Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің табиғи және сұйытылған газды мотор отыны ретінде пайдалану саласында мамандар даярлаудағы, қайта даярлаудағы және олардың біліктілігін арттырудағы ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің табиғи және сұйытылған газды мотор отыны ретінде пайдалану саласында мамандар даярлаудағы, қайта даярлаудағы және олардың біліктілігін арттырудағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 19 мамырдағы
№ 434 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
табиғи және сұйытылған газды мотор отыны ретінде пайдалану
саласында мамандар даярлаудағы, қайта даярлаудағы және
олардың біліктілігін арттырудағы ынтымақтастығы
туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
мотор отынының баламалы түрлерімен көлік құралдарын сенімді және ұзақ мерзімді қамтамасыз ету және осы негізде экологиялық проблемаларды іске асыру қажеттілігін негізге ала отырып;
Тараптардың көлік құралдарын технологиялық жаңартуды тездетуге, білікті мамандармен қамтамасыз етуге ұмтыла отырып;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін көлік дәліздерін қалыптастыру және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша келісілген саясат жүргізудегі ортақ мүдделілікті назарға ала отырып;
кадрларды даярлауға неғұрлым жоғары талаптар ұсынатын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жұмыс күшінің көші-қонын ескере отырып;
2001 жылғы 29 қарашада ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (ортақ) білім беру кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасын іске асырудың мемлекетаралық бағдарламасының, 2007 жылғы 25 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер мамандарының біліктілігін арттыру және оларды кәсіби қайта даярлау саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімнің ережелерін назарға ала отырып,
мыналар туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты Тараптардың оқытудың бірыңғай бағдарламаларын әзірлеу және пайдалану, бірлескен жобаларды іске асыру тетіктерін әзірлеу және ақпарат алмасуды ұйымдастыру жөніндегі бірлескен іс-қимылын жүргізу жолымен осы салада кадрлар даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау бөлігінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік құралдары үшін табиғи және сұйытылған газды мотор отыны ретінде пайдалану жөніндегі ұлттық бағдарламаларын іске асыруға жәрдем көрсету болып табылады.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаты үшін пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:
мамандардың біліктілігін арттыру - бұрын алған кәсіби білімдерін, шеберліктерін, дағдыларын кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге бағытталған, ұзақтығы толық 2 оқу аптасынан немесе қорытынды аттестаттаумен аяқталатын оқу уақытының 72 академиялық сағатынан кем емес қосымша кәсіби білім беру бағдарламаларын іске асыру;
мамандарды кәсіби қайта даярлау - бұрын қол жеткізілген білім деңгейін өзгертуге әкеп соқтырмайтын әрі қорытынды аттестаттаумен және жаңа кәсіби біліктілік берумен аяқталатын, ұзақтығы толық 2 семестрден немесе оқу уақытының 1000 академиялық сағатынан кем емес қосымша кәсіби білім беру бағдарламаларын іске асыру;
«Көгілдір дәліз» - экологиялық жағдайды жақсарту және мемлекетаралық тасымалдаудың экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында жүк және жолаушылар тасымалы үшін табиғи және сұйытылған газды мотор отыны ретінде пайдалана отырып, жанармай құю станцияларының желісі ұйымдастырылатын трансшекаралық маршруттарды құру;
құзыретті орган - осы Келісімді іске асыруға байланысты мәселелерді шешу үшін Тараптардың әрқайсысы тағайындайтын орган.
3-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру, сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыруды және оларды кәсіби қайта даярлауды қамтамасыз ететін білім беру мекемелерін лицензиялауды, мамандарды кәсіби қайта даярлауды қамтамасыз ететін білім беру мекемелерін аттестаттауды және мемлекеттік аккредиттеуді қамтитын білім беру қызметінің сапасын бақылау жөнінде шаралар қабылдайды.
4-бап
Тараптар табиғи және сұйытылған газды мотор отыны ретінде пайдалану саласында мамандарды даярлауда, қайта даярлауда және оларды біліктілігін арттыруда осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамаларын жақындастыру жөнінде шаралар қабылдайды.
5-бап
Тараптар табиғи және сұйытылған газды мотор отыны ретінде пайдалану саласында кадрлар даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау, оларды аттестаттауды жүргізу жөнінде бірыңғай ақпараттық база құруға және келісілген қағидаттарды әзірлеуге ықпал етеді.
6-бап
Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің білім беру мекемелері берген, табиғи және сұйытылған газды мотор отыны ретінде пайдалану саласында тиісті білім алғанын растайтын мемлекеттік үлгідегі құжаттарды тану жөнінде шаралар қабылдайды.
7-бап
Тараптар озық газ технологияларын қолдану, техникалық жарақтандыру, инфрақұрылымды пайдалану және оның жай-күйі саласында, сондай-ақ автомай құятын компрессорлық газ толтыру станцияларын, оның ішінде «Көгілдір дәліз» автомагистралдарында салу перспективалары туралы жұмыс кездесулерін, семинарлар, көрмелер, ғылыми-практикалық конференцияларды үнемі өткізіп тұрады және ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
8-бап
Тараптар табиғи және сұйытылған газды мотор отыны ретінде пайдалану саласында халықаралық ұйымдардың қызметіне, мамандар даярлау, олардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жөнінде халықаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысады.
9-бап
Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің табиғи және сұйытылған газды мотор отыны ретінде пайдалану саласында кадрлар даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау жөнінде білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдарының, сондай-ақ осындай қызметтерді алуға мүдделі ұйымдардың арасында тікелей байланыстарды дамытуға жәрдем көрсетеді.
Білім беру қызметтерін ұсынғаны үшін ақы төлеудің тәртібі мен мөлшері мүдделі ұйымдардың екі жақты шарттарының негізінде белгіленеді.
10-бап
Тараптар табиғи және сұйытылған газды мотор отыны ретінде пайдалану саласында мамандар даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша халықаралық ғылыми-оқу орталығын құру жөнінде келісілген шараларды жүзеге асырады.
11-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өзі қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан өзі үшін туындайтын міндеттемелерін қозғамайды.
12-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін және осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
13-бап
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен немесе Тараптармен келісілген басқа рәсім арқылы шешіледі.
14-бап
Тараптар осы Келісімнің орындалуы үшін жауапты өзінің құзыретті органдарының тізбесін айқындайды және оны депозитарийге хабарлайды.
15-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап күшіне енеді.
16-бап
Осы Келісім күшіне енген соң ол депозитарийге қосылу туралы құжатты беру жолымен ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
17-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
Әрбір Тарап бұл туралы жазбаша түрде депозитарийді хабардар ете отырып, осы Келісімнен шыға алады.
Келісім депозитарий тиісті хабарламаны алғаннан кейін үш айдан соң осындай Тарапқа қатысты қолданылуын тоқтатады.
Санкт-Петербург қаласында 2010 жылғы 21 мамырда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана оның куәландырылған көшірмесін осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа жіберетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.
Әзірбайжан Республикасының Молдова Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Грузия Республикасының Түрікменстанның
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украинаның
Үкіметі үшін Үкіметі үшін