Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Заңы Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына
қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді
ратификациялау туралы
2010 жылғы 19 қарашада Санкт-Петербургте жасалған Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы
іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі,
1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты басшылыққа ала отырып,
Тараптар мемлекеттері азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуді басым міндет деп санай отырып,
үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында көші-қон үдерістерін реттеудің маңызды бағыттарының бірі ретінде қарай отырып,
халықаралық құқық нормалары мен Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын негізге ала отырып,
үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі Тараптардың ынтымақтастығы үшін құқықтық негіз жасауға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім Тараптардың үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастығының бағыттары мен нысандарын айқындайды.
Осы Келісім Тараптардың бірі мемлекетінің аумағына үшінші мемлекеттерден осы Тараптар мемлекетінің заңнамасында көзделген тәртіппен баспана немесе босқын мәртебесін алуға мақсатында келген адамдарға қолданылмайды.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда пайдаланылатын терминдердің мынадай мағынасы бар:
«келу мемлекеті» - аумағына үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлға еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келетін Тараптардың бірі мемлекеті;
«үшінші мемлекет» - осы Келісімге қатысушы болып табылмайтын мемлекет;
«үшінші мемлекеттің азаматтары» - осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттің азаматтары;
«уәкілетті органдар» - құзыретіне осы Келісімнің ережелерін іске асыру кіретін Тараптар мемлекеттерінің органдары;
«азаматтығы жоқ тұлға» - қандай да бір мемлекеттің азаматтығы тиесілі екендігіне дәлелі жоқ және Тараптардың бірі мемлекетінің аумағында тұрақты тұрмайтын адам;
«заңсыз еңбек көші-қоны» - үшін мемлекеттер азаматтарының, азаматтығы жоқ тұлғалардың Тараптардың бірі мемлекетінің аумағына осы мемлекеттің заңнамасын бұза отырып еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында не үшінші мемлекеттер азаматтарының, азаматтығы жоқ тұлғалардың Тараптардың бірі мемлекетінің аумағында осы мемлекеттің заңнамасын бұза отырып, еңбек қызметін жүзеге асыруы;
«заңсыз еңбекші-мигранттар» - Тараптардың бірі мемлекетінің аумағына осы мемлекеттің заңнамасын бұза отырып еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келетін не Тараптардың бірі мемлекетінің аумағында осы мемлекеттің заңнамасын бұза отырып, еңбек қызметін жүзеге асыратын үшінші мемлекеттердің азаматтары немесе азаматтығы жоқ тұлғалар.
3-бап
Тараптар өзара іс-қимылды мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырады:
заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі келісілген саясатты әзірлеу және іске асыру;
заңсыз еңбекші-мигранттарға, заңсыз еңбек көші-қонын ұйымдастыратын және/немесе оған жәрдем көрсететін жеке және заңды тұлғаларға қатысты келісілген шараларды жүзеге асыру;
4-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыру мақсатында:
заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл саласындағы жалпы тәсілдер мен қағидаттарды келісуді;
заңсыз еңбекші-мигранттарды анықтау мен есепке алуды;
заңсыз еңбек көші-қонына жәрдемдесетін немесе оны ұйымдастырумен айналысатын арналар мен құрылымдарды анықтау мен жолын кесуді;
заңсыз еңбек көші-қонының көлемін мониторингтеуді;
заңсыз еңбекші мигранттарды шығару (шығарып жіберу, депортациялау) тетігін әзірлеуді және жетілдіруді;
бұрын шығарылған (шығарылып жіберілген, депортацияланған) адамдардың Тараптар мемлекеттерінің аумағына еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келуін шектеудің келісілген шараларын әзірлеуді;
еңбек көші-қоны саласындағы дұрыс емес ақпараттың таралуына жол бермеуге бағытталған шараларды іске асыруды жүзеге асырады.
5-бап
Тараптардың ынтымақтастығы мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
шетелдік азаматтардың көші-қоны мен еңбек қызметін жүзеге асыруы мәселелері бойынша Тараптар мемлекеттерінің нормативтік құқықтық актілерімен алмасу;
заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпарат алмасу;
заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл бойынша жедел профилактикалық іс-шаралар мен арнайы операцияларды ұйымдастыру және жүргізу;
тәжірибе алмасу, тағылымдамалар, семинарлар және оқыту курстарын өткізу;
реадмиссия туралы келісімдер жасасу.
6-бап
Заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жасау мақсатында Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары өзара мынадай:
анықталған заңсыз еңбекші мигранттар және оларға қатысты қабылданған шаралар туралы;
үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың Тараптар мемлекеттерінің аумағына келу, оның ішінде еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келу құқығын растайтын құжаттардың үлгілері туралы;
Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік шекарасынан өту және еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар пайдаланатын жасанды және ұрланған құжаттар туралы;
заңсыз еңбек көші-қонының анықталған арналары туралы;
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында заңсыз еңбек көші-қонын ұйымдастырғаны және/немесе жәрдемдескені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдар туралы;
заңсыз еңбек көші-қонын ұйымдастыратын және/немесе жәрдемдесетін жеке және заңды тұлғалар туралы ақпарат алмасады.
Ақпарат алмасу Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары келіскен тәртіппен олардың тиісті сұрау салулары негізінде жүзеге асырылады.
7-бап
Тараптардың бірі мемлекетінің уәкілетті органдары осы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес келу мемлекетінің аумағына келетін үшінші елдердің азаматтарының немесе азаматтығы жоқ тұлғалардың осы Тарап мемлекетінің аумағы арқылы транзиттік жол жүруінен бас тартуға құқылы.
8-бап
Осы Келісімді іске асыруды өз құзыреті шегінде өзара іс-қимыл жасайтын уәкілетті органдар Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын сақтай отырып жүзеге асырады.
Тараптар осы Келісім күшіне енген күннен бастап үш ай мерзімде депозитарийді көрсетілген уәкілетті органдар туралы хабардар етеді.
Уәкілетті орган өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін-бірі депозитарий арқылы дереу хабардар етеді.
9-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
10-бап
Тараптар арасындағы осы Келісімді түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты даулар мен өзге де мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
Дау тарабының бірі даудың басқа тарабына жіберген консультациялар мен келіссөздер өткізу туралы ресми жазбаша өтініші күнінен бастап алты ай ішінде дау тараптары олар арқылы реттемеген жағдайда, онда дау тараптарының кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін бере алады.
11-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттерінің өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерін қозғамайды.
12-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды ұлттық заңнамада көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
13-бап
Осы Келісім шеңберінде Тараптардың ынтымақтастығы орыс тілінде жүзеге асырылады.
14-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап отыз күннен кейін күшіне енеді.
15-бап
Осы Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағына мүше басқа мемлекеттердің осы Келісімге қатысушы барлық мемлекеттердің келісімімен оған қосылуы үшін ашық.
Келісімге қосылуға ниет білдірген мемлекеттер депозитарийге жазбаша өтініш жібереді. Депозитарий мемлекеттің қосылу туралы өтінішпен жүгінгені туралы Келісімге қатысушы барлық мемлекеттерге хабарлайды, олар депозитарийдің хабарламасын алған күннен бастап алты ай ішінде өзінің жауабын жібереді. Депозитарий Келісімге қатысушы барлық мемлекеттердің жауаптарын алғаннан кейін Келісімге қосылуға ниет білдірген мемлекетке бұл туралы дереу хабарлайды.
Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
Қосылған мемлекетке қатысты осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшіне енеді.
16-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
Әрбір Тарап бұл туралы депозитарийге шығуға дейін кемінде 6 ай бұрын жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады.
Осы Келісімнің қолданысын тоқтату және одан шығу осы Келісім қолданысын тоқтатқанға немесе одан шыққанға дейін басталған бағдарламалар мен жобалардың орындалуын қозғамайды.
2011 жылғы 19 қарашада Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Келісімнің түпнұсқа данасы депозитарий болып табыла отырып, оның куәландырылған көшірмесін Тараптарға жіберетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін