Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сирия Араб Республикасының Үкіметі арасындағы Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Марат Мұханбетқазыұлы Тәжинге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, ол Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сирия Араб Республикасының Үкіметі арасындағы Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы»5 қарашадағы
N 1038 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сирия Араб
Республикасының Үкіметі арасындағы Білім және ғылым
саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сирия Араб Республикасының Үкіметі,
ғылым-білім саласындағы қазақстан-сирия қатынастарын нығайтуға және дамытуға қатысты екі мемлекеттің басшылары арасындағы уағдаластыққа негізделе отырып,
білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты теңдік пен өзара тиімділік қағидаттарымен дамыту ниетін басшылыққа ала отырып,
Тараптар мемлекеттері ұлттық заңнамаларының нормаларын ескере отырып,
білім және ғылым саласындағы екі жақты ынтымақтастықтың болашақтағы дамуы Тараптар мемлекеттерінің халықтары арасында достық пен өзара түсінушілікті орнатуға және қолдауға едәуір дәрежеде ықпал етуі мүмкін екендігін назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес тең құқықтық пен өзара тиімділік негізінде Тараптар екі мемлекет арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытады және нығайтады.
2-бап
Тараптар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында, сондай-ақ кадрларды даярлау, бірлескен бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру мәселелері бойынша Тараптар арасында ақпаратпен және арнайы әдебиетпен алмасу жолымен ғылым саласында да ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді.
Тараптар қазақстандық және сириялық жоғары оқу орындары және ғылыми ұйымдары арасында жарияланымдармен алмасуды көтермелейді.
3-бап
Тараптар, Тараптар мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілері туралы ақпаратпен алмасады.
4-бап
Тараптар білім, ғылым және технологиялар саласындағы даму мен басқарудың маңызды бағыттары бойынша жұмыс тәжірибесімен алмасуды жүзеге асырады.
5-бап
Тараптар бір Тарап мемлекетінің жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарда консультациялар өткізу және дәріс беру үшін басқа Тарап мемлекетінің жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарының жетекші ғалымдары мен педагогтарын тарту мәселелері бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытады.
Тараптар өзара негізде мамандарды Тараптардың мемлекеттерінде өткізілетін ғылыми форумдар мен конференцияларға қатысу үшін шақыруды көтермелейді.
6-бап
Осы Келісімде көзделген іс-шараларды іске асыру Тараптар мемлекеттерінің мүдделі ұйымдары арасында құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі анықталуы тиіс тікелей шарттарды жасасу негізінде жүзеге асырылады.
7-бап
Осы Келісім Тараптар ресми мақұлдайтын білім беру және ғылыми алмасу бойынша басқа іс-шараларды өткізу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
8-бап
Осы Келісімнің мәтініне осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісім бойынша кез келген даулар Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасындағы келіссөздер және өзара консультациялар арқылы шешілетін болады.
9-бап
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады, егер Тараптардың бірі кезекті кезеңнің бітуіне дейінгі алты ай бұрын өз әрекетін тоқтату туралы басқа Тарапқа жазбаша хабарлама жібермесе, автоматты түрде келесі бес жылдық кезеңге ұзартылады.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындауы туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
200_ жылғы "_______"______________ ________________ қаласында қазақ, орыс, араб және ағылшын тілдерінде әрқайсысы екі данада жасалды және барлық мәтіндердің бірдей заңды күші бар.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Сирия Араб Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін