Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы
Кабулда 2009 жылғы 22 қарашада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі,
білім беру саласындағы ынтымақтастықты теңдік және өзара тиімділік принциптерінде дамыту ниетін басшылыққа ала отырып,
Тараптар мемлекеттері заңнамаларының нормаларын негізге ала отырып,
білім беру саласындағы екі жақты ынтымақтастықтың болашақтағы дамуы Тараптар мемлекеттері халықтарының арасында достық пен өзара түсіністікті орнатуға және қолдауға едәуір дәрежеде ықпал ете алатындығын назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар кадрлар даярлау, бірлескен бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру мәселелері бойынша ақпарат алмасу жолымен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ынтымақтастықтың дамуына жәрдемдеседі.
Тараптар Тараптар мемлекеттерінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі мен құрылымы, білім беру саласындағы реформалар және білім берудің жаңа технологиялары туралы ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
2-бап
Тараптар өзара қызығушылық тудыратын проблемалар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу немесе білім беру ұйымдары қол қоятын шарттардың негізінде Тараптар мемлекеттерінде өткізілетін ғылыми білім беру конференцияларына, семинарларға, симпозиумдарға қатысу мақсатында профессорлық-оқытушылық құрамды шақыруды өзара негізде көтермелейді.
3-бап
Тараптар Тараптар мемлекеттерінің білім беру саласындағы заңнамалары туралы ақпарат алмасады.
4-бап
Қазақстан тарапы 2010 - 2014 жылдар аралығында жыл сайын Ауғанстан Ислам Республикасы азаматтарының қатарынан 200 адамды: оның ішінде 140 адамды жоғары оқу орындарына және 60 адамды техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға қабылдайды. Медициналық мамандықтарға жоғары оқу орындарына қабылдау 2010 - 2012 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Білім алушылардың жалпы саны 1000 адамды құрайды, оның ішінде 700 адам - жоғары оқу орындарында, 300 адам - техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында. Оқыту 2019 жылға дейін (медициналық мамандықтар - 2020 жылға дейін) Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады.
5-бап
Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтарын оқыту Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында денсаулық сақтау (200 адам), ауыл шаруашылығы (135), ішкі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету (75) саласындағы, гуманитарлық сала және журналистика (45), мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз ету (45), инженерлік (100) және педагогикалық бағыттағы (100) мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.
Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтарын Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқыту Қазақстан тарапының пікірлері мен мүмкіндіктері ескеріле отырып, жыл сайын ауған тарапы айқындайтын кәсіптер мен мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.
6-бап
Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасының жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарында білім алатын Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтарын өз мемлекетінің заңнамасында белгіленген негізде және шектерде пәтер мен коммуналдық қызметтерге төлемақысыз тұрғын үй-жаймен қамтамасыз етеді.
Жөнелтілетін жерден білім алатын жерге дейін және кері және жазғы демалыс уақытындағы, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде авиакөлікпен, Қазақстан Республикасының ішінде темір жол немесе автомобиль көлігімен көліктік шығыстарға жыл сайын Қазақстан тарапымен келісілген бағыт бойынша Қазақстан тарапының қаражаты есебінен ақы төленеді.
Қазақстан тарапы ішкі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және мемлекеттік шекараны қорғау мамандықтарына оқитындардан басқа, барлық білім алушыларға бүкіл білім алу кезеңінде өз мемлекетінің заңнамасында студенттерге арнап белгіленген мөлшерден екі есе артық мөлшерде стипендия төлейді.
Қазақстан тарапы білім алушыларға өз мемлекетінің денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы шеңберінде медициналық қызмет көрсетуді ұсынады.
7-бап
Қазақстан тарапы ішкі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мамандық бойынша білім алушыларды Қазақстан Республикасының әскери қызметшілерінің тиісті санаттары үшін белгіленген нормалар бойынша ақшалай үлеспен, тамақпен және тұрғын үй-жаймен қамтамасыз етеді.
Ішкі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мамандық бойынша білім алушы Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтарында өздерімен бірге Қазақстан Республикасында білім алу уақытында күнделікті және мерекелік шеруде киюге арналған ұлттық полицейлік киім нысаны болуы және олар Ауғанстан Ислам Республикасының айырым белгілерін тағуы тиіс.
8-бап
Қазақстан тарапы мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз ету саласындағы мамандық бойынша білім алушыларды Қазақстан Республикасының әскери қызметшілерінің тиісті санаттары үшін белгіленген нормалар бойынша ақшалай үлеспен, тамақпен, киім-кешекпен және тұрғын үй-жаймен қамтамасыз етеді.
9-бап
Оқуға қабылданған Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтары міндетті түрде Қазақстан тарапының жоғары оқу орындарында даярлық бөлімдерінде тілдік оқудан өтеді.
Оқыту тілдері даярлық бағытына байланысты қазақ және орыс тілдері болып белгіленеді.
10-бап
Даярлық бөлімдерін аяқтағаннан кейін тыңдаушылар таңдаған мамандықтары бойынша Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына бөлінеді.
11-бап
Ішкі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және мемлекеттік шекараны қорғау мамандықтары бойынша оқыту циклдері және білім беру бағдарламаларының мазмұны Қазақстан Республикасы ұлттық мүдделерінің талаптары ескеріле отырып қалыптастырылады.
12-бап
Тараптар келіскен оқу деңгейлері мен мамандықтар бойынша тыңдаушыларды даярлық бөлімдеріне қабылдауды Қазақстан тарапының ведомствоаралық көшпелі комиссиясы жүзеге асырады. Ведомствоаралық көшпелі қабылдау комиссиясының жұмысына жұмсалған шығындар Қазақстан тарапының есебінен жүзеге асырылады (Ауғанстан Ислам Республикасына бару және одан кету бойынша көліктік, тұру және тәуліктік шығыстар - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі есебінен; Қазақстан Республикасы шегіндегі көліктік шығыстар, жол жүру визалары мен медициналық сақтандыруды ресімдеу - мүдделі мемлекеттік органдардың есебінен).
Ведомствоаралық қабылдау комиссиясының құрамына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері - 3 адам (комиссия төрағасы, комиссия хатшысы, комиссия мүшесі), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінен - 1 адам (комиссия төрағасының орынбасары), Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінен - 2 адам, Ауыл шаруашылығы министрлігінен - 1 адам, Ішкі істер министрлігінен - 1 адам, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен - 1 адам кіреді.
Ведомствоаралық қабылдау комиссиясының Ауғанстан Ислам Республикасындағы жұмыс мерзімі 7 күнді құрайды.
13-бап
Ауған тарапы бұқаралық ақпарат құралдары мен жергілікті билік органдары арқылы Ауғанстан Ислам Республикасының халқын Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау туралы хабардар етеді.
Ауған тарапы білім алуға үміткерлердің құжаттарын жинауды, медициналық тексеруден өтуін және олардың көшпелі қабылдау комиссиясымен әңгімелесуін ұйымдастыруды жүзеге асырады.
Ауған тарапы көшпелі қабылдау комиссиясының тыңдаушыларды даярлық бөлімдеріне қабылдау жөніндегі жұмысына жағдай жасауды қамтамасыз етеді.
Ауған тарапы уәкілетті өкіл арқылы ауған студенттерін оқыту процесінде туындайтын мәселелерді жедел шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органының қарауына енгізеді.
14-бап
Қазақстан Республикасындағы даярлық бөлімдеріндегі Ауғанстан Ислам Республикасы тыңдаушыларының және студенттерінің/курсанттарының оқуы, тұруы, оларға медициналық қызмет көрсету Қазақстан тарапы мемлекетінің заңнамасы негізінде және шегінде жүзеге асырылады.
15-бап
Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтары оқуды аяқтағаннан кейін отанына оралуға міндетті.
16-бап
Тараптар мемлекеттерінің оқу орындары беретін мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжаттарды Тараптар таниды және олардың баламалылығын белгілейді.
17-бап
4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 14, 15-баптарды қоспағанда, осы келісімде көзделген іс-шараларды іске асыру Тараптар мемлекеттерінің мүдделі ұйымдары арасында тікелей шарттар жасасу негізінде жүзеге асырылады, бұл шарттарда олардың құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі анықталуы тиіс.
18-бап
Осы Келісім екі Тарап та ресми мақұлдайтын білім алмасу жөніндегі басқа іс-шараларды өткізу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
19-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі даулар мен келіспеушіліктер Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында келіссөздер мен өзара консультациялар өткізу жолымен шешіледі.
Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
20-бап
Егер Тараптар әрбір нақты жағдайда кері шешім қабылдамаса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның шеңберінде жүзеге асырылатын білім алушылармен алмасуға, осы Келісімнің қолданысын тоқтату күніне дейін аяқталмаған жобаларға немесе бағдарламаларға ықпал етпейді.
21-бап
Осы Келісім 2021 жылға дейінгі мерзімге жасалады.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
2009 жылғы 22 қарашада Кабул қаласында әрқайсысы қазақ, дари және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Түсіндіруде алшақтықтар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Ауғанстан
Республикасының Ислам Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
2009 жылғы 22 қарашада Кабулда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқық
департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский