Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.05.11 № 398 Қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 29 қазандағы
N 1717 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб
Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық
паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары
туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі,
екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға ниет білдіре отырып,
Тараптар мемлекеттерінің азаматтары - дипломаттық паспорттар иелерінің екінші мемлекеттің аумағына кіруі жөнінде шаралар қабылдауға дайындықтарын растай отырып,
Дипломатиялық қатынастар туралы 1961 жылғы Вена конвенциясының және Консулдық қатынастар туралы 1963 жылғы Вена конвенциясының ережелерін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің қызметкерлерін ескермегенде, бір Тарап мемлекетінің азаматтары - дипломаттық паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы визасыз және тегін кіріп-шығуға, оны кесіп өтуге және онда 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге болуға құқылы.
2-бап
1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы қолданыстағы дипломаттық паспорттардың үлгілерімен алмасады.
2. Тараптардың бірі дипломаттық паспортқа қандай да бір өзгерістер енгізген жағдайда, паспорттың өзгертілген үлгісі күшіне енгізілгенге дейін 30 (отыз) күн бұрын екінші Тарапқа дипломаттық паспорттың өзгертілген үлгісін жіберуі, сондай-ақ өз мемлекетінің заңнамасына дипломаттық паспортқа қатысты енгізілген өзгерістер туралы хабарлауы тиіс.
3-бап
Осы Келісім Тараптар мемлекеттері азаматтарының қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасын сақтау міндеттерін қозғамайды.
4-бап
Егер мұндайлар кіру үшін қажетсіз деп саналатын болса, Тараптар дипломаттық паспорттары бар бір Тарап мемлекеттің азаматтарына өз еліне кіруге, сондай-ақ онда болуға тыйым салу құқығын өзіне қалдырады.
5-бап
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
6-бап
Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты туындайтын келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
7-бап
Осы Келісімге өзгерістер Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалар нысанында енгізіледі және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
8-бап
1. Тараптар ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке немесе қоғамдық денсаулыққа қатер туындаған жағдайда осы Келісімнің қолданылуын уақытша, толық немесе ішінара тоқтата тұруы мүмкін және осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру туралы қабылданған шешім туралы, сондай-ақ оның қолдануын қайта бастау туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлауы тиіс.
2. Осы Келісімді тоқтата тұру екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы бірінші Тарап мемлекеті азаматтарының құқықтық жағдайына әсерін тигізбейді.
9-бап
Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және бір Тарап дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабардар еткен сәттен бастап 30 (отыз) күн өткенге дейін күшінде қалады.
2009 жылғы ________________ ______________ қаласында әрқайсысы
қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктерінің
Үкіметі үшін Үкіметі үшін