Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Ғарыш қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министр К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы Ғарыш қызметі туралы
Осы Заң ғарыш қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, ғарыш қызметін жүзеге асырудың негізгі қағидаттарын айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ғаламдық навигациялық спутниктік жүйе - жер үсті, су және әуе объектілерінің координаттық-уақыттық параметрлерін (географиялық координаттары мен биіктігін, қозғалыс жылдамдығы мен бағыттарын, уақытын) айқындауға арналған ғарыш жүйесі;
2) ғарыш аппараты - ғарыш кеңістігін зерттеу және (немесе) пайдалану мақсатында ғарыш кеңістігіне шығаруға арналған техникалық құрылғы;
3) ғарыш жүйесі - ғарыш кеңістігінде және ғарыш кеңістігінен міндеттерді дербес шешуге арналған функционалдық-өзара байланысты орбиталық және жер үсті техникалық құралдарының жиынтығы;
4) ғарыш жүйелерінің ұлттық операторлары - ғарыш жүйелерін басқаруды және оларды пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдар;
5) ғарыштық-зымыран кешені - пайдалы жүгі бар тасымалдағыш зымыранды қабылдауды, сақтауды, ұшуға дайындауды және ұшыруды қамтамасыз ететін тасымалдағыш зымыран мен техникалық құралдардың, құрылыстардың, технологиялық жабдықтың және коммуникациялардың жиынтығы;
6) ғарыш кеңістігі - бұл теңіз деңгейінен 100 километрден астам биіктіктегі әуе кеңістігінен тысқары жайылатын кеңістік. Ғарыш кеңістігінің құқықтық режимі Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда белгіленеді;
7) ғарыш қызметі - ғылыми, экономикалық, саяси, қорғаныс, ақпараттық, экологиялық, коммерциялық және өзге де мақсаттарға жету үшін ғарыш кеңістігін зерттеуге және пайдалануға бағытталған қызмет;
8) ғарыш қызметіне қатысушылар - осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш қызметін жүзеге асыратын жеке, заңды тұлғалар;
9) ғарыш қызметі саласындағы жоба - бірыңғай жүйеге біріктірілген, белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталған және уақыттық, ресурстық және басқа да шектеулер жағдайларында іске асырылатын, ғарыш техникасы мен технологияларын құру, ғарыш қызметін ұйымдастыру және (немесе) жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;
10) ғарыш қызметі саласындағы қосарлы мақсаттағы жоба - қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсаттары үшін, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық және өзге де міндеттерді шешу үшін іске асырылатын жоба;
11) ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - ғарыш қызметі саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
12) ғарыш объектісі - ғарыш аппараты және (немесе) оны ғарыш кеңістігіне жеткізу құралы және олардың құрамдас бөліктері;
13) ғарыш саласының объектілері - ғарыш инфрақұрылымының объектілерін қоса алғанда, ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану, тұтынушылардың мүддесінде зымыран-ғарыш техникасы мен технологияларын құру және пайдалану бойынша кәсіпорындар мен өндірістер;
14) дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі - координаттық-уақыттық параметрлерді анықтау дәлдігін және сенімділігін жоғарылатуды қамтамасыз ету үшін жер үсті және (немесе) ғарышта орналасатын техникалық құралдарды қамтитын ғаламдық навигациялық спутниктік жүйені функционалдық толықтырулар;
15) Жерді қашықтықтан зондтау - ғарыш және әуе кеңістігінен құрлықтың, мұхиттың және атмосфераның өзіндік және шағылысқан сәулелену элементтерін бақылау және өлшеу арқылы Жер беті туралы ақпарат алу үдерісі;
16) жеткізу құралы - пайдалы жүкті ғарыш кеңістігіне жеткізуге арналған тасымалдағыш зымыран, үдемелі айдау блогы, авиациялық зымыран-ғарыш жүйесі;
17) тасымалдағыш зымыран - ғарыш кеңістігіне пайдалы жүктемені шығаруға арналған техникалық құрылғы;
18) тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау аудандары - ұшу барысында тасымалдағыш зымырандардың істен шыққан және бөлінген элементтері немесе олардың фрагменттері (тасымалдағыш зымырандардың сатылары, бас ағынпаздары, артқы және ауыспалы бөліктері, тасымалдағыш зымырандардың кейінгі ұшу барысында бөлініп түскеннен кейінгі бұзылған сатыларының фрагменттері) құлайтын (қонатын) жер учаскелері;
19) Қазақстан Республикасының ғарышкері (бұдан әрі - ғарышкер) - арнайы дайындықтан өткен, ғарышкер (сынаушы-ғарышкер, зерттеуші-ғарышкер, нұсқаушы-ғарышкер) біліктілігі берілгені туралы және ғарышкер мәртебесі берілгені туралы құжат алған Қазақстан Республикасының азаматы;
20) Қазақстан Республикасының ғарышкерлеріне кандидат (бұдан әрі - ғарышкерлерге кандидат) - алдын ала іріктеуден өткен және ғарышкер біліктілігін алу үшін ғарышкерлерге кандидат (сынаушы-ғарышкерлерге кандидат, зерттеуші-ғарышкерлерге кандидат) лауазымында дайындыққа жіберілген Қазақстан Республикасының азаматы;
21) спутниктік навигация - ғаламдық навигациялық спутниктік жүйені пайдалана отырып, объектілердің координаттық-уақыттық параметрлерін анықтау;
22) спутниктік навигациялық қызметтер - объектілердің координаттық-уақыттық параметрлерін анықтау бойынша қосымша (ғаламдық навигациялық спутниктік жүйелер стандартты түрде ұсынатындарға қатысты) қызметтерге қажеттілікті қанағаттандыруға және навигация міндеттерін шешуге бағытталған қызмет;
23) тұтынушылардың навигациялық аппаратурасы - спутниктік навигациялық ақпаратты қабылдауға, беруге, өңдеуге, сақтауға және бейнелеуге арналған техникалық құралдар мен құрылғылар;
24) ұшыру қызметтері - ғарыш кеңістігіне пайдалы жүкті жеткізу мақсатында тасымалдағыш зымырандар ұшыруды ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жиынтығы.
2-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда белгіленгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Ғарыш қызметін жүзеге асыру қағидаттары
Ғарыш қызметін жүзеге асыру қағидаттары мыналар болып табылады:
1) ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін сақтау, сондай-ақ қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
2) ғарыш қызметін дамытудың басым бағыттарын қолдау;
3) ғарыш қызметін экономикалық ынталандыру;
4) үшінші тұлғаларға және қоршаған ортаға ғарыш қызметі нәтижесінде туындаған залалды өтеу;
5) экологиялық талаптарды, техникалық реттеу және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы талаптарды сақтау;
6) ғарыш қызметі саласындағы халықаралық құқық нормаларын сақтау;
7) ғарыш кеңістігін және Қазақстан Республикасының ғарыш инфрақұрылымын тиімді және ұтымды пайдалану;
8) олардың пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды сақтау және Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүдделерін сақтау кепілдіктерін қамтамасыз ету кезінде бюджеттен тыс қаражатты ғарыш қызметіне тартуды ынталандыру.
4-бап. Ғарыш қызметінің бағыттары
Қазақстан Республикасында ғарыш қызметі мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) ғарыш саласының объектілерін құру және пайдалану;
2) ғарыш кеңістігін, планеталарды және күн-жер байланыстарын зерттеу;
3) әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу мақсатында ғарыштан Жерді қашықтықтан зондтау;
4) координаттық-уақыттық және навигациялық қамтамасыз ету (спутниктік навигациялық және геодезиялық жүйелерді пайдалану, Жер картографиясы);
5) ғарыштық байланыс жүйелерін құру және пайдалану;
6) ғарыш аппараттарының ұшырылуын жүзеге асыру;
7) ғарыш қызметтерінің ұлттық нарығын дамыту және әлемдік нарықтағы ғарыш қызметтерін кеңейту;
8) ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастығы;
9) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуын, қорғанысын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті ғарыш қызметінің өзге де бағыттары.
5-бап. Ғарыш инфрақұрылымын құру және пайдалану жөніндегі ғарыш қызметінің түрлері
Қазақстан Республикасында ғарыш инфрақұрылымын құру және пайдалану жөніндегі ғарыш қызметінің мынадай түрлері жүзеге асырылады:
1) ғылыми-зерттеу әзірлемелері;
2) жобалау-конструкторлық және технологиялық әзірлемелер;
3) ғарыш техникасының тәжірибелік, эксперименттік және коммерциялық үлгілерін жасау және сынау;
4) техникалық пайдалану, жөндеу және жаңғырту;
5) ғарыш объектілерін және техникалық құралдарды кәдеге жарату;
6) түпкі тұтынушыларға қызметтер көрсету;
7) ғарышкерлерді және ғарыш қызметі саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру;
8) ғарыш техникасы мен технологияларын құру және пайдалану мақсатында жүзеге асырылатын қызметтің өзге де түрлері.
6-бап. Ғарыш қызметін қамтамасыз етудің құрауыштары
Қазақстан Республикасының ғарыш қызметін қамтамасыз етудің құрауыштары болып мыналар табылады:
1) ғылыми, ғылыми-технологиялық және ғылыми-эксперименттік база;
2) жобалау-конструкторлық және өндірістік база;
3) ғарыш техникасын пайдалану жөніндегі база;
4) түпкі тұтынушыларға ғарыш қызметтерін көрсету жөніндегі база;
5) ғарыш қызметіне қатысушылардың ғарыш қызметін қамтамасыз етуге және жүзеге асыруға арналған өзге де мүлкі, аумақтары және кадрлық құрамы.
7-бап. Ғарыш қызметін қаржыландыру
Ғарыш қызметін қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырылады.
2-тарау. Ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік реттеу және бақылау 8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ғарыш қызметі саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты және оны жүзеге асыру жөніндегі шараларды әзірлейді;
2) Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелерін үйлестіреді;
3) Қазақстан Республикасының аумағынан, сондай-ақ оның аумағынан тыс жерлерден ғарыш қызметінің қазақстандық қатысушылары оларды жүзеге асырған жағдайда ғарыш объектілерін ұшыру туралы шешімдерді келісу мен қабылдау тәртібін бекітеді;
4) ғарышкер, ғарышкерлерге кандидат қызметтік міндеттерін орындауына байланысты өзінің кәсіби қызметімен одан әрі айналысуына мүмкіндік бермейтіндей болып мертіккен не денсаулығына өзге де зақым келген кезде, сондай-ақ ол қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда біржолғы өтемақы төлеу ережесін анықтайды;
5) ғарыш қызметі саласында техникалық регламенттерді бекітеді;
6) «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамыту және экономикалық қолдау шараларын анықтайды;
7) бірыңғай мүліктік кешен ретінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрамына кіретін мүліктің тізбесін уәкілетті органның ұсынымы бойынша бекітеді;
8) Жерді қашықтықтан зондтау деректерін алу және тарату тәртібін анықтайды;
9) дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің ұлттық операторының спутниктік навигациялық қызметтерді ұсыну тәртібін анықтайды;
10) уәкілетті органның ұсынысы бойынша ғарыш жүйелерінің ұлттық операторларын, олардың міндеттерін және функцияларын анықтайды;
11) Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелер мен ғарыштық зымыран кешендерін құру және пайдалану (қолдану) ережесін, Қазақстан Республикасының аумағында ғарыштық зымыран кешендерін құру және пайдалану (қолдану) ережесін бекітеді;
12) ғарыш қызметі саласындағы біліктілік талаптарды және лицензиялау қағидасын бекітеді;
13) уәкілетті органның ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптаманы жүзеге асыру тәртібін анықтайды;
14) уәкілетті орган жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының аумағынан ұшырылатын шет мемлекеттерге немесе олардың жеке және заңды тұлғаларына тиесілі ғарыш объектілерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына тиесілі ғарыш объектілерін, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу тәртібін анықтайды;
15) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
9-бап. Ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органның құзыреті
1. Уәкілетті орган:
1) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуді қоса алғанда, ғарыш қызметі саласындағы жобаларды (бағдарламаларды) іске асыруды қамтамасыз етеді;
3) өз құзыреті шегінде ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді және салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
4) ғарыш қызметі саласындағы лицензиялауды жүзеге асырады;
5) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
6) ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптама жасауды жүзеге асырады;
7) Қазақстан Республикасының аумағынан ұшырылатын, шет мемлекеттерге немесе олардың жеке және заңды тұлғаларына тиесілі ғарыш объектілерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғаларына тиесілі ғарыш объектілерін, оларға құқықтарды және олармен жасалған мәмілелерді мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасының ғарышкерлерін даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру мен үйлестіруді жүзеге асырады;
9) Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағы туралы ережені бекітеді;
10) жобаларды әзірлейді және өз құзыреті шегінде ғарыш қызметі саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекітеді;
11) өз құзыретінің мәселелері бойынша ғарыш қызметі саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады және халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіреді;
12) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес ғарыш қызметі саласында техникалық регламенттер мен мемлекеттік стандарттарды әзірлеуді ұйымдастырады;
13) ғарыш қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасындағы бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар береді;
14) ғарыш қызметіне қатысушылардың үшінші тұлғалар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
15) ғарыш қызметі саласындағы аяқталған жобалар (бағдарламалар) бойынша нәтижелерді қабылдау тәртібін белгілейді;
16) өз құзыреті шегінде ғарыш қызметі саласындағы іздестіру, авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға, сондай-ақ авариялар мен апаттарды тексеруге қатысады;
17) Қазақстан Республикасының заңдарында, Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Ғарыш қызметі саласындағы қосарлы мақсаттағы жобаларды (бағдарламаларды) іске асыру жөніндегі уәкілетті органның функциялары қорғаныс саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып іске асырылады.
10-бап. Ғарыш қызметі саласындағы жобалардың салалық сараптамасы
1. Ғарыш қызметі саласындағы барлық жобалар міндетті салалық сараптамадан өтуге жатады.
2. Ғарыш қызметі саласындағы жобаның салалық сараптамасы оның ғарыш қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына, міндетті техникалық нормаларға және нормативтерге сәйкестігін айқындау мақсатында жүргізіледі.
3. Ғарыш қызметі саласындағы салалық сараптаманың оң қорытындысынсыз ғарыш қызметі саласындағы жобаны іске асыруға тыйым салынады.
11-бап. Ғарыш объектілерін, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу
1. Мынадай ғарыш объектілері:
1) шет мемлекеттерге немесе олардың жеке және заңды тұлғаларына тиесілі, Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш кеңістігіне ұшырылатын;
2) Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғаларына тиесілі, сондай-ақ осы ғарыш объектілеріне құқықтар және олармен жасалатын мәмілелер мемлекеттік тіркеуге жатады.
2. Міндетті мемлекеттік тіркеуге жататын ғарыш объектілеріне құқықтар, егер осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, олардың мемлекеттік тіркелген сәтінен бастап туындайды.
3. Ғарыш объектісін мемлекеттік тіркеу үшін уәкілетті органға мына құжаттарды:
1) ғарыш объектісін тіркеу туралы өтінішті;
2) ғарыш объектісіне меншік құқығын растайтын, құқық белгілейтін құжатты;
3) ғарыш қызметімен айналысуға лицензияны ұсыну қажет.
12-бап. Ғарыш объектілерін, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуден бас тарту
1. Мыналар:
1) өтініш берушінің мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттардың толық емес пакетін ұсынуы;
2) нысаны мен мазмұны бойынша заңнама талаптарына сәйкес келмейтін құжаттарды тіркеуге ұсыну;
3) құқықтың немесе өзге де мемлекеттік тіркеу объектісінің мемлекеттік тіркелуін болдырмайтын ауыртпалықтардың болуы;
4) заңды күшіне енген сот шешімі;
5) егер мұндай құқыққа қатысты ауыртпалықтың ауысуы, өзгеруі, тоқтатылуы немесе белгіленуі тіркеу объектісі болып табылса, бұрын туындаған құқықтың, ол туындаған сәтте қолданыста болған заңнамаға сәйкессіздігі мемлекеттік тіркеуден бас тартуға негіз болып табылады.
2. Мемлекеттік тіркеуден бас тартқан кезде тіркеуші орган өтініш берушіге бас тарту себептерін көрсете отырып, өтініш түскен күннен бастап 15 жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлама жолдауға тиіс.
3. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тартуға заңнамада белгіленген тәртіппен сотта шағым жасалуы мүмкін.
4. Тіркеуден бас тарту үшін негіз болған мән-жайлар жойылған кезде тіркеуге өтінішті қайтадан беруге болады.
13-бап. Ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың құзыреті шегінде уәкілетті органдар және Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдары жүзеге асырады.
2. Ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылады. Тексеру «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3-тарау. Ғарыш қызметінің мазмұны 14-бап. Ғарыш қызметін лицензиялау
1. Жеке және заңды тұлғалардың ғарыш қызметі лицензиялар негізінде жүзеге асырылады.
2. Ғарыш қызметі Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес ғарыш кеңістігін пайдалану бөлігінде лицензиялануға жатады.
15-бап. Ғарыш қызметі саласындағы ғылыми зерттеулер
1. Ғарыш қызметі саласындағы ғылыми зерттеулер ғарыш қызметін ғылыми сүйемелдеуді және ғарыш техникасы мен технологияларының жаңа үлгілерін әзірлеуді қамтамасыз етуге бағытталған іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді және ғарыштық эксперименттерді қамтиды.
Ғарыш қызметі саласындағы ғылыми зерттеулер ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын, орталық атқарушы орган үйлестіретін бағдарламалар шеңберінде орындалады. Бағдарламалар Қазақстан Республикасының ғылыми және қоғамдық ұйымдарын, жоғары оқу орындарын, ғалымдар мен мамандарды тарта отырып, уәкілетті органның басшылығымен әзірленіп, іске асырылады.
2. Ғарыш техникасы мен технологияларды әзірлеу кезінде алынған зияткерлік қызмет нәтижелерін құқықтық қорғау Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы өзге де заңдарында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.
16-бап. Ғарыштық байланыс жүйесі
1. Ғарыштық байланыс жүйесі - бұл байланыс арналарын қамтамасыз етуге арналған бірлесіп әрекет ететін ғарыш және жер үсті сегменттерінің жиынтығы.
Ғарыш сегменті - ғарыштық байланыс арналарын жер үсті байланыс станцияларымен қамтамасыз ететін бір немесе бірнеше ғарыштық байланыс аппараттарының жиынтығы.
Жер үсті сегменті - ғарыштық байланыс аппараттарына және олардан келіп түсетін дабылдарды таратуды және қабылдауды қамтамасыз ететін ғарыштық байланыс аппараттарын және жер үсті байланыс станцияларын басқаруды қамтамасыз ететін жер үсті басқару-өлшеу жабдығы.
2. Ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторы Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен байланыс арналарын ұсынады.
17-бап. Жерді қашықтықтан зондтау
1. Қазақстан Республикасының Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесі ғарыш түсірілімдері арқылы әлеуметтік-экономикалық және қорғаныс міндеттерін шешу мақсатында Жер беті және оның бетінің құрылымы туралы кеңістік деректер жинау, жаратылыстық табиғи параметрлер мен құбылыстардың, табиғи ресурстардың, қоршаған ортаның, сондай-ақ антропогендік факторлар мен құрылымдардың сипаттамасын және уақытша құбылмалылығын анықтауға арналған.
2. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің ұлттық операторы өз қызметін қамтамасыз ету үшін Жерді қашықтықтан зондтау деректерін алуды және оларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, заңды және жеке тұлғаларына таратуды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүзеге асырады.
18-бап. Спутниктік навигация
1. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі тұтынушыларға ғаламдық спутниктік навигация жүйесінің тұтастығы туралы ақпаратты, сондай-ақ координаттық-уақыттық анықтаулардың дәлдігі мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретін ақпаратты ұсынуға арналған.
2. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің ұлттық операторы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында спутниктік навигациялық қызметтерді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен ұсынады.
19-бап. Ғарыштық зымыран кешендерін құру және пайдалану
1. Ғарыштық зымыран кешендерін құру - бұл ғарыштық зымыран кешендерінің және оның құрауыш бөліктерінің ғылыми әзірлемелері, оларды жобалау, дайындау, құрастыру, құру, сынау.
2. Ғарыштық зымыран кешендерін пайдалану мыналарды:
1) пайдалануға беруді;
2) мақсатына сай пайдалануға дайындық жағдайында ұстауды;
3) мақсатына сай (ұшыру қызметтерін көрсетуді) пайдалануды қамтиды.
4-тарау. Ғарыш инфрақұрылымы 20-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш инфрақұрылымы
1. Қазақстан Республикасының ғарыш инфрақұрылымы оның ғарыш
саласының негізін құрайды және мыналарды:
1) жер үсті ғарыш инфрақұрылымының объектілерін;
2) ғарыш объектілерін қамтиды.
2. Ғарыш саласының объектілері стратегиялық объектілерге жатады.
21-бап. Жер үсті ғарыш инфрақұрылымы
Жер үсті ғарыш инфрақұрылымы объектілеріне мыналар жатады:
1) ғарыш зерттеулерінің ғылыми-эксперименталдық базасы;
2) ғарыш қызметін қамтамасыз етуге арналған ғарыш аппаратары мен ғарыштық зымыран кешендері өндірісінің құралдары;
3) ғарыш айлақтары (негізгі мақсаты ғарыш объектілерінің ұшыруларын дайындауды және жүзеге асыруды қамтамасыз ету болып табылатын техникалық құралдар, құрылғылар, құрылыстар, ғимараттар мен жер учаскелерінің кешендері);
4) тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау аудандары;
5) ғарыш объектілерін басқаратын жер үсті кешендері;
6) ғарыш объектілерінен ақпарат қабылдауға, оны өңдеу мен таратуға арналған жер үсті нысаналы кешендері.
22-бап. Ғарыш аппараттары өндірісінің құралдары
1. Ғарыш аппараттары өндірісінің құралдарына ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы мен ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені жатады.
2. Қазақстан Республикасы үшін жасалатын ғарыш аппараттарының өндірісіне мемлекеттік тапсырмаларының тізбесін уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
23-бап. «Байқоңыр» ғарыш айлағы
1. «Байқоңыр» ғарыш айлағы - ғарыш объектілерінің ұшырылуын дайындауды және жүзеге асыруды және олардың Жерге оралуын қамтамасыз етуге арналған Қазақстан Республикасының арнайы бөлінген аумағындағы техникалық құралдар, құрылғылар, құрылыстар мен ғимараттар кешені.
2. «Байқоңыр» ғарыш айлағы бірыңғай мүліктік кешенді білдіретін стратегиялық объект ретінде жекешелендіруге жатпайды.
24-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш объектілері
1. Ғарыш кеңістігіне ұшырылатын Қазақстан Республикасының ғарыш объектілерінде халықаралық стандарттарға сәйкес уәкілетті орган айқындайтын белгілері болуы тиіс.
2. Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасында тіркелген, Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының ғарыш қызметіне қатысушыларға тиесілі ғарыш объектілеріне, көрсетілген ғарыш объектілері Қазақстан Республикасының аумағында, басқа мемлекеттердің аумағында, сол сияқты ғарыш кеңістігінде болған кезінде құқығы сақталады.
25-бап. Ғарыш объектілерін және техникалық құралдарды кәдеге жарату
Пайдалану мерзімі өткен ғарыш объектілері мен техникалық құралдар уәкілетті орган белгілеген тәртіппен кәдеге жаратылуға жатады.
26-бап. Ғарыш инфрақұрылымы объектісін жалға беру
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, ғарыш инфрақұрылымы объектісін халықаралық немесе ғарыш қызметінің шетелдік қатысушысына жалға беру тәртібі қолданыстағы заңнамамен реттеледі.
5-тарау. Ғарыш қызметінің қауіпсіздігі 27-бап. Ғарыш қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету
1. Ғарыш қызметіне қатысушылар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген экологиялық талаптарды, техникалық реттеу және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы талаптарды сақтауға міндетті.
2. Үшінші тұлғаларға зиян келтіретін қаупі бар қызметке байланысты объектілердің иелері ғарыш қызметіне қатысушылар өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақтандыруға міндетті.
3. Ғарыш қызметіне қатысушылар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіппен ғарыш объектілерін ұшыруды жүзеге асырады.
4. Шет мемлекеттің ғарыш объектісінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы оның ғарыш кеңістігіне қауіпсіз шығарылуы немесе жерге қайтып оралуы қорғаныс, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдармен алдын ала келіскен жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін.
28-бап. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезіндегі оқиғаларды тексеру
Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан авариялар мен апаттар Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен тексеруге жатады.
29-бап. Қоршаған ортаға және ғарыш қызметінің әсеріне ұшыраған өңірлердегі халықтың денсаулығының жай-күйіне мониторинг пен бақылау жасау
1. Ғарыш қызметі үдерісіндегі қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мемлекеттік мониторингін Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі шеңберінде қоршаған ортаны қорғау, жер ресурстарын басқару саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар арнайы уәкілеттік берілген мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырады.
2. Ғарыш қызметіне қатысушылар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өндірістік экологиялық бақылауды және қоршаған ортаның мониторингін жүзеге асыруға міндетті.
3. Ғарыш қызметі үдерісінде қоршаған ортаны және халықтың денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдар жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында ғарыш қызметін жүзеге асырумен байланысты қоршаған ортаны қорғау және төтенше жағдайлар саласындағы ақпарат ашық және жариялы болып табылады, бұқаралық ақпарат құралдары, байланыс және хабар тарату жүйелері арқылы жариялануға жатады.
6-тарау. Ғарышкерлерге кандидаттың және ғарышкердің құқықтық жағдайы және оларды әлеуметтік қамсыздандыру шаралары 30-бап. Ғарышкерлерге кандидаттың, ғарышкердің мәртебесі
1. Ғарышкерлерге кандидаттың және ғарышкердің мәртебесін уәкілетті органның ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі береді.
2. Ғарышкерлер Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағына қалыптастырылады. Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағы - Қазақстан Республикасының заңды тұлғасының ұшу-сынау және ұшу-зерттеу, оның ішінде ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды орындауға қатысатын бөлімшесі.
3. Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағы уәкілетті орган бекітетін ереженің негізінде әрекет етеді.
4. Мемлекет ғарышкерлерге кандидаттарды, ғарышкерлерді даярлауды, қайта даярлауды қамтамасыз етеді.
5. Ғарышкердің ғарышқа ұшуға дайындығы және оны орындауы тараптардың міндеттемелері айқындалатын ғарыш қызметіне тиісті қатысушымен (ғарышқа ұшу жүзеге асырылған жағдайда ұшу-ғарыштық сынауларды және/немесе ғылыми зерттеулер мен эксперименттерді жүргізетін тапсырыс берушімен) жасалатын келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.
31-бап. Ғарышкерлерге кандидатты, ғарышкерді әлеуметтік қамсыздандыру шаралары
1. Мемлекет ғарышкерлерге кандидаттың, ғарышкердің олар Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған жағдайда медициналық емделуін, жыл сайынғы алдын алу тексеріп бақылауын және санаторлық-курорттық емделуін қамтамасыз етеді.
2. Осы баптың 1-тармағы ғарышкерлерге кандидаттың, ғарышкердің бірге тұратын отбасы мүшелеріне қолданылады.
3. Ғарышкерлерге кандидаттардың, ғарышкерлердің жұмыс өтіліне:
1) ғарышкерлерге кандидаттың, ғарышкердің даярлықта, қайта даярлықта болған уақыты;
2) ғарыш қызметі саласындағы жұмыс уақыты кіреді.
32-бап. Ғарышкерлерге кандидаттың, ғарышкерлердің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген кездегі кепілдіктер
1. Мүгедектік туындаған кезде өзінің кәсіби міндеттерін орындау кезінде ғарышкерлерге кандидатқа, ғарышкерге бюджет қаражаты есебінен:
1) I топтағы мүгедекке - 3000 айлық есептік көрсеткіш;
2) II топтағы мүгедекке - 2000 айлық есептік көрсеткіш;
3) III топтағы мүгедекке - 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
2. Ғарышкерлерге кандидат, ғарышкер өзінің кәсіби міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оның мұрагерлеріне бюджет қаражаты есебінен 6000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
Ғарыш қызметін жүзеге асырумен байланысты ғарышкерлерге кандидат, ғарышкер қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оны жерлеу тұрғылықты жері бойынша не оның туысқандарының қалауы бойынша Қазақстан Республикасының басқа жерлерінде жүзеге асырылады. Мәйітті тасымалдауға дайындауға, мәйітті тасымалдауға, жерлеуге, құлпытас жасатуға және орнатуға байланысты шығыстар 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
3. Осы баптың 1-2-тармақтарында көзделген өтемақыларды төлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Мемлекет ғарышкерлерге кандидат, ғарышкер өзінің кәсіби міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, аталған адам қайтыс болған күннен бастап үш айдан кешіктірмей мыналарды:
қайтыс болғанның мұрагерлерінің меншігіне мемлекеттік тұрғын үй қорынан жайлы тұрғын үй бөліп беруді; тұрғын үй бір бөлмелі пәтерден кем емес, пайдалы алаңы бір адамға он бес шаршы метрден кем болмайтын және он сегіз шаршы метрден артық болмайтын мөлшерде, не ғарышкерлерге кандидатқа, ғарышкерге бұрын берілген қызметтік тұрғын үйді қайтыс болған адамның мұрагерлеріне тегін беру не ғарышкерлерге кандидатқа, ғарышкерге бұрын берілген қызметтік тұрғын үй басқа мемлекеттің аумағында болған жағдайда, қайтыс болғанның мұрагерлерінің қалауына қарай, Қазақстан Республикасының елді мекеніндегі мемлекеттік тұрғын үй қорынан соған ұқсас тұрғын үйді беруді қамтамасыз етеді.
5. Осы баптың 4-тармағы ғарышкерлерге кандидаттың, ғарышкердің және олардың мұрагерлерінің меншігінде Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үйі болмаған жағдайда қолданылады.
33-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ие болған ғарышкерлерге әлеуметтік кепілдіктер
«Қазақстанның ғарышкер ұшқышы» (Летчик-космонавт Казахстана) құрметті атағына ие болған, ғарыш қызметімен айналысатын ұйымдарда кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар, ғарыш қызметімен айналысатын ұйымдарда жұмыс істеген кезде ғарышкерлердің лауазымдық жалақысына 2,9 мөлшеріндегі өсу коэффициенті белгіленеді.
34-бап. Әлеуметтік қамсыздандыру шараларынан айыру
Ғарышкерлерге кандидаттар, ғарышкерлер Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан жағдайда осы Заңда көзделген әлеуметтік қамсыздандыру шараларынан айырылады.
7-тарау. Қорытынды ережелер 35-бап. Ғарыш қызметіндегі тыйым салу және шектеу
1. Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде мыналарға:
1) ядролық қаруды және оның құрамдауыштарын, жаппай қырып-жою қаруының басқа да түрлерін орбитаға шығаруға, не ғарышта орналастыруға не мұндай қаруды сынауға;
2) ғарыш техникасын әскери, не адам үшін қауіпті өзге де мақсаттарда қоршаған ортаға әсер ету құралы ретінде пайдалануға;
3) аспан денелерін әскери мақсаттарда пайдалануға;
4) адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіруге, қоршаған ортаға залал келтіруге;
5) әуе және ғарыш кеңістігінің ластануы жөніндегі халықаралық нормалар мен стандарттарды бұзуға;
6) халықаралық құқық бойынша рұқсат етілмейтін ғарыш қызметіне байланысты өзге де іс-әрекеттерге тыйым салынады.
2. Адам өліміне, едәуір материалдық шығындарға әкеп соққан немесе қоршаған ортаға зиян келтірген жекелеген жоба шеңберіндегі ғарыш қызметі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес одан әрі шектеледі немесе оған тыйым салынады.
36-бап. Ғарыш қызметі саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік
Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
37-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу
Осы Заң қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті