Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының дипломаттық паспорттарының иелерін және Чех Республикасының дипломаттық паспорттарының иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Сейітханұлы Жошыбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының дипломаттық паспорттарының иелерін және Чех Республикасының дипломаттық паспорттарының иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 23 желтоқсандағы
№ 1408 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының
Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының дипломаттық
паспорттарының иелерін және Чех Республикасының дипломаттық
паспорттарының иелерін визалық талаптардан босату туралы
келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - «Тараптар» деп аталатындар),
екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, жарамды дипломаттық паспорттардың иелері 1985 жылғы 14 маусымдағы Шенген Келісімін іске асыру туралы 1990 жылғы 19 маусымдағы Конвенцияның Уағдаласушы Тараптары мемлекеттерінің аумағына алғаш кірген күнінен бастап кез келген алты ай мерзім ішінде үш (3) айдан аспайтын кезеңге Чех Республикасының аумағына визасыз келе алады, онда бола алады және транзитпен өте алады. Чех Республикасының аумағында болу кезеңі Қазақстан Республикасы азаматтарының 1985 жылғы 14 маусымдағы Шенген Келісімін іске асыру туралы 1990 жылғы 19 маусымдағы Конвенциясының Уағдаласушы Тараптарының басқа мемлекеттерінің аумағында болған кезеңін де қамтиды.
2. Чех Республикасының азаматтары, жарамды дипломаттық паспорттардың иелері Қазақстан Республикасының аумағына алғаш кірген күнінен бастап кез келген алты ай мерзім ішінде үш (3) айдан аспайтын кезеңге Қазақстан Республикасының аумағына визасыз келе алады, онда бола алады және транзитпен өте алады.
2-бап
1. Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы бір Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдіктерінің немесе консулдық мекемелерінің қызметкерлері болып табылатын, 1-бапқа сәйкес екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келуге және кетуге құқығы бар жарамды дипломаттық паспорттардың иелері болу мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес аккредиттелу және 1-бапта көзделген мерзімнен артық болмау міндеттемелерінен босатылмайды, қажет болған жағдайда, қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес тіркелуі және тұруға ықтиярхат алуға өтініш беруі қажет.
2. Осы баптың 1-тармағы тиісті Тараптар мемлекеттерінің азаматтары және жарамды дипломаттық паспорттардың иелері болып табылатын осы тармақта көрсетілген тұлғалардың бірге тұратын отбасы мүшелеріне де қолданылады.
3-бап
Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген тұлғалар халықаралық қатынастар үшін ашық шекара қиылысындағы барлық пункттер арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келе алады.
4-бап
Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген тұлғалар өздерінің дипломатиялық артықшылықтары мен иммунитеттеріне нұқсан келтірместен, өзі болған уақытта екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.
5-бап
Тараптардың әрқайсысы өзінің мемлекеті аумағында болуы қолайсыз деп танылған осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген екінші Тарап мемлекеті азаматтарының келуінен бас тарту немесе болу мерзімін қысқарту құқығын өздерінде сақтайды.
6-бап
1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында немесе басқа да кез келген маңызды себептер бойынша осы Келісімнің қолданысын уақытша, толық немесе ішінара тоқтата тұру құқығын өзінде қалдырады.
2. Тараптар осы баптың 1-тармағына сәйкес осындай шараларды енгізгендігі немесе тоқтатқаны туралы, мұндай шаралар күшіне енгенге дейін жетпіс екі (72) сағаттан кешіктермей дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы бір-бірін хабардар етеді.
7-бап
1. Тараптар дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген өздерінің дипломаттық паспорттарының үлгілерімен алмасады.
2. Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жарамды дипломаттық паспорттарды өзгерткен жағдайда, Тараптар олардың жаңа немесе өзгертілген дипломаттық паспорттардың үлгілерін толық сипаттамасымен қоса, қолданысқа енгізгенге дейін отыз (30) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы жібереді.
8-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізуі мүмкін.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген келіспеушіліктер мен даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
10-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
Тараптардың әрқайсысы кез келген уақытта екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу жолымен осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісім екінші Тарап осындай хабарламаны алғаннан кейін алпыс (60) күн ішінде күшінде қалады.
_________ қаласында жылғы «__» _________ әрқайсысы қазақ, чех және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды және барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде даулар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Чех Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін