Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Олимпиада рәмізін қорғау туралы Найроби шартын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
«Олимпиада рәмізін қорғау туралы Найроби Шартын ратификациялау туралы»
1981 жылғы 26 қыркүйекте қабылданған Олимпиада рәмізін қорғау туралы Найроби Шарты ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
1981 жылғы 26 қыркүйекте Найробиде қабылданған
ОЛИМПИАДА РӘМІЗІН ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ НАЙРОБИ ШАРТЫ
МАЗМҰНЫ
I тарау: Негізгі ережелер
1-бап: Мемлекеттердің міндеттері
2-бап: Міндеттерден алып тастау
3-бап: Міндеттерді орындауды тоқтата тұру
II тарау: Мемлекеттер одағы
4-бап: I тараудан алып тастау
III тарау: Қорытынды ережелер
5-бап: Шартқа қатысу
6-бап: Шарттың күшіне енуі
7-бап: Шарттың күшін жою
8-бап: Шартқа қол қою және оның тілдері
9-бап: Шартты сақтауға беру; көшірмелерді тарату;
Шартты тіркеу
10-бап: Хабарламалар
Қосымша
I ТАРАУ
Негізгі ережелер
1-бап:
Мемлекеттердің міндеттері
Осы Шартқа кез келген қатысушы мемлекет 2 және 3-баптарды ескере отырып, Халықаралық олимпиада комитетінің рұқсаты болған жағдайлардан басқа жағдайларда, Халықаралық олимпиада комитеті жарғысында анықталғандай түрде, олимпиада рәмізінен тұратын немесе осы рәмізді қамтитын кез келген белгіні таңба ретінде тіркеуден бас тартуға немесе тіркеуін жарамсыз деп тануға және коммерциялық мақсатта таңба немесе басқа белгі ретінде пайдалануға тиісті шаралар жолымен тыйым салуға міндетті. Көрсетілген рәміздің аталған анықтамасы мен графикалық кескіні қосымшада көрсетіледі.
2-бап:
Міндеттерден алып тастау
(1) 1-бапта көзделген міндет осы Шартқа қатысушы мемлекеттерге:
(і) олимпиада рәмізінен тұратын немесе осы рәмізді қамтитын кез келген таңбаға, егер мұндай таңба мемлекетте осы Шарт бұл мемлекетке қатысты күшіне енген күнге дейін немесе бұл мемлекетте 1-бапта көзделген міндеттерді орындау 3-бапқа сәйкес тоқтатыла тұрды деп есептелетін кез келген кезең ішінде тіркелсе;
(іі) олимпиада рәмізінен тұратын немесе оны қамтитын кез келген таңбаға немесе басқа белгіні коммерциялық мақсатта осы мемлекетте мұндай пайдалануды бұл мемлекетте осы Шарт бұл мемлекетке қатысты күшіне енген күнге дейін немесе бұл мемлекетте 1-бапта көзделген міндеттерді орындау 3-бапқа сәйкес тоқтатыла тұрды деп есептелетін кез келген кезең ішінде заңды түрде бастаған кез келген адамның немесе кәсіпорынның пайдалануын жалғастыруға қатысты қолданылмайды.
(2) (1) (і) тармақшасының ережелері тіркелуі осы мемлекет қатысушысы болып табылатын Шарт бойынша осы мемлекетте тіркелуіне байланысты әрекет ететін таңбаларға да қолданылады.
(3) (1) (іі) тармақшасында аталған адамның немесе кәсіпорынның рұқсатымен қолдану көрсетілген тармақшаның мақсаты үшін осы адамның немесе кәсіпорынның пайдалануы ретінде саналады.
(4) Осы Шартқа қатысушы мемлекеттердің ешқайсысы, егер оны бұқаралық ақпарат құралдары олимпиадалық қозғалыс туралы немесе осы қозғалыс шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет туралы ақпарат мақсатында пайдаланса, олимпиада рәмізін пайдалануға тыйым салуы міндетті емес.
3-бап:
Міндеттерді орындауды тоқтата тұру
1-бапта көзделген міндеттерді орындауды Халықаралық олимпиада комитеті мен осы мемлекеттің Ұлттық олимпиада комитеті арасында Халықаралық олимпиада комитеті осы мемлекетте олимпиада рәмізін пайдалануға рұқсат беру шартына қатысты және осы Ұлттық олимпиада комитетінің Халықаралық олимпиада комитеті көрсетілген рұқсаттарды бергені үшін алатын кез келген кірістегі үлесіне қатысты ешқандай қолданыстағы келісім болмаған барлық кезеңде кез келген осы Шартқа қатысушы мемлекет тоқтата тұрды деп саналуы мүмкін.
II ТАРАУ
Мемлекеттер одағы
4-бап:
I тараудан алып тастау
І-тараудың ережелері кеден одағының, еркін сауда аймағының, кез келген басқа экономикалық одақтың немесе кез келген басқа өңірлік немесе кіші өңірлік топтаманың мүшелері болып табылатын осы Шартқа қатысушы мемлекеттердің осындай одақ, аймақ немесе басқа топтама құру туралы тиісті келісімдерден туындайтын, атап айтқанда, мұндай келісімдердегі тауарлардың немесе қызмет көрсетулердің еркін айырбасын реттейтін ережелерге қатысты міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.
III ТАРАУ
Қорытынды ережелер
5-бап:
Шартқа қатысу
(1) Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (бұдан әрі «Ұйым» деп аталатын) немесе Халықаралық (Париж) өнеркәсіптік меншікті қорғау одағының (бұдан әрі «Париж одағы» деп аталатын) мүшесі болып табылатын кез келген мемлекет:
(і) ратификациялық грамотаны немесе қабылдау немесе мақұлдау туралы құжатты сақтауға кейіннен тапсырып қол қою, немесе
(іі) қосылу туралы актіні сақтауға тапсыру арқылы осы Шартқа қатысушы бола алады.
(2) (1) тармақта аталмаған, Біріккен Ұлттар Ұйымының немесе Біріккен Ұлттар Ұйымымен байланыстағы қандай да бір мамандандырылған мекеменің мүшесі болып табылатын кез келген мемлекет қосылу туралы актіні сақтауға тапсыру арқылы осы Шартқа қатысушы бола алады.
(3) Ратификациялық грамоталар, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжаттар және қосылу туралы актілер Ұйымның Бас директорына (бұдан әрі «Бас директор» деп аталатын) сақтауға тапсырылады.
6-бап:
Шарттың күшіне енуі
(1) Ратификациялық грамоталарын, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжаттарын немесе қосылу туралы актілерін сақтауға тапсырған алғашқы үш мемлекетке қатысты осы Шарт үшінші ратификациялық грамотаны, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжатты немесе қосылу туралы актіні сақтауға тапсырған күннен бастап бір айдан кейін күшіне енеді.
(2) Ратификациялық грамотаны, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжатты немесе қосылу туралы актіні сақтауға тапсырған кез келген басқа мемлекетке қатысты осы Шарт бұл құжатты сақтауға тапсырған күннен кейін бір айдан кейін күшіне енеді.
7-бап:
Шарттың күшін жою
(1) Кез келген мемлекет Бас директорға жіберілген хабарлама арқылы осы Шарттың күшін жоя алады.
(2) Күшін жою Бас директор хабарламаны алған күннен кейін бір жылдан соң күшіне енеді.
8-бап:
Шартқа қол қою және оның тілдері
(1) Осы Шартқа жалғыз түпнұсқа данада ағылшын, испан, орыс және француз тілдерінде қол қойылады, әрі барлық мәтіндер тең дәлме дәл болады.
(2) Мүдделі үкіметтермен консультациядан кейін ресми мәтіндерді араб, итальян, неміс және португал тілдерінде, сондай-ақ Ұйым Конференциясы немесе Париж одағының Ассамблеясы анықтайтын басқа да тілдерде Бас директор әзірлейді.
(3) Осы Шарт 1982 жылғы 31 желтоқсанға дейін Найробиде және содан кейін 1983 жылғы 30 маусымға дейін Женевада қол қою үшін ашық.
9-бап:
Шартты сақтауға беру; көшірмелерді тарату; Шартты тіркеу
(1) Осы Шарттық түпнұсқа данасы Найробиде қол қою үшін жабылғаннан кейін Бас директорға сақтауға беріледі.
(2) Бас директор өзі куәландырған осы Шарттың екі көшірмесін 5 (1) және (2) баптар аталған барлық мемлекеттерге және сұрауы бойынша кез келген басқа мемлекетке жібереді.
(3) Бас директор осы Шартты Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркейді.
10-бап:
Хабарламалар
Бас директор 5 (1) және (2) бапта аталған мемлекеттерге:
(і) 8-бапқа сәйкес қол қоюлар туралы;
(іі) 5 (3)-бапқа сәйкес ратификациялау грамоталарын, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжаттарды немесе қосылу туралы актілерді сақтауға тапсыру туралы;
(ііі) 6 (і) бапқа сәйкес осы Шарттың күшіне ену күні туралы;
(іv) 7-бапқа сәйкес алынған кез келген күшін жою туралы хабарлайды.
Қосымша
Олимпиада рәмізі көгілдір, сары, қара, жасыл және қызыл түсті солдан оңға қарай орнатылған бес өзара байласқан сақиналардан тұрады. Ол бір немесе бірнеше түсте бейнеленген олимпиадалық сақиналардан тұрады.