Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімін ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімін ратификациялау туралы
Санкт-Петербургте 2009 жылғы 11 желтоқсанда қол қойылған Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімі ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімі
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын кеден одағына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері Еуразиялық экономикалық қауымдастық (бұдан әрі - кеден одағы) аясында
кеден одағын қалыптастыру мақсатында
2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитариялық және фитосанитариялық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімді негізге ала отырып,
карантиндік-фитосанитариялық талаптар мен шаралар қолдану саласында келісілген саясат жүргізу орындылығын тани отырып,
Өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияның (Рим, 1951, 1997 жылғы редакцияда) (бұдан әрі - Конвенция), көп жақты сауда келіссөздерінің Уругвай раундының қорытындылары бойынша 1994 жылғы 15 сәуірде Марракеш қаласында қабылданған Дүниежүзілік сауда ұйымының Саудадағы техникалық кедергілер жөніндегі келісімінің және Санитариялық және фитосанитариялық шаралар қолдану жөніндегі келісімінің ережелері мен принциптерін назарға ала отырып,
кеден одағының кедендік аумағын карантинді объектілерді әкелу мен олардың таралуын қорғауды қамтамасыз ету және олар келтіретін шығынды азайту, сондай-ақ карантинге жатқызылған өнімнің халықаралық саудасындағы кедергілерді жою мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
«карантинді объектілер (карантинді зиянды организмдер)» - Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында жоқ немесе шектеулі таралған және ұлттық Карантинді объектілер тізбелеріне енгізілген зиянды организмдер;
«карантиндік-фитосанитариялық бақылау (қадағалау)» - Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген өсімдіктер карантині саласындағы ұлттық органдарының карантинді объектілерді айқындауға, карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік-фитосанитариялық жағдайын анықтауға және Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелері мен өсімдіктер карантині саласындағы өз мемлекетінің заңнамасының талаптарын орындауға бағытталған қызметі;
«карантинге жатқызылған өнім (карантинге жатқызылған жүктер, карантинге жатқызылған материалдар, карантинге жатқызылған тауарлар)» (бұдан әрі - «карантинге жатқызылған өнім») - карантинді зиянды организмдерді тасымалдаушы және (немесе) олардың таралуына себеп бола алатын, оларға қатысты карантиндік-фитосанитариялық шаралар қолдану қажет кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өтетін және кеден одағының кедендік аумағындағы өсімдік тектес өнім, ыдыс, бума, жүктер, топырақ, организмдер немесе материалдар;
«карантинге жатқызылған өнім партиясы» - бір көлік құралымен бір жеткізу пунктіне бір алушыға жіберуге арналған карантинге жатқызылған өнім саны.
Осы Келісімде арнайы айқындалмаған терминдер Конвенцияда, карантиндік-фитосанитариялық шаралар жөніндегі халықаралық стандарттарда, кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық қауымдастық шеңберінде жасалған халықаралық шарттарда белгіленген мағыналарда пайдаланылады.
2-бап
Осы Келісімнің әрекеті Кеден одағының кедендік шекарасы мен кеден одағының кедендік аумағында карантиндік-фитосанитариялық бақылауға (қадағалауға) жататын карантинге жатқызылған өнім (карантинге жатқызылған жүктер, карантинге жатқызылған материалдар, карантинге жатқызылған тауарлар) тізбесіне (бұдан әрі - Карантинге жатқызылған өнім тізбесі) енгізілген карантинге жатқызылған өнімге қолданылады.
Кеден одағының кедендік шекарасындағы карантиндік-фитосанитариялық бақылау (қадағалау) Кеден одағының кедендік шекарасында карантиндік-фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
Кеден одағының кедендік аумағындағы карантиндік-фитосанитариялық бақылау (қадағалау) Кеден одағының кедендік аумағында карантиндік-фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
3-бап
Тараптар мемлекеттерінің карантиндік-фитосанитариялық бақылау (қадағалау) функцияларын жүзеге асыратын органдары (бұдан әрі - уәкілетті органдар) осы Келісімді іске асыру жөніндегі Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген ұлттық органдары болып табылады.
Тараптар кеден одағының кедендік аумағына карантиндік объектілерді (карантиндік зиянды организмдерді) әкелуді мен олардың таралуын болдырмау жөнінде қажетті шаралар қолданады және Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелері мен өсімдіктер карантині саласындағы өз мемлекетінің заңнамасының талаптарын сақтау үшін жауапты болады.
4-бап
1. Тараптардың уәкілетті органдары карантинге жатқызылған өнім кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткен кезде карантиндік-фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) Тараптар мемлекеттерінің өткізу пункттерінде не басқа жерлерде жүзеге асырады, оларда Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес өсімдіктер карантині жөніндегі пункттер (фитосанитариялық бақылау бекеттері) жабдықтап, жарақталады.
2. Карантинге жатқызылған өнім кеден одағының кедендік аумағына импорттаушы Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген нысан бойынша импорттаушы Тараптың уәкілетті органы беретін импорттық карантиндік рұқсат негізінде және Конвенцияда белгіленген нысан бойынша экспорттаушы (кері экспорттаушы) ел мемлекетінің құзыретті органы беретін экспорттық немесе кері экспорттық фитосанитариялық сертификатпен бірге әкелінеді.
3. Бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына тасымалданатын карантинге жатқызылған өнімнің әр партиясы Конвенцияда белгіленген нысандағы жіберуші Тараптың фитосанитариялық сертификатымен бірге жүруі тиіс.
Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары беретін фитосанитариялық сертификаттарды Тараптар мойындайды.
Тараптар мемлекеттерінің аумағында карантинге жатқызылған өнімді жеткізу орындарында карантиндік-фитосанитариялық бақылау (қадағалау) осы Келісімнің 2-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап
1. Карантинге жатқызылған өнім тізбесі, Кеден одағының кедендік шекарасында карантиндік-фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ереже, Кеден одағының кедендік аумағында карантиндік-фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ереже Кеден одағының комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) шешімімен бекітіледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарды жүргізуді оған Тараптар өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету саласында тиісті өкілеттіктер берген күннен бастап Комиссия жүзеге асырады.
Осы баптың мақсаттары үшін Комиссияның құжаттарды жүргізуі ретінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген кеден одағының құжаттарына белгіленген тәртіппен өзгерістер мен толықтырулар енгізу, кейіннен оларды бекіту және Тараптарға жеткізу түсіндіріледі.
Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар Комиссияның қарауына белгіленген тәртіппен кез келген Тараптың өкілеттіктер берілген органдарының ұсынысы бойынша енгізіледі.
6-бап
Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары:
кеден одағының кедендік аумағында карантинді объектілер (карантинді зиянды организмдер) анықталған және тараған жағдайда олар туралы, сондай-ақ қолданылған карантиндік-фитосанитариялық шаралар туралы Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Техникалық реттеу, санитариялық және фитосанитариялық шаралар саласындағы ақпарат жүйесіне және Кеден одағының біріктірілген сыртқы және ішкі сауда ақпарат жүйесіне ақпарат жолдайды;
өз мемлекеттерінің аумағында карантинді объектілер (карантинді зиянды организмдер) анықталған және таралған жағдайлары туралы және уақытша карантиндік-фитосанитариялық шаралар енгізгендері туралы бір-бірін уақтылы хабардар етеді;
Тараптар мемлекеттеріне өз мемлекеттерінде қабылданған Карантинді объектілер тізбелері туралы уақтылы хабарлайды;
бір-біріне өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету саласында ғылыми, әдістемелік және техникалық көмек көрсетеді;
өз мемлекеттерінің аумақтарында карантинді объектілерді анықтауға және олардың таралуына қатысты өткен жылғы статистикалық ақпаратпен жыл сайын алмасып отырады.
7-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары қажет болған жағдайда және өзара уағдаластық бойынша:
ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына өтетін карантинге жатқызылған өнімді өндіру (жасау), сұрыптау, қайта өңдеу, жинақтау және буып-түю орындарын бірлесіп зерттеуді жүргізу мақсатында мамандар жібереді;
бірлесе отырып Кеден одағының кедендік шекарасында карантиндік-фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеде және Кеден одағының кедендік аумағында карантиндік-фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеде белгіленген жекелеген карантиндік-фитосанитариялық бақылау (қадағалау) түрлерін жүргізеді;
карантиндік-фитосанитариялық бақылау (қадағалау) саласындағы өзге де мәселелер бойынша өзара әрекет етеді.
2. Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген жағдайда Тараптар осы баптың 1-тармағын іске асыруға байланысты шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген қаражат шегінде көтереді.
8-бап
Өз мемлекеттері аумағында карантиндік-фитосанитариялық жағдай нашарлаған;
тиісті халықаралық ұйымдардан, Тараптардан және (немесе) үшінші елдерден қолданылып жатқан карантиндік-фитосанитариялық шаралар туралы ақпарат алған;
егер карантиндік-фитосанитариялық шаралар қолданудың тиісті ғылыми негіздемесі жеткіліксіз болып табылған немесе қажетті мерзімде ұсыныла алмайтын жағдайларда әр Тарап уақытша карантиндік-фитосанитариялық шаралар әзірлеуге және енгізуге құқылы.
9-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
Егер Тараптар дауды бір Тарап екінші Тарапқа жолдаған консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш түскен күннен бастап алты ай ішінде реттемесе, онда Тараптар арасында дауды шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған кезде кез келген Тарап бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтық Сотына қарауға береді.
10-бап
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді.
11-бап
Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
Санкт-Петербург қаласында 2009 жылғы 11 желтоқсанда бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқалы данасы Кеден одағының комиссиясында сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола тұрып, әр Тарапқа расталған көшірмесін жолдайды.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін