Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімінің жобасы мақұлдансын.
2. Қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат беріле отырып, Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісіміне қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 2065 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімі
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
кеден одағын қалыптастыру мақсатында,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімді негізге ала отырып,
карантиндік фитосанитарлық талаптар мен шараларды қолдану саласында келісілген саясат жүргізудің орындылығын мойындай отырып,
Өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияның (Рим, 1951 жыл, 1997 жылғы редакцияда) (бұдан әрі - ӨКҚХК), Саудадағы техникалық тосқауылдар жөніндегі келісімнің және Санитарлық және фитосанитариялық шараларды қолдану жөніндегі келісімнің (Марракеш қ., 1994 жылғы 15 сәуір, Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде) ережелері мен принциптерін назарға ала отырып,
кеден одағының кедендік аумағын карантиндік объектілерді әкелу мен таратудан қорғауды қамтамасыз ету және олардан болатын шығынды азайту, сондай-ақ карантинге жатқызылған өнімнің халықаралық саудасындағы тосқауылдарды жою мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
карантиндік объектілер (карантиндік зиянды организмдер) - Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында жоқ немесе шектеулі түрде таралған және ұлттық Карантиндік объектілер тізбелеріне енгізілген зиянды организмдер;
карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) - Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген өсімдіктер карантині саласындағы ұлттық органдарының карантиндік объектілерді айқындауға, карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік фитосанитариялық жағдайын белгілеуге және Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелері мен өз мемлекетінің өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының талаптарын орындауға бағытталған қызметі;
карантинге жатқызылған өнім (карантинге жатқызылған жүктер, карантинге жатқызылған материалдар, карантинге жатқызылған тауарлар) (бұдан әрі - карантинге жатқызылған өнім) - кеден одағының кедендік шекарасы арқылы және кеден одағының кедендік аумағында өткізілетін, карантиндік объектілерді тасымалдаушы болуы және (немесе) олардың таралуына ықпал етуі мүмкін және оларға қатысты карантиндік фитосанитариялық шаралар қолдану қажет өсімдік тектес өнім, ыдыс, орам, жүктер, топырақ, организмдер немесе материалдар;
карантинге жатқызылған өнім легі - бір көлік құралымен бір жеткізу пунктіне бір алушыға жіберуге арналған карантинге жатқызылған өнім саны.
Осы Келісімде арнайы айқындалмаған терминдер ӨКҚХК-де, карантиндік фитосанитариялық шаралар жөніндегі халықаралық стандарттарда, кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде жасалған халықаралық шарттарда белгіленген мағыналарында пайдаланылады.
2-бап
Осы Келісімнің әрекеті кеден одағының кедендік шекарасы мен кеден одағының кедендік аумағында карантиндік фитосанитариялық бақылауға (қадағалауға) жататын карантинге жатқызылған өнім (карантинге жатқызылған жүктер, карантинге жатқызылған материалдар, карантинге жатқызылған тауарлар) тізбесіне (бұдан әрі - карантинге жатқызылған өнім тізбесі) енгізілген карантинге жатқызылған өнімге таралады.
Кеден одағының кедендік шекарасындағы карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) Кеден одағының кедендік шекарасында карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
Кеден одағының кедендік аумағындағы карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) Кеден одағының кедендік аумағында карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
3-бап
Тараптар мемлекеттерінің карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) функцияларын жүзеге асыратын органдары (бұдан әрі - уәкілетті органдар) Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру жөніндегі өкілеттіктер берілген ұлттық органдары болып табылады.
Тараптар кеден одағының кедендік аумағына карантиндік объектілерді (карантиндік зиянды объектілерді) әкелуді және олардың таралуын болдырмау жөнінде қажетті шараларды қабылдайды және Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелері мен өз мемлекетінің өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуы үшін жауапты болады.
4-бап
1. Уәкілетті органдар карантинге жатқызылған өнімді кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізген кезде карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) Тараптар мемлекеттерінің өткізу пункттерінде не Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес өсімдіктер карантині жөніндегі мамандандырылған пункттер (фитосанитариялық бақылау бекеттері) жабдықталып, жарақталатын өзге де жерлерде жүзеге асырады.
2. Карантинге жатқызылған өнім кеден одағының кедендік аумағына импорттаушы Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген нысан бойынша импорттаушы Тараптың уәкілетті органы беретін импорттық карантиндік рұқсат негізінде және ӨКҚХК-де белгілеген нысан бойынша экспорттаушы (кері экспорттаушы) ел мемлекетінің құзыретті органы беретін экспорттық немесе кері экспорттық фитосанитариялық сертификатпен бірге әкелінеді.
3. Бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің
аумағына тасымалданатын карантинге жатқызылған өнімнің әрбір легі
ӨКҚХК-де белгілеген нысан бойынша жөнелтуші Тараптың фитосанитариялық
сертификатымен сүйемелденуі тиіс.
Тараптар Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары беретін фитосанитариялық сертификаттарды мойындайды.
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында карантинге жатқызылған өнімді жеткізу орындарында фитосанитариялық бақылау (қадағалау) осы Келісімнің 2-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап
1. Карантинге жатқызылған өнім тізбесі, Кеден одағының кедендік шекарасында карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ереже, Кеден одағының кедендік аумағында карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ереже Кеден одағы комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) шешімімен бекітіледі
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарды жүргізуді Тараптар оған өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету саласындағы тиісті өкілеттіктерді берген күнінен бастап Комиссия жүзеге асырады.
Осы баптың мақсаттары үшін Комиссияның құжаттарды жүргізуі ретінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген кеден одағының құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, оларды кейіннен бекіту және Тараптарға жеткізу түсіндіріледі.
Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар Комиссияның қарауына белгіленген тәртіппен Тараптардың кез келгенінің уәкілетті органдарының ұсынысы бойынша енгізіледі.
6-бап
Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары:
кеден одағының кедендік аумағында карантиндік объектілер (карантиндік зиянды организмдер) анықталған және таралған жағдайда Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитариялық шаралар саласындағы ақпараттық жүйесіне және Кеден одағының сыртқы және өзара саудасының ықпалдасқан ақпараттық жүйесіне олар туралы, сондай-ақ қабылданған карантиндік фитосанитариялық шаралар туралы ақпарат жолдайды;
өз мемлекеттерінің аумағында карантиндік объектілердің (карантиндік зиянды организмдердің) анықталу және таралу жағдайлары туралы бір біріне уақтылы ақпарат береді;
Тараптар мемлекеттеріне өз мемлекеттерінде қабылданған Карантиндік объектілер тізбесі туралы уақтылы хабарлайды;
бір біріне өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету саласында ғылыми, әдістемелік және техникалық көмек көрсетеді;
өз мемлекеттерінің аумақтарында карантиндік объектілердің анықталуына және таралуына қатысты өткен жылғы статистикалық ақпаратпен жыл сайын алмасып отырады.
7-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары қажет болған жағдайда және өзара уағдаластық бойынша:
ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына өткізілетін карантинге жатқызылған өнімді өндіру (жасау), сұрыптау, қайта өңдеу, жинақтау және буып-түю орындарын бірлесіп зерттеуді жүргізу мақсатында мамандар жібереді;
Кеден одағының кедендік шекарасында карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеде және Кеден одағының кедендік аумағында карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеде белгіленген жекелеген карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) түрлерін бірлесіп жүргізеді;
карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) саласындағы өзге де мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасайды.
2. Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар осы баптың 1-тармағын іске асыруға байланысты шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген қаражат шегінде көтереді.
8-бап
Тараптардың әрқайсысы:
өз мемлекеттерінің аумағында карантиндік фитосанитариялық жағдай нашарлаған;
тиісті халықаралық ұйымдардан, Тараптардан және (немесе) үшінші елдерден қабылданып жатқан карантиндік фитосанитариялық шаралар туралы ақпарат алған;
егер карантиндік фитосанитариялық шараларды қолданудың тиісті ғылыми негіздемесі жеткіліксіз болып табылған немесе қажетті мерзімде ұсыныла алмайтын жағдайларда уақытша карантиндік фитосанитариялық іс-шараларды әзірлеуге және енгізуге құқылы.
9-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
Егер Тараптардың бірінің екінші Тарапқа жіберген консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініші түскен күннен бастап алты ай ішінде Тараптар дауды реттемесе, онда Тараптар арасында дауды шешу тәсіліне қатысты өзгеше уағдаластық болмаған жағдайда Тараптардың кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға береді.
10-бап
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделді.
11-бап
Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
Санкт-Петербург қаласында 2009 жылғы 11 желтоқсанда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола тұрып, әр Тарапқа расталған көшірмесін жолдайды.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін