Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын геологиялық зерделеу және барлау жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісімге кол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2010 жылғы 4 қыркүйектегі № 895 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын геологиялық зерделеу және барлау жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі Сауат Мұхаметбайұлы Мыңбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын геологиялық зерделеу және барлау жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісімге қол қоюға екілеттік берілсін.
      3. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Имашев» трансшекаралық газ кондесаты кен орнындағы бірлескен қызмет туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 9 қыркүйектегі № 1329 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2010 жылғы 4 қыркүйектегі
№ 895 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын геологиялық зерделеу және барлау жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісім

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      2005 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Қазақстан - Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 7-бабын негізге алып және 2001 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді, 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен ықпалдастықты одан әрі тереңдету туралы шартты, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтерінің басшылары кеңесінің 2004 жылғы 15 қыркүйектегі шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып,
      Қазақстан Республикасының аумағындағы Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Атырау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 250 км жерде және Ресей Федерациясының аумағындағы Астрахань қаласынан шығыс-солтүстік-шығысқа қарай 60 км жерде орналасқан Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын (бұдан әрі - Имашев кен орны) бірлесіп геологиялық зерделеу және барлау мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Терминдер мен анықтамалар

      Осы Келісімде қолданылатын терминдер мен анықтамалар мынаны білдіреді:
      геологиялық зерделеу және барлау - Имашев кен орнын жан-жақты сипаттайтын және көмірсутек шикізаты мен ілеспе құрамдас бөліктердің қорларын есептеу, Имашев кен орнын игеру орындылығының техникалық-экономикалық негіздемесін жасау үшін қажет геологиялық-өнеркәсіптік өлшемдерді айқындау жөніндегі геологиялық жұмыстар кешені;
      үйлестіру комитеті - осы Келісімді іске асыру жөніндегі консультативтік орган;
      осы келісім жөніндегі оператор - уәкілетті ұйымдардың келісімі бойынша айқындалған (тағайындалған) Имашев кен орнын геологиялық зерделеу мен барлауды жүзеге асыратын коммерциялық ұйым;
      геологиялық зерделеу және барлау бағдарламасы - Имашев кен орнында көмірсутек шикізатын геологиялық зерделеу және барлау жөніндегі бірлескен жұмыстардың техникалық, экономикалық шарттары мен технологиялық көрсеткіштерін негіздейтін және белгілейтін, Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасымен осындай құжаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келетін бірлескен жобалық құжаттар;
      бірлескен қызмет - уәкілетті ұйымдардың Имашев кен орнында геологиялық зерделеуді және барлауды бірлесіп жүргізуге бағытталған келісілген іс-қимылдары (ынтымақтастығы);
      уәкілетті мемлекеттік органдар - құзыретіне осы Келісімнің ережелерін іске асыруға кіретін Тараптар мемлекеттерінің атқарушы билік органдары;

2-бап
Келісімнің мақсаттары

      Осы Келісімнің мақсаты Имашев кен орнын геологиялық зерделеу және барлау, кейіннен пайдалы қазбалардың қорларын есептеу болып табылады.
      Имашев кен орнын геологиялық зерделеу және барлау аяқталғаннан кейін, оның қорлары кен орнының трансшекаралық екендігі және бірлесіп игеруге жататындығы көрсетіліп, Тараптардың әрқайсысы мемлекеттерінің пайдалы қазбалар қорының мемлекеттік теңгеріміне толығымен қойылуға тиісті.
      Имашев кен орнын бірлесіп игеру экономикалық тұрғыдан жұмыстарды жүргізудің пайдалығы анықталғаннан кейін бірлесіп игерудің, сондай-ақ Имашев кен орнының пайдалы қазбалар қорын Тараптар мемлекеттерінің арасында бөлу тәртібі мен шарттарын реттейтін келісімге қол қойылғаннан кейін жүзеге асырылады.

3-бап
Бірлескен қызметті жүзеге асыру қағидаттары

      Мыналар бірлескен қызметті жүзеге асырудың қағидаттары болып табылады:
      Имашев кен орнына жүргізілген геологиялық зерделеу және барлау барысында жұмсалатын шығыстарды уәкілетті ұйымдардың арасында тең бөлу (елу де елу шартымен);
      Имашев кен орнын геологиялық зерделеу мен барлауды Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес бірлескен геологиялық-барлау жұмыстарын орындау негізінде жүргізу.

4-бап
Үйлестіру комитеті және уәкілетті мемлекеттік органдар

      Қазақстан Тарапынан Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрлігі, Ресей тарапынан - Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдар болып табылады.
      Уәкілетті мемлекеттік органдардың атауы өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар бойынша бірін-бірі дереу хабардар етеді.
      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі қызметке олардың өкілеттіктеріне сәйкес Тараптардың өзге де мемлекеттік органдары тартылады.
      Осы Келісімнің 2-бабында көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін Тараптар бірлескен Үйлестіру комитетін құрады.
      Үйлестіру комитетінің қазақстандық бөлігін Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрлігі қалыптастырады және басқарады.
      Үйлестіру комитетінің ресейлік бөлігін Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі қалыптастырады және басқарады.
      Үйлестіру комитеті әр Тараптың кемінде 3 өкілінен тұрады.
      Үйлестіру комитетінің мәжілістері жылына кемінде бір рет немесе Тараптардың қайсыбірінің жазбаша сұранысы бойынша жиірек өткізіледі.
      Үйлестіру комитеті мәжілістерінің кестесі мен оларды өткізу бағдарламасын, уәкілетті мемлекеттік органдар мәжілістің басталуына дейін 30 күннен кешіктірмей, бірлесіп талқылайды.
      Үйлестіру комитетінің мәжілістерін ұйымдастыруға және өткізуге байланысты шығыстарды - қабылдаушы Тарап, көлік шығыстарын жіберуші Тарап қамтамасыз етеді.

5-бап
Уәкілетті ұйымдар

      Қазақстан тарапынан - «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамы, ал Ресей тарапынан - «Газпром» ашық акционерлік қоғамы уәкілетті ұйымдар (бұдан әрі - уәкілетті ұйымдар) болып табылады.
      Тараптардың әрқайсысы осы Келісім күшіне енген күннен кейін 100 күннен кешіктірмей, өз мемлекеті аумағының шегінде геологиялық зерделеу мен барлауды жүргізуге арналған барлық қажетті құжаттарды ұсынуды жүзеге асырады.
      Уәкілетті ұйым өзін айқындаған Тарап мемлекетінің заңнамасында жер қойнауын пайдаланушыларға қойылатын талаптарға сәйкес болуға тиісті.
      Уәкілетті ұйымдар осы Келісім жөніндегі операторды бірлесіп айқындайды (тағайындайды).
      Уәкілетті ұйым Тараптардың жазбаша келісімімен ғана ауыстырылуы мүмкін.
      Тараптардың уәкілетті ұйымдары Имашев кен орнын геологиялық зерделеу және барлау жөніндегі жұмыстарды жүргізудің нәтижесінде Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында қоршаған ортаға және (немесе) жеке немесе заңды тұлғаларға келтірген зияны мен залалы үшін Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жауапты болады.

6-бап
Өлшеулер жүргізу

      Имашев кен орнын геологиялық зерделеу және барлау жүргізу басталғанға дейін уәкілетті ұйымдар қоршаған ортаның ағымдағы жай-күйіне барлық қажетті өлшеулерді жүзеге асырады.
      Өлшеулердің нәтижелері Тараптардың уәкілетті мемлекеттік органдарына беріледі.

7-бап
Геологиялық зерделеу және барлау бағдарламасын әзірлеу

      Уәкілетті ұйымдар Имашев кен орнының жер қойнауын пайдалану құқығын алғаннан кейін бірлесіп, Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында осындай құжаттарға қойылатын талаптарды қанағаттандыруға тиісті геологиялық зерделеу және барлау бағдарламасын әзірлейді және бекітеді.

8-бап
Геологиялық ақпарат беру

      Уәкілетті мемлекеттік органдардың уәкілетті ұйымдарға Имашев кен орнын геологиялық зерделеумен және барлаумен байланысты геологиялық ақпаратты беруі Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      Имашев кен орнына геологиялық зерделеу және барлау жүргізу кезінде алынған жер қойнауы туралы геологиялық және өзге де ақпаратты уәкілетті ұйымдар Тараптардың әрқайсысы мемлекеті заңнамасының талаптарына сәйкес толық көлемде Тараптар мемлекеттерінің оның құпиялылығы қамтамасыз етілуге тиісті геологиялық ақпарат қорларына сақтауға тапсырады.

9-бап
Қауіпсіздік шаралары

      Имашев кен орнында геологиялық зерделеу және барлау жүргізу жұмыстарын орындау аймағындағы қоршаған ортаны қорғауды, экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыру және онда тұратын адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аталған жұмыстарды орындау кезіндегі күкірт сутегінің жоғары құрамын (15-17 % пайыз) ескере отырып, уәкілетті ұйымдар немесе олардың тапсырмасы бойынша осы Келісім жөніндегі оператор қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізеді және қоршаған ортаның ағымдағы жай-күйіне қажетті өлшеулерді жүзеге асырады.
      Уәкілетті ұйымдар Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларымен сәйкес Имашев кен орнындағы жойылған және консервацияланған ұңғымалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
      Кен орнында халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтіретін жағдайлар туындағанда, осындай жағдайды анықтаған Тараптың тиісті мемлекеттік органдары мен ұйымдары дереу анықталған жағдайды және оның салдарын жоюға шаралар қабылдауға және бұл туралы басқа Тараптың уәкілетті мемлекеттік органын дереу хабардар етуге міндетті.

10-бап
Бірлескен тексерулер (инспекциялар)

      Бірлескен тексерулер Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік органдарының шешімімен және Үйлестіру комитетінің хабарламасынан кейін Имашев кен орнын геологиялық зерделеу, ұтымды пайдалану мен жер қойнауын қорғау барысын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру шеңберінде уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын, осы мақсаттар үшін арнайы құрылатын комиссиялар бірлескен тексерулер (инспекциялар) ұйымдастырады.

11-бап
Жер қойнауын пайдаланғаны үшін төленетін төлемдер

      Тиісті Тараптың уәкілетті ұйымы жер қойнауын пайдаланғаны үшін өз мемлекетінің заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттармен төлемдер төлейді.
      Төлем Тараптардың әрқайсысы Имашев кен орнын геологиялық зерделеу және барлау жұмыстарын жүргізетін жер қойнауы учаскесі алаңының мөлшеріне қарай алынады.

12-бап
Келіспеушіліктерді шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез келген даулар өзара консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

13-бап
Қорытынды ережелер

      Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      Осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

14-бап
Күшіне енуі және қолданылуының тоқтатылуы

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      __________ қаласында 2010 жылғы «___» _____ орыс және қазақ тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының       Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады