Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын
(рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және
коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту
тұжырымдамасы туралы
Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі өз жұмысында осы Тұжырымдаманы басшылыққа алсын.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі өз шешімдерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2012 жылғы 25 мамырдағы
№ 674 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын
(рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және
коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ Мазмұны
1. Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттары
(рейтингтік агенттіктер, кредиттік бюролар) мен коллекторлық
агенттіктердің дамуын пайымдау
Кіріспе
Ағымдағы жағдайды талдау
Мақсаттар мен міндеттер
Орындалу кезеңдері мен күтілетін нәтижелері
2. Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері
3. Тұжырымдаманы іске асыру көзделіп отырған нормативтік құқықтық актілердің тізбесі
1. Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттары
(рейтингтік агенттіктер, кредиттік бюролар) мен коллекторлық
агенттіктердің дамуын пайымдау
Кіріспе
Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) ұлттық рейтингтік агенттіктердің, кредиттік бюролар мен коллекторлық агенттіктердің қызметін жақсарту, сондай-ақ экономикалық тәуекелдерді басқарудың жалпы жүйесіне осы институттар қызметінің оң әсеріне қол жеткізу мақсатында әзірленді.
Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспарының негізгі ережелеріне сай келеді және қаржы нарығының субъектілері көрсететін қызметтер спектрін кеңейтуге ықпал ететін болады.
Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді дамыту саласындағы қазіргі халықаралық тәжірибе де ескерілді.
Осы Тұжырымдама тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді дамытудың мемлекеттік саясатын қалыптастыру мен іске асыру тәсілдерінің бірлігін, сондай-ақ осы саланы реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру үшін әдіснамалық негізді қамтамасыз етуді көздейді.
Тұжырымдама тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді дамытудың негізгі мақсаттарын, міндеттерін, басымдықтарын, бағыттары мен күтілетін нәтижелерін айқындайды.
Ағымдағы жағдайды талдау
Жаһандық ауқымдағы дағдарыстық құбылыстар экономикалық тәуекелдерді басқару саласындағы бұған дейін болған тәсілдің жеткілікті түрде тиімді болмағанын және фрагментарлықпен, жүйеліліктің болмауымен, ал кейде жоғары дәрежелі субъективтілікпен сипатталғанын көрсетті. Әлемдік экономиканың дамуындағы жоғары айқынсыздық тәуекелдерді бағалау институттарының дамыған және кең ауқымды желісі болуының қажеттілігі жоғары екендігін тағы да көрсетті
Әлемдік экономикалық және ақпараттық кеңістікке кең ауқымда кіріктірілген және әлемдік капитал нарығына еркін қол жеткізуге және экономикаға шетел капиталын тартуға мұқтаж Қазақстан Республикасы тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын дамыту саласындағы мен озық халықаралық тәжірибе мен стандарттардың барлық аспектілеріне сәйкес болуға ұмтылуға тиіс.
Қазақстан Республикасындағы экономикалық тәуекелдерді басқаруды түсінуге қатысты жүйелік тәсілді қолданған кезде осы саладағы субъектілердің мынадай институционалдық жіктелуі анықталды:
1-санат. Тәуекелдерді бағалау үшін пайдалы деректер көзі (мемлекеттік және жеке деректер базаларындағы, оның ішінде банктердегі, кредиттік және басқа да қаржы ұйымдарындағы ақпарат).
2-санат. Ақпаратты өңдейтін және жүйелейтін, сондай-ақ ақпараттық сипаттағы қызметтерді көрсететін институттар (рейтингтік агенттіктер, кредиттік бюролар, статистикалық және талдамалық ақпарат ұсынатын ұйымдар).
3-санат. Ақпаратты мемлекеттік және мемлекеттік емес реттеу
(өзін-өзі реттеу) мақсатында пайдаланатын ұйымдар (уәкілетті мемлекеттік органдар, өзін-өзі реттейтін ұйымдар, биржалар, өзге де заңды тұлғалар).
4-санат. Ақпаратты өз тәуекелдерін бағалау үшін пайдаланатын ұйымдар (қаржы институттары, өзге де заңды тұлғалар).
Жинақтай алғанда, жоғарыда аталған санаттар тәуекелдерді басқару бойынша алдын алу тәсілінің негізін құрайды. Сондай-ақ тәуекелдерді іске асырудың теріс салдарын жоятан ұйымдар (уәкілетті мемлекеттік органдар, соттар, коллекторлық агенттіктер) іске асыратын қалпына келтіретін тәсіл бар.
Тәуекелдерді басқарудың қазіргі құрылымын назарға ала отырып, тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарына (рейтингтік агенттіктерге, кредиттік бюроларға) және коллекторлық агенттіктерге қатысты ағымдағы жағдайды талдау мынаны көрсетті.
Ұлттық рейтингтік агенттіктер.
Өткен жүзжылдықтың 20-жылдарынан бастап АҚШ-тың жетекші ақпараттық конгломераттары өз клиенттеріне бағалы қағаздарды бағалай отырып (рейтинг), жаңа қызмет түрін ұсына бастады. Moody's Investors Services (Dun Bradstreet бас компаниясы) және Standard & Poor's (McGrow Hill бас компаниясы) табысты бизнесі осылайша басталды. Аталған агенттіктер халықаралық рейтингтің жоғары деңгейін құрайды. Алайда, көрсетілген агенттіктер атынан бірінші деңгейдегі халықаралық рейтингтің табысты дамуы өңірлік немесе ұлттық агенттіктердің маңыздылығын төмендеткен жоқ. Осылайша, бірыңғай еуропалық валюта енгізілгеннен кейін Deutsche Ausgleichsbank неміс федералдық агенттігі қаржыландыратын еуропалық рейтингтік агенттігін құру талпыныстары жасалып жатыр, бұл Еуропа капиталдарының бірыңғай нарығына және өз мемлекеттерінен тыс еуропалық инвесторлардың қызығушылығына барынша тәуелді болып отырған ұсақ және орташа компаниялар туралы талдамалық ақпараттың жеткіліксіздігімен шартты байланысты болып отыр.
Қазіргі уақытта көптеген елдерде ішкі рейтингтерді ұсынатын ұлттық рейтингтік агенттіктер белсенді жұмыс істеуде, өйткені өз тәуекелдерін толық бағалау үшін инвесторлар түрлі деңгейдегі ақпарат көздерін пайдаланғанды дұрыс көріп отыр және "жергілікті" ерекшеліктерді білудің де маңызы бар. Ішкі нарықта қаржыландырылатын жергілікті қарыз алушылар жетекші әлемдік көшбасшылардың рәсімімен салыстырғанда барынша қарапайым және қымбат емес рәсімге қызығушылық білдіруде.
Бүгінгі күні Қазақстанда ұлттық рейтингтік агенттіктер (бұдан әрі – ҰРА) нарығында екі отандық рейтингтік агенттік ("Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы" рейтинг агенттігі және "KZ Ratings" рейтинг агенттігі) және ресейлік рейтингтік агенттіктің қатысуымен құрылған бір рейтингтік агенттік ("Эксперт РА Казахстан") бар. Көрсетілген рейтингтік агенттіктердің бағалаулары листинг мақсатында Қазақстан қор биржасында танылады.
ҰРА-ны листинг мақсатында танылатын тізбеге енгізу шетелдік рейтингтік агенттіктер арасынан ірі акционердің болуы, жарғылық капиталының белгілі бір мөлшерінің болуы, кәсіби этика кодексінің, рейтингтік комитет мүшелерінің ең аз санына және біліктілігіне қойылатын талаптардың болуы сияқты қажетті талаптар сақталған кезде жүзеге асырылады. Талаптардың сақталуын бақылауды биржа жүзеге асырады.
Қазіргі уақытта ҰРА қызметі мынадай факторлармен күрделіленген:
4) рейтингтік бағалауларды салыстыруды айқындау үшін қажетті дефолттар статистикасының болмауы (әр рейтингтік бағалау мәні бойынша дефолттар деңгейі туралы ақпарат);
5) ҰРА беретін рейтингтер сапасын қамтамасыз ету (сенімділік пен нақтылық);
6) бағалауларды беру әдіснамасы бойынша ҰРА қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету.
Кредиттік бюролар.
Қазақстанда қалыптасқан кредиттік тарихты қалыптастыру жүйесі бүгінгі күні "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС және "Орталық Азия кредиттік бюросы" ЖШС қызметінен тұрады.
Кредиттік бюроларды реттеу мен қадағалауды ақпаратты техникалық қамтамасыз ету және оның сақталу мәселелері бөлігінде ақпараттандыру саласында мемлекеттік саясат пен мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган және лицензиялау мен қызметті жүзеге асыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Кредиттік бюроларды реттеу мен қадағалау "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңына(бұдан әрі – Кредиттік бюролар туралы заң) және лицензиялау мәселелерін реттейтін және ақпараттық үдерістерді ұйымдастыруға қойылатын талаптарды белгілейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.
Дүниежүзілік Банктің жыл сайынғы "Бизнесті жүргізу" ("Doing Business") рейтингтік бағалауы бойынша әлемнің жүз сексеннен астам елінің арасында 2008 – 2011 жылдар ішінде:
1) Қазақстанның кредиттік ақпарат индексі 4-тен 5-ке дейін өсті (индекс мемлекеттік кредиттік тізілімнен немесе жеке кредиттік бюролардан алуға болатын кредиттік ақпаратпен қамтылуына, оның көлемі мен қол жетімділігіне әсер ететін қағидалар мен тәжірибелердің тиімділігін бағалайды);
2) жеке кредиттік бюроларда есепте тұратын адамдар саны (ересек халық %-ы) 13,7-ден 37,6%-ға артты, ол ТМД елдерінің ұқсас көрсеткіштерінен жоғары болып отыр: Ресей (35,8), Украина (17,0), Қырғызстан (18,7).
Кредиттік ақпаратты жинаудың қазіргі жүйесінің проблемалық аспектілері кредиттік бюролардың деректер базасында қамтылған ақпараттың нақтылығын қамтамасыз ету және кредиттік тарихтарды қалыптастыру жүйесімен ақпаратты барынша қамту мүмкіндігі мәселесі болып табылады.
Коллекторлық агенттіктер. Коллекторлық агенттіктер институт сияқты қаржы нарығының инфрақұрылымына жатады, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың берешектері бойынша төлемдер жасауға ықпал етеді.
Қазақстанда өзін коллекторлық агенттік ретінде шамамен жеті ұйым және жарғыларында борыштарды жинау және коллекторлық қызмет көрсету жөніндегі қызмет көрсетілген заң компанияларының бірқатары белсенді қызмет етеді. Сондықтан коллекторлық қызмет ерекшеліктерін қазіргі уақытта түсіну қиынға соғып отыр.
Тек қана коллекторлық қызметпен айналысатын ұйымдар арасында "КСС", "ЮСБ Коллектор Казахстан" және "ФАСП" сияқты коллекторлық агенттіктерді атауға болады. Негізінен коллекторлық агенттіктер банктермен байланысты құрылымдар болып табылады немесе "ЮСБ Коллектор Казахстан", "ФАСП" коллекторлық агенттіктері сияқты Ресейдің ірі коллекторлық компанияларының мүдделерін білдіреді және дебиторлық берешекті талап ету туралы шарттар негізінде қызмет етеді.
Қазіргі уақытта коллекторлық агенттіктердің қызметі арнайы заңнамамен реттелмейді, лицензияланбайды және оны мемлекет атынан уәкілетті органдар бақыламайды. Бірқатар коллекторлық агенттіктердің ішкі тәртіп кодекстері бар, оларды ұйым қызметкерлері борышкерлермен жұмыс істегенде ұстануы тиіс. Коллекторлық агенттіктер қызметінің оң факторы – олардың банктерді оларға тән емес берешекті жинау функциясынан босатуға, банк қызметінің имидж жақтарын жақсартуға жәрдемдесу, борышкерлермен кәсіби және барынша мұқият жұмыс істеу мүмкіндіктері, олардың тәртібіне мониторинг жүргізу, борыштарды жинау тарихын қалыптастыру болып табылады. Бұл борышты немесе оның бір бөлігін өндіріп алуға немесе банктерге борышты алу бойынша жұмыстың келешектегі перспективасы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді, мысалы, борышты кейіннен есептен шығару және құрылатын провизияларды азайту.
Коллекторлық агенттіктер борыштардың қайтарылуын қамтамасыз ету, борышты сатып алу, талап ету құқығын беру, сонымен қатар оны кейіннен секьюритилендіруді жүзеге асыру туралы шарт бойынша іс-қимылдар жүргізу туралы тапсырма шарты бойынша жұмыс жасай алады. Өз бетінше, өз қаражаты есебінен борышкермен жұмыс істеу бойынша коллекторлық тарихты қалыптастырып, кейін оны борышты одан әрі талап ету немесе есептен шығару кезінде шешім қабылдауда тәуелсіз мәлімет көзінің пікірі ретінде пайдаланып кредит берушіге сататын коллекторлық агенттіктер жұмысының осындай нысаны да кездеседі.
Алайда, кредиттік қаражатты қайтармау тәуекелімен байланысты теріс салдарды жоюдың нақты тетігі негізінен қазіргі уақытта үлкен операциялық жүктемеден тұратын және оның қатысушыларынан үлкен уақыт шығынын талап ететін дәстүрлі сот жүйесінің мүмкіндіктеріне ғана негізделеді.
Кредиттік берешекті талап етумен айналысатын тәуелсіз институттар (коллекторлық агенттіктер) жеткілікті түрде ашық емес және заңнаманың арнайы нормаларымен реттелмейді.
Орныққан түрде олардың қызметін кеңейту борышкерлер құқығының бұзылуымен байланысты, коллекторлардың заңды қызметін заңсызынан бөліп тұратын шектен асып кету тәуекелдеріне соқтыруы мүмкін.
Қазақстандағы коллекторлық қызметтің проблемалық аспектілеріне мыналар жатады:
1) коллекторлық агенттіктерді аккредиттеудің болмауы және олардың мемлекеттік реттелмеуі;
2) персоналға қойылатын біліктілік талаптарының болмауы және коллекторлық агенттіктерге бұрын қылмысты болған және қылмысты мінез-құлықты сипаттағы адамдардың ену қауіпі;
3) прокуратура органдары тарапынан жалпы қадағалау шеңберінде ден қою әдістерін қоспағанда, коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің борышкерлердің заңсыз қызметке шағымдануы кезінде тәртібін бағалау және коллекторлық агенттікке уәкілетті мемлекеттік орган тарапынан әрекет ету мүмкіндігінің болмауы;
4) қызметінің анық еместігі және кредит берушілер мен борышкерлердің заңды құқықтарының бұзылу қауіптері.
Барлық дамыған елдерде коллекторлық ұйымдар бұрыннан іскер қауымдастықтың ажырамас бөлігі болып табылады, олардың қызметтерін көптеген ұйымдар, оның ішінде қызмет үдерісінде қызметтер мен тауарлар үшін мерзімі өткен берешектер туындайтын банктер, сақтандыру, телекоммуникациялық және басқа ұйымдар пайдаланады.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Конституциясының 8-бабының 2-тармағында әркiм өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерiнiң, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарламаларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар.
Бұл құқықты шектеуге заңмен тікелей белгіленген тәртіппен және жағдайларда ғана рұқсат етіледі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабының 1-тармағына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн.
Бұдан басқа, коллекторлық агенттіктердің мәртебесін анықтау кезінде олар қаржы нарығы инфрақұрылымының бөлігі ретінде қарастырылмау керек, себебі көптеген жағдайда коллекторлардың банктердің мерзімі өткен қарыздары бойынша жұмысын ескере отырып, коллекторлық қызмет қаржылық қызметке жатпайтынына назар аударған жөн. Бұдан басқа, коллекторлық агенттіктер азаматтық-құқықтық шарт шеңберінде берілген мерзімі өткен қарыздар, коммуналдық берешектер, сондай-ақ кез келген мерзімі өткен борыштар бойынша жұмыс істей алады.
Коллекторлық агенттіктер қызметінің мәселесі мыналармен байланысты мәселелерді талдауды ескере отырып анықталуы тиіс:
1) коллекторлардың бірыңғай базасының болмауы (саны, ұйымдастыру-құқықтық нысаны), оны құру қажеттілігі (тізілімді жүргізу);
2) жасалатын шарттар саны туралы мәліметтің болмауы, оның ішінде қаржы нарығы субъектілерімен жасасқан шарттар саны, тиісінше коллекторлардың қызметтерін пайдалану көлемі, коллекторлық қызметті пайдалану арқылы қарызды өтеу мен коллекторлық қызметті пайдаланушыларын анықтаудың пайыздық қатынасы;
3) коллекторлар қызметіне шағымдануларға, сондай-ақ коллекторлар қатысатын сот талқылауына қатысты ақпараттың (статистика) болмауы;
4) берешектердің коллекторлар қайтарған борыш сомаларымен ара қатынасы.
Шет елдердің, атап айтқанда АҚШ тәжірибесі бойынша коллекторлық агенттік қызметкерлері жасауға тыйым салынған іс-қимылдар тізбесін, сондай-ақ қандай да бір іс-қимылдар жасаудың құқықтық негіздерін анықтау қажет.
Сондай-ақ коллекторлық агенттіктердің мемлекеттік атқарушы және құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимыл тетіктерін егжей-тегжейлі айқындау қажет.
Осы ережелерді іске асыру шеңберінде заңнамалық түрде коллекторлық агенттіктің ұғымын, оның мәртебесін, құрылу тәртібін, қызмет қағидаттарын, коллекторлардың міндеттері мен заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік шараларын, сондай-ақ олардың қызметін мемлекеттік реттеу қажеттілігін "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау жолымен бекіткен орынды болып табылады.
Осындай заңды іске асыру банктік мекемелердің қызметіне оң әсер етеді және борышкерлермен жұмыс бойынша соттардан жүктемені азайтады.
Мақсаты мен міндеттері
Осы Тұжырымдама мемлекеттік емес, тәуелсіз институттарға да, экономикалық тәуекелдерді басқару және ақпаратты тарату жүйесін реттеу мен жетілдірудің жалпы мәселелеріне де қатысты болады. Бұл ретте дағдарысты еңсерудің әлемдік тәжірибесі көрсеткендей, осы институттар мен тәуекелдерді бағалауға қатысты дәстүрлі тәсілдер әрдайым жаңғыртуды талап етеді.
Тұжырымдама елдің инвестициялық ахуалын Қазақстан Республикасындағы тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру арқылы жақсартуға бағытталған, атап айтқанда, ұлттық рейтингті пайдалану үшін негіздерді жетілдіру, кредиттік бюролар қызметін ақпараттың сапасын қамтамасыз ету мақсатында регламенттеу, сондай-ақ коллекторлық агенттіктер қызметін жақсарту.
Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер айқындалған:
5) ҰРА қызметін ұйымдастыру тетігін жақсарту;
6) кредиттік бюро деректер базаларындағы ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз ету, сондай-ақ кредиттік бюродағы ақпараттың қамтылуын арттыру;
7) коллекторлық агенттіктер қызметінің салалық стандарттарын енгізу және мемлекеттік реттеу есебінен олардың қызметінің тиімділігін арттыру;
8) коллекторлық агенттіктер қызметі үдерісінде борышкерлер мен кредит берушілердің құқықтарын қорғау бойынша теңгерімді қамтамасыз ету.
Тұжырымдаманың орындалу кезеңдері мен оны іске асырудан
күтілетін нәтижелер
Қойылған міндеттерге қол жеткізу нәтижесінде тәуекелдерді басқару жүйесін жақсарту есебінен экономикалық тәуекелдер азайтылады. Бұл ретте тәуекелдерді басқару екі соңғы позициядан алшақтайды: оң факторды формальдандыру және теріс факторды формальдандыру.
Мәселен, елде кредит берудің өсуі кезеңінде тәуекелдерге қатысты жалпы оң көрініс қаржы институттары тарапынан тәуекелдердің егжей-тегжейлі немесе жеке аспектілерінің еленбеуіне байланысты формальды түрде әсер етті, өйткені жалпы оң фактор басым болып, жеке аспектілерді ескермеу салдарынан пайда болған жағымсыз салдарды жапты. Негізінен, банктердің қарыздары бойынша жалпы табыстылықтың өсуі олардың фрагментарлық шығындарынан асып жатты. Кейін жаһандық қаржы дағдарысы өзгеше түрленуге алып келді, ол тәуекелдерді басқарудағы назарды диаметралдық кері жаққа қарай бұрды. Тәуекелдерді басқарудағы оң өзгерістер ретінде қаржы институттары тәуекелдерін бағалау әдістемелерін жекелендіру дәрежесі ҰРА қызметін жандандыру, кредиттік бюролардың деректер базасында қамтылған ақпараттың нақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ аудиторияны қамтуды кеңейтуге байланысты күшейтілетін болады.
ҰРА рейтингтерінің болжамдары ішкі нарықты тереңдетіп талдауға және ел ішіндегі өзгеру жағдайлары көрінісіне негізделетіні күтілуде. ҰРА отандық эмитенттермен және инвесторлармен тығыз өзара іс-қимылда болады және ел ішінде ерекше білімдер жинақтауға, ұлттық сарапшылар пулын қалыптастыруға ықпал етеді.
Ұлттық рейтинг жүйесін жетілдіруге қатысты бұл тәсілді Қазақстанның инвестициялық нарығын жандандырып, шетел инвестицияларын тарту мен Қазақстандағы экономикалық ахуалды жалпы нығайту мен тұрақтандыруға ықпал етеді.
Кредиттік бюролардағы ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету осы сектордың одан әрі дамуына оң ықпалын тигізеді және кредиттік бюролар көрсететін қызметтердің сапасын арттырады, сондай-ақ "кредиттік ақпарат индексі" көрсеткішін жақсартуға және Дүниежүзілік Банктің рейтингі бойынша "кредиттерді алу" индикаторы бойынша Қазақстан Республикасының позициясын көтеруге ықпал етеді.
Қазақстан нарығында коллекторлық ұйымдардың қызметін жандандыру тәуекелдерден туындаған теріс салдарды жоюға ықпал етеді, алайда мемлекет тарапынан жіті назар бөлуді талап етеді, өйткені кредиторлық берешекті талап ету үдерісінде азаматтардың конституциялық құқықтары атап айтқанда, тұрғын үйге қол сұқпаушылық құқығы, сот қорғауы құқығы және басқа да құқықтары бұзылуы мүмкін. Коллекторлық қызмет үшін қағидалар жинағын қабылдау кредитордың арасындағы құқықтарын қорғау және өзін-өзі басқару арасындағы шекті анықтау мақсатында қажет. Бұл кредитордың мүдделеріне де, борышкерлердің мүдделеріне де оң ықпал етеді.
Тұтастай алғанда, тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын және коллекторлық агенттіктерді дамыту 5 жыл ішінде жүзеге асырылады.
2. Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын және
коллекторлық агенттіктерді дамытудың негізгі қағидаттары мен
жалпы тәсілдері
Жалпы негізгі қағидаттар мен тәсілдер
Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын дамытудың негізгі бірінші қағидаты аталған институттарды тәуекелдерді басқарудың жалпы жүйесінің құрамдас элементтері ретінде қарау үшін жүйелі тәсіл қағидаты болуы тиіс.
Жүйелік тәсіл тәуекелдерді басқаруды құрылымдауға, тәуекелдерді (белгілі бір жағдайды тәуекел деп тану), тәуекелдердің рейтингісін анықтауға (тәуекелдердің өзін бағалау), тәуекелдер туралы ақпараттың деректер базасын мониторингілеуге және жүргізуге бағытталған тәуекелдер мен рәсімдерді бағалау жөніндегі қызметке қатысы бар институттар тізбесін айқындауға, сондай-ақ тәуекелдер туралы ақпараттың превентивтік басқарушылық шешімдер қабылдауға ықпал ету тетігін айқындауға мүмкіндік береді.
Екінші негізгі қағидат мемлекеттік және корпоративтік секторлардан, сондай-ақ барлық мүдделі тараптардан тәуелсіз болу қағидаты болып табылады.
Дағдарыстан кейінгі экономика жағдайында, тәуекелдерді басқару жүйесінің мемлекеттік емес құрамдас бөлігін күшейту аясында нарық субъектілерінің жағдайы туралы ақпараттың жеткіліксіздігі проблемаларын шешетін тәуелсіз институттардың – ҰРА және кредиттік бюролардың рөлі артады.
Мемлекеттік емес құрамдас бөлікке келетін болсақ, оның басымдылығы мемлекеттік реттеу жүктемесін және мемлекеттік бюджет шығыстарын азайту, төрешілдік дәрежесін төмендету, ақпараттық ресурстарға монополияны болдырмау және нарық қатысушыларының бастамашылық әрекеттерін ынталандыру қажеттілігіне негізделген.
Үшінші қағидат тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттары (рейтингтік агенттіктер, кредиттік бюролар) мен коллекторлық агенттіктер үшін шынайы ақпараттың ашықтығы мен қол жетімділігі болып табылады.
Ұлттық рейтингтік агенттіктерді дамытудың негізгі қағидаттары
мен жалпы тәсілдері
Осы Тұжырымдамаға сәйкес ҰРА дамытудың негізгі қағидаттары:
1) ҰРА-ның заңнамада белгіленген шектеулермен қоса (жарғылық капиталдың бес пайызынан аспайтын) институционалдық инвесторларды қоспағанда, қаржы құралдарының эмитенттері болып табылатын заңды тұлғалардың рейтингтік агенттіктерінің жарғылық капиталдарына қатысуға тыйым салуды білдіретін қаржылық құралдардың эмитеттерінен тәуелсіздігі;
2) ҰРА қызметіндегі бәсекелестік;
3) рейтингтік бағалау берудің еріктілігі;
4) лауазымды тұлғалар мен ҰРА сарапшыларының рейтингтерді беру жөніндегі қызметте рейтингті жүзеге асыруға негіз болатын көрінеу жалған ақпаратты пайдаланғаны немесе ақпаратты қасақана бұрмалағаны, сондай-ақ жария ақпаратқа жатпайтын ақпаратты рұқсатсыз және мақсатсыз жария еткені мен пайдаланғаны үшін жауапкершілігі;
5) ҰРА пайдаланатын рейтингтік әдістемелердің ашықтығы болып табылады.
Кредиттік бюроларды дамытудың негізгі қағидаттары
мен жалпы тәсілдері
Осы Тұжырымдамаға сәйкес кредиттік бюроларды дамытудың негізгі қағидаттары:
1) заңнамаға сәйкес кредиттік бюроның жарғылық капиталының жиырма бес пайызынан аспайтын мөлшерде ақпаратты кредиттік бюроларға міндетті жеткізушілер және алушылар болып табылатын ұйымдар үшін жеке меншік кредиттік бюроның жарғылық капиталына қатысу үлестерін шектеу;
2) кредиттік тарихтың ақпаратын кредит қызметтері нарығында жосықсыз бәсекелестік мақсатында пайдаланғандығы үшін кредиттік бюролар лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі болып табылады.
Кредиттік бюроларды дамытудың жалпы тәсілдері ретінде осы Тұжырымдамада:
1) кредиттік тарихтың деректер базасында қамтылған ақпараттың дұрыстылығын;
2) кредиттік бюролардың ақпаратты кеңінен қамтуын қамтамасыз ету көзделеді.
Коллекторлық агенттіктерді дамытудың негізгі қағидаттары
мен жалпы тәсілдері
Осы Тұжырымдамаға сәйкес коллекторлық агенттіктерді дамытудың негізгі қағидаттары:
1) коллекторлық агенттіктер қызметін мемлекеттік реттеу;
2) коллекторлық агенттіктердің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің коллекторлық қызметті жүзеге асыру кезінде заңнама талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілігі болып табылады.
Коллекторлық агенттіктерді дамытудың жалпы тәсілдері ретінде осы Тұжырымдамада:
1) коллекторлық агенттіктердің құқықтық мәртебесін заңнамалық түрде бекіту, оларды құрудың, қызметінің тәртібін құзыретінің шегі мен жауапкершілігін заңнамалық реттеу;
2) коллекторлық агенттіктердің басшы қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарын;
3) коллекторлық агенттіктердің жеке сот орындаушыларымен өзара әрекетін заңнамалық түрде бекітуді көзделеді.
Белгіленген міндеттерді шешудің тиімді тәсілдері мен әдістері
Осы Тұжырымдаманы іске асыру мақсатында мынадай тиімді тәсілдер мен әдістер пайдаланылады:
5) заңнама мен құқық қолдану практикасында жалпы заңдылықтар мен үрдістерді анықтау мақсатында тарихи талдау;
6) халықаралық практиканың Қазақстан үшін ең нәтижелі және қолайлы үлгілерін енгізу мақсатында оң мысалдарға негізделетін салыстырмалы талдау;
7) экономикалық тәуекелдерді басқарудың жалпы жүйесінің және олардың белгіленген жүйе шеңберіндегі орны мен рөлін түсінудің құрамдас элементтері ретінде тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын және коллекторлық агенттіктерді түсінуге негізделетін жүйелік талдау;
8) жоғарыда аталған институттарды дамыту үшін ыңғайлы бастапқы жағдай жасау мақсатында барлық қажетті нормативтік құқықтық актілерді бір уақытта әзірлеу мен қабылдаудан тұратын кешенді тәсілдер.
3. Тұжырымдаманы іске асыру көзделіп отырған нормативтік құқықтық актілердің тізбесі
Осы Тұжырымдаманы іске асырудың қазіргі құралдары:
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы;
2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;
3. Қазақстан Республикасының Азаматтық-іс жүргізу кодексі;
4. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;
5) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;
6) "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюро және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;
7) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 923 Жарлығымен мақұлданған Қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасы және тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттары мәселелерін қозғайтын өзге де нормативтік құқықтық актілер.
Бұдан басқа, осы Тұжырымдаманы 2014 жылға қарай "Коллекторлық агенттіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу арқылы іске асыру көзделіп отыр.