Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Заңы
"Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы
1-бап. "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 16, 214-құжат; 1999 ж., N 19, 646-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; 2001 ж., N 23, 309-құжат; 2002 ж., N 23-24, 193-құжат; 2004 ж., N 14, 82-құжат; N 23, 138, 142-құжаттар; 2006 ж., N 2, 17-құжат; N 3, 22-құжат; N 4, 24-құжат; N 8, 45-құжат; N 13, 87-құжат; 2007 ж., N 3, 20-құжат; N 19, 148-құжат; 2008 ж., N 15-16, 64-құжат; N 24; 129-құжат; 2009 ж., N 11-12, 54-құжат; N 13-14, 62-құжат; 2009 жылғы 24 шілдеде "Егемен Қазақстан" және 2009 жылғы 23 шілдеде "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 3-бап мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:
"9-1) негізделген баға - тауарды (жұмыстарды, қызметтерді) өндіру және (немесе) өткізу үшін қажетті шығындар мен пайданың негізінде реттелетін нарық субъектісі баға белгілеу тәртібіне сәйкес белгілеген және бағаларға жүргізілген сараптаманың нәтижелері бойынша уәкілетті орган негізді деп таныған тауардың (жұмыстардың, қызметтердің) бағасы.";
2) 5-баптың 1-тармақтың 4-2) тармақшасы "пайдаланылатын" деген сөздің алдынан "салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып бекітілген тариф бойынша қызметтер көрсететін табиғи монополия субъектісін, сондай-ақ" деген сөздермен толықтырылсын;
3) 7-бапта:
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2) уәкілетті орган бекіткен, оның ішінде оларды пайдалану көлемдері бойынша сараланған тарифтер (бағалар, алымдар ставкалары) бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсынуға;";
мынадай мазмұндағы 2-2) тармақшамен толықтырылсын:
"2-2) мемлекеттік органдар өздерінің құзыреті шегінде белгілеген реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) сапасына қойылатын талаптарға сәйкес реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) тұтынушыларға жалпыға бірдей қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге;";
4) тармақшадағы "осы" деген сөздің алдынан "салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып бекітілген тариф бойынша қызметтер көрсететін табиғи монополия субъектісін қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;
5) тармақшадағы "қажетті ақпаратты" деген сөздерден кейін "табиғи монополия субъектісі тиісті талапты алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кем болмайтын" деген сөздермен толықтырылып, "бекіткен мерзімде, бірақ бес жұмыс күнінен кешіктірмей" деген сөздер алып тасталсын;
7-2) тармақша "осы" деген сөздің алдынан "салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып бекітілген тариф бойынша қызметтер көрсететін табиғи монополия субъектісін, сондай-ақ" деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 7-4) тармақшамен толықтырылсын:
"7-4) салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып тарифті бекіткен жағдайда уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша тоқсан (жыл) қорытындылары бойынша қызмет туралы ақпаратты есепті тоқсаннан (жылдан) кейінгі айдың соңғы күнінен кешіктірмей беруге;";
11) тармақша "талап етуімен" деген сөздерден кейін "табиғи монополия субъектісі тиісті талапты алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кем болмайтын уәкілетті орган белгілеген мерзімде" деген сөздермен толықтырылсын;
4) 7-2-бапта:
2-тармақта:
бірінші бөліктегі "бірінші" деген сөз "екінші" деген сөзбен ауыстырылсын;
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Осы Заңның 7-3-бабының 1) тармақшасының үшінші және төртінші абзацтарында көзделген жағдайларда және баға белгілеу тәртібін бақылау мақсатында уәкілетті орган реттелетін нарық субъектілері бағаларының мониторингін жүзеге асырады.";
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
"Бағаларға мониторинг жүргізу нәтижелері бойынша және (немесе) негізсіз баға белгіленгенін көрсететін шағымдардың, ақпараттың, мәліметтердің негізінде уәкілетті орган баға белгілеу тәртібіне сәйкес бағаға сараптама жүргізеді.";
3-тармақта:
бірінші бөлік "ақпаратты" деген сөзден кейін "немесе баға белгілеу тәртібінің сақталуын бақылау шеңберінде берілген ақпаратты" деген сөздермен толықтырылсын;
төртінші бөлікте:
"бірінші" деген сөз "екінші" деген сөзбен ауыстырылсын;
"ақпарат" деген сөзден кейін "не баға белгілеу тәртібінің сақталуын бақылау шеңберінде ұсынылған ақпаратты" деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
"4. Реттелетін нарық субъектісі уәкілетті органға бағаның төмендеу немесе көтерілу себептерін көрсететін ақпаратты баға төмендеген немесе көтерілген күнінен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей бере отырып өндірілетін (өткізілетін) тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) негізделген бағадан жоғары болмайтын бағаларды дербес төмендетуге және көтеруге құқылы.";
5) 7-3-бапта:
1) тармақшада:
үшінші абзац "заңнамасына сәйкес" деген сөздерден кейін "есепті тоқсаннан кейінгі айдың соңғы күнінен кешіктірмей" деген сөздермен толықтырылсын;
төртінші абзацта:
"өнімнің монополиялық түрлері бойынша" деген сөздер алып тасталсын;
"ақпаратты" деген сөзден кейін "уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша есептіден кейінгі айдың соңғы күнінен кешіктірмей" деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы бесінші абзацпен толықтырылсын:
"уәкілетті органның талап етуімен бағаға сараптама жүргізу үшін қажетті ақпаратты реттелетін нарық субъектісі тиісті талапты алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кем болмайтын уәкілетті орган белгілеген мерзімде қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде табыс етуге;";
2) тармақша "субъектілерін" деген сөзден кейін ", сондай-ақ негізделген бағадан жоғары болмайтын баға көтеру жағдайларын" деген сөздермен толықтырылсын;
6) мынадай мазмұндағы 7-4-баппен толықтырылсын:
"7-4-бап. Табиғи монополия, реттелетін нарық субъектілерінің
қаржылық есептілігін, есептерін, хабарламалары мен
ақпаратын қабылдау
1. Табиғи монополия, реттелетін нарық субъектілерінің қаржылық есептілігі, есептері, хабарламалары мен ақпараты уәкілетті органға осы Заңда белгіленген мерзімде табыс етіледі.
2. Қаржылық есептілікті, есептерді, хабарламалар мен ақпаратты уәкілетті органға табыс етілген күн оларды табыс ету тәсіліне қарай:
1) келу тәртібімен - қаржылық есептілікті, есептерді, хабарламалар мен ақпаратты қабылдау туралы уәкілетті орган белгі қойған күн;
2) почта арқылы тапсырысты хатпен хабардар ете отырып - почта немесе өзге де байланыс ұйымы қабылдау туралы белгі қойған күн;
3) электрондық түрде -қаржылық есептілікті, есептерді, хабарламалар мен ақпаратты қабылдау туралы электрондық хабарламада көрсетілген уәкілетті органның қабылдау жүйесінің орталық торабы қабылдаған күн болып табылады.
3. Почта ұйымына немесе өзге де байланыс ұйымына осы Заңда белгіленген мерзімнің соңғы күнінің жиырма төрт сағатына дейін тапсырылған қағаз жеткізгіштегі қаржылық есептілік, есептер, хабарламалар мен ақпарат почта немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдау уақыты мен күнінің белгісі болған кезде мерзімінде табыс етілді деп есептеледі.
Электрондық байланыс арналары арқылы осы Заңда белгіленген мерзімнің соңғы күнінің жиырма төрт сағатына дейін уәкілетті органға табыс етілген қаржылық есептілік, есептер, хабарламалар мен ақпарат мерзімінде табыс етілді деп есептеледі.
4. Қаржылық есептілік, есептер, хабарламалар мен ақпарат электрондық түрде табыс етілген кезде уәкілетті орган электрондық жүйенің орталық торабы қабылдаған сәттен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей табиғи монополия, реттелетін нарық субъектісіне қабылдағаны туралы электронды хабарлама жолдауға міндетті.";
7) 11-баптың 1) тармақшасы "(тауарларына, жұмыстарына)" деген сөздерден кейін "уәкілетті орган бекіткен, оның ішінде оларды тұтыну көлемдері бойынша сараланған тарифтер (бағалар, алымдар ставкалары) бойынша" деген сөздермен толықтырылсын;
8) 13-баптың 1-тармағында:
5-1) тармақшада:
үшінші абзацтағы "табиғи монополиялар субъектілерінің" деген сөздер "салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып бекітілген тариф бойынша қызметтер көрсететін табиғи монополия субъектісін қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің" деген сөздермен ауыстырылсын;
төртінші абзац "табиғи" деген сөздің алдынан "салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып бекітілген тариф бойынша қызметтер көрсететін табиғи монополия субъектісін қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;
5-4) тармақшадағы "табиғи монополиялар субъектілерінің" деген сөздер "салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып бекітілген тариф бойынша қызметтер көрсететін табиғи монополия субъектісін қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 5-8) тармақшамен толықтырылсын:
"5-8) осы Заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады;";
8) 14-баптың 1-тармағының 13-1) тармақшасындағы "баға белгілеу" деген сөздер "бағаларының" деген сөзбен ауыстырылсын;
9) 14-1-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы "осы" деген сөздің алдынан "табиғи монополия субъектісіне салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып тариф бекіту жағдайларын, сондай-ақ" деген сөздермен толықтырылсын;
10) мынадай мазмұндағы 15-2-баппен толықтырылсын:
"15-2-бап. Табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін
қызметтеріне салыстырмалы талдау әдісін қолдана
отырып тариф бекіту тәртібі
1. Өңірлік электр желілік компаниясы болып табылатын табиғи монополия субъектісінің электр энергиясын беру және тарату жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифті уәкілетті орган салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып бекітеді.
2. Салыстырмалы талдау әдісі:
1) табиғи монополия субъектісінің қызметі тиімділігінің параметрлерін электр энергиясын беру және тарату жөніндегі қызметтерді көрсететін басқа табиғи монополия субъектілерінің қызметін салыстырмалы талдау нәтижесінде, осы баптың 3-тармағына сәйкес ұсынылатын олардың ақпараты негізінде айқындауды;
2) әрбір табиғи монополия субъектісі үшін салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып тариф есептеу әдістемесіне сәйкес уәкілетті орган белгілеген тиімділік параметрлеріне түзетілген шығындарды тарифте есепке алу жолымен қызмет тиімділігін көтеру жөніндегі міндетті уәкілетті органның белгілеуі;
3) тарифте амортизациялық аударымдарды және пайданы қоса алғанда, инвестициялық құрамдасты есепке алуды көздейді.
3. Тарифті бекіту үшін табиғи монополия субъектісі күнтізбелік жыл аяқталғанға дейін күнтізбелік бір жүз жиырма күннен кешіктірмей уәкілетті органға:
1) өткен күнтізбелік жылдағы электр энергиясын беру және тарату жөніндегі көрсетілетін қызметтердің нақты шығындары мен көлемдері туралы ақпаратты;
2) электр энергиясын беру және тарату жөнінде көрсетілетін қызметтердің алдағы үш жылға жоспарланып отырған шығындары мен көлемдері туралы ақпаратты;
3) уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мынадай көрсеткіштерді көздейтін:
қызмет көрсету аумағының алаңы;
қосылған тұтынушылардың (абоненттердің) саны;
электр беру желілерінің жалпы ұзындығы;
күштік трансформаторлардың саны;
күштік трансформаторлардың жалпы қуаттылығы;
жыл ішінде тіркелген электр тораптарындағы ең жоғары жүктеме;
күнтізбелік жылдағы электр тораптарындағы электр энергиясының нақты ысыраптары жөніндегі ақпаратты;
4) белгіленген тәртіппен бекітілген инвестициялық бағдарламаны (жобаны);
5) нормативтен тыс ысыраптар болған жағдайда оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынады.
4. Уәкілетті орган оларға бекіткен салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып тариф есептеу әдістемесіне сәйкес әрбір табиғи монополия субъектісі үшін тариф бекітеді.
Тариф жылдарға бөліне отырып кемінде үш жыл мерзімге бекітіледі және табиғи монополия субъектісі қызметінің тиімділігін ескере отырып, осы Заңның 7-бабының 7-4) тармақшасына сәйкес ұсынылған ақпараттың негізінде жыл сайын түзетіледі.
Тарифті бекіту кезінде тәуелсіз сарапшылар, мемлекеттік органдар, тұтынушылар және олардың қоғамдық бірлестіктері, сондай-ақ осы баптың 3-тармағында көзделген ақпаратты ұсынған табиғи монополиялар субъектілері тартылады.
5. Уәкілетті орган тарифтерді бекіту кезінде жария тыңдаулардың өткізілетін күні мен орны туралы ақпаратты жария тыңдауларды өткізгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей мерзімді баспасөз басылымдарында жариялауға міндетті.
Жария тыңдаулар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен оларды бекіту туралы шешім қабылдағанға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей өткізіледі.
6. Табиғи монополиялар субъектілерінің ақпаратын уәкілетті орган күнтізбелік жетпіс бес күн ішінде қарайды.
7. Тарифтерді бекіту туралы шешім табиғи монополия субъектісіне оларды қолданысқа енгізгенге дейін күнтізбелік отыз бес күннен кешіктірмей жіберілуге тиіс.
Тарифті қолданысқа енгізу күнтізбелік жылдың бірінші күнінен бастап жүзеге асырылады.
8. Табиғи монополия субъектісі тарифтердің өзгеруі туралы ақпаратты тұтынушының назарына оларды қолданысқа енгізгенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей жеткізуге міндетті.
9. Салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып тарифті бекіткен кезде осы Заңның 15-1-бабы 2-тармағының, 16, 17, 18-баптарының талаптары қолданылмайды.";
11) 16-баптың 2-тармағының үшінші бөлігі "өзге де ақпаратты" деген сөздерден кейін "табиғи монополия субъектісі тиісті талапты алған күннен бастап" деген сөздермен толықтырылсын;
12) 18-1-баптың 3-тармағының екінші бөлігі "бойынша" деген сөзден кейін "есепті тоқсаннан кейінгі айдың соңғы күнінен кешіктірмей" деген сөздермен толықтырылсын;
13) 18-4-баптың 9-тармағы "қуаттылығы аз табиғи монополиялар субъектілеріне" деген сөздерден кейін "және салыстырмалы талдау әдісін қолдана отыра бекітілген тариф бойынша қызметтер көрсететін табиғи монополиялар субъектілеріне" деген сөздермен толықтырылсын;
14) 19-баптың 1-тармағы "монополия" деген сөзден кейін "және реттелетін нарық" деген сөздермен толықтырылсын;
2-бап. Осы Заң 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті