Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер мамандарының біліктілігін арттыру және оларды кәсіби қайта даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қосылу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 21 қаңтардағы N 34 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. 2007 жылғы 25 мамырда Ялта қаласында жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер мамандарының біліктілігін арттыру және оларды кәсіби қайта даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге мынадай мазмұндағы ескертпемен қосылсын: "Қазақстан Республикасына қатысты 2-баптың ережелері қолданылмайды".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер
мамандарының біліктілігін арттыру және оларды кәсіби
қайта даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын үкіметтер атынан осы Келісімге қатысушы мемлекеттер,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің, 1997 жылғы 17 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (жалпы) білім беру кеңістігін қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің, 1997 жылғы 17 қаңтардағы Білімді тарату және ересектерге білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің, 2005 жылғы 26 тамыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастығы туралы келісімнің ережелерін назарға ала отырып,
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қызметкерлердің тұратын жерлерінде бейімделуін талап ететін өсе түскен жұмыс күші миграциясын ескере отырып,
      Тараптар экономикасын технологиялық реформалауды жеделдетуге, оларды білікті мамандармен қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті :

  1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      "мамандардың біліктілігін арттыру" - ұзақтығы кемінде толық екі оқу аптасы немесе оқу уақыты 72 академиялық сағат болатын, қорытынды аттестаттаумен аяқталатын бұрын алған кәсіби білімін, білігін және дағдысын кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге бағытталған қосымша кәсіби білім беру бағдарламаларын іске асыру;
      "мамандарды кәсіби қайта даярлау" - ұзақтығы кемінде екі толық семестр немесе оқу уақыты 1000 академиялық сағат, бұрын қол жеткізген білім деңгейінің өзгеруіне әкеп соқтырмайтын және қорытынды аттестаттаумен және жаңа кәсіби біліктілік берумен аяқталатын қосымша кәсіби білім беру бағдарламаларын іске асыру.  

  2-бап

      Тараптар нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, сондай-ақ, білім беру мекемелерін лицензиялауды қамтитын, мамандардың біліктілігін арттыруды және кәсіби қайта даярлауды, білім беру мекемелерін аттестаттауды және мемлекеттік аккредиттеуді қамтамасыз ететін, мамандарды кәсіби қайта даярлауды қамтамасыз ететін білім беру қызметінің сапасын бақылау жөніндегі шараларды қабылдайды.

  3-бап

      Әр Тарап мамандарды кәсіби қайта даярлау туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың нысандарын, сондай-ақ Тараптардың аккредиттелген білім беру мекемелері көрсетілген нысандар бойынша беретін мамандарды кәсіби қайта даярлау туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды тану жөніндегі шараларды қабылдайды.

  4-бап

      Әр Тарап мамандарды кәсіби қайта даярлау туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды тану үшін, сондай-ақ осы Тараптың заңнамасына сәйкес мамандардың біліктілігін арттыру және оларды кәсіби қайта даярлау жүйесі туралы ақпаратты басқа Тараптарға ұсыну үшін жауапты уәкілетті органды (органдарды) анықтайды.

  5-бап

      Әр Тарап өзінің аумағында тұрақты тұратын басқа Тараптардың азаматтарына біліктілігін арттыруға және оларды кәсіби қайта даярлауға көрсетілген Тараптың азаматтарымен тең құқықты ұсынады. Қабылдаушы Тараптың аумағында тұрақты тұрмайтын басқа Тараптар азаматтарының біліктілігін арттыру және оларды кәсіби қайта даярлау тәртібін осы Тарап белгілейді.

  6-бап

      Тараптар мамандардың біліктілігін арттыру және оларды кәсіби қайта даярлау саласында қызметтерді ұсынатын Тараптардың білім беру мекемелері, осындай қызметтерді алуға мүдделі ұйымдар арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға және жұмыс тәжірибесімен алмасуға жәрдемдеседі, сондай-ақ көрсетілген салада көрме қызметіне және білім беру қызметтерін жарнамалауға жәрдемдеседі.

  7-бап

      Тараптар халықаралық міндеттемелерге және Тараптардың заңнамаларына сәйкес басқа Тараптардың білім беру мекемелерінің қатысуымен мамандардың біліктілігін арттыру және оларды кәсіби қайта даярлау саласында қызметтер ұсынатын мекемелердің өз аумағында бірлескен білім беру қызметіне жәрдемдеседі.

  8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

  9-бап

      Осы Келісімнің ережелері олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  10-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы депозитарийдің үшінші жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді. Мемлекетішілік рәсімдерді кеш орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийге тиісті құжаттарды тапсырған күнінен бастап күшіне енеді.

  11-бап

      Осы Келісім оның ережелерін танитын басқа мемлекеттердің қосылу туралы құжаттарды депозитарийге беру жолымен оған қосылуы үшін ашық. Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий Тараптардың осындай қосылуға келісімі туралы соңғы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап күшіне енеді.

  12-бап

      Осы Келісімге осы Келісімнің 10-бабына сәйкес күшіне енетін хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

  13-бап

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады.
      Кез келген Тарап шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады.
      Осы Келісімнің қолданылу мерзімінің аяқталуы, сондай-ақ Тараптардың кез келгенінің оның қолданылуын тоқтатуы Тараптардың осы Келісімнің қолданылу кезеңінде басталған және оның қолданылуы аяқталған күнге бітпеген жобалар бойынша өздерінің құқықтары мен міндеттемелерін орындауына әсер етпейді.
      2007 жылғы 25 мамырда Ялта қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әр мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

Армения Республикасының      Молдова Республикасының
Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

Әзірбайжан Республикасының   Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының     Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

Грузия Үкіметі үшін          Түрікменстан Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының    Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының       Украина Үкіметі үшін
Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады