Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «2011 - 2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 29 қарашадағы Заңына сәйкес «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - қарыз алушы) кейіннен «Досжан темір жолы (ДТЖ)» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - «Досжан темір жолы (ДТЖ)» АҚ) кредит беру үшін 051 «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 6600000000 (алты миллиард алты жүз миллион) теңге сомасында бюджеттік кредит берілсін.
2. «Досжан темір жолы (ДТЖ)» АҚ-ға кредит беру үшін қарыз алушыға кредит берудің мынадай шарттары айқындалсын:
1) кредиттің мақсаты «Шар - Өскемен» теміржол желісі құрылысының жобасын іске асыру болып табылады;
2) кредит мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шартымен негізгі борышты жылдық 0,25 (нөл бүтін жүзден жиырма бес) пайызға тең сыйақы ставкасы бойынша өтеу жөнінде алтыжылдық жеңілдік кезеңмен 20 (жиырма) жыл мерзімге беріледі;
3) «Досжан темір жолы (ДТЖ)» АҚ-ға кредит беруге арналған сыйақы ставкасы жылдық 0,5 (нөл бүтін оннан бес) пайыздан аспауы тиіс;
4) негізгі борышты өтеуді қарыз алушы осы тармақтың, 2) тармақшасында көрсетілген жеңілдік кезеңінің мерзімі аяқталған соң тең үлестермен жүзеге асырады;
5) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жартыжылдық кезеңділікпен жүзеге асырылады. Есептелген сыйақыны алғашқы төлеу қарыз алушыға кредит бөлінген сәттен бастап 6 (алты) ай өткен соң жүргізіледі;
6) қарыз алушы үшін игеру кезеңі кредит қарыз алушының шотына аударылған күннен бастап 3 (үш) жылды құрайды.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (бұдан әрі - кредит беруші), Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі (бұдан әрі - әкімші) және қарыз алушы кредит шартының тараптары болып табылады.
4. Кредит қарыз алушының міндеттемелерді қамтамасыз етуді ұсынуынсыз бөлінеді.
5. Кредит беруші мен әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 3-тармағында көрсетілген кредит шартын жасасуды қамтамасыз етсін.
6. Қарыз алушы осы қаулының 3-тармағында көрсетілген кредит шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде «Досжан темір жолы (ДТЖ)» АҚ шотына кредиттің барлық сомасын бір мезгілде аударуды қамтамасыз етсін.
7. Әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен кредиттің мақсатты және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және оның мониторингін қамтамасыз етсін.
8. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі K Мәсімов