Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Өндірістік және ғылыми-техникалық кооперация туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Өндірістік және ғылыми-техникалық кооперация туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы кол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 24 қарашадағы
N 1924 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының
Үкіметі арасындағы Өндірістік және ғылыми-техникалық кооперация
туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі,
1993 жылғы 23 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кәсіпорындары мен салаларының өндірістік кооперациясын дамытуды қолдаудың жалпы шарттары мен тетігі туралы келісімде және 1994 жылғы 15 сәуірдегі осы Келісімді іске асырудың тетігі туралы хаттамада көзделген принциптерді басшылыққа ала отырып,
екі мемлекет мүддесінде экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға зор маңыз бере отырып,
халықаралық мамандану мен өндіріс кооперациясын дамыту саласындағы бірлескен келісілген саясатты әзірлеу және іске асыру мақсатында қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Уәкілетті органдар
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі;
Беларусь тарапынан - Беларусь Республикасы Өнеркәсіп министрлігі болып табылады.
Уәкілетті органдарының атаулары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлайды.
2-бап
Ынтымақтастық бағыттары
Тараптар осы Келісімді іске асыру мақсатында мынадай бағыттарда ынтымақтастықты жүзеге асырады:
1) халықаралық мамандануды және өндіріс кооперациясын дамыту саласында бірлескен келісілген саясат жүргізу;
2) осы саясатты іске асырудың шарттарын қамтамасыз ету;
3) өнеркәсіп салаларындағы басымдықтарды айқындау;
4) өндірісті екі жақты үйлестіруді жүзеге асыру.
3-бап
Ынтымақтастық әдістері
Тараптар тікелей өндірістік байланыстар негізінде және олардың мамандануына сәйкес меншіктің барлық нысандарында Тараптар мемлекеттері кәсіпорындарының арасындағы өндірістік және ғылыми-техникалық кооперацияны жүзеге асыруға және дамытуға жәрдемдеседі.
4-бап
Келісімді қолдану аясы
Осы Келісім халықаралық мамандануды және өндіріс кооперациясын дамыту саласындағы бірлескен келісілген саясатты іске асыру үшін қажетті тауарларды, сондай-ақ Тараптардың келісімі бойынша тұтынушы елде өндірілмейтін, түпкілікті өнімді дайындау үшін пайдаланылатын аса маңызды жиынтықтаушы бұйымдар мен өнімді жеткізуге және қызметтерді көрсетуге колданылады.
5-бап
Келісімді іске асыру жөніндегі шаралар
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында айқындалған ережелер шеңберінде Тараптар осы Келісімнің 4-бабына сәйкес өндірістік кооперациялар бойынша жеткізілетін тауарларға қатысты қосымша күн салығын, экспортқа және импортқа сандық шектеулерді қолданбауға міндеттенеді.
6-бап
Тауарларды жеткізу және қызметтер көрсету
1. Осы Келісім шеңберінде тауарларды жеткізу және қызметтер көрсету келісілген тізбелер шеңберінде шартты бағалар бойынша өзара есептесулерді қолдана отырып, қазақстандық және беларусьтық шаруашылық жүргізуші субъектілердің арасындағы шарттар (келісім-шарттар) негізінде жүзеге асырылады.
2. Жеткізуді жүзеге асыратын кәсіпорындардың тізімін, сондай-ақ өндірістік кооперация бойынша жеткізілетін, осы Келісімнің 5-бабына сәйкес қосымша құн салығынан босатылатын тауарлардың номенклатурасын және көлемдерін қамтитын көрсетілген тізбелер Тараптар арасындағы осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Хаттамаға сәйкес уәкілетті органдармен жыл сайын келісіледі.
3. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаған болса, осы Келісім шеңберінде өндірістік кооперация бойынша жеткізілетін тауарлар, олар туралы ғылыми және техникалық ақпарат үшінші елдерге кері экспорттауға жатпайды. Бұл жағдайда мұндай уағдаластық осы баптың 2-тармағында көзделген Хаттамада тіркелуге тиіс.
4. Шарттардың (келісім-шарттардың) орындалуы үшін оларды жасасқан шаруашылық жүргізуші субъектілер жауапты болады.
7-бап
Кредиттер мен инвестициялар беру шарттары
Тараптар қажет болған жағдайда, ғылымды қажетсінетін өндірістерде және экспортқа бағдарланған салалардағы кооперацияны дамытуды, сондай-ақ импортты алмастыратын өнім шығаруды ынталандыратын кредиттер мен инвестициялар беру шарттарын келіссөздер мен консультациялар жолымен келіседі.
8-бап
Шығыстар
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, Тараптардың осы Келісімді орындауы барысында туындайтын шығыстарды олар Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
9-бап
Дауларды шешу
Осы Келісімді түсіндіруге немесе орындауға байланысты туындаған дауларды Тараптар келіссөздер жолымен шешеді.
10-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
11-бап
Өзге халықаралық шарттарға қатысы
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
12-бап
Қорытынды ереже
1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім үш жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бір де біреуі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа ағымдағы кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаса, кейінгі үш жылдық кезеңге ұзартылатын болады.
3. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданылуын тоқтату Тараптарды оның қолданылу кезеңінде қабылданған міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
________қаласында 20___ жылғы "___" __________ әрқайсысы қазақ, беларусь және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін