Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Литва Республикасының Үкіметі арасындағы білім, ғылым, мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Литва Республикасының Үкіметі арасындағы білім, ғылым, мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 5 қазандағы
№ 1139 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Литва Республикасының
Үкіметі арасындағы білім, ғылым, мәдениет және өнер саласындағы
ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Литва Республикасының Үкіметі,
екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға және дамытуға ынта білдіре отырып,
білім, ғылым, мәдениет және өнер саласындағы алмасу мен ынтымақтастық Қазақстан және Литва халықтарының өте жақсы өзара түсіністігіне ықпал ететіндігіне сенім білдіре отырып,
1993 жылғы 7 қарашада Алматы қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы шартты негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты:
өз мемлекеттерінің білім және ғылым жүйесі туралы;
өз мемлекеттері арасында білім туралы құжаттарды өзара тану туралы ақпарат алмасу жолымен жүзеге асырады.
2-бап
Тараптар ғылым және технология саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытады және қолдайды, бірлескен ғылыми зерттеулерді өткізу үшін жағдайлар жасайды.
3-бап
Тараптар мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастықты қолдайды, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумақтарындағы қолданыстағы заңнамаларға сәйкес бір Тарап мемлекетінің екінші Тарап мемлекетіне мәдени құндылықтары мен мәдениет саласындағы қызмет нәтижелерін ұсыну үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
4-бап
Тараптар мүдделі ведомстволар мен Тараптар мемлекеттерінің ұйымдары арасында құқықтары, міндеттері мен қаржылық міндеттемелері айқындалатын шарттар немесе ынтымақтастық бағдарламаларын жасасу негізінде оқушылармен, студенттермен, мұғалімдермен, оқытушылармен және ғалымдармен алмасуды көтермелейді.
5-бап
Тараптар ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды, сапарларды, тағылымдамаларды, Тараптардың бастамасы бойынша ұйымдастырылатын конгресстерге, ғылыми конференцияларға, семинарларға өз мемлекеттері ғалымдарының қатысуын көтермелейді.
Тараптар ғылым мен технологиялар саласындағы екіжақты ынтымақтастық бағдарламаларында көзделетін бірлескен ғылыми жобаларды, бірлескен жарияланымдарды, ғылыми еңбектер басылымын және өзге де ғылыми ынтымақтастық нысандарын қолдайды.
6-бап
Тараптар музыка, театр, бейнелеу өнері, кинематография, кітапхана және мұражай ісі, тарихи-мәдени мұра, қолданбалы өнер мен өзге де мәдени қызмет түрлері объектілерін қорғау саласындағы ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді.
7-бап
Тараптар Литва Республикасында қазақ ұлттық мәдениетінің және Қазақстан Республикасында литва ұлттық мәдениетінің еркін және тең құқылы дамуына ықпал етеді. Тараптар өздерінің өзіндік ұлттық ерекшеліктерін, мәдениеті мен тілін сақтау үшін, сондай-ақ рухани қажеттіліктерін іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
Тараптар осы бапта көрсетілген міндеттемелерді Тараптар мемлекеттерінің аумақтарындағы қолданыстағы заңнамаларға, сондай-ақ өз мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес өзіне алады.
8-бап
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарындағы қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Тараптар театрлар мен басқа да шығармашылық ұжымдарының және басқа да кәсіби көркем шығармашылық ұжымдарының гастрольдерін ұйымдастыруға, көркемдік көрмелер мен мұражайлық экспозицияларды өткізуге, сондай-ақ фестивальдерді, конкурстарды, кинофестивальдерді, конференцияларды, семинарлар мен басқа да кәсіптік және әуесқой өнер саласындағы іс-шаралардың өткізілуіне жәрдемдеседі.
9-бап
Тараптар мәдениет ұйымдары, шығармашылық одақтар, қорлар, сондай-ақ мәдениет пен өнер саласындағы қызметті жүзеге асыратын басқа да қоғамдық ұйымдар мен мамандар арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыруға жәрдемдеседі.
10-бап
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарындағы қолданыстағы заңнамаларға, сондай-ақ өз мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар авторлық және аралас құқықтарды қорғауды қамтамасыз етуде ынтымақтасады.
11-бап
Осы Келiсiмді іске асыру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің ведомстволары мен ұйымдары ынтымақтастық бағдарламаларын бекітеді және жекелеген салалар бойынша оларды іске асырудың қаржылық және өзге де жағдайлары белгіленетін шарттар жасасады.
12-бап
Тараптар өздерінің осы Келісімді орындауы барысында туындайтын шығыстарды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
13-бап
Тараптар қажет болған жағдайда ынтымақтастықтың жекелеген салаларына қатысты мәселелерді шешу үшін бірлескен комиссиялар құрады. Кездесулер сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Литва үкіметаралық комиссиясының отырысы шеңберінде өткізіледі.
14-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
15-бап
Осы Келісімнің ережелерін іске асыруға жауапты уәкілетті органдар:
Қазақстан Тарапынан:
білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық үшін - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі;
мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық үшін - Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі,
Литва Тарапынан:
білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық үшін - Литва Республикасы Білім және ғылым министрлігі;
мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық үшін - Литва Республикасы Мәдениет министрлігі болып табылады.
16-бап
Осы Келісімнің ережелерін талқылау кезінде туындайтын даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың уәкілетті органдары арасындағы өзара келіссөздер мен консультациялар жолымен шешіледі.
17-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады, ол өткен соң егер Тараптардың бірде бірі ағымдағы бесжылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы басқа Тарапқа өзінің оның қолданысын ұзартпау ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, автоматты түрде келесі бес жылдық кезеңдерге ұзартылады.
Осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісімнің шеңберінде іске асырылатын іс-шаралар аяқталғанға дейін егер Тараптар өзге шешім қабылдамаса, олардың қолданысына немесе ұзақтығына әсер етпейді.
2011 жылғы 6 қазанда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, литва және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей заңды күші бар.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Литва Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін