Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат беріле отырып, 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 19 мамырдағы
№ 444 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының өсімдіктер карантині
туралы келісіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын кеден одағына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері Еуразиялық экономикалық қауымдастық шеңберінде, 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімінің (бұдан әрі - Келісім) 10-бабына сәйкес,
төмендегідей туралы келісті:
1-бап
Келісімнің 2-бабында:
а) бірінші абзацта «кедендік шекарасы мен» деген сөздер «кедендік шекарасына әкелу кезінде және» деген сөздермен ауыстырылсын;
б) мынадай мазмұндағы төртінші абзацпен толықтырылсын:
«Кеден одағының кедендік аумағынан карантинге жатқызылған өнімді шығару кезінде карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелеріне және өз мемлекетінің өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.».
2-бап
Келісімнің 4-бабында:
а) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Кеден одағының кедендік аумағына енгізілетін карантинге жатқызылған өнім карантинге жатқызылған өнімді жеткізу орны көзделген Тарап мемлекетінің фитосанитариялық талаптарына сай болуы тиіс.
Тараптар енгізілетін карантинге жатқызылған өнімге қойылатын фитосанитариялық талаптар туралы ресми ақпаратты Тараптардың уәкілетті органдарының ресми сайттарында (интернет-ресурстарында), сондай-ақ Еуразия экономикалық қауымдастығының Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитариялық шаралар саласындағы ақпарат жүйесінде және Кеден одағының бірлескен сыртқы және ішкі сауда ақпарат жүйесінде орналастыруды қамтамасыз етеді.
Карантинге жатқызылған өнім тізбесіне сәйкес фитосанитариялық қаупі жоғары карантинге жатқызылған өнім тобына жатқызылған карантинге жатқызылған өнімнің әр партиясы кеден одағының кедендік аумағына Конвенцияда белгіленген нысан бойынша экспорттаушы (кері экспорттаушы) ел мемлекетінің құзыретті органы беретін экспорттық немесе кері экспорттық фитосанитариялық сертификатпен бірге әкелінеді.»;
б) 3-тармақта «тасымалданатын» деген сөзден кейін «Карантинге жатқызылған өнім тізбесіне сәйкес фитосанитариялық қаупі жоғары карантинге жатқызылған өнім тобына жатқызылған» деген сездермен толықтырылсын.
3-бап
5-бапта «уәкілетті органдарының» деген сөздер алынып тасталсын.
4-бап
Осы Хаттаманы түсіндіруге және (немесе) қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар келіссөздер мен кеңестер жүргізу арқылы шешіледі.
Егер Тараптар дауды бір Тараптың екінші Тарапқа жолдаған консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініші түскен күннен бастап алты ай ішінде реттемесе, онда Тараптардың кез келгені осы дауды қарау үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына береді.
5-бап
Осы Хаттаманың күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
2010 жылғы «__» _________ _________ қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.
Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясында сақталады, ол осы Хаттаманың депозитарийі бола тұрып, әр Тарапқа расталған көшірмесін жолдайды.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін