Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2011 жылғы 20 қазанда Алматы қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы Теңiз сауда кеме қатынасы саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 11 сәуірдегі
№ 444 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан
Республикасының Үкіметі арасындағы Теңіз сауда кеме қатынасы
саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
(2012 жылғы 30 мамырда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 4, 61-құжат)
Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Yкiметi теңдiк, өзара тиiмдiлiк пен өзара көмек қағидаттарына сәйкес екi мемлекет арасында теңіз сауда кеме қатынасы саласындағы қатынастарды нығайтуға және дамытуға ниет бiлдiре отырып, төмендегілер туралы келiстi.
1-бап
Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн пайдаланылатын негізгі терминдер:
1. «Уағдаласушы Тараптың кемесi» – осы Уағдаласушы Тараптың мемлекеттік кеме тізіліміне немесе басқа да тиiстi ресми тiзіліміне енгiзiлген әрі оның заңдарына және құқықтық ұйғарымдарына сәйкес осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің туын көтеріп жүзетін кез келген кеме.
Алайда бұл терминге мыналар кірмейді:
әскери корабльдер және коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын басқа да кемелер;
гидрографиялық, мұхиттану және ғылыми зерттеулер үшін пайдаланылатын кемелер;
балық кәсіпшілігі мен инспекциялық кемелер;
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының мемлекеті теңіз порттарының арасындағы каботажға және ішкі сулар бойынша кеме қатынасына арналған кемелер;
лоцмандық қызметтерді, сүйретіп жүзуді қоса алғанда, порттық, рейдтік және өзге де қызметтерді көрсетуге арналған кемелер;
спорттық кемелер мен серуендік яхталар.
«Экипаж мүшесi» – кеме капитаны және кеме бортында кеменi пайдалануға немесе онда қызмет көрсетуге байланысты мiндеттердi орындаумен байланысты, кеме рөлiне аты енгiзiлген және осы Келiсiмнiң 8-бабына сәйкес теңізшінің сәйкестендіру құжаттарына ие кез келген басқа тұлға;
«Теңіз порты» – Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында белгіленген тәртіппен берілген жер учаскелерінде орналасқан, кемелерге, жолаушыларға, багажға қызмет көрсетуге және жүктермен жасалатын операцияларды жүзеге асыруға, сондай-ақ теңіз көлiгі қызметiнiң өзге де мақсаттарына арналған құрылыстар кешенi;
«Құзыретті органдар»:
Қазақстан Республикасы тарабынан – Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлiгi;
Әзербайжан Республикасы тарабынан – Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік Теңіз Әкімшілігі.
2. Құзыретті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген кезде Уағдаласушы Тараптар бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.
2-бап
1. Уағдаласушы Тараптар бұл ретте тең құқықтық және өзара тиiмдiлiк қағидаттарын басшылыққа ала отырып, екiжақты халықаралық теңіз сауда кеме қатынасының дамуына жәрдем көрсетеді.
2. Жүктердi тасымалдауда Уағдаласушы Тараптар олардың кеме жалдау, кеме қатынасы және кеме қатынасымен байланысты кәсiпорындары мен ұйымдары арасындағы тығыз ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.
3-бап
1. Уағдаласушы Тараптар:
Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттері кемелерiнің өз мемлекеттерінің теңіз порттары арасындағы теңiз арқылы тасымалдарға қатысуына, сондай-ақ паромдық тасымалдардың одан әрi дамуына ықпал етуге;
өз мемлекеттерінің теңіз порттары арасында тасымалдарды дамытуды, соның ішінде терминалдармен жүкті тиеуді және қабылдауды қиындата алатын бөгеттерді жоюда ынтымақтасуға;
бiр Уағдаласушы Тарап мемлекеті кемелерiнің екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетінің теңіз порттары мен үшiншi елдердің теңіз порттары арасындағы тасымалдарға қатысуына кедергi келтірмеуге;
екi Уағдаласушы Тарап қолданатын халықаралық сауда мақсатында теңізде жүзу талаптарына жауап бермейтін, Уағдаласушы Тараптардың туын көтеріп жүзетін кемелердің Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің теңіз порттары акваториясына кіруін шектеуге;
Уағдаласушы Тараптар мемлекеттері бір мезгілде қатысушылары болып табылатын теңіздегі кеме қатынасы қауіпсіздігінің мәселелері жөніндегі халықаралық шарттар талаптарының сақтауын қамтамасыз етуге;
болу мемлекетінің бақылаушы органдары өкілдерінің оларға жүктелген функцияларды орындауына кедергі келтірмеуге келіседі.
2. Осы баптың ережелерi үшінші елдер кемелерiнiң Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің порттары арасындағы тасымалдарға қатысу құқығын қозғамайды.
4-бап
Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің аумақтарында қолданыстағы ұлттық заңнамаларға сәйкес бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетінің кеме қатынасы немесе кеме қатынасымен байланысты кәсiпорындары мен коммерциялық ұйымдарына екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің теңіз порттарына/порттарынан желiлер ашуға, сондай-ақ олардың екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында өкiлдiктер немесе бiрлескен кәсiпорындар құруға қажеттi жәрдем көрсетедi.
5-бап
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің теңіз порттарына еркін кіруге, айлақтардан орын беруге, жүктерді тиеу және түсіру, жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін теңіз порттарын пайдалануға қатысты өз мемлекетінің кемелеріне ұсынатындай жағдайларды екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің кемелеріне ұсынады.
Уағдаласушы Тараптар порттарындағы ресми порттың билік орындары мен терминалдары алатын алымдарға және кемелерді өңдеумен байланысты қызметтерге қатысты Әзербайжан Республикасының порттарында және терминалдарында Қазақстан Республикасы туын көтеріп жүзетін кемелерден Қазақстан Республикасының порттары мен терминалдарында Әзербайжан Республикасының туын көтеріп жүзетін кемелерден алынатындай порттық алымдар сомасы алынатын қағидат қолданылады.
2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетінің теңiз кеме қатынасы кәсіпорындары пайдаланатын шет мемлекеттердің туын көтеріп жүзетін кемелерге, егер бұл халықаралық шарттардан туындайтын оның мiндеттемелерiне қайшы келмесе, осы баптың 1-тармағында көзделген режимді ұсынады.
3. Осы баптың 1-тармағының қолданысы:
шетел кемелерiнiң кiруi үшiн жабық теңіз порттары мен теңіз порттарының бір бөлігіне таралмайды;
Уағдаласушы Тараптың әрқайсысы өз мемлекетінің кәсiпорындары мен ұйымдары үшiн резервке қоятын, атап айтқанда каботажды, сондай-ақ құтқаруды, сүйретіп жүзуді, порттық қызмет көрсетулерді, суға батқан кемелердi көтеруді, мiндеттi лоцмандық алып өтуді қоса алғандағы қызметке қолданылмайды.
6-бап
Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасы және порттық ережелері шеңберiнде теңiз тасымалдарын жеңiлдету мен жеделдету және теңіз порттарындағы кедендiк және өзге де формальдылықтарды жүзеге асыруды оңайлату үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
7-бап
1. Уағдаласушы Тараптардың бiрi берген немесе танитын және борттағы кеме құжаттарын екiншi Уағдаласушы Тарап та таниды.
2. 1969 жылғы Кемелердi өлшеу жөнiндегі халықаралық конвенцияға сәйкес берілген кемелердi өлшеу туралы құжаттармен тиiсті түрде жабдықталған бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетінің кемелерi екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетінің порттарында жаңадан өлшенуден босатылады. Бұл құжаттар порттық алымдарды есептеу кезiнде негiзге алынады.
8-бап
1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыреттi органдары берген теңiзшiлердің сәйкестендіру құжаттарын таниды.
Осындай құжаттар:
Қазақстан Республикасына қатысты - теңізшінің жеке куәлігі немесе Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
Әзербайжан Республикасына қатысты - теңізшінің жеке куәлігі немесе Әзербайжан Республикасы азаматының паспорты болып табылады.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің кемелері экипаждарының мүшелері азаматтары болып табылатын өзге мемлекеттер берген теңiзшiлердің сәйкестендіру құжаттарын мойындайды және осындай құжаттардың иелерi, егер бұл ұлттық қауіпсіздік талаптарына қайшы келмесе ғана, осы Келiсiмнiң 9 және 10-баптарында көзделген құқықтарды пайдаланатын болады.
9-бап
1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің кемесі екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің теңіз портында болған кезде, осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген тиісті сәйкестендіру құжаттарын ұсына алатын әрбір экипаж мүшесінің порт қаласының аумағында визасыз жағалауға шығуға құқығы бар. Алайда, осындай жағалауға шығуға, егер кеме капитаны осы теңіз портында қолданылып жүрген ережеге сәйкес құзыретті билік орындарына осы экипаж мүшесі көрсетілген кемелік рөлге ұсынған жағдайда ғана рұқсат беріледі.
2. Экипаж мүшесі жағалауға шыққан сәттен бастап және кемеге қайтып оралғанға дейін аумағында теңіз порты орналасқан мемлекеттің заңнамасын сақтауы тиіс.
10-бап
1. Осы Келiсiмнiң 8-бабында аталған, бiр Уағдаласушы Тарап берген теңiзшiнiң сәйкестендіру құжаттарының иелерi өз кемесiне келу, отанына қайтып оралу мақсатында немесе екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыреттi органдары үшiн қолайлы кез келген басқа да мақсатта екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетінің заңнамасы мен ережелерiн сақтай отырып, осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына кіре алады немесе оның аумағы арқылы жүріп өте алады.
2. Осы Келiсiмнiң 8-бабында көрсетілген тиісті сәйкестендіру құжаттарына ие экипаж мүшесі науқастануына, қызмет бабына немесе құзыретті билік орындары қабылдай алатын тағы да басқа себептерге байланысты екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағындағы теңіз портына түскен жағдайда, бұл билік орындары экипаж мүшесіне олардың аумағында қалуға, медициналық көмек алуға немесе госпитальға жатуға немесе кез келген көлік түрімен өзі азаматы болып табылатын мемлекетке немесе кеме туы мемлекетіне қайтуға немесе жүк тиеудің басқа теңіз портына баруға қажетті рұқсатты береді.
3. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өздері қаламайтын адамдардың өз мемлекетінің аумағына кіруiне, кемеден түсуіне және аумағында болуына рұқсат етпеу құқығын сақтап қалады.
11-бап
1. Бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетінің сот билiгi орындары екiншi Уағдаласушы Тараптың кеме экипажының мүшесі ретiнде жұмысқа жалдау шартынан туындайтын талаптарды қарауға қабылдамайтын болады.
Кеме экипажының мүшесі ретінде жұмысқа жалдау шартының ережелерін бұзушылықтар туралы талаптар кеме туын көтеріп жүзетін Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында және оның заңнамасына сәйкес қаралады.
2. Бiр Уағдаласушы Тарап мемлекеті кемесiнiң экипаж мүшесi кеме екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетінің теңіз портында болған уақытта осы кеме бортында құқық бұзушылық жасаған болса, онда аталған билік орындарының пiкiрiнше мынадай:
құқық бұзу салдары кеме тұрған мемлекет аумағына таралатын;
осы мемлекетте қоғамдық тәртiп немесе оның қауiпсiздiгi бұзылатын құқық бұзушылық болған;
осы кеме экипажының мүшесi болып табылмайтын кез келген тұлғаға қарсы құқық бұзушылық болған;
есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және қаруды заңсыз сатуды болдырмау үшiн қудалау қажет болып табылатын басқа жағдайларда, егер кеме капитаны немесе ту мемлекетінің консулдық лауазымдық тұлғасы жергілікті билік орындарына көмек көрсету туралы өтініш жасамаса, онда осы екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетінің билік орындары ту мемлекетiнiң құзыреттi консулдық лауазымдық тұлғасының келiсiмiнсiз оны заң бойынша қудаламайтын болады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларда кеме тұрған мемлекет капитанның өтініші бойынша ту мемлекетiнiң консулдық лауазымдық адамын қандай да бір шаралар қабылданғанға дейін хабардар етедi және аталған лауазымды тұлға мен кеме экипажының арасында байланыс орнатылуына ықпал етеді. Уақыт аса тығыз болған жағдайда бұл хабарлама көрсетілген шаралар қабылданып жатқан кезде жасалуы мүмкiн.
12-бап
1. Бір Уағдаласушы Тарап қайраңға отырған, зақымдалған немесе кез келген теңіз апатына ұшыраған екінші Уағдаласушы Тараптың кемесіне, оның капитанына, экипаж мүшелеріне, жолаушыларына және жүгіне өз мемлекетінің кемесіне ұсынатындай көмекті ұсынады және бұл Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің тиісті құзыретті органдарын кідіріссіз хабардар етуі тиіс.
Қоғам мүддесін қозғайтын жоғарыда көрсетілген теңіз оқиғаларына және осындай оқиға кеменің опат болуына, оны қалдыруға немесе адам өліміне әкелген барлық жағдайларда, Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тараппен келісім бойынша тағайындайтын құзыретті органдар тексеру жүргізуі тиіс. Тағайындалған билік орындары тексеру нәтижелерін екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің тиісті билік орындарына барынша қысқа мерзімде хабарлауы тиіс.
2. Егер кеме апатқа ұшыраса немесе зақымданса, Уағдаласушы Тарап кемесінен түсірілген немесе құтқарылған тауарлар екі ай ішінде екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына әкетілуі немесе осы Уағдаласушы Тараптың заңнамасына сәйкес кедендік рәсімге орналастырылуы тиіс.
13-бап
Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының өкілдері осы Келісім ережелерінің орындалу барысын қарау және теңіз сауда кеме қатынасы өзара мүдделі болып табылатын кез келген басқа да мәселелерін талқылау үшін Уағдаласушы Тараптардың бірінің өтініші бойынша кезектесіп, Қазақстан Республикасында және Әзербайжан Республикасында ауық-ауық кездесуі мүмкін.
14-бап
Осы Келісімнің ережелері Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Уағдаласушы Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
15-бап
Құзыретті органдардың арасында консультациялар арқылы жою мүмкін болмайтын осы Келісімнің ережелерін түсіндірудегі және қолданудағы келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы немесе Уағдаласушы Тараптар арасындағы тиісті хаттамалар ресімделе отырып, келіссөздер жолымен шешіледі.
16-бап
Осы Келісімге Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің 17-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
17-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың бірі оның күшін тоқтату ниеті туралы екінші Уағдаласушы Тараптың тиісті жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
2011 жылғы 20 қазанда Алматы қаласында әрқайсысы қазақ, әзербайжан және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін