Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.08.2015 № 680 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
РҚАО-ның ескертпесі.
ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 7-1/394 бұйрығын қараңыз.
«Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шiлдедегi Заңының 5-бабының 15) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берiлiп отырған Сәйкестендіру есебін қоса алғанда, ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, табыс ету қағидалары бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 1 қарашадағы
№ 1259 қаулысымен
бекітілген
Сәйкестендіру есебін қоса алғанда, ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, табыс ету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Сәйкестендіру есебін қоса алғанда, ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, табыс ету қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңының 5-бабының 15) тармақшасына сәйкес әзiрленген және сәйкестендіру есебін қоса алғанда, ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, табыс ету тәртібін белгілейді.
2. Ветеринариялық есепке алу мен есептiлiкті мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектiлерінің эпизоотиялық, ветеринариялық-санитариялық жағдайының мониторингiн жүргізу және бағалау, ветеринариялық қағидалардың, сондай-ақ жүргiзiлетiн диагностикалық, эпизоотияға қарсы, емдiк, ветеринариялық-санитариялық және жою бойынша iс-шаралардың көлемi мен тиiмдiлiгiн сақтау мақсатында мынадай тұлғалар:
1) ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
2) ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жергiлiктi атқарушы органдардың бөлiмшелерi (бұдан әрi – ЖАО бөлiмшелерi);
3) мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдар;
4) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалауды жүзеге асыратын ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосы, оның аумақтық бөлімшелері, оның ішінде ветеринариялық бақылау бекеттері (бұдан әрі - уәкілетті орган ведомствосы) жүзеге асырады.
3. Сәйкестендіру есебін қоса алғанда, ветеринариялық есепке алу мен есептілік нысандарын ветеринария саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
4. Ветеринариялық есептiлiкті жауапты тұлға толтырады және тиiстi мөрмен бекiтiледi.
5. Ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жергiлiктi атқарушы органдардың бөлiмшелерi есептiлiктi мынадай тәртiппен табыс етедi:
1) селолық (кенттiк) округтердiң ЖАО бөлiмшелерi ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар ұсынған есептердiң негiзiнде ветеринариялық есептiлiктi жинақтайды және есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың оныншы күнiнде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) ЖАО бөлiмшелерiне береді;
2) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) ЖАО бөлiмшелерi ветеринариялық есептiлiктi айдың он бесiншi күнiне қарай облыстың ЖАО бөлiмшелерiне және есептiлiктiң екiншi данасын ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалауды жүзеге асыратын уәкiлеттi орган ведомствосының тиiстi аумақтық бөлiмшесiне бередi;
3) жинақтау және талдаудан кейiн облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ЖАО бөлiмшелерi талдауды жүзеге асыру үшiн есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың жиырмасыншы күнiнде ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) – ветеринария саласында басшылықты және мемлекеттік саясатты іске асыруды, сондай-ақ өз өкілеттігі шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы органға ветеринариялық есептiлiктi береді.
2. Ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың ветеринариялық есепке алуды жүргiзу және есептiлiктi ұсыну тәртiбi
6. Ветеринариялық есепке алу журналдарындағы жазбалар тиiстi жұмысты орындау үдерісінде немесе ол тiкелей аяқталғаннан кейін жүргiзiледi.
7. Ветеринариялық есепке алу журналдарын:
ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалардың;
ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелерінің;
мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың;
уәкілетті орган ведомствосының тиісті журналды жүргізетін адамдары тігеді, нөмірлейді және тиісінше мөрмен бекiтедi.
8. Ветеринариялық есепке алу журналының титулдық парағында журналдың атауы, жазбалардың басталған және аяқталған күндерi, тиiстi журналды жүргiзуге жауапты адамның тегі, аты, әкесінің аты, сондай-ақ лауазымы көрсетіледi.
9. Ветеринариялық есепке алу журналдары жазбалардың аяқталған уақытынан бастап үш жыл бойы сақталады (әкімшілік-аумақтық бірліктің эпизоотиялық жағдайын жазуға арналып үнемi сақталуға жататын журналды қоспағанда).
10. Ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар олардың жүзеге асырылатын кәсiпкерлiк қызметінiң түрiне қарай ветеринариялық есепке алудың мынадай журналдарын жүргiзедi:
1) ветеринариялық-профилактикалық iс-шараларды жазу журналы (ветеринариялық есеп, № 1-вет нысан) - жұқпалы және жұқпалы емес ауруларға қарсы жүргiзiлетiн iс-шаралар: диагностикалық зерттеулер, профилактикалық және мәжбүрлі егулер, жануарларды паразиттерге қарсы дауалау және ветеринариялық-санитариялық iс-шаралар мәліметтерін тiркеуге арналған.
Журналға мәлiметтi жұмысты жүргiзген күнi енгiзедi. Жазбаны ветеринариялық дауалауды және диагностикалық (аллергиялық) зерттеулердi көрсете отырып, жануарлардың (құстарды қоса алғанда) әр түрi бойынша жеке-жеке жүргiзедi.
Бұл журналды емдеу-профилактикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар жүргiзедi;
2) жануарлардың ауруларын тiркеу журналы (ветеринариялық есеп № 2-вет нысан) - ауру жануарларды тiркеуге және оларға көрсетiлген емдiк көмектi, сондай-ақ аурудың нәтижесiн жазуға арналған.
Журналда емдiк көмек көрсетiлген ауырған жануарлар туралы жазбалар жүргiзiледi.
Бұл журналды емдеу-профилактикалық қызметпен айналысатын жеке және заңды тұлғалар жүргiзедi;
3) жануарларды дайындау (сою), сақтау, қайта өңдеу және сату объектілеріндегі ет пен қосымша өнімдерді, жануарлардан алынған өнім мен шикізатты ветеринариялық-санитариялық сараптауды есепке алу журналы (ветеринариялық есеп, № 3-вет нысан).
Бұл журналды жануарларды дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеудi және сатуды жүзеге асыратын объектiлердiң, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты өндiрiстiк бақылау бөлiмшелерiнiң ветеринариялық мамандары жүргiзедi.
Бұл нысан бойынша журналда еттi қайта өңдеу кәсiпорнының әрбір күнi үшiн ветеринариялық-санитариялық сараптау нәтижелерiн есепке алу жүргiзіледi;
4) iшкi сауда объектiлерiнде ет, балық, теңiз өнiмдерiнiң және жұмыртқалардың ветеринариялық-санитариялық сараптау журналы (ветеринариялық есеп, № 4-вет нысан) - iшкi сауда объектiлерiне келiп түсетiн ет, ет өнiмдерiне, жұмыртқалардың, балық және басқа теңiз өнiмдерiне ветеринариялық-санитариялық сараптау жүргiзудi күнделiктi есепке алуға арналған;
5) ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханасында сүт және сүт өнiмдерiн ветеринариялық-санитариялық сараптауды есепке алу журналы (ветеринариялық есеп, № 5-вет нысан) - iшкi сауда объектiлерiне келiп түсетiн сүт пен сүт өнiмдерiн күнделiктi есепке алуға және оларға ветеринариялық-санитариялық сараптау жүргізуге арналған;
6) ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханасында балды сараптау журналы (ветеринариялық есеп, № 6-вет нысан).
Бұл журнал iшкi сауда объектiлерiндегі ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханаларына келiп түсетiн балды есепке алуға арналған;
7) iшкi сауда объектiлерiндегi ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханаларында радиологиялық зерттеулердi жазу журналы (ветеринариялық есеп, № 7-вет нысан) - iшкi сауда объектiлерiнде ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханаларының жануарлардан және өсiмдiктерден алынатын өнiмдер мен шикiзаттардың радиологиялық зерттеулерiнiң нәтижелерiн тiркеуге арналған.
11. Осы Қағидалардың 10-тармағының 3)-7) тармақшаларында көрсетiлген журналдарды жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың ветеринариялық-санитариялық сараптамасы бойынша кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғалар жүргiзедi.
12. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетiлген есепке алу журналдарының деректерi негiзiнде жеке және заңды тұлғалар есептiлiктiң мынадай нысандарын ұсынады:
1) жануарлары (союды), сақтауды, қайта өңдеудi және өткiзудi, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты дайындауды жүзеге асыратын объектiлердегі ветеринариялық-санитариялық сараптау туралы есеп (№ 1-вет нысан), онда союдан кейiнгi ветеринариялық-санитариялық сараптаудың нәтижелерi көрсетiледі.
Бұл есептiлікті толтыру кезінде осы Қағидалардың 10-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген журналдардың деректерi пайдаланылады;
2) iшкi сауда объектiлерiнде жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың ветеринариялық-санитариялық сараптамасы туралы есеп (№ 2-вет нысан). Осы Қағидалардың 10-тармағының 4)-7) тармақшаларында көрсетiлген журналдар есептi жасау үшiн алғашқы деректер болып табылады;
3) мемлекеттiк тапсырыс бойынша алынған биологиялық препараттардың болуы және жұмсалуы туралы есеп (№ 3-вет нысан).
Есеп жануарларға профилактикалық және мәжбүрлі егулердiң жүргiзiлуi туралы алғашқы ветеринариялық актiлердiң негiзiнде жасалады.
Жарамдылық мерзiмдерi әртүрлi ветеринариялық препараттар болған (қалған) кезде олардың атаулары қайта көрсетiлуi тиіс;
4) заңды тұлғалардың ветеринариялық препараттарды өндiруi туралы есепті (№ 4-вет нысан) ветеринариялық препараттарды өндiрушiлер береді.
13. Осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетiлген ветеринариялық есептiлiкті тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң ЖАО ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын бөлiмшелерiне есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың бесiншi күнiнде ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар береді.
14. ЖАО бөлiмшелерi есептiлiктi осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген тәртiппен ұсынады.
3. Ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жергiлiктi атқарушы органдар бөлiмшелерiнің ветеринариялық есепке алуды жүргiзу және есептiлiктi табыс ету тәртiбi
15. Аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң ЖАО бөлiмшелерi ветеринариялық есепке алудың мынадай журналдарын жүргiзедi:
1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте ветеринариялық қызметтi көрсету бойынша бәсекелiк сектор болмаған жағдайда тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң ЖАО бөлiмшелерiнiң мамандары осы Қағидалардың 10-тармағының 1) және 2) тармақшасында көрсетiлген журналды жүргiзедi;
2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте (аудан, қала, кенттiк немесе селолық округте) пайда болатын инфекциялық және инвазиялық аурулар жөнiнде деректер енгізілетін әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң эпизоотиялық жағдайын жазу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 8-вет нысан);
3) № 6-вет нысан бойынша есеп жасау үшiн негiз болатын балықты зерттеудi, балық шаруашылығындағы (балық кәсiпшілiгiнiң су қоймасындағы) ветеринариялық iс-шараларды есепке алу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 9-вет нысан).
16. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетiлген журналдардың негiзiнде ЖАО бөлiмшелерi есептiлiктiң мынадай түрлерiн ұсынады:
1) жануарлардың аурулары жөнiнде есеп (№ 5-вет нысан). Осы Қағидалардың 15-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген журнал есептi жасау үшiн бастапқы деректер болып табылады.
Бұл есепте:
жануарлардың жұқпалы аурулары туралы;
жануарлардың жұқпалы ауруларының анықталған қолайсыз пункттерi бойынша қосымша мәлiметтер туралы;
жануарлардың жұқпалы емес аурулары туралы;
жануарлардың инвазиялық аурулары туралы;
республикалық бюджет қаражаты есебiнен диагностикалық зерттеулер туралы;
басқа қаржы көздерінiң қаражаты есебiнен диагностикалық зерттеулер туралы;
республиканың асыл тұқымды шаруашылықтары желiсiндегi мал басының диагностикалық зерттеулерi туралы;
егулер мен емдiк-профилактикалық iс-шаралар туралы;
жүргiзiлген ветеринариялық-санитариялық жұмыс туралы ақпарат көрсетiледi.
Есепке жануарлардың жұқпалы аурулары бойынша пайда болу және таралу себептерi мен оларды жою бойынша қабылданған iс-шаралар, жануарлардың өлiм-жiтiмiнiң себептерi мен профилактикасының қолданылған әдiстерi көрсетiлген қысқаша түсiндiрме жазба қоса берiледi;
2) балық аурулары туралы есеп (№ 6-вет нысан). Есеп балық және балық шаруашылығының су қоймаларындағы басқа да су организмдерiнiң ауруларын есепке алу, балық шаруашылығының су қоймаларындағы эпизоотияға қарсы және емдiк-профилактикалық iс-шараларды, су қоймаларының диагностикалық зерттеулері мен оларды паспорттаудың деректерiн есепке алу деректерiнiң негiзiнде жасалады.
Осы есепте жалпы мәлiметтер, қолайсыз объектiлер және жүргiзiлген ветеринариялық iс-шаралар туралы мәлiметтер көрсетiледi. Есеп осы Қағидалардың 15-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген журналдың деректерi бойынша жасалады.
Анықталған аурулардың iшiнде балықтардың залалдану немесе клиникасының болу дәрежесiне қарамастан бранхиомикоз, албырт айналмасы, торсылдақтың қабынуы, желбезек ауруы, бақтақтың инфекциялық қан аздығы, тұқы шешегi, фурункулез, көксеркенiң арамбез ауруы, шортан обасы, ихтиофтириоз, ботриоцефалез, кавиоз, дифиллоботриоз, описторхоз, филометроидоз мiндеттi түрде көрсетiледi. Есепке балықтың басқа да жұқпалы аурулары енгiзiледi;
3) ветеринариялық препараттарды қолдану және жем мен жем қоспаларын пайдалану туралы есеп (№ 7-вет нысан).
Бұл есепте ветеринариялық препараттарды қолдану және жем мен жем қосапаларын пайдалану кезiнде тиiмдiлiгi немесе жанама әсерлері туралы мәлiметтер көрсетiледi;
4) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ЖАО ветеринариялық-санитариялық объектiлердi салу, лицензиялау және ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру туралы есеп (№ 8-вет нысан).
Бұл есеп:
ветеринария саласында қызметтер көрсететiн өндiрiстiк және шаруашылық субъектiлерiнде жұмыс iстейтiн ветеринариялық мамандардың (лицензиаттардың) саны туралы есепті;
ветеринариялық қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензиялардың саны туралы есепті;
сою пункттерiн және мал көмiндiлерiн салу үшiн жергiлiктi бюджеттен бөлiнген қаражаттың болуы және көлемi туралы есепті;
ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiруді жүргiзу туралы есепті қамтиды.
17. ЖАО бөлiмшелерi есептiлiктi осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген тәртiппен ұсынады.
4. Мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдардың ветеринариялық есепке алуды жүргiзу және есептiлiктi табыс ету тәртiбi
18. Ветеринария саласындағы мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдар (бұдан әрi - мемлекеттiк ұйымдар) жүзеге асыратын функцияларына қарай ветеринариялық есепке алудың мынадай журналдарын жүргiзедi:
1) ветеринариялық зертханаға келіп түскен материалдарды тiркеу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 10-вет нысан).
Бұл журнал ветеринариялық зертханаларға келіп түскен ветеринариялық материалдарды және оны одан әрі бөлiмдер бойынша үлестiрiлуiн тiркеуге арналған;
2) бактериологиялық зерттеулер журналы (ветеринариялық есепке алу, № 11-вет нысан) ветеринариялық зертханалардың бактериологиялық бөлiмдерiне келіп түскен материалдарға жүргiзiлген зерттеулер нәтижелерін енгiзуге арналған;
3) вирусологиялық зерттеулер журналы (ветеринариялық есепке алу, № 12-вет нысан), онда ветеринариялық зертханалардың вирусология бөлiмдерiне келiп түскен материалдар мен жүргiзiлген зерттеулердiң әдiстерi тiркеледi;
4) серологиялық зерттеулер журналы (ветеринариялық есепке алу, № 13-вет нысан);
5) гематологиялық зерттеулер журналы (ветеринариялық есепке алу, № 14-вет нысан).
Бұл журналға жануарлар қанын зерттеудің нәтижелерi енгiзiледi;
6) гистологиялық зерттеулер журналы (ветеринариялық есепке алу, № 15-вет нысан).
Бұл журналда гистологиялық зерттеулер үшiн жiберiлген жануарлардың ағзалары немесе олардың бөлiктерi, сондай-ақ олардан табылған патологогистологиялық өзгерiстер сипатталады;
7) преципитация реакциясымен сiбiр жарасына зерттелетiн барлық шикiзат сынамаларын тіркеуге арналған терi және үлбір шикiзатының сынамаларын сiбiр жарасына зерттеу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 16-вет нысан);
8) жануарлардың паразитарлық ауруларына зертханалық зерттеулердi есепке алу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 17-вет нысан), онда гельминтоздарға, гемоспоридоздарға және арахноэнтамоздарға зерттеу үшiн зертханаға жiберiлетiн материалдар тiркеледi;
9) жемшөп пен басқа материалдардың микотоксикологиялық зерттеулер журналы (ветеринариялық есепке алу, № 18-вет нысан).
Бұл журналда зертханаларда улы саңырауқұлақтармен зақымданған зерттелетiн жемшөп сынамалары тiркеледi.
Журналдағы жазбаны барлық зерттеулердiң барысы толық жазылған бастапқы жұмыс жазбалары бойынша алғашқы жазба дәптерiнде жүргiзу ұсынылады;
10) химиялық-токсикологиялық зерттеулер журналы (ветеринариялық есепке алу, № 19-вет нысан) материалдардың уыттылығын зерттеу нәтижелерiн жазуға немесе олардағы улы заттарды анықтауға арналған.
Журналда жемшөп сынамалары (пiшеннiң, шөптiң және басқаларының), патологиялық (ағзалар, олардың бөлiктерi, iшек-қарын жолының iшiндегiсi және басқасы) немесе жануардың өлiмiне себеп болуда деп күмәнданған өзге материал тiркеледi;
11) биохимиялық және зертханалық-клиникалық зерттеулер журналы (ветеринариялық есепке алу, № 20-вет нысан).
Бұл журналда жануардың организміндегі алмасу үдерістерінің жағдайын анықтау үшiн келіп түсетiн қан, зәр, сүт сынамаларын, сондай-ақ ондағы нәрлi заттардың болуын анықтау үшiн жемшөп сынамаларын тіркейді;
12) балық шаруашылығының су қоймаларын гидрохимиялық және токсикологиялық зерттеулер журналы (ветеринариялық есепке алу, № 21-вет нысан) судың, топырақтың, планктон мен балықтың химиялық және токсикологиялық зерттеулерiнiң нәтижелерiн көрсетеді.
Бұл журналды ветеринариялық ихтиопатолог дәрiгерлер немесе ветеринариялық зертханалардың химиялық-токсикологиялық бөлiмдерi жүргiзедi;
13) ветеринариялық зертхананың радиологиялық бөлiмiнiң зерттеулердi есепке алу журналын радиобелсендiлiгiн анықтау мақсатында материалдардың зерттеу нәтижелерiн көрсету үшін радиологиялық бөлiмнiң меңгерушiсi жүргiзеді (ветеринариялық есепке алу, № 22-вет нысан).
Журналда жемшөп (пiшен, шөп және басқалар) сынамалары, патологиялық материал, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзат, балық пен балық өнiмдерi және басқа мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектiлерi тiркеледi. Бұл журналды ветеринариялық радиобиолог дәрiгер жүргiзедi;
14) зерттеуге келіп түскен биологиялық материалды тiркеу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 23-вет нысан);
15) микроорганизмдердiң ветеринарияда пайдаланылатын келiп түскен штаммдарын тiркеу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 24-вет нысан);
16) микроорганизм штаммдарының тазартылған дақылдарын тiркеу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 25-вет нысан);
17) микроорганизмдердің өндірістік және мұражайлық штаммдарын тіркеу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 26-вет нысан);
18) жануарлардың инфекциялық, инвазиялық және саңырауқұлақтық ауруларының қоздырғыштарымен залалданған зертханалық жануарларды есепке алу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 27-вет нысан);
19) микроорганизм штаммдарын беру журналы (ветеринариялық есепке алу, № 28-вет нысан);
20) микроорганизм штаммдарының қасиеттерiн тексеру нәтижелерiн тiркеу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 29-вет нысан);
21) биоматериалды, микроорганизм штаммдарының дақылдарын жоюды тiркеу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 30-вет нысан);
22) жануарлардан алынатын тамақ өнiмдерiн, жартылай фабрикаттарды және шикiзатты сараптау нәтижелерiн тiркеу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 31-вет нысан);
23) молекулярлы-генетикалық зерттеулердiң нәтижелерiн тiркеу журналы(ветеринариялық есепке алу, № 32-вет нысан).
19. Республикалық мемлекеттiк кәсіпорындар нысандағы мемлекеттiк ұйымдар есептiлiктiң мынадай түрлерiн ұсынады:
1) ветеринариялық зертханалардың қызметі туралы есеп (№ 9-вет нысан). Есептi пысықтау үшiн бастапқы деректер осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетiлген журналдар олардың қызметiне сәйкес болып табылады.
Бұл есепте:
зертханалық-диагностикалық зерттеулер туралы;
терi шикiзатының сiбiр жарасына зерттеулерi туралы;
аккредиттелген ветеринариялық зертханалардың қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша жүргізілген сынақтардың саны туралы;
радиометриялық және радиохимиялық зерттеулердiң нәтижелерi туралы;
мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау бақылауындағы импортталатын және экспортталатын өнімдердің қауіпсіздігі туралы;
iшкi сауда объектiлерiнде жануарлардан алынатын еттер мен басқа тамақ өнімдерін ветеринариялық-санитариялық сараптау туралы;
iшкi сауда объектiлерiнің ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханаларында мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектiлерiнiң радиологиялық зерттеулерi туралы мәлiметтер көрсетiледi;
2) ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сынамалау және тiркеу сынағын жүргiзу туралы есеп (№ 10-вет нысан).
20. Осы Қағидалардың 19-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ветеринариялық есептілікті мемлекеттік ұйымдардың аудандық филиалдары жасайды, есеп беру кезеңінен кейінгі айдың оныншы күнінде мемлекеттік органдардың облыстық (өңірлік) филиалдарына және ЖАО бөлімшесіне ұсынылады.
Мемлекеттік ұйымдардың облыстық (аймақтық) филиалдары есеп беру кезеңінен кейінгі айдың он бесінші күнінде мемлекеттік ұйымдардың орталық аппаратына ветеринариялық есептілікті ұсынады.
Мемлекеттік ұйымдардың орталық аппараты ветеринариялық есептілікті жинақтайды және талдауын жүргізеді, содан кейін оны есеп беру кезеңінен кейінгі айдың жиырмасыншы күнінде уәкілетті органға, ал екінші данасын ветеринария саласындағы уәкілеті органға табыс етеді.
21. Мемлекеттiк мекемелер нысанындағы мемлекеттiк ұйымдар есептiлiктiң мынадай түрлерiн ұсынады:
1) осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетiлген олардың тиiстi қызметiн есепке алу журналының негiзiнде референттiк зертхананың қызметі туралы есеп жасалады (№ 11-вет нысан).
Бұл есепте зертханаларда жүргiзiлетiн зерттеулер, қажет болған кезде ауыр металл тұздарының, антибиотиктердiң, гормондардың, пестицидтердiң, генетикалық түрленген организмдердің, афлатоксиндердiң, диоксиндердiң және басқа уытты заттардың қалдық мөлшерiн көрсете отырып сараптамалар саны, сондай-ақ тамақ қауiпсiздiгi бойынша басқа зертханалардың салыстырмалы зерттеулерiнiң нәтижелерi туралы мәлiметтер көрсетiледi;
2) жануарлардың аса қауiптi ауруларының ошақтарын жою туралы есеп (№ 12-вет нысан) орындалған жұмыстар актілерінің негізінде жасалады;
3) ветеринариялық бақылау посттарындағы көлiк құралдарының дезинфекциясы туралы есеп (№ 13-вет нысан);
4) жануарлардың аса қауiптi ауруларымен ауыратын жануарларды алып қою және жою туралы есеп (№ 14-вет нысан);
5) ветеринариялық препараттардың республикалық қорының сақталуы және келiп түсуi туралы есеп (№ 15-вет нысан).
22. Осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетiлген ветеринариялық есептiлiкті мемлекеттiк ұйымдардың облыстық филиалдары жасайды және есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың он бесiншi күнiнде мемлекеттiк ұйымдардың орталық аппаратына ұсынылады.
Мемлекеттiк ұйымдардың орталық аппараты ветеринариялық есептiлiктi жинақтайды және талдау жүргiзедi, содан кейiн есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың жиырмасыншы күнiнде уәкiлеттi орган ведомствосына, ал екiншi данасын уәкiлеттi органға ұсынады.
5. Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті орган ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелерінің, соның ішінде ветеринариялық бақылау бекеттерінің ветеринариялық есепке алуды жүргізу және есептілікті табыс ету тәртібі
23. Мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалауды жүзеге асыратын уәкiлеттi орган ведомствосының аумақтық бөлiмшелерi, (аудандардың облыстық маңызы бар қалалардың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) сондай-ақ ветеринариялық бақылау бекеттерi ветеринариялық есептiң мынадай журналдарын жүргiзедi:
1) шекарадағы ветеринариялық бақылау бекетiндегi алып өтілетін (тасымалданатын) жануарларды есепке алу және тексерiп қарау журналы (ветеринариялық есепке алу, № 33-вет нысан) автомобиль өткелдерiнде, темiр жол станцияларында және айлақтарда алып өтілетін (тасымалданатын) жануарларды есепке алу мен тексерiп қарауға арнаған және шекарадағы ветеринариялық бақылау бекетiндегi мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар жүргiзедi;
2) жануарлардан алынатын алып өтілетін (тасымалданатын) өнiмдерді шикiзатты, жемшөп пен жемшөп қоспаларын есепке алу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 34-вет нысан) автомобиль өткелдерiнде, темiр жол станцияларында және айлақтарда жануарлардан алынатын өнiмдердi, шикiзатты, жемшөп пен жемшөп қоспаларын тексерiп қарау туралы мәліметтерді енгізуге арналған және шекараның ветеринариялық бақылау бекетiндегi мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар жүргiзедi;
3) сойылған жануарларды тексерiп қараудың және сою пункттерi (алаңдары) мен ет комбинаттарындағы ет және ет өнiмдерiнiң ветеринариялық-санитариялық сараптамасының нәтижелерiн есепке алу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 35-вет нысан).
Бұл журнал сойылған жануарларды тексерiп қараудың және сою пунктiндегi ет және ет өнiмдерiнiң ветеринариялық-санитариялық сараптамасының нәтижелерiн енгiзуге арналған және жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеудi және өткiзудi жүзеге асыратын объектiлерге бекiтiлген мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар жүргізеді.
Сою пункттерiне (алаңдарына) және ет комбинаттарына сою үшiн жеткiзiлген барлық жануарлар есепке алуға жатады;
4) iшкi сауда объектiлерiнде өткiзiлетiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты тiркеу журналы (ветеринариялық есепке алу, № 36-вет нысан).
Бұл журналды iшкi сауда объектiлерiндегі мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар жүргiзедi;
5) Өндiрiс объектiлерiне есептiк нөмiрлердi беруге арналған өтiнiмдердi тiркеу журналын (ветеринариялық есепке алу, № 37-вет нысан) облыстық (аудандық) маңызы бар қалалардың аумақтық бөлiмшелерi жүргiзедi;
6) Өндiрiс объектiлерiне есептiк нөмiрлер берудi тiркеу журналын (ветеринариялық есепке алу, № 38-вет нысан) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) уәкiлеттi органы ведомствосының аумақтық бөлiмшелерi жүргiзедi.
24. Уәкiлеттi орган ведомствосының аумақтық бөлiмшелерi есептiлiктiң мынадай түрлерiн табыс етедi:
1) мемлекеттiк шекара арқылы алып өтілетін мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау бақылауындағы алып өтілетін (тасымалданатын) объектiлердi тексерiп қарау туралы есеп (№ 16-вет нысан).
Бұл нысан бойынша есеп осы Қағидалардың 23-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген журналдар деректерiнiң негiзiнде автомобиль, темiр жол, әуе және су көлiктерi бойынша жеке-жеке жасалады.
Есепте ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау бақылауындағы алып өтілетін (тасымалданатын) объектiлердiң барлық түрлерiн тиеу, түсiру және олардың транзиті кезiнде жеке-жеке тексерiп қарау нәтижелерi туралы мәлiметтер көрсетiледi;
2) жануарларды толықтыруды, дайындауды (союды), жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты сақтауды, қайта өңдеудi және өткiзудi жүзеге асыратын өндiрiс объектiлеріндегі жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау және ветеринариялық-санитариялық сараптау нәтижелерi туралы есеп (№ 17-вет нысан), онда:
союға келіп түскен жануарлардың саны мен жағдайы;
союдан кейiнгi ветеринариялық-санитариялық сараптаудың нәтижелерi көрсетіледі.
Бұл есептi толтырған кезде пайдаланылатын деректер осы Қағидалардың 23-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген журнал болып табылады.
Бұл есепте жануарлар мен құсты сою алдында тексерiп қарау мен олардың ұшалары мен ағзаларын союдан кейiн ветеринариялық-санитариялық тексерiп қарау бойынша деректер көрсетiледi;
3) жеке және заңды тұлғалар мен жергiлiктi атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын бөлiмшелерiн тексеру, сондай-ақ ветеринария саласындағы айқындалған заң бұзушылықтар туралы есеп (№ 18-вет нысан).
25. Осы Қағидалардың 24-тармағында көрсетiлген ветеринариялық есептiлiктi аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкiлеттi орган ведомствосының аумақтық бөлiмшелерi жасайды және есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың оныншы күнiнде уәкiлеттi орган ведомствосының облыстық аумақтық бөлiмшелерiне ұсынылады.
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) уәкiлеттi органы ведомствосының аумақтық бөлiмшелерi есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың он бесiншi күнiнде ведомствоға ветеринариялық есептiлiктi береді.
Уәкілетті органның ведомствосы жалпы республика бойынша ветеринариялық есептiлiктiң деректерiн жинақтайды және талдау жүргiзедi, содан кейiн оны есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың жиырмасыншы күнiнде ветеринария саласындағы уәкiлеттi органға табыс етедi.
26. Уәкiлеттi орган облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ЖАО бөлiмшелерi және мемлекеттiк ұйымдардың орталық аппараты мен уәкілетті органның ведомствосы ұсынған есептердiң барлық деректерiн жинақтайды және талдайды.
27. Уәкілетті орган алынған есеп деректерiнiң негiзiнде жарты жылдықтың және өткен жылдың республика бойынша жинақталған есебiн жасайды.
Есеп деректері ветеринариялық шараларды жасақтау және жануарлар ауруларының пайда болуын болжау, дамуы және оларды жою кезінде пайдаланылады.