Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «2011 – 2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 29 қарашадағы Заңына сәйкес «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Қарыз алушы) кейіннен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – «ҚТЖ» ҰК» АҚ) кредит беру үшін 051 «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 4000000000 (төрт миллиард) теңге сомасында бюджеттік кредит берілсін.
2. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға кредит беру үшін Қарыз алушыға кредит берудің мынадай шарттары айқындалсын:
1) кредиттің мақсаты бюджеттік кредит беру жолымен «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының темір жол жолаушылар вагондарының жылжымалы құрамы паркін жаңарту болып табылады;
2) кредит мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шартымен негізгі борышты 0,5 (нөл бүтін оннан бес) пайызға тең жылдық сыйақы ставкасы бойынша өтеу жөнінде бес жылдық жеңілдікті кезеңмен 25 (жиырма бес) жыл мерзімге беріледі;
3) «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға кредит беру үшін сыйақы ставкасы жылдық 0,75 (нөл бүтін жүзден жетпіс бес) пайыздан аспауы тиіс;
4) «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамға кредит беру үшін сыйақы ставкасы жылдық 1 (бір) пайыздан аспауы тиіс;
5) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді Қарыз алушы осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жеңілдікті кезең мерзімі аяқталған соң, негізгі борышты мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігімен, тең үлестермен жүзеге асырады;
6) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жартыжылдық кезеңділікпен жүзеге асырылады. Есептелген сыйақыны алғашқы төлеу кредит Қарыз алушының шотына аударылған сәттен бастап 12 (он екі) ай өткен соң жүргізіледі;
7) Қарыз алушы үшін игеру кезеңі кредит Қарыз алушының шотына аударылған күннен бастап 3 (үш) жылды құрайды.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (бұдан әрі – кредит беруші), Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі (бұдан әрі – әкімші) және Қарыз алушы кредит шартының тараптары болып табылады.
4. Кредит Қарыз алушының кредит бойынша міндеттемелерді қамтамасыз етуді ұсынуынсыз бөлінеді.
5. Кредит беруші мен әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 3-тармағында көрсетілген кредит шартын жасасуды қамтамасыз етсін.
6. Әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен кредиттің мақсатты және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингілеуді қамтамасыз етсін.
7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов