"Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 21 қаңтардағы Заңының 2-бабының 4-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түзеу мекемелерінің "Еңбек - Қостанай" республикалық мемлекеттік кәсіпорнын банкрот деп тануға байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің түзеу мекемелері "Еңбек - Қостанай" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының:
1) конкурстық массаны бірнеше лоттарға бөлуді;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түзеу мекемесінің (бұдан әрі - мекеме) тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін өндірістік қызметте қажет жекелеген активтерден негізгі лотты қалыптастыруды көздейтін конкурстық массасын сатудың ерекше шарттары мен тәртібі белгіленсін.
2. Негізгі лотты сатып алушыларға мыналарды көздейтін қосымша талаптар белгіленсін:
1) мынадай міндеттемелерді қабылдау:
технологиялық циклдің үздіксіздігін қамтамасыз ету және қызмет бейінін сақтау жөнінде;
өндірістік қызметті қамтамасыз ету үшін сатып алынған мүлікті мекеменің аумағында пайдалану жөнінде;
мекемелерде сотталғандардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету жөнінде;
2) қылмыстық атқару жүйесінде өндірістік қызметті жүзеге асыру және мекемелердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс тәжірибесінің болуы.
3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен сатып алушының сатып алу-сату шарттары бойынша өз міндеттемелерін орындауын бақылауды жүзеге асыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі