Ескерту. Қаулының күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 қарашадағы N 1038 Қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Жалған дәрілік заттар айналымына қарсы
күрестегі ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары -
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Аслан Есболайұлы Мусинге
Жалған дәрілік заттар айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 25 мамырдағы
N 418 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Жалған дәрілік заттар айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің атынан үкіметтері
халықты тиімді, қауіпсіз және сапалы дәрілік заттармен қажетті көлемде және түр-түрде қамтамасыз етуге ерекше мән бере отырып,
жалған дәрілік заттар айналымы Тараптар халқының денсаулығы мен әл-ауқатына елеулі қатер төндіретінін ұғына отырып,
Тараптарда жалған дәрілік заттар айналымының, оның ішінде экспорты мен импорты анықталуының алдын алу мен анықтауға кезек күттірмейтін шаралар қабылдау қажеттілігін ескере отырып,
Тараптарда дәрілік заттар айналымын реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдірудің орындылығын сезіне отырып,
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жалған дәрілік заттарға қарсы күрес жөніндегі ұсынымдарына сүйене отырып,
өздерінің ұлттық заңнамалары мен халықаралық міндеттемелерін басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мәні Тараптардың жалған дәрілік заттар айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастығы болып табылады.
2-бап
Тараптар ұлттық заңнамаларына және осы Келісімге сәйкес жалған дәрілік заттар айналымына, оның ішінде олардың экспорты мен импортына қарсы күресте мынадай бағыттар бойынша іс-шараларды жүзеге асырады:
халықаралық стандарттарға, оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес дәрілік заттар айналымын реттейтін нормативтік құқықтық актілерді үйлестіру;
ақпараттық іс-қимыл, оның ішінде жалған дәрілік заттардың анықталуы мен таралуының барлық жағдайлары, дәрілік заттарды қорғау тәсілдері және дәрілік заттардың түпнұсқалығын растау әдістемелері туралы хабардар ету;
жалған дәрілік заттар айналымына қарсы күрес жөнінде іс-шаралар өткізуде өзара ғылыми, техникалық және басқа да көмек;
жалған дәрілік заттар айналымының жолын кесуге бағытталған қазіргі заманғы қорғаныш технологияларын, оның ішінде дәрілік заттардың қорғаныш таңбаларын және оларды пайдалану әдістерін енгізу.
3-бап
Жалған дәрілік заттар олар тұрған аумақтағы Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жойылуы тиіс.
Жалған дәрілік заттарды жою фактілері туралы Тараптардың әрқайсысы басқа Тараптарға жалған дәрілік затта көрсетілген өндірушіге, сол жалған дәрілік зат аумағынан импортталған мемлекетке хабарлайды.
4-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдарды айқындайды және бұл туралы депозитарийді хабардар етеді.
5-бап
Тараптар, егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмеген болса, олардың осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды Тараптардың ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
6-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың өздері қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
7-бап
Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.
8-бап
Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарлама депозитарийге сақтауға тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті құжаттар депозитарийге тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді.
9-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және 8-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін тиісті хаттамамен ресімделеді.
10-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған міндеттемелерді реттей отырып, көзделіп отырған шығу күніне дейін кемінде 6 ай бұрын өзінің ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады.
11-бап
Осы Келісім оның мақсаттары мен міндеттерін бөлісетін, мұндай қосылу туралы құжаттарды депозитарийге беру жолымен басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
____________ жылғы _______________ қаласында бір түпнұсқа
данада орыс тілінде жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.
Әзірбайжан Республикасының Молдова Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Грузия Үкіметі үшін Түркіменстан Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украина Үкіметі үшін
Үкіметі үшін