Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 17 қазандағы
№ 1181 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы
арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы
келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
хаттама
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі, 2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шартты және 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімді негізге ала отырып,
халықаралық саудадағы жалпы қабылданған нормалар мен қағидаларды басшылыққа ала отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімге (бұдан – әрі Келісім) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. Келісімнің бүкіл мәтіні бойынша:
«тауарларды декларациялаушы тұлға» деген сөздер «декларант (кеден өкілі)» деген сөздермен ауыстырылсын;
«Тарап мемлекеті» деген сөздер және «тиісті Тарап мемлекеті» деген сөздер «Кеден одағына мүше мемлекет» деген сөздермен ауыстырылсын;
«коммерциялық және басқарушылық шығыстар» деген сөздер және «шалпы шығыстар» деген сөздер «жалпы шығыстар (коммерциялық және басқарушылық шығыстар)» деген сөздермен ауыстырылсын;
осы Хаттаманың 1-бабы 2-тармағының «б» тарамақшасын қоспағанда, «Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағы» деген сөздер «Кеден одағының кедендік аумағы» деген сөздермен ауыстырылсын.
2. 1-бапта:
а) баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Жалпы ережелер»;
б) 2-тармақтың екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
«Егер тауарлар Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына (бұдан әрі - Кеден одағының кедендік аумағы) әкелу кезінде іс жүзінде Кеден одағының кедендік шекарасынан өткен немесе егер тауарлар алдын ала декларациялауды қолданып әкелуге мәлімделген және осындай тауарларға қатысты кедендік шекарадан өткеннен кейін немесе алдын ала декларациялау кезінде бірінші рет кедендік рәсім мәлімделген жағдайда осы Келісімнің ережелері қолданылады.»;
в) 3-тармақта:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құны 1994 жылғы Тарифтер және сауда туралы бас келісімнің (ТСБК 1994) VII бабында және Тарифтер және сауда туралы бас келісімнің VII бабын қолдану туралы келісімде белгіленген қағидаттар мен жалпы ережелерге негізделген осы Келісімге сәйкес айқындалады.»;
мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
«Кеден одағының комиссиясы түсініктеме ескертпелерімен қоса, 1994 жылғы Тарифтер және сауда туралы бас келісімнің VII бабын қолдану жөніндегі келісімнің тиісті ережелерін, сондай-ақ Дүниежүзілік кеден ұйымының Кедендік бағалау жөніндегі техникалық комитеті әзірлеген тауарлардың кедендік құны жөніндегі құжаттарды негізге ала отырып, осы Келісімде белгіленген әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау әдістерін қолдану мәселелері бойынша шешімдер қабылдайды.».
3. 2-бапта:
а) баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«2-бап. Тауарлардың кедендік құнын айқындау жүйесі»;
б) 1-тармақтың екінші абзацы «Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын оның мәміле құны бойынша айқындау мүмкін болмайтын жағдайда,» деген сөздерден кейін «тауарлардың кедендік құны осы Келісімнің 6 және 7-баптарында белгіленген, жүйелі түрде қолданылатын ережелерге сәйкес айқындалады. Бұл ретте» деген сөздермен толықтырылсын.
4. 3-бапта:
а) баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«3-бап. Келісімде пайдаланылатын ұғымдар»;
б) 1-тармақтың он алтыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«”тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағына келетін орны”» – Кеден одағына мүше мемлекеттердің мемлекеттік (кедендік) шекарасы арқылы өткізу пункті не тауарлар Кеден одағына мүше мемлекеттің мемлекеттік шекарасын іс жүзінде өткеннен кейін тауарлар жеткізілуге тиіс Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалған өзге де орындар. Тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсатында көліктің әрқилы түрлері үшін «тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағына келетін орны» ұғымының нақтылануын ескере отырып, тауарлардың кедендік құнына тауарларды өткізу (тасымалдау) бойынша шығыстарды қосу тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді;».
5. 4-бапта:
а) баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«4-бап. Әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміле құны бойынша әдіс (1-әдіс)»;
б) 1-тармақтың тоғызыншы абзацындағы «жағдайлардың кез келгені кезінде» деген сөздер «жағдайлар орындалған кезде» деген сөздермен ауыстырылсын;
в) 2-тармақта:
«сатушыға немесе» деген сөздерден кейін «өзге тұлғаға» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
«Декларацияланатын тауарлар бір мәміленің шеңберінде сатып алынған дәл осындай тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағына әкелінетін көп мөлшерінің бір бөлігі болып табылатын жағдайда, декларацияланатын тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын баға декларацияланатын тауарлардың саны мен сатып алынған тауарлардың жалпы санының арақатынасындай арақатынаста (сәйкестікте) айқындалады.»;
г) 3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Сатушы мен сатып алушының арасындағы өзара байланыс фактісі жеке түрде тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсаттары үшін қолайсыз мәміленің құнын тану үшін негіз болмауға тиіс. Бұл жағдайда сатуға ілеспе жағдайлар талдануға тиіс. Егер көрсетілген өзара байланыс іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпал етпесе, мәміленің құны тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсаттары үшін қолайлы деп танылуға тиіс.
4. Егер сатушы мен сатып алушы өзара байланысты тұлғалар болған жағдайда және бұл ретте декларант (кеден өкілі) ұсынған немесе кеден органы өзге тәсілмен алған ақпарат негізінде кеден органы сатушы мен сатып алушының өзара байланысының іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпал ету белгілерін анықтаса, онда кеден органы осы белгілер туралы декларантқа (кеден өкілін) жазбаша нысанда хабарлайды. Бұл жағдайда, оның ішінде сатуға ілеспе жағдайларды талдау мақсатында кеден органы қосымша тексеру жүргізу туралы шешім қабылдайды. Декларанттың (кеден өкілінің) сатушы мен сатып алушының өзара байланысының іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпалының жоқ екенін дәлелдеуге құқығы бар.
Әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміле құны бойынша әдіс (осы баптың 1-тармағы) бойынша тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсатында сатушы мен сатып алушының өзара байланысының іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпалының жоқ екенін дәлелдеу не осы баптың 4.1-тармағында көрсетілген тәсілмен, не осы баптың 4.2-тармағында көрсетілген тәсілмен жүзеге асырылады»;
д) мынадай мазмұндағы 4.1. және 4.2-тармақтармен толықтырылсын:
«4.1. Сатушы мен сатып алушының арасындағы өзара байланыстың іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпалының жоқ екенін дәлелдеу үшін декларант (кеден өкілі) қосымша құжаттарды және мәліметтерді, оның ішінде кеден органы қосымша сұратқан сатуға ілеспе жағдайларда сипаттайтын (көрсететін) құжаттар мен мәліметтерді ұсынуға тиіс. Сатушы мен сатып алушының арасындағы өзара байланыстың іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпалын айқындау мақсатында кеден органы сатуға ілеспе жағдайларға талдау жүргізу кезде сатып алушы мен сатушы өздерінің коммерциялық қатынастарын ұйымдастыратын тәсілді қоса алғанда, мәміленің барлық шарттарын және қарастырылып отырған баға қалай белгіленгенін қарауға тиіс. Егер жүргізілген талдау нәтижесінде кеден органы сатып алушы мен сатушы өзара байланысты тұлғалар бола тұра, тауарларды өзара байланысты тұлғалар болмағандай шарттарда, оның ішінде салыстырмалы баға бойынша (яғни сол деңгейдегі баға бойынша) өзара сататынын және сатып алатынын белгіленген жағдайда, онда бұл факт сатушы мен сатып алушының арасындағы өзара байланыс іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпал етпегенінің дәлелі болып табылады.
4.2. Сатушы мен сатып алушының арасындағы өзара байланыстың іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпалының жоқ екенін дәлелдеу үшін декларант (кеден өкілі) әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміле құны әкелінетін тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткен немесе оған сәйкес келетін уақыт кезеңінде мынадай тексеру шамаларының біріне:
1) Кеден одағының кедендік аумағына әкету үшін тұлғалар мұндай тауарларды сатушымен өзара байланысты емес сатып алушыларға сатқан кезде ұқсас немесе біртектес тауарлар мен жасалған мәміле құнына;
2) осы Келісімнің 8-бабына сәйкес айқындалған ұқсас немесе біртектес тауарлардың кедендік құнына;
3) осы Келісімнің 9-бабына сәйкес айқындалған ұқсас немесе біртектес тауарлардың кедендік құнына жақын екенін дәлелдейтін құжаттарды және мәліметтерді ұсынуға тиіс.
Егер кеден органында осы тармақта белгіленген тексеру шамаларының бірі мәміле құнына жақын екені туралы жеткілікті ақпарат болса, онда ол декларанттан (кеден өкілінен) осы шарттардың сақталуын (яғни, мәміле құны осы тексеру шамасына жақын екенін) дәлелдейтін қосымша ақпаратты сұратпауға тиіс.»;
е) 5-тармақтағы «Осы баптың 4-тармағына сәйкес» деген сөздер «Осы баптың 4, 4.1 және 4.2-тармақтарына сәйкес» деген сөздермен ауыстырылсын;
ж) 6-тармақтағы «Осы баптың 4-тармағында көрсетілген» деген сөздер «Осы баптың 4.2-тармағында көрсетілген» деген сөздермен ауыстырылсын.
6. 5-бапта:
а) баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«5-бап. Іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосымша есептеу»;
б) 1-тармақта:
2 «г» тарамақшасының мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгеріссіз қалдырылсын;
6-тармақшадағы «осы баптың 1-тармағының 4 және 5-тармақшаларында көрсетілген» деген сөздер «осы тармақтың 4 және 5-тармақшаларында көрсетілген» деген сөздермен ауыстырылсын.
7. 6-бапта:
а) баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«6-бап. Ұқсас тауарлардың мәміле құны бойынша әдіс (2-әдіс)»;
б) 1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
«Осы Келісімнің 4-бабына сәйкес кеден органы қабылдаған осы тауарлардың кедендік құны ұқсас тауарлармен жасалатын мәміле құны болып табылады.».
8. 7-бапта:
а) баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«7-бап. Біртектес тауарлар мен жасалатын мәміле құны бойынша әдіс (3-әдіс)»;
б) 1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
«Осы Келісімнің 4-бабына сәйкес кеден органы қабылдаған осы тауарлардың кедендік құны біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құны болып табылады.».
9. 8-бапта:
а) баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«8-бап. Шегеру әдісі (4-әдіс)»;
б) 1-тармақта «осы бапқа» деген сөздер «осы Келісімнің осы бабына және 9-бабына» деген сөздермен ауыстырылсын;
в) 2-тармақтың 3-тармақшасындағы «осы Тарап мемлекеті» деген сөздер «осы Кеден одағына мүше мемлекет» деген сөздермен ауыстырылсын;
г) 3-тармақтың мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгеріссіз қалдырылсын.
д) 7-тармақтағы «тиісті» деген сөз алып тасталсын.
10. 9-бапта:
а) баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«9-бап. Қосу әдісі (5-әдіс)»;
б) 2-тармақтың мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгеріссіз қалдырылсын;
б) 3-тармақтың мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгеріссіз қалдырылсын;
г) 6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«Егер Кеден одағының заңнамасында немесе Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында өзгеше көзделмесе Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары Кеден одағына мүше мемлекеттің резиденті болып табылмайтын қандай да бір тұлғадан тауарлардың есептік құнын айқындау мақсаттары үшін құжаттар мен мәліметтерді ұсынуды талап етуге құқылы емес.
Тауарлардың есептік құнын айқындау мақсаттары үшін тауарларды шетелдік өндіруші ұсынған құжаттар мен мәліметтерді тауарларды шетелдік өндірушінің келісімімен және тауарларды өндіруші елдің уәкілетті органын алдын ала хабардар еткен және оның осындай тексеруді жүргізуге қарсылықтары болмаған жағдайда Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органдары тауарларды өндіруші елде тексеруі мүмкін. Тауарларды шетелдік өндіруші ұсынған немесе оның атынан ұсынылған құжаттар мен мәліметтерді тексеруді осы мемлекет қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органдары жүргізеді.».
11. 10-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«10-бап. Резервтік әдіс (6-әдіс)».
12. 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«11-бап. Тауарлардың кедендік құнын кейінге қалдырып айқындау рәсімі
Егер бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде сыртқы сауда шартының талаптарына сәйкес тауарларға арналған декларация тіркелген күнге тауарлардың кедендік құнын есептеу үшін қажетті нақты мәліметтерді растайтын құжаттардың болмауына байланысты декларанттың (кеден өкілінің) осы кедендік құнды айқындауын (түпкілікті айқындауын) кейінге қалдыру қажеттігі туындаған жағдайда, декларанттың (кеден өкілінің) бағаланатын (әкелінетін) тауарларды Кеден одағының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен алуға құқығы бар.
Тауарлардың кедендік құнын кейінге қалдырып айқындау рәсімін қолдану жағдайларын белгілейтін тауарлардың кедендік құнын кейінге қалдырып айқындау рәсімін қолдану тәртібі, тауарлардың кедендік құнын кейінге қалдырып айқындау рәсімін қолдану кезінде әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміле құны бойынша әдісті қолдану ерекшеліктері, сондай-ақ тауарлардың кедендік құнын декларациялау мен бақылау тәртібі, осындай жағдайлар үшін кедендік баждарды, салықтарды есептеу мен төлеу ерекшеліктері Кеден одағы комиссиясының шешімімен бекітіледі.».
13. 12-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«12-бап. Ұғымдарды қолдану».
14. 13-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«13-бап. Дауларды шешу және өзгерістер енгізу тәртібі».
15. 14-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«14-бап. Күшіне ену, қосылу және шығу тәртібі».
2-бап
Осы Хаттаманы түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар Келісімде белгіленген тәртіппен шешіледі.
3-бап
Осы Хаттама ратификациялауға жатады және қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады.
Осы Хаттаманың күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
2011 жылғы «___» ________ _________қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы осы Хаттаманың депозитарийі болып табылатын және әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Кеден одағының комиссиясында сақталады.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін