Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2011 жылғы 13 маусымда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы
келісім
(2012 жылғы 18 маусымда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 6, 79-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі,
екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мақсатында,
халықаралық құқықтың, бір-бірінің ішкі істеріне араласпаудың, теңдіктің және бейбіт қатар өмір сүрудің жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
2002 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарттың 10-бабына сәйкес,
қоршаған ортаны қорғаудың және табиғи ресурстарды пайдалану процесінде экожүйелерді сақтаудың маңыздылығын сезіне отырып,
қоршаған ортаны сақтау, экологиялық апаттарды және табиғи ортаның тозуын болғызбау үшін бүгінгі және келешек ұрпақ алдындағы өз жауапкершілігін сезіне отырып,
қоршаған ортаны қорғау саласында ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға және мәселелерді бейбіт реттеуге ықпал етуге ниеттене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген бағыттар бойынша ынтымақтастығы шеңберінде олардың қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қызметін регламенттейді.
2-бап
Тараптар ынтымақтастығы мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) атмосфералық ауаның ластануының алдын алу және оны бақылау;
2) трансшекаралық өзендер суының сапасын мониторингілеуді,
судың ластануына байланысты төтенше жағдайлар туралы өзара ақпарат
беруді қоса алғанда, судың ластануының алдын алу және оны бақылау әрі
ластануды жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдау;
3) қатты қалдықтармен ластанудың алдын алу және оны бақылау, сондай-ақ оларды залалсыздандыру;
4) қауіпті қалдықтарды заңсыз трансшекаралық өткізудің алдын алуды қоса алғанда, оларды басқару;
5) радиоактивті ластанудың алдын алу және оны бақылау;
6) биологиялық сан алуандықты сақтау;
7) экожүйелерді тозудан қорғау және құмды борандардың алдын алу;
8) жер ресурстарын пайдалану кезінде қоршаған ортаны қорғау;
9) қоршаған ортаға әсерін тигізетін төтенше жағдайларға бірлесіп ден қою;
10) қоршаған ортаның мониторингі;
11) бірлескен ғылыми-зерттеу қызметін жүргізу және Тараптар үшін қолайлы қоршаған орта мониторингінің қағидалары мен көрсеткіштерін және оларды талдау әдістемелерін келісу;
12) өндірістің экологиялық таза технологияларын енгізуге және таратуға жәрдем көрсету;
13) қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, білім беру, кадрлар даярлау және насихаттау;
14) ынтымақтастықтың Тараптармен келісілген өзге салалары.
3-бап
Тараптар ынтымақтастығы мынадай негізгі нысандарда жүзеге асырылады:
1) ынтымақтастық бағдарламалары мен жобаларын бірлесіп әзірлеу және іске асыру;
2) сарапшылар арасындағы пікір алмасу және консультациялар, делегациялардың өзара сапарлары және кадрлар даярлау;
3) бірлескен жиналыстар, конференциялар және ғылыми семинарлар өткізу;
4) қоршаған ортаның жай-күйі туралы баяндамалар, сондай-ақ ғылым, техника, технологиялар, саясат, заңнама, нормативтер және қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқа мәселелер бойынша ақпарат пен материалдар алмасу;
5) бірлескен ғылыми зерттеулер өткізу;
6) ынтымақтастықтың Тараптармен келісілген өзге түрлері.
4-бап
1. Тараптар қоршаған ортаға трансшекаралық әсер ететін төтенше
жағдайлар туралы өзара ақпараттандырудың жұмыс тетігін құрады.
2. Тараптар өзара қолдау негізінде екінші Тарап мемлекетінің қоршаған ортасына зиян келтіретін төтенше жағдайлардың алдын алу үшін, сондай-ақ қоршаған ортаға трансшекаралық әсерді барынша жою немесе азайту жөніндегі қажетті және ұтымды шараларды қабылдайды.
5-бап
1. Тараптардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті
органдары:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі;
Қытай Тарапынан - Қытай Халық Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі болып табылады.
2. Құзыретті органдардың атаулары мен функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етеді.
6-бап
1. Осы Келісімнің орындалуын үйлестіруді 2011 жылғы 22 ақпандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық өзендер суының сапасын қорғау туралы келісімге сәйкес құрылған Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комиссиясы (бүдан әрі - Комиссия) жүзеге асырады.
2. Комиссия осы Келісімді іске асыру мақсатында қажет болуына қарай өз қызметін оның басшылығымен жүзеге асыратын жұмыс топтарын құрады.
3. Комиссия отырыстары Тараптар мемлекеттерінің аумағында кезек-кезек өткізіледі. Отырыс өткізу үшін қабылдаушы Тарап орын және көлік құралдарын ұсынады. Тараптар іссапарға жіберуге, тұруға және тамақтануға байланысты қаржылық шығыстарды дербес көтереді. Комиссияның жұмыс тілдері орыс және қытай тілдері болып табылады.
7-бап
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
8-бап
1. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса Тараптардың бірде біреуі өзі екінші Тараптан осы Келісімді іске асыру шеңберінде алған ақпаратты үшінші тарапқа бермейді.
2. Осы Келісімді іске асыру кезінде Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтерді екінші Тарапқа бермеуге құқылы.
9-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыруға байланысты қаржылық шығыстарды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
10-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
11-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану жөнінде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер және консультациялар жолымен шешеді.
12-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірде-біреуі кезекті кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, келесі бес жылдық кезеңдерге өздігінен ұзартылады.
2011 жылғы 13 маусымда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс және қытай тілдеріндегі мәтіндерге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
2011 жылғы 13 маусымда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық
департаментінің
Басқарма бастығы Н. Сакенов