ғылыми және техникалық ынтымақтастықты қамтамасыз ету, сондай-ақ СТК-дан арылу мақсатында ұлттық стандарттау жүйелерiн халықаралықпен үйлестiрудi жүргiзедi.
екi елдегі мүдделi мамандандырылған органдар мен институттар арасында стандарттау, заңнамалық метрология және сәйкестiктi бағалау саласындағы бастамаларды қолдайды және тiкелей ынтымақтастықты қамтамасыз етедi.
3-бап
Ынтымақтастық:
екi елде шығарылатын және стандарттауға, заңнамалық метрология мен сәйкестiктi бағалауға қатысты ақпаратпен және мерзiмдi басылымдармен алмасуды;
стандарттар мен ережелердiң (рәсiмнiң) ұлттық жүйелерiнiң каталогтарымен және анықтамалықтарымен алмасуды;
сәйкестiктi бағалау, сәйкестiктi бағалауды жүргiзетiн сынақ зертханаларын және үкiметтiк емес құрылымдарды аккредиттеу саласындағы ақпаратпен және мерзiмдi басылымдармен алмасуды, сертификатталуы мiндеттi өнiмнiң тiзiмдерiн өзара ұсынуды;
тиiстi тәжiрибенi өзара тиiмдi беру мақсатында техникалық мамандармен алмасуды;
Тараптардың консультациялық кездесулер өткiзуiн, стандарттау, заңнамалық метрология және сәйкестiктi бағалау саласында кадрлар оқытуды;
екi мемлекеттiң ұстанымдарын нығайту және олардың стандарттау, заңнамалық метрология және сәйкестiктi бағалау саласында халықаралық деңгейдегi қызметiн күшейту мақсатында стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйыммен (ISO), Халықаралық электротехникалық комиссиямен (IЕС), Заңнамалық метрологияның халықаралық ұйымымен (OIML) және басқалармен ынтымақтастықты қолдауды қамтамасыз етедi.
4-бап
Осы Келiсiмнiң қолданылуы мерзiмi iшiнде Тараптардың бiрiнен алынған ғылыми-техникалық ақпарат осындай ақпаратты ұсынған Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмi болған кезде ғана үшiншi тарапқа берiлуi мүмкiн.
5-бап
Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегiнде осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыруға байланысты шығыстарды дербес көтередi.
6-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мен қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келiспеушiлiктер Тараптардың арасында консультациялар және келiссөздер жүргiзу жолымен шешiледi.
7-бап
Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлуi мүмкiн, олар жеке хаттамалармен рәсiмделедi және осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылады.
8-бап
Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң орындалғаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасы алынған күнiнен бастап бiр айдан кейiн күшiне енедi.
Осы Келiсiм Тараптардың бiрi екiншi Тараптың оның қолданысын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламасын алған күнiнен бастап үш ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
Осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтату оларды жүзеге асыру осы Келiсiмдi iске асыруда басталған жобалардың iске асырылуына әсер етпейдi.
2007 жылғы "__" ________ ________қаласында әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасының Катар Мемлекетiнiң
Yкiметi үшiн Yкiметi үшiн