Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық аймақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы
экономикалық аймақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 22-І, 22-ІІ, 112-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16, 18-құжаттар; № 13-14, 63-құжат; № 15-16, 74-құжат; № 17, 82-құжат; № 18, 84-құжат; № 23, 100-құжат; № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 1-2, 5-құжат; № 5, 23-құжат; № 7, 28, 29-құжаттар; № 11, 58-құжат; № 15, 71-құжат; № 17-18, 112-құжат; № 22, 130, 132-құжаттар; № 24, 145, 146, 149-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 2, 21, 25-құжаттар; № 4, 37-құжат; № 6, 50-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 13, 116-құжат; № 14, 117-құжат; № 15, 120-құжат; № 16, 128-құжат; № 20, 151-құжат; № 21, 161-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 11, 15-құжаттар; № 3, 21, 22, 25, 27-құжаттар; № 4, 32-құжат; № 5, 35-құжат; № 6, 43, 44-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 10, 77-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 92, 94-құжаттар; № 15, 97-құжат):
1) 151-2-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Кодекстің 150-бабының 1-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасын қолдану мақсатында мыналар «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын құру мақсаттарына сәйкес келетін қызмет түрлері болып табылады:
1) химия өнеркәсібі өнімдерін ендіру;
2) мұнай-химия өнімдерін өндіру;
3) арнайы экономикалық аймақтарды құру және олардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органның арнайы экономикалық аймақ құру мақсаттарына құрылыс объектісінің сәйкес келетіндігі туралы қорытындысы болған кезде, жобалау-сметалық құжаттама шегінде тікелей осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған объектілерді салу және пайдалануға беру.»;
2) 151-2-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы тармақтың ережелері осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген қызмет түріне қолданылмайды.».
2. «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 2011 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы 2011 ж., № 15, 119-құжат; 2012 ж., № 2, 14-құжат):
1) 4-бап мынадай мазмұндағы 8-1) және 8-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«8-1) арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдаланудың (жалдаудың) үлгі шартын бекіту;
8-2) арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдаланудың (қосалқы жалдаудың) үлгі шартын бекіту;»;
2) 8-бапта:
2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Арнайы экономикалық аймақтар азаматтардың және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігіндегі жер учаскелерінде де құрылады.»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым түрлерін жүзеге асыруға арналған мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері арнайы экономикалық аймақтың қатысушысына Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беріледі.
Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, инфрақұрылым объектілерін салуға, сондай-ақ қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері басқарушы компанияға Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беріледі.
Басқарушы компания қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жер учаскелерін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) беруге құқылы.
Басқарушы компанияның жалға алуына уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) берілген, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілері де берілуі мүмкін.
Басқарушы компания қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) берілген, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілерін бере алады.»;
мынадай мазмұндағы 4-1 және 4-2-тармақтармен толықтырылсын:
«4-1. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым және/немесе қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған жеке меншіктегі жер учаскелерін олардың меншік иелері уақытша өтеулі пайдаланудың (жалдаудың) үлгі шартына сәйкес басқарушы компанияға уақытша өтеулі пайдалануға (жалға) бере алады.
Басқарушы компания арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым және қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған жеке меншіктегі жер учаскелерін арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына немесе қызметтің қосалқы түрін жүзеге асыратын тұлғаларға уақытша өтеулі кейінгі пайдаланудың (қосалқы жалдаудың) үлгі шартына сәйкес уақытша өтеулі кейінгі пайдалануға (қосалқы жалға) беруге құқылы.
Егер арнайы экономикалық аймақ қатысушысы немесе қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлға қызметін өзіне меншік құқығында тиесілі жер учаскелерінде жүзеге асыратын болса, жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) шарты жасалмайды.
4-2. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдаланудың (жалдаудың) және уақытша өтеулі кейінгі пайдаланудың (қосалқы жалдаудың) үлгі шарттарында тиісінше мыналар қамтылуға тиіс: маңызды шарттар, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту шарты және уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) шартын, уақытша өтеулі кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шартын мерзімінен бұрын бұзудың негіздемесі және шарттары, сондай-ақ азаматтық заңнамаға сәйкес басқа да шарттар.»;
3) 9-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Арнайы экономикалық аймақ қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтінім берушінің техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес келетін мөлшерде қаржымен қамтамасыз етілуі болуға тиіс.
Арнайы экономикалық аймақ қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтінім берушінің қаржылық қамтамасыз етілуі мынадай тәсілдермен:
1) ақша қаражатымен;
2) банк кепілдігімен;
3) кепілгерлікпен;
4) мүлік кепілімен;
5) сақтандыру шартымен қалыптастырылады.
Арнайы экономикалық аймақ қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтінім беруші қаржылық қамтамасыз ету тәсілдерінің кез келгенін, оның ішінде екі немесе бірнеше тәсілді қосу арқылы таңдауға құқылы.»;
10-баптың 2-тармағының бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:
«11) өтінім берушінің қаржылық қамтамасыз етуінің болуын растайтын құжаттар.».
2-бап. Осы Заң 1-баптың 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті