Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мұнай-газ кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Президенті
ЖАРЛЫҚ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Мұнай-газ кеңесі туралы
Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласының орнықтылығы және оны тиімді дамыту мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Мұнай-газ кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) Кеңес туралы ереже;
2) Кеңестің құрамы бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2012 жылғы «___» _________
№ ____ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Мұнай-газ кеңесі туралы ереже 1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мұнай-газ кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласының орнықтылығы және оны тиімді дамыту мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру үшін құрылады.
2. Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
3. Кеңес өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Кеңес туралы ережені басшылыққа алады.
2. Кеңестің міндеттері мен функциялары
4. Кеңестің негізгі міндеттері:
1) ұсыныстар әзірлеу және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына мұнай-газ өнеркәсібін жаһандық қыр көрсетулер мен тәуекелдерді ескере отырып стратегиялық дамыту нұсқаларын енгізу;
2) Қазақстанның аса ірі мұнай-газ кен орындарында жұмыс істейтін шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл;
3) мұнай өнеркәсібі саласында ғылыми және технологиялық инновацияларды дамытуға ықпал ету, сондай-ақ мұнай саласын дамытуға байланысты экономикалық, қаржылық, басқарушылық, экологиялық және әлеуметтік аспектілерде зерделеу болып табылады.
5. Кеңестің негізгі функциялары:
1) Қазақстан халқының мүддесіне орай мұнай-газ ресурстарын басқарудың ұтымды тәсілдерін ілгерілету;
2) мұнай-газ өнеркәсібіндегі басқарушылық сипаттағы мәселелерді қоса алғанда, техникалық, әлеуметтік және экологиялық түйінді проблемаларды шешу мақсатында ішкі және сыртқы мүдделі тараптар арасында диалог орнату;
3) мұнай-газ секторын дамыту стратегиясын іске асыру бойынша Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің, өзге мемлекеттік органдардың, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамдарының жұмысын үйлестіру;
4) шетелдік үкіметтермен, шетел инвесторларымен стратегиялық диалогке қатысу және ірі мұнай-газ жобаларына қатысты саясатты әзірлеу болып табылады;
5) мұнай-газ өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін бағалау;
6) мұнай-газ өнеркәсібінде қазақстандық қамтуды дамыту болып табылады.
3. Кеңестің құқықтары
6. Кеңестің белгіленген тәртіппен және өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметіне мұнай-газ саласын дамыту, Кеңестің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру, мұнай-газ саласының басым жобаларын айқындау, осы жобалар бойынша келіссөздер жүргізу стратегиясы бойынша ұсыныстар енгізуге;
2) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін жұмыс топтарын қалыптастыруға;
3) мұнай-газ саласының жобаларын іске асырудың экономикалық, экологиялық және әлеуметтік аспектілерін бағалау, Қазақстан Республикасының стратегиялық мүдделеріне сай келетін басым жобаларды таңдау жөнінде ұсыныстар әзірлеу және енгізу үшін мүдделі мемлекеттік органдардың мамандарын, консультанттарды тартуға;
4) мемлекеттік органдардан, ведомстволардан және ұйымдардан Кеңестің құзыретіне жататын мәселелер бойынша қажетті ақпаратты сұратуға;
5) салалық қауымдастықтардың, мүдделі мұнай-газ компаниялары мен инвесторлардың мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөніндегі ұсыныстары мен пікірлерін тыңдауға;
6) Кеңеске жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқығы бар.
4. Кеңесті қалыптастыру және оның қызметін ұйымдастыру
7. Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңес төрағасы болып табылады.
Кеңестің құрамына Қазақстан Республикасы Президентінің өкілі, Қазақстан Республикасы Прмьер-Министрінің орынбасары, министрліктердің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамдарының бірінші басшылары кіреді.
8. Кеңесті Кеңес төрағасы басқарады.
Кеңес төрағасы:
1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
2) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;
3) Кеңес отырыстары өткізілетін орынды және уақытты айқындайды;
4) Кеңес шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады;
5) тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Президенті алдында Кеңестің жұмысы туралы есеп береді.
9. Кеңес мүшелері:
1) Кеңес отырысының күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;
2) Кеңес отырысына материалдарды, оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға, Кеңес алдында тұрған міндеттерді шешуге ықпал етуге;
3) Кеңес отырысында қаралатын мәселелерді талқылауға қатысуға құқылы.
10. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, Кеңес төрағасы айқындайтын мерзімдерде, бірақ бір тоқсанда кемінде бір рет өткізіледі. Кеңес отырыстары оның мүшелерінің тікелей қатысуымен өткізіледі және оның мүшелерінің кемінде үштен екісі дауыс беруге қатысқан кезде заңды болады. Кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге лауазымды адамдарға беруіне жол берілмейді.
11. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі Кеңестің жұмыс органы болып табылады.
12. Кеңестің жұмыс органы:
1) Кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді және Кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен бұрын қабылданған шешімдер негізінде Кеңес отырыстарын өткізу үшін тиісті материалдарды дайындауды жүзеге асырады;
2) Кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен олар бұрын қабылдаған шешімдер негізінде отырыстың күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;
3) Кеңестің хаттамалық шешімдерінің орындалуына мониторингті жүзеге асырады;
4) Кеңес мүшелеріне Кеңестің кезекті отырысы өткізілетін орны, уақыты мен күн тәртібі туралы хабарлайды және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;
5) Кеңестің хаттамалық шешімдерін ресімдеуді және келісуді жүзеге асырады;
6) Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап екі апта ішінде Кеңес мүшелеріне және басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдарға хаттаманың көшірмесін және өзге қажетті материалдарды жібереді.
13. Кеңес отырыстарының қорытындылары бойынша хаттамамен ресімделетін шешімдер қабылданады, оған Кеңестің отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қояды.
14. Кеңестің шешімдері қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады және ұсынымдық сипатқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.
Кеңес мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол айтылған жағдайда жазбаша түрде баяндалуы және хаттамаға қоса берілуі тиіс.
15. Кеңестің шешімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы немесе мұнай-газ саласының субъектілерінің назарына Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кез келген өзге тәсілмен жеткізімді мүмкін. Жариялау не мұнай-газ саласының субъектілеріне беруге арналған ақпараттың тізбесі мен көлемін Кеңес айқындайды.
16. Кеңес мүшелері Кеңеске Кеңестің хаттамалық шешімдерінің орындалғаны не орындалмағаны туралы ақпаратты тиісті негіздемесімен қоса, Кеңес тиісті шешім қабылдаған күннен бастап 3 (үш) айдан кешіктірмей немесе Кеңес шешімінде көрсетілген мерзімдерде ұсынады.
5. Кеңестің қызметін тоқтату
17. Кеңестің қызметін тоқтатуға Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2012 жылғы «___» _________
№ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Мұнай-газ кеңесінің құрамы
Мәсімов |
– |
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға |
Сұлтанов |
– |
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары, төрағаның орынбасары |
Келімбетов |
– |
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, төрағаның орынбасары |
Кеңестің мүшелері: |
||
Әбдіқалықова |
– |
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
Жәмішев |
– |
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Исекешев |
– |
Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі |
Қаппаров |
– |
Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі |
Мыңбаев |
– |
Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі |
Сағынтаев |
– |
Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрі |
Шөкеев |
– |
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы (келісім бойынша) |
Қиынов |
– |
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы (келісім бойынша) |