Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 10 шілдедегі
№ 928 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралыКЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі;
өзара құрметке негізделген және Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы мүдделеріне қатынастарды дамытуға ниет білдіре отырып;
1995 жылғы 19 маусымда Брюссельде қол қойылған Солтүстік Атлант Шартына қатысушы мемлекеттер мен «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасына қатысатын басқа да мемлекеттер арасындағы олардың Қарулы Күштерінің мәртебесіне қатысты келісімнің және оған Қосымша хаттаманың ережелерін назарға ала отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Жалпы ережелер
1. Осы Келісім тең құқықтық, серіктестік және өзаралық қағидаттарына негізделген Тараптар арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастыққа қатысты жалпы ережелерді қамтиды.
2. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар мыналар болып табылады
Қазақстан тарапынан – Қорғаныс министрлігі;
Польша тарапынан – Ұлттық қорғаныс министрі.
2-бап
Анықтамалар
Осы Келісім мақсаттарында мынадай анықтамалар пайдаланылады:
1) «әскери персонал» – Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері;
2) «азаматтық персонал» – Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы Қарулы Күштерінің және қорғаныс мәселелері бойынша уәкілетті министрліктерінің қызметшілері;
3) «жіберуші Тарап» – осы Келісімнің ережелеріне сәйкес әскери және/немесе азаматтық персоналды жіберетін Тарап;
4) «қабылдаушы Тараптар» – осы Келісімнің ережелеріне сәйкес жіберуші Тараптың әскери және/немесе азаматтық персоналын қабылдайтын Тарап.
3-бап
Ынтымақтастық салалары
Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай салаларды қамтиды:
1) қорғаныс саясаты;
2) әскери кадрларды даярлау;
3) бірлескен әскери оқу-жаттығуларды өткізу;
4) бітімгершілік операциялар;
5) әскери тарихты қоса алғанда, әскери ғылым;
6) Қазақстан Республикасының және Польша Республикасының Қарулы Күштерін тылдық қамтамасыз ету;
7) Қазақстан Республикасының және Польша Республикасының ұлттық заңнамасын ескере отырып, әскери-техникалық қызмет;
8) әскери медицина және әскери-медициналық қамтамасыз ету;
9) қорғаныс саласындағы құқықтық және экономикалық мәселелер;
10) ақпараттық және коммуникациялық технологияларды әскери қолдану;
11) әскери және азаматтық персонал үшін спорттық, мәдени және бос уақытты өткізу іс-шараларын ұйымдастыру;
12) Тараптардың уағдаластығы бойынша өзге де салалар.
4-бап
Ынтымақтастық нысандары
Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) ресми сапарлар және жұмыс кездесулері;
2) әр түрлі мәселелер бойынша конференциялар, консультациялар және семинарларға қатысу;
3) әскери білім беру іс-шаралары;
4) әскери және азаматтық персоналдың бірлескен әскери оқу-жаттығуларға қатысуы;
5) мәліметтермен, құжаттамамен және оқу материалдарымен алмасу;
6) әскери және азаматтық персоналдың спорттық, мәдени және бос уақытты өткізу іс-шараларына қатысуы;
7) Тараптардың уағдаластығы бойынша басқа да ынтымақтастық нысандары.
5-бап
Ынтымақтастық жоспарлары
1. Ынтымақтастық жоспарларын осы Келісімнің 1-бабының 2-тармағында көрсетілген органдар белгілі бір кезеңге жасайды және оған белгіленген тәртіппен уәкілетті өкілдер қол қояды.
2. Тараптардың уәкілетті органдарының өзара келісуі бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген ынтымақтастық жоспарларына жазбаша нысанда өзгерістер енгізілуі мүмкін.
6-бап
Әскери және азаматтық персоналдың мәртебесі
Әскери және азаматтық персоналдың мәртебесі олар осы Келісімде көзделген іс-шараларға қатысу мақсатында Қазақстан Республикасының немесе Польша Республикасының аумағында болған кезде 1995 жылғы 19 маусымда Брюссельде қол қойылған Солтүстік Атлант Шартына қатысушы мемлекеттер мен «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасына қатысатын басқа да мемлекеттер арасындағы олардың Қарулы Күштерінің мәртебесіне қатысты келісімнің және оған Қосымша хаттаманың ережелеріне сәйкес айқындалады.
7-бап
Қаржылық мәселелер
1. Осы Келісім шеңберіндегі іс-шараларды қаржыландыру мынадай қағидаттарға сәйкес жүзеге асырылады:
1) Жіберуші Тарап өзінің әскери және азаматтық персоналына:
а) Қазақстан Республикасының немесе Польша Республикасының аумағына дейін жол жүру және одан кері қайту;
б) тұру және тамақтану;
в) қажетті медициналық көмек көрсетуді сақтандыруды;
г) Қазақстан Республикасының немесе Польша Республикасының аумағына/аумағынан кіру және шығу үшін тиісті құжаттарды ресімдеу жөніндегі шығыстарды толық төлейді;
2) Қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың әскери және азаматтық персоналына:
а) өз мемлекетінің аумағы бойынша орын ауыстыру;
б) мәдени бағдарламаларды өткізу жөніндегі шығыстарды толық төлейді.
2. Осы Келісімнің 3-бабының 2 - 4 және 11-тармақтарында көрсетілген ынтымақтастық салалармен байланысты қаржы мәселелері жеке шарттарда көзделеді.
3. Аса қажет болған жағдайда қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың әскери және азаматтық персоналын медициналық және стоматологиялық көмекпен қамтамасыз етеді. Жіберуші Тарап мұндай көмекпен байланысты шығыстарды қабылдаушы Тараптың тиісті жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап 30 күн ішінде қабылдаушы Тарапқа өтейді.
8-бап
Құпия ақпаратты өзара қорғау
Тараптар осы Келісім шеңберінде алмасатын құпия ақпаратты өзара қорғау жеке халықаралық шарт негізінде жүзеге асырылады.
9-бап
Дауларды шешу
Тараптары арасындағы осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты келіспеушіліктер консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.
10-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Осы Келісімге Тараптардың жазбаша келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
11-бап
Күшіне ену және қолданылуын тоқтату
1. Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
3. Осы Келісім бір Тарап екінші Тараптың осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап 180 күн өткеннен кейін өз қолданысын тоқтатады.
20__ жылғы «___» __________ _____________ қаласында әрқайсысы қазақ, поляк және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Польша Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін