Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 4 наурыздағы
№ 175 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық
Кеңесі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық
талаптардан босату туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын),
екі мемлекеттің достық қарым-қатынастарды нығайтуға деген ұмтылысын назарға ала отырып, және
Ұлттық дипломаттық паспорттардың иелері Тараптар мемлекеттері азаматтарының өзара сапарларына ықпал етуге ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары, жарамды ұлттық дипломаттық паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу, кету, транзитпен өту немесе болу үшін алғаш келген күнінен бастап есептегенде 180 (бір жүз сексен) күн ішінде 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезеңге визалық талаптардан босатылады.
2. Шенген Келісімінің шекарадан өтуге және визаға қатысты ережелері қолданылатын бір немесе одан да көп мемлекеттер аумағынан транзит арқылы Швейцария аумағына келген жағдайда 90 (тоқсан) күндік мерзімнің саналуы қатысушы мемлекеттер белгілеген еркін қозғалыс аймағын айқындайтын сыртқы шекараны кесіп өткен күннен басталады.
2-бап
Әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары, дипломатиялық өкілдіктің, консулдық мекеменің немесе Штаб-пәтермен Келісім жасалған халықаралық ұйым жанындағы тұрақты өкілдіктің қызметкерлері болып табылатын жарамды ұлттық дипломаттық паспорттардың иелері, сондай-ақ олармен бірге тұратын жарамды ұлттық дипломаттық паспорттары бар отбасы мүшелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына өздері тағайындалған кезеңге визасыз келуге, болуға және одан кетуге құқылы. Жіберетін Тарап қабылдайтын мемлекетке жоғарыда көрсетілген тұлғалардың болуы мен қызметіне қатысты алдын ала дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберуі тиіс.
3-бап
1. Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген бір Тарап мемлекетінің азаматтарын осы Келісім екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтау міндеттерінен босатпайды.
2. Осы Келісімнің 1-бабының әрекеті екінші Тарап мемлекетінің аумағына ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келетін Тараптардың әрқайсысының мемлекеті азаматтарына қолданылмайды.
4-бап
Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағында болуын қаламаған жағдайда осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген екінші Тарап мемлекеті азаматының келуінен бас тарту не болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.
5-бап
1. Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптар өздерінің жарамды дипломаттық паспорттарының үлгілерімен, мұндай құжаттардың толық сипаттамасын қоса алғанда, осы Келісімге кол қойылған күнінен бастап 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
2. Тараптардың әрқайсысы сондай-ақ екінші Тарапқа жаңа немесе өзгертілген дипломаттық паспорттардың үлгілерін, мұндай құжаттардың толық сипаттамасын қоса алғанда, олар қолданысқа енгізілгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы жіберуге тиіс.
6-бап
1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және қоғамдық денсаулықты қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын уақытша тоқтата тұру, толық немесе ішінара тоқтату құқығын өзінде сақтайды. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру немесе тоқтата тұруды алып тастау туралы шешім ол күшіне енгенге дейін 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда екінші Тарапқа жеткізілуі тиіс.
2. Бұл ретте осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру екінші Тарап мемлекетінің аумағына бұған дейін келген, осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген азаматтардың құқықтық жағдайына әсер етпейді.
7-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша кез келген уақытта жазбаша нысанда өзгерістер енгізілуі мүмкін. Тараптар келіскен кез келген өзгеріс осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасында консультациялар арқылы шешіледі.
9-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена Конвенциясында, 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында немесе Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттарда көзделген құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
10-бап
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
2. Тараптардың әрқайсысы кез келген уақытта осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жазбаша нысанда хабарлауға құқылы. Мұндай жағдайда осы Келісім Тараптардың бірінің жазбаша хабарламасын екінші Тарап алған күннен бастап 90 (тоқсан) күн өткенге дейін күшінде қалады.
3. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2010 жылғы «___» _______________ ______________________ қаласында әрқайсысы қазақ, неміс, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Швейцарияның
Үкіметі үшін Федералдық Кеңесі үшін