Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Ұлттық әл-ауқат қоры туралы
Осы Заң Ұлттық әл-ауқат қорының құқықтық жағдайын, қызмет тәртібін, мақсаттарын, міндеттері мен өкілеттіктерін, сондай-ақ акциялары (қатысу үлестері) Ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі заңды тұлғалардың және Қордың тобына кіретін өзге ұйымдардың құқықтық жағдайының жекелеген ерекшеліктерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда
мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Ұлттық әл-ауқат қоры (Қор) - ұлттық басқарушы холдинг;
2) компаниялар - ұлттық даму институттары, ұлттық компаниялар және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы меншік немесе сенімді басқару құқығында Қорға тиесілі басқа да заңды тұлғалар;
3) Қордың тобы - Қор, компаниялар, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы компанияларға тиесілі олардың еншілес ұйымдары, сондай-ақ оларға қатысты осы Заңмен арнайы құқықтық жағдай белгіленетін дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы компаниялардың көрсетілген еншілес ұйымдарына тиесілі заңды тұлғалар;
Қордың тобына мыналар кірмейді:
салынған акцияларын (қатысу үлестерін) сату жөніндегі сауда-саттық Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өткізілмеді деп жарияланған кезде акциялары (қатысу үлестері) Қордың тобына кіретін банктің меншігіне келіп түскен заңды тұлғалар;
банк кредиторларының мүдделерін қорғау және Қазақстан Республикасының банк жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша акциялары Қордың меншігіне келіп түскен банктер.
2-бап. Қордың қызметін құқықтық реттеу
1. Қор туралы заңнама Қазақстан Республикасының
Конституциясына
негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
2. Акционерлік қоғамдардың құқықтық жағдайын реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасы осы Заңмен реттелмеген бөлігінде Қордың тобына қолданылады.
3-бап. Қордың мақсаттары мен міндеттері
1. Қор қызметінің негізгі мақсаты бәсекеге қабілеттілікті, ұлттық әл-ауқатты және ұлттық экономиканың тұрақты дамуын, оның ішінде өзіне компаниялардың меншік немесе сенімді басқару құқығында тиесілі акциялар пакеттерін (қатысу үлестерін) басқару жолымен арттыру болып табылады.
2. Қордың міндеттері мыналар болып табылады:
1) компаниялардың ұзақ мерзімді экономикалық құндылығын барынша көбейту және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
2) компанияларды корпоративтік басқару практикасын жетілдіру;
3) өңірлерде іскерліктің және инвестициялық белсенділіктің өсуіне жәрдемдесу;
4) ұлттық, салааралық және өңірлік ауқымдағы инвестициялық шешімдерді әзірлеу және іске асыру;
5) инвестициялық жобалардың, оның ішінде инвестициялық стратегиялық жобалардың іске асырылуын қамтамасыз ету;
6) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді отандық өндірушілермен өзара іс-қимыл арқылы қазақстандық мазмұнды қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
7) мемлекеттік және жеке меншік мүдделерді шоғырландыру жолымен кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ тиісті өңірдің әлеуметтік жобаларын іске асыру есебінен халықтың өмір сүру деңгейінің өсуіне жәрдемдесу;
8) бәсекеге қабілетті қазақстандық тауар өндірушілерді құруға және дамытуға жәрдемдесу;
9) Қазақстан Республикасының қор нарығын дамытуға жәрдемдесу;
10) Қазақстан Республикасының экономикасына инвестицияларда тартуға жәрдемдесу.
4-бап. Қор қызметінің қағидаттары
Қордың қызметі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) Қордың жалғыз акционері ретіндегі мемлекеттің мүдделерін сақтауға;
2) Қор және компаниялар қызметінің айқындылығына, тиімділігіне және икемділігіне;
3) шешімдерді қабылдау мен оларды іске асырудағы жүйелілікке және жеделділікке;
4) жауапкершілік пен есеп берушілікке;
5) заңдылыққа.
2-тарау. Қор тобының қызметін құқықтық реттеу
ерекшеліктері
5-бап. Қордың акцияларына меншік мәселелері
Қордың акциялары мемлекеттің айрықша меншігі болып табылады және иеліктен шығаруға жатпайды.
6-бап. Қордың Ұлттық әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін
ерекше
өкілеттіктер
1. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын арттыру, ұлттық әл-ауқатты қамтамасыз ету мақсатында Қор мынадай ерекше өкілеттіктерге ие болады:
1) меншік иелері иеліктен шығаратын стратегиялық объектілерді
Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша сатып алу басым құқығына;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес акциялар пакеттері (қатысу үлестері) стратегиялық объектілерге жатқызылған ұйымдардың немесе республиканың экономикасы үшін маңызды стратегиялық мәні бар ұйымдарға жатқызылған ұйымдардың банкроттығы кезінде конкурстық массаны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша сатып алу басым құқығына;
3) банктер мен банктік қызмет туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде көзделген тәртіппен банктердің акцияларын сатып алуға.
3. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актісімен көзделген тәртіппен және шарттарда мемлекет Қазақстан Республикасы Үкіметі атынан немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қор немесе Ұлттық компания арқылы жер қойнауын (оның бөлігін) және (немесе) олармен байланысты объектілерді пайдалану құқығын сатып алуға басым құқыққа ие болады.
7-бап. Тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу
1. Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен көзделген тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың арнайы тәртібі Қор және акцияларының елу және одан астам пайызы (қатысу үлестері) Қорға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуда қолданылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін үлгі ережелерге сәйкес жүргізіледі.
3-тарау. Қор тобындағы корпоративтік басқару
ерекшеліктері
8-бап. Қордың органдары
Қордың органдары мыналар болып табылады:
1) жоғары орган - Жалғыз акционер;
2) басқару органы - Директорлар кеңесі;
3) атқарушы орган - Басқарма;
4) Қордың жарғысына сәйкес өзге де органдар.
9-бап. Жалғыз акционер
1. Қордың жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады.
2. Осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге заңнамалық актілерімен және (немесе) Қордың жарғысымен оның жалғыз акционерінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді түрінде Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
3. Қордың жалғыз акционерінің айрықша құзыретіне мыналар жатады:
1) Қордың жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе оны жаңа редакцияда бекіту;
2) Қордың жылдық қаржы есептілігін бекіту;
3) Қордың даму стратегиясын бекіту;
4) Қорды ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату;
5) Қордың жарияланған акцияларының санын ұлғайту немесе Қордың орналастырылмаған жарияланған акцияларының түрін өзгерту туралы шешім қабылдау;
6) Қор Директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттіктерінің мерзімін анықтау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
7) Қордың жалғыз акционері анықтаған тізбе бойынша компаниялардың акцияларын иеліктен шығару, сондай-ақ көрсетілген акцияларды сенімді басқаруға беру;
8) Қордың жалғыз акционері анықтаған тізбе бойынша компанияларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешім;
9) Қор Басқармасы төрағасын тағайындау және лауазымынан мерзімінен бұрын босату;
10) осы Заңға және Қордың жарғысына сәйкес өзге мәселелер.
4. Осы баптың 3-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген Қор жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылмайтын компанияларға қатысты мәселелер бойынша шешімдер компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында Қордың уәкілетті өкілдері кейіннен дауыс беруі мақсатында акционер (қатысушы) ретінде Қордың ұстанымын айқындау үшін Қордың жалғыз акционері қабылдайды.
10-бап. Директорлар кеңесі
1. Қордың Директорлар кеңесі жалғыз акционер сайлайтын төрағадан және мүшелерден тұрады.
2. Қордың Директорлар кеңесінің құрамы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының бірінші басшылары қатарынан, Қордың Басқарма төрағасынан және өзге тұлғалардан құрылады.
Лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қордың Директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады.
Жалғыз акционер өз қалауы бойынша Қордың Директорлар кеңесі құрамындағы тәуелсіз директорлар санын анықтауға құқылы.
3. Қордың Директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне мына мәселелер бойынша шешімдерді қабылдау жатады:
1) Қордың аудитін жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды және жылдық бюджетті бекіту шеңберінде оның қызметтеріне ақы төлеудің шекті мөлшерін анықтау;
2) Қордың штат санын бекіту;
3) есепті қаржы жылындағы Қордың таза кірісін бөлу тәртібін бекіту, жай акциялар бойынша дивидендтерді төлеу туралы шешім қабылдау және Қордың бір жай акциясына есептегенде жыл қорытындылары бойынша дивидендтің мөлшерін бекіту;
4) акционерлік қоғамдар туралы заңнамалық актіде көзделген жағдайлар болған кезде жай акциялар бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдау;
5) акционерлерге Қордың қызметі туралы ақпаратты ұсыну тәртібін
анықтау, оның ішінде егер Қор жарғысымен осындай тәртіп белгіленбесе,
бұқаралық ақпарат құралдарын анықтау;
6) тәуелсіз директорларға сыйақылар беру мөлшері мен төлеу шарттарын анықтау;
7) мәселелерді жалғыз акционердің қарауына шығару туралы шешім қабылдау;
8) акцияларды орналастыру (сату) туралы, оның ішінде жарияланған акциялардың саны шегінде орналастырылатын (сатылатын) акциялардың саны, оларды орналастыру (сату) тәсілі мен бағасы туралы шешім қабылдау;
9) Қордың орналастырылған акцияларды немесе басқа да бағалы қағаздарды сатып алуы және оларды сатып алу бағасы туралы шешім қабылдау;
10) Басқарма мүшелерінің сандық құрамын, өкілеттіктерінің мерзімін белгілеу, Басқарма мүшелерін сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
11) Басқарма төрағасы мен мүшелерінің лауазымдық жалақыларының мөлшерін және еңбекақы мен сыйлықақы төлеу шарттарын белгілеу;
12) ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттіктерінің мерзімін белгілеу, оның басшысы мен мүшелерін сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі қызметкерлерінің еңбекақы мен сыйлықақы төлеу мөлшері мен шарттарын белгілеу;
13) Қор бекіткен мәселелер тізбесі бойынша оның ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекіту;
14) Қордың Директорлар кеңесі белгілеген тәртіппен Қордың даму стратегиясының негізгі көрсеткіштерін орындауды бағалау;
15) Қордың тобына кіретін ұйымдардың арасында мәмілелер жасасу тәртібін анықтау, акционерлік қоғамдар туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актісімен оларды жасауға қатысты ерекше жағдайлар белгіленді;
16) осы Заңмен оларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешім шығару Қордың жалғыз акционерінің құзыретіне жатқызылған компанияларды қоспағанда, компанияларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешім;
17) Қордың дивидендтік саясатын анықтау;
18) Қордың жылдық бюджетін және оның қызметін жоспарлау жөніндегі өзге де құжаттарды, сондай-ақ олар бойынша есеп беру тәртібі мен мерзімін бекіту;
19) Қорға тиесілі барлық активтердің жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын сомадағы активтердің бір немесе бірнеше бөлігін беру арқылы Қордың өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметіне қатысуы;
20) корпоративтік басқару кодексін, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтыруларды бекіту;
21) Қордың өз капиталының он және одан да көп пайызын құрайтын шамаға оның міндеттемелерін ұлғайту;
22) Қордың басқа заңды тұлғалардың акцияларының (жарғылық
капиталдағы қатысу үлестерінің) он және одан артық пайызын сатып алуы;
23) осы Заңға және Қордың жарғысына сәйкес өзге де мәселелер.
4. Қор жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылмайтын
компанияларға қатысты осы баптың 3-тармағы 16) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша шешімдерді компаниялар (қатысушылар) акционерлерінің жалпы жиналыстарында Қордың уәкілетті өкілдері кейін дауыс беру мақсатында акционер (қатысушы) ретіндегі Қордың ұстанымын анықтау үшін Қордың Директорлар кеңесі қабылдайды.
5. Қордың Директорлар кеңесі отырысының күн тәртібін Қордың
корпоративтік хатшысы жасайды. Қор Директорлар кеңесінің мүшелеріне
мәжіліс өткізу тәртібі туралы хабарламаларды Қордың корпоративтік хатшысы жібереді.
11-бап. Басқарма
1. Қордың басқармасы Басқарма төрағасынан және Басқарманың басқа да мүшелерінен тұрады. Басқарма төрағасының орынбасарлары Басқарма мүшелері болып табылады. Сондай-ақ өзге тұлғалар да Басқарма мүшелері болуы мүмкін.
2. Қор Басқармасының құзыретіне мынадай мәселелер бойынша шешім қабылдау кіреді:
1) акционерлік қоғамдар туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актісіне сәйкес Қор акцияларды сатып алған кезде олардың құнын белгілеу әдістемесіне өзгерістерді бекіту (егер ол бұрын бекітілмеген болса, әдістемені бекіту);
2) Қордың акцияларын төлеуге берілген не ірі мәміле нысанасы болып табылатын мүліктің нарықтық құнын бағалау жөніндегі бағалаушының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау;
3) Қордың бағалы қағаздарын айырбастау шарттары мен тәртібін, сондай-ақ олардың өзгерісін айқындау;
4) барлық дауыс беруші акциялары меншік және (немесе) сенімді басқару құқығында Қорға тиесілі компаниялар деңгейінде бірыңғай
орталықтандырылған ішкі аудит қызметін құру;
5) Қордың тәуекелдерін басқару жөніндегі саясатты анықтау;
6) заңнамаға және компаниялардың жарғыларына сәйкес олар бойынша шешімдерді (осы Заңға сәйкес Қордың жалғыз акционері және Директорлар кеңесі қабылдайтын компаниялар қызметінің мәселелері бойынша шешімдерді қоспағанда) Қордың Басқармасы немесе Басқарма төрағасы қабылдайтын компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) құзыретіне жататын компаниялар қызметі мәселелерінің тізбесін анықтау, сондай-ақ осындай шешімдерді қабылдау тәртібін айқындау;
7) барлық дауыс беруші акциялары (қатысу үлестері) меншік және
(немесе) сенімді басқару құқығында Қорға тиесілі компаниялар атқарушы
органдарының басшыларын тағайындау және өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ осы шешімдерді кейіннен көрсетілген компаниялардың Директорлар кеңесінің қарауына шығара отырып, олармен жасалған еңбек қатынастарын мерзімінен бұрын тоқтату;
8) барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) олардың компанияларына тікелей немесе жанама түрде тиесілі Қор Басқармасы анықтайтын тізбе бойынша осы шешімдерді кейіннен көрсетілген ұйымдардың Директорлар кеңесінің қарауына шығара отырып, Қор тобына кіретін ұйымдардың атқарушы органдары басшыларының өкілеттіктерін тағайындау және мерзімінен бұрын тоқтату;
9) Директорлар кеңесін құрмай-ақ, осы ұйымдардың жарғыларында олардың басқару мүмкіндіктерін белгілеу туралы шешімді барлық дауыс беретін акциялары компанияларға тікелей және жанама түрде тиесілі компанияларға қатысты қабылдау немесе Қордың тобына кіретін басқа ұйымдарға қатысты келісу;
10) Қордың штаттық кестесі мен ұйымдық құрылымын бекіту;
11) акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы
компанияның еншілес ұйымдары меншігінде болатын ұйымдарға басқа заңды
тұлғалардың акцияларын (қатысу үлестерін) бекітуге және (немесе) сатып алуға қатысуына рұқсат беру;
12) Қордың филиалдары мен өкілдіктерін құру туралы шешімдерді қабылдау;
13) Қор немесе оның қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын қызметі туралы ақпаратты айқындау;
14) Қордың облигацияларын, туынды бағалы қағаздарын шығару шарттарын белгілеу және Қорды өзге қарыз алуға тарту;
15) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы Қорға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлғалар қатысты үлгі құжаттарды бекіту;
16) олардың стратегиялары мен даму жоспарларын бекіткен кезде дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы Қорға тиесілі компанияларға қатысты бірыңғай (оның ішінде компаниялар қызметінің салалары бойынша) қаржылық, инвестициялық, өндірістік-шаруашылық, ғылыми-техникалық және өзге саясатты қалыптастыру;
17) осы Заңмен және Қордың жарғысымен Қордың басқа органдарының құзыретіне жатқызылмаған өзге де мәселелер.
3. Қор жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылмайтын компаниялар қызметінің мәселелері бойынша осы баптың 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген шешімдерді компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында уәкілетті өкілдер кейіннен дауыс беру үшін Қордың акционер (қатысушы) ретіндегі ұстанымын анықтау мақсатында Қордың Басқармасы немесе Басқарма төрағасы қабылдайды.
4. Осы баптың 2-тармағы 7), 8) тармақшаларында көрсетілген Қор
Басқармасының шешімдері барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) меншік және (немесе) сенімді басқару құқығында Қорға тиесілі компаниялар немесе дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде компанияларға тиесілі Қордың тобына кіретін ұйымдар Директорлар кеңесінің бірауыздан қабылдаған шешімімен бас тартылуы мүмкін.
5. Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамалық актісінде көзделген мәселелермен қатар, Қор Басқармасы төрағасының құзыретіне мыналар жатады:
1) тікелей немесе жанама түрде компанияларға тиесілі дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы компаниялар мен өзге заңды тұлғаларға тексерулер (тексерістер) тағайындау туралы шешімдер қабылдау;
2) барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі компанияларға олардың қызметі мәселелері бойынша, олардың орындауы үшін тікелей (жедел) тапсырмалар беру;
3) осы Заңға және (немесе) Қордың жарғысына сәйкес өзге мәселелер бойынша шешімдер қабылдау.
12-бап. Қордың даму стратегиясы
1. Қордың даму стратегиясы елдің әлеуметтік-экономикалық даму
мақсаттары мен ұзақ мерзімді басымдықтарына сәйкес он жылға әзірленеді.
Даму стратегиясы Қордың қызметі бағаланатын негізгі көрсеткіштерді, сондай-ақ олар бойынша мақсатты мәндерді қамтиды.
2. Қордың даму стратегиясын Қордың Жалғыз акционері бекітеді.
3. Қордың даму стратегиясының негізгі көрсеткіштерінің орындалуын бағалау Қордың Директорлар кеңесі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
13-бап. Ақшаны басқару
1. Қор, Қордың Директорлар кеңесі бекітетін барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі заңды тұлғалардың ақшасын басқару жөніндегі бірыңғай саясатты іске асырады.
2. Қордың тобына кіретін ұйымдар өзге, оның ішінде Қордың тобына кіретін ұйымдарға ақылылық, мерзімділік пен қайтарымдылық шарттарымен ақшалай нысанда кредиттер (қарыздар) беруге құқылы.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген кредиттерді (қарыздарды) беру тәртібі мен шарттары Қордың Директорлар кеңесі бекіткен ішкі кредит саясаты туралы ережелермен айқындалады.
14-бап. Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар
туралы заңнамалық актісімен оларды жасасуға
қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелер
Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамалық актісімен оларды жасасуға қатысты ерекше шарттар белгіленген Қордың тобына кіретін ұйымдар арасындағы мәмілелер Қордың Директорлар кеңесі айқындайтын тәртіппен оларды қолданбай-ақ жасалады.
15-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдардың өзге заңды
тұлғалардың акцияларын (қатысу үлестерін) сатып
алуы
1. Акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы
компанияның еншілес ұйымдары меншігінде болатын ұйымдардың өзге заңды
тұлғаларды құруға немесе олардың жарғылық капиталдарына қатысуға құқығы жоқ.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген ережеден алып тастауға Қор Басқармасының шешімі бойынша рұқсат етіледі.
Қор Басқармасы Қордың тобына кіретін жекелеген ұйымдар үшін өзге заңды тұлғаларды құруға олардың қатысу және (немесе) өзге заңды тұлғалардың акцияларын (қатысу үлестерін) сатып алу тәртібі туралы үлгі ережені бекітуге құқылы.
3. Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамалық актісінде белгіленген бағалы қағаздардың екінші нарығында акционерлік қоғамдардың отыз және одан көп дауыс беретін акцияларын сатып алу тәртібі Қор немесе дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамы Қорға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлғаларға қатысты қолданылмайды.
16-бап. Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге оны
енгізу арқылы мүлікке мемлекеттік меншікті
тоқтату
1. Мемлекеттік меншікте тұрған мүлік Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жекешелендіру туралы заңнамада көзделген рәсімдер қолданылмастан, Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге берілуі мүмкін.
2. Мемлекеттік меншікте тұрған мүлік Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Қор меншігінде тұрған басқа мүлікке айырбастауға Қордың меншігіне берілуі мүмкін.
17-бап. Қордың тобына кіретін компаниялар мен өзге
ұйымдарды басқарудың жекелеген мәселелері.
1. Қордың тобында меншік және (немесе) сенімді басқару құқығында барлық дауыс беретін акциялары Қорға тиесілі компаниялар деңгейінде бірыңғай орталықтандырылған ішкі аудит қызметі құрылуы мүмкін. Меншік және (немесе) сенімді басқару құқығында барлық дауыс беретін акциялары Қорға тиесілі компаниялар деңгейінде орталықтандырылған ішкі аудит қызметін құру туралы шешімді Қор Басқармасы қабылдауы мүмкін және компаниялардың орталықтандырылған ішкі аудит қызметі оларға қатысты ұйымдардың жарғыларында көрсетілуі тиіс.
2. Барлық акциялары компанияларда және (немесе) компанияларға тікелей не жанама түрде тиесілі Қордың тобына кіретін басқа ұйымдарда Директорлар кеңестері құрылмауы мүмкін. Осы шешім тиісті қоғамның жарғысында бекітілуі тиіс.
Көрсетілген жағдайда Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамалық актісімен Директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді қабылдау қоғамдардың жарғыларына жалғыз акционердің құзыретіне енгізіледі.
3. Барлық дауыс беретін акциялары Қордың меншігінде тұрған компаниялар жарғысында Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамалық актісіне сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне кіретін мәселелер жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді немесе оны жаңа редакцияда бекітуді, ерікті түрде қайта ұйымдастыруды немесе таратуды, сандық құрамын, директорлар кеңесі өкілеттіктерінің мерзімін анықтауды, оның мүшелерін сайлауды және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуды, сондай-ақ директорлар кеңесі мүшелеріне сыйақылар төлеу мөлшері мен шарттарын анықтауды, алтын акцияны енгізуді және күшін жоюды қоспағанда, көрсетілген компанияның директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызылуы мүмкін.
4. Барлық дауыс беретін акциялары Қордың меншігінде тұрған компаниялар жарғысында Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамалық актісіне сәйкес директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне кіретін мәселелер қызметтің басым бағыттарын анықтау, орналастыру (өткізу) туралы, оның ішінде орналастырылатын (өткізілетін) акциялардың саны, оларды орналастыру (сату) тәсілі мен бағасы туралы шешім қабылдау; Қоғамның орналастырылған акцияларды немесе басқа да бағалы қағаздарды сатып алуы және оларды сатып алу бағасы туралы шешім қабылдау; атқарушы органның сандық құрамын, өкілеттіктер мерзімін анықтау, оның басшысы мен мүшелерін (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын тұлғаны) сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату; атқарушы органның басшысы мен мүшелерінің (атқарушы органның қызметін жеке-дара жүзеге асыратын тұлғаның) лауазымдық жалақыларын және оларға еңбекақы төлеу мен сыйлықақылар беру шарттарын анықтау; ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттіктер мерзімін анықтау, оның басшысын тағайындау, сондай-ақ оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі қызметкерлеріне еңбекақы төлеу және сыйлықақы беру мөлшері мен шарттарын анықтау; корпоративтік хатшының өкілеттіктерін тағайындау, мерзімін анықтау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ корпоративтік хатшының лауазымдық жалақысы мөлшерін және сыйақы беру шарттарын анықтау мәселелерін қоспағанда, көрсетілген компанияның атқарушы органының құзыретіне жатқызылуы мүмкін.
4-тарау. Қорытынды ережелер
18-бап. Қордың және оның лауазымды тұлғаларының
жауапкершілігі
Қор және оның лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен және негіздерде жауапкершілік алады.
19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті