Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.04.2015 № 173 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
«Өрт қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 22 қарашадағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді бағалау жөніндегі есептемелерді жүргізу қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 3 мамырдағы
№ 479 қаулысымен
бекітілген
Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді бағалау жөніндегі есептемелерді жүргізу қағидасы
1. Осы Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді бағалау жөніндегі есептемелерді жүргізу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Өрт қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 22 қарашадағы Заңына сәйкес әзірленген және өрт қатерлерінің шамаларын айқындау тәртібін анықтайды.
2. Қағидада мынадай терминдер қолданылады:
1) жеке өрт қатері (өрт кезінде адам өлімінің қатері) - өрттің қауіпті факторларының әсер етуі нәтижесінде жекелеген адам өлімі ыктималдығының сандық сипаттамасы;
2) өрт қатері - өрт қауіптілігінің және адамдар мен материалдық құндылықтар үшін оның зардаптарының таралу ықтималдығының сандық сипаттамасы;
3) өндірістік объектілер - өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы мақсатындағы объектілер, оның ішінде қоймалар, инженерлік және көлік инфрақұрылымы (теміржол, автомобиль, ішкі су, теңіз, әуе және магистральдық құбыр көлігі), байланыс объектілері;
4) әлеуметтік өрт қатері (өрт кезінде адамдардың жаппай өлімінің қатері) - өрттің қауіпті факторларының әсер етуі нәтижесінде он және одан астам адам өлімі ықтималдығының сандық сипаттамасы.
5) қоныстану аймағы - тұрғын үй қорын, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарды, сондай-ақ жекелеген коммуналдық объектілерді орналастыруға арналған өндірістік объекті аумағының бөлігі.
3. Өрт қатерлерінің есептік шамаларын айқындау:
1) ғимараттардың өрт қауіптілігін талдау;
2) өрт қауіпті жағдайлардың туындау жиілігін анықтау;
3) өрттің әр түрлі өршу сценарийлері үшін оның қауіпті факторларының алаңдарын салу;
4) өрттің қауіпті факторларының оның әр түрлі өршу сценарийлері үшін адамдарға әсер ету зардаптарын бағалау;
5) ғимараттардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелерінің болуы негізінде жүзеге асырылады.
4. Өрт қатерлерінің мәндерін есептеу үшін Қазақстан Республикасының аумағында қолдану үшін рұқсат етілген мемлекеттік, мемлекет аралық, халықаралық стандарттардың техникалық регламенттері, белгіленген тәртіппен бекітілген өрт қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құжаттар қолданылады.
5. Ғимараттағы адамға өрттің қауіпті факторларының әсер ету жиілігі қоғамдық ғимараттар үшін жеке өрт қатерінің сандық мәні болып табылады.
6. Өрттің қауіпті факторларының әсер ету жиілігі ғимараттағы адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін едәуір қауіптілігімен сипатталатын өрт қауіпті жағдай үшін анықталады.
7. Қоғамдық ғимараттар үшін жеке өрт қатерінің есептік шамасы мынадай көрсеткіштер қолданыла отырып айқындалады:
1) ғимаратта жыл бойы өрттің туындау жиілігі;
2) автоматты өрт сөндіру қондырғыларының тиімді іске қосылу ықтималдығы;
3) ғимаратта адамдардың болу ықтималдығы;
4) адамдарды көшіру ықтималдығы;
5) өрт кезінде адамдарды қауіпсіз көшіруді қамтамасыз етуге бағытталған өрттен қорғау жүйесінің тиімді жұмыс істеу ықтималдығы.
8. Өндірістік объектілер үшін өрт қатерінің есептік шамалары объектінің өрт қауіптілігінің және адамдар үшін оның зардаптарының таралу ықтималдығының сандық өлшемі болып табылады.
Өрттің қауіпті факторларының әсер етуі нәтижесінде адамдар өлімінің қатері өндірістік объектінің өрт қауіптілігінің ықтималдығының сандық өлшемі болып табылады, оның ішінде:
1) объект жұмыскері өлімінің қатері;
2) объект маңындағы қоныстану аймағындағы адамдар өлімінің қатері.
9. Объектіде өрттің қауіпті факторларының әсер етуі нәтижесінде адамдар өлімінің қатері жеке және әлеуметтік өрт қатерлерінің сандық мәндерімен сипатталады.
10. Өндірістік объектілер үшін жеке және әлеуметтік өрт қатерлері мәндерінің есебі ғимараттарда және объект аумағында, сондай-ақ объект маңындағы қоныстану аймағында жүргізіледі.
11. Өндірістік объектінің жұмыскерлері үшін жеке өрт қатері объектінің белгілі бір жұмыскерінің жыл бойында өрттің қауіпті факторларымен зақымдану жиілігімен бағаланады.
Объектінің аумағы секторларға бөлінеді. Объектінің секторлары мен жұмыскерлері нөмірленеді.
Жұмыскердің нөмірі жұмыскер лауазымының атауын, оның санатын және өрт қауіпсіздігін бағалау үшін қажетті оның кәсіби қызметі бойынша өзге де ерекшеліктерін анықтайды. Объект жұмыскері үшін оны едәуір қауіпті кәсіптің бір санатына жатқыза отырып, жеке қатер есебін жүргізуге рұқсат етіледі.
12. Өндірістік объект жүмыскерінің жеке өрт қатері жұмыскер объект аумағында және ғимараттарында болған кездегі жеке өрт қатері шамаларының жиынтығы ретінде айқындалады.
13. Объект жұмыскері үшін ол объект аумағында болған кезде жеке өрт қатерінің есептік шамасы мынадай көрсеткіштер қолданыла отырып айқындалады:
1) өрт қауіпті жағдайлардың өршу сценарийлерінің саны;
2) оқиғаға себеп болған белгілі бір аварияға сай келетін өрт қауіпті жағдайлардың өршу спенарийінің таралу нәтижесінде белгілі бір аумақтың нүктесінде адамның зақымдануының шартты ықтималдығы;
3) өрт қауіпті жағдайлардың өршу сценарийінің жыл бойында таралу жиілігі;
4) жұмыскердің объект аумағының белгілі бір секторында болу ықтималдығы.
14. Жұмыскер объект ғимаратында болған кезде ол үшін жеке өрт қатерінің есептік шамасы мынадай көрсеткіштер қолданыла отырып айқындалады:
1) ғимаратта өрттің туындау сценарийлерінің саны;
2) өрттің белгілі бір сценарийінін жыл бойында таралу жиілігі;
3) белгілі бір өрт сценарийінің таралу кезінде үй-жайда адам болған кезде оның зақымдануының шартты ықтималдығы;
4) үй-жайда жұмыскердің болу ықтималдығы;
5) ғимараттағы, құрылыстағы және құрылымдағы үй-жайлардың саны.
15. Объект үшін әлеуеттік өрт қатері 10 және одан астам адамның өліміне әкелетін оқиғалардың туындау жиілігіне тең етіп қабылданады.
Объект маңындағы қоныстану аймағындағы адамдар үшін әлеуметтік қатер мынадай көрсеткіштер қолданыла отырып анықталады:
1) өрт қауіпті жағдайлардың (өрттердің) өршу сценарийлерінің саны;
2) өрттің, жарылыстың қауіпті факторларының әсер етуі белгілі бір сценарийдің таралу нәтижесінде объектінің маңындағы қоныстану аймағында қаза тапқан адамдардың орташа саны;
3) объектіге іргелес орналасқан аумақ бөлінген секторлардың саны;
4) белгілі бір сценарийдің таралу кезінде сектордағы адамның қауіпті факторлармен зақымдануының шартты ықтималдығы;
5) сектордағы адамдардың орташа саны.