Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 07.08.2015 № 602 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
РҚАО-ның ескертпесі.
ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 483 бұйрығын қараңыз.
"Ғарыш қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 8-бабының 16) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптаманы жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 20 сәуірдегі
№ 503 қаулысымен
бекітілген
Ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптаманы
жүзеге асыру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптаманы жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ғарыш қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 8-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленген және ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптаманы (бұдан әрі – жобаларға салалық сараптама) жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Ғарыш қызметi саласындағы жобаларға, оның ішінде қосарлы мақсаттағы жобаларға салалық сараптаманы ғарыш қызметi саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) орындылығын, техникалық мүмкіндігін, экономикалық тиімділігін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына, ғарыш қызметi саласындағы техникалық регламенттер мен стандарттарға сәйкестігін айқындау мақсатында жүзеге асырады.
Бұл ретте қосарлы мақсаттағы жобаларға салалық сараптаманы (бұдан әрі – қосарлы мақсаттағы жобаларға салалық сараптама) уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен (бұдан әрі – Қорғаныс министрлігі) келіседі.
3. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) ғарыш қызметі саласындағы жоба – ғарыш қызметін жүзеге асыруға бағытталған ғарыш техникасы мен технологияларын жасау жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;
2) ғарыш қызметі саласындағы қосарлы мақсаттағы жоба – әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу үшін де, сондай-ақ қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсаттары үшін де іске асырылатын ғарыш қызметі саласындағы жоба;
3) өтініш беруші – "Ғарыш қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш қызметін жүзеге асыратын немесе жүзеге асыруды жоспарлайтын жеке және (немесе) заңды тұлға.
2. Жобаларға салалық сараптаманы жүзеге асыру тәртібі
4. Жобаларға және қосарлы мақсаттағы жобаларға салалық сараптама жүргізу үшін өтініш беруші уәкілетті органға қағаз тасығышта және электрондық тасығышта мынадай материалдарды:
1) байланыс деректері көрсетілген өтініш берушінің ілеспе хатын;
2) жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың, сондай-ақ дара кәсіпкер үшін – дара кәсіпкер ретінде жеке тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелерін не салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын ұсына отырып, осы құжаттардың көшірмелерін;
3) ғарыш қызметі саласындағы жобаның негізгі бағыттарының сипаттамаларынан тұратын түсіндірме жазбаны;
4) техникалық тапсырманы;
5) жобалау алдындағы (техникалық-экономикалық негіздеме) және жобалау (жобалау сметасы) құжаттамасын;
6) заңды тұлға үшін - жарғының және құрылтай шартының (оны алмастыратын құжаттың) нотариалды куәландырылған көшірмелерін, өтініш берушіні заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің көшірмесін не салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын ұсына отырып, осы құжаттардың көшірмелерін ұсынады.
5. Жобаларға қайта салалық сараптама жүргізілген жағдайда материалдарға бұрын берілген қорытындының көшірмесі қоса беріледі.
6. Жобаларға және қосарлы мақсаттағы жобаларға салалық сараптама жүргізуден бас тарту үшін өтініш берушінің осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген материалдар пакетін толық ұсынбауы негіз болып табылады.
7. Салалық сараптама жүргізуден бас тартқан кезде уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жазбаша түрде дәлелді бас тарту жібереді.
8. Салалық сараптаманы уәкілетті орган жоба бойынша осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген материалдар ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізеді.
9. Уәкілетті орган салалық сараптама мен қайта салалық сараптама жүргізуге қосарлы мақсаттағы жобаларды алған кезде өтініш беруші ұсынған материалдардың көшірмесін өтініш беруші оларды уәкілетті органға ұсынған күні Қорғаныс министрлігіне келісуге жібереді.
10. Осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген негіздемелер бойынша Қорғаныс министрлігі қосарлы мақсаттағы жобаларды келісуден дәлелді бас тартуды үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға жібереді.
11. Қорғаныс министрлігі қосарлы мақсаттағы жобаларды келісу немесе келісуден бас тарту туралы қорытындыны уәкілетті органға тиісті материалдар ұсынылған сәттен бастап жиырма жеті жұмыс күні ішінде ұсынады.
12. Жобаларға және қосарлы мақсаттағы жобаларға салалық сараптама нәтижесі өтініш беруші ұсынған материалдарды жан-жақты талдауға және бағалауға негізделген қорытынды болып табылады, оның нысанын уәкілетті орган белгілейді.
13. Жобаларға және қосарлы мақсаттағы жобаларға салалық сараптаманың нәтижесі бойынша уәкілетті органның қорытындысына уәкілетті органның бірінші басшысы не оны алмастыратын адам қол қояды.
14. Қосарлы мақсаттағы жобаларға келісім жүргізу нәтижесі бойынша Қорғаныс министрлігінің қорытындысына Қорғаныс министрлігінің бірінші басшысы не оны алмастыратын адам қол қояды.
15. Қосарлы мақсаттағы жобаларға салалық сараптама жүргізген кезде уәкілетті орган өтініш берушіге өзінің қорытындысын жібереді және оған Қорғаныс министрлігі қорытындысының көшірмесін қоса береді.
16. Егер жобаларға және (немесе) қосарлы мақсаттағы жобаларға салалық сараптама не келісу нәтижелері бойынша уәкілетті орган және (немесе) Қорғаныс министрлігі жоюды талап ететін ескертулер берген жағдайда, өтініш беруші материалдарды пысықтайды және оларды қайта салалық сараптамаға не қайта келісуге ұсынады.
17. Бастапқы сараптама жүргiзiлген кезде анықтаған уәкiлеттi органның ескертулерi жойылғаннан кейiн жобаларға қайта салалық сараптама материалдар қайта сараптамаға ұсынылған сәттен бастап жиырма жұмыс күнінен аспайтын мерзiмде жүргiзiледi.
18. Бастапқы келісу кезінде анықталған ескертулер жойылғаннан кейiн Қорғаныс министрлігі жүргізетін қосарлы мақсаттағы жобаларды келісу уәкілетті орган Қорғаныс министрлігіне тиісті материалдарды қайта келісуге ұсынған сәттен бастап он жеті жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде жүргiзiледi.