Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.09.2010 № 895 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Имашев" трансшекаралық газ конденсаты кен орнындағы бірлескен қызмет туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мұхаметбайұлы Мыңбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Имашев" трансшекаралық газ конденсаты кен орнындағы бірлескен қызмет туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 9 қыркүйектегі
N 1329 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы "Имашев" трансшекаралық газ конденсаты кен
орнындағы бірлескен қызмет туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі 2005 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 7-бабын негізге ала отырып, 2001 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді, 1994 жылғы 28 наурыздағы Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының экономикалық ынтымақтастығы мен ықпалдастығын одан әрі тереңдету туралы шартты, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үкіметтері басшылары кеңесінің 2004 жылғы 15 қыркүйектегі шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастығы тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының аумағындағы Атырау облысының Құрманғазы ауданында Атырау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 250 км және Ресей Федерациясының аумағындағы Астрахань қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 60 км жерде, орналасқан Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын (бұдан әрі - Имашев кен орны) бірлесіп геологиялық зерттеу және барлау мақсатында төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім Имашев кен орнында бірлескен қызметті ұйымдастыру мәселелерін реттейді және оның әрекеті осы кен орнын геологиялық зерттеу және барлау кезеңіне ғана таралады.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін қолданылатын терминдер мен анықтамалар мыналарды білдіреді:
1) геологиялық зерттеу және барлау - кен орнын игеру орындылығының техникалық-экономикалық негіздемесін жасауды қоса алғанда, бірақ мұнымен шектелмей, геологиялық-өнеркәсіптік параметрлерді айқындау мақсатында жүргізілетін, кен орнын жан-жақты сипаттайтын және көмірсутегі шикізаты мен ілеспе құрамдауыштардың қорларын есептеу үшін қажетті геологиялық жұмыстар кешені;
2) кен орны - геологиялық құрылымдардың тік қимасында көмірсутек шикізатының бір немесе бірнеше шоғыры бар жер қойнауының кеңістікте шектелген учаскесі, бұл іздеу, барлау және игеру жүйесіндегі ортақтықты айқындайды;
3) нөлдік нүкте - Имашев кен орнын геологиялық зерттеу және барлау жөніндегі жұмыстар аумағындағы қоршаған ортаның жай-күйін сипаттайтын, Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалған, көрсетілген жұмыстарды жүргізуді бастаудың алдында тіркелген деректер;
4) оператор - Тараптардың уәкілетті ұйымдарының келісімі бойынша тағайындаған немесе өзгеше түрде айқындалған, Имашев кен орнын геологиялық зерттеуді және барлауды пайдасыз-шығынсыз негізде жүзеге асыратын ұйым;
5) геологиялық зерттеу және барлау бағдарламасы — Имашев кен орнындағы көмірсутек шикізатын геологиялық зерттеу және барлау жөніндегі бірлескен жұмыстардың техникалық, экономикалық шарттары мен технологиялық көрсеткіштерін негіздейтін және белгілейтін, Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің ұлттық заңнамасында осындай құжаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келетін бірлескен жобалық құжаттар;
6) бірлескен қызмет - Тараптардың уәкілетті ұйымдарының Имашев кен орнында геологиялық зерттеуді және барлауды бірлесіп жүргізуге бағытталған келісілген іс-қимылы (ынтамақтастығы);
7) уәкілетті мемлекеттік органдар — Тараптар мемлекеттерінің құзыретіне жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару кіретін атқарушы билік органдары;
8) уәкілетті ұйымдар — әрбір Тарап осы Келісімге сәйкес тағайындайтын және Имашев кен орнында геологиялық зерттеу және барлау жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану мен жерді пайдалану құқықтары берілген коммерциялық ұйымдар.
3-бап
Мыналар Имашев кен орнындағы бірлескен қызметті жүзеге асыру принциптері болып табылады:
1) Имашев кен орнын геологиялық зерттеу және барлау барысында жұмсалатын шығыстарды Тараптардың уәкілетті ұйымдары арасында тең бөлу (елу де елу шартымен);
2) геологиялық барлау жұмыстарының бекітілген бірыңғай бағдарламасы негізінде бірыңғай объект ретінде Имашев кен орнын геологиялық зерттеу мен барлауды бірлесіп жүргізу.
4-бап
Әрбір Тарап осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап 30 күннен кешіктірмей, тиісті мемлекет аумағының шегінде барлық қажетті жер қойнауын пайдалану және жерді пайдалану құқықтары берілетін уәкілетті ұйымды айқындайды, бұл туралы мұндай құқықтар берілген күнінен бастап 5 күн мерзімде екінші Тарапқа хабарлайды.
Тараптар тағайындайтын уәкілетті ұйымдар Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің ұлттық заңнамасында жер қойнауын пайдаланушыға қойылатын талаптарға сай болуға тиіс.
Уәкілетті ұйымдар Имашев кен орнын геологиялық зерттеу және барлау жөніндегі бірыңғай операторды тағайындайды.
5-бап
Геологиялық зерттеу және барлау мақсаттары үшін Имашев кен орнының жер қойнауын пайдалану құқығын беру не әрбір Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен не Тараптар шешімдерінің негізінде жүзеге асырылады.
Тиісті мемлекет аумағының шегінде Имашев кен орнында геологиялық зерттеу және барлау жүргізу үшін қажетті жер учаскелерін ұсыну Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
6-бап
Тараптардың уәкілетті ұйымдары, кінәларының бар-жоғына қарамастан, жер қойнауын пайдалану жөнінде жүргізілетін операциялардың нәтижесінде Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында қоршаған ортаға не жеке немесе заңды тұлғаларға келтірілген залал мен зиян үшін ортақ жауапты болады.
7-бап
Геологиялық зерттеу және барлау жүргізу басталғанға дейін уәкілетті ұйымдар "нөлдік" нүктені тіркеу мақсатында қоршаған ортаның ағымдағы жай-күйінің барлық қажетті өлшемдерін жүзеге асырады.
8-бап
Уәкілетті ұйымдар Имашев кен орнының жер қойнауын пайдалану құқығына алынған лицензиялар мен жасалған келісім-шарттардың негізінде Имашев кен орнын геологиялық зерттеу және барлау мақсатында геологиялық барлау жұмыстарының бірыңғай бағдарламасын бірлесіп әзірлейді және бекітеді.
Дайындалған бағдарлама Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің ұлттық заңнамасында осындай құжаттарға қойылатын талаптарға сай болуға тиіс.
9-бап
Уәкілетті мемлекеттік органдар Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес уәкілетті ұйымдарға геологиялық ақпарат береді.
Геологиялық барлау жұмыстарының бірыңғай бағдарламасын әзірлеу басталғанға дейін Тараптар уәкілетті ұйымдарды өз иелігіндегі геологиялық ақпаратпен қамтамасыз ету жөнінде міндеттеме қабылдайды.
Имашев кен орнын геологиялық зерттеуді және барлауды жүргізу кезінде алынған жер қойнауы туралы геологиялық және өзге де ақпаратты уәкілетті ұйымдар Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің ұлттық заңнамасының талаптарына сәйкес толық көлемде Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің мамандандырылған мемлекеттік геологиялық ақпарат қорларына сақтауға тапсырады.
10-бап
Имашев кен орнында жұмыстарды жүргізу кезінде күкіртті сутегінің жоғары құрамын (15-17 %) ескере отырып, уәкілетті ұйымдар қоршаған орта мен халық денсаулығының мониторингін жүргізеді, қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешу, экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік пен жұмыс жүргізілетін аймақта тұратын адамдардың қауіпсіздігі деңгейін арттыру үшін қажетті шараларды қамтамасыз етеді.
Уәкілетті ұйымдар Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес кен орнындағы жойылған және консервацияланған ұңғымалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
11-бап
"Имашев" кен орнын геологиялық зерттеуді және барлауды жүзеге асыруға тартылған қызметкерлердің еңбек қызметі Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
12-бап
Имашев кен орнын геологиялық зерттеу және барлау жөніндегі жұмыстар аумағында олар жүргізілетін Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
13-бап
Тараптардың уәкілетті мемлекеттік органдары өз Тарапы мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз мемлекетінің аумағы шегінде Имашев кен орнының жер қойнауын пайдаланудың белгіленген шарттарының сақталуына тексеріс (инспекция) жүргізеді.
Тараптардың уәкілетті мемлекеттік органдарының бірлескен шешімі бойынша осы мақсаттар үшін арнайы құрылатын, Тараптардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдары мен бақылаушы органдарының өкілдерінен тұратын комиссиялар бірлескен тексерістерді (инспекцияларды) жүзеге асыруы мүмкін.
14-бап
Бірлескен қызметтің бүкіл мерзімі ішінде уәкілетті ұйымды кез келген ауыстыру, сондай-ақ өздерінің Имашев кен орнының жер қойнауын пайдалану құқықтарын уәкілетті ұйымдардың беруі (тікелей немесе жанама) Тараптар арасындағы келісім бойынша жүзеге асырылады.
15-бап
Имашев кен орнын геологиялық зерттеу және барлау аяқталғаннан және өз мемлекетінің аумағы шегіндегі пайдалы қазбалар қорларын Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің мемлекеттік теңгеріміне қойғаннан кейін, сондай-ақ кен орнын одан әрі игерудің экономикалық орындылығын айқындағаннан кейін Тараптар оны бірлесіп игеру тәртібін регламенттейтін тиісті Келісім жасасады және (немесе) осы Келісімге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
16-бап
Геологиялық зерттеу мен барлауды жүргізу басталғанға дейін Тараптар тағайындаған уәкілетті ұйымдар Тараптардың уәкілетті мемлекеттік органдарымен келісім бойынша Имашев кен орнын бірлесіп игеру туралы өзара келісім жасасады.
17-бап
Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты кез келген даулар өзара консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешілетін болады.
18-бап
Осы Келісім Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар мұның ажырамас бөлігі болып табылады және жеке хаттамалармен ресімделеді.
19-бап
Осы Келісім күшіне енгенге дейін ол Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына қайшы келмейтін бөлігінде уақытша қолданылады.
Осы Келісім ратификациялауға жатады және дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оны ратификациялау туралы жазбаша хабарламаларының соңғысы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
20-бап
2009 жылғы ___ ________ ___________ қаласында бірдей заңды күші
бар орыс және қазақ тілдерінде екі данада жасалды.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін