Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Жоба
Қазақстан Республикасының
Заңы Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА)
Жарғысын ратификациялау туралы
2009 жылғы 26 қаңтарда Бонн қаласында жасалған Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысы ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Бейресми аударма
Жаңартылатын энергия жөнiндегi халықаралық агенттiктiң (ИРЕНА)
ЖАРҒЫСЫ
Осы Жарғыға қатысушы мемлекеттер
Тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңартылатын энергияны кеңiнен таратуды және пайдалануды ынталандыруға ықылас бiлдiре отырып;
Энергетикалық қауiпсiздiк пен энергия тасымалдағыштарға деген өзгермелі бағалар проблемаларын бiртiндеп шешу үшiн жаңартылатын энергия беретiн кең көлемдегi мүмкiндiктерге кәмiл сене отырып;
Жаңартылатын энергияның климатты тұрақтандыруға ықпал ететiн және көмiрдi аз тұтынатын экономикаға экологиялық тұрғыдан ұтымды, қауiпсiз және бiрте-бiрте көшудi мүмкiн ететiн, парниктік газдардың атмосфераға шоғырлануын азайтуға қосатын қомақты үлесiне деген сенiммен;
Жаңартылатын энергия технологияларының тұрақты экономикалық өсуге және жаңа жұмыс орындарын құруға қолайлы әсерiн күшейтуге ұмтыла отырып;
Әсiресе дамушы елдерде энергияға орталықсыздандырып қол жеткiзудi қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ оқшауланған, алыстағы аудандар мен аралдарда энергияға қол жеткiзудi қамтамасыз ету үшiн жаңартылатын энергияның орасан зор әлеуетiн ықыласпен атап көрсете отырып;
Халықтың денсаулығы үшiн отынның қазба түрлерiн пайдаланудың және дәстүрлi биомассаны тиiмсiз пайдаланудың айтарлықтай терiс зардаптарына байланысты алаңдаушылық бiлдiре отырып;
Жаңартылатын энергияның энергия пайдаланудың жоғары тиiмдiлiгiмен бiрге, болашақта едәуiр өседi деп болжанып отырған энергияға деген әлемдiк сұранысты барған сайын қанағаттандыра түсуге қабiлеттi екендiгiне сене отырып;
Өз мүшелерiнiң арасындағы ынтымақтастықты ыңғайластыратын және жаңартылатын энергияны пайдалануды көтермелейтiн қазiргi ұйымдармен тығыз байланыста әрекет ететiн жаңартылатын энергия жөнiндегi халықаралық ұйым құруға деген өзiнiң ықыласын растай отырып;
Төмендегiлер туралы келiстi:
I бап
Агенттiктi құру
А. Осы Жарғының мүше мемлекеттері мынадай жағдайларға сәйкес Жаңартылатын энергия жөнiндегi халықаралық агенттiктi (бұдан әрi - Агенттiк) құрады.
В. Агенттiк өзiнiң қызметiнде барлық мүшелерiнiң теңдiгi қағидатын басшылыққа алады және тиiстi тұрғыда мүшелердiң егемен құқықтары мен өкiлеттiктерiн ескередi.
II бап
Мақсаттары
Агенттiк мыналарды:
а) жаңартылатын энергияны құрамдастыра пайдалану және энергия пайдалану тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi шараларды iске асыру нәтижесiнде алынған мемлекеттiк және мемлекетiшiлiк артықшылықтар мен игiлiктердi;
b) табиғи ресурстарға қысымды шектеу, орман селдіреуінің азаюына (әсiресе, тропикалық аудандарда), шөлейттенуге, биологиялық вариативтiлiктi жоғалтуға қарсы күрес арқылы қоршаған ортаны қорғау үшiн, климатты қорғау; кедейлiктi жоюды және тұрақты дамуды қоса алғанда, экономикалық өсу және әлеуметтiк ынтымақтастық үшiн, энергия көздерiне қауiпсiз қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету үшiн; өңiрлiк даму мен бүгiнгi және болашақ ұрпақтардың өзара жауаптылығы үшiн жаңартылатын энергияның мәнiн назарға ала отырып, жаңартылатын энергияның барлық түрлерiн кеңiнен таратуды және тұрақты пайдалануды ынталандырады.
III бап
Анықтама
Осы Жарғының мақсаттары үшiн «жаңартылатын энергия» терминi экологиялық ұтымды тәсiлмен жаңартылатын көздерден алынған энергияның барлық түрiн бiлдiредi, атап айтқанда:
1. биоэнергия;
2. геотермальдық энергия;
3. су энергиясы;
4. басқалармен бiрге, толқындар энергиясын және мұхиттың жылу энергиясын қоса алғанда, мұхит энергиясы;
5. күн энергиясы;
6. жел энергиясы.
IV бап
Қызмет түрлерi
А. Жаңартылатын энергия технологиялары саласындағы сараптамалық орталық бола тұра, жаңартылатын энергияны пайдалану саласындағы саясатты әзiрлеу және нақты iске асыру үшiн қажеттi жәрдем көрсете отырып, жаңартылатын энергияға қатысты барлық мәселелер бойынша қолдау көрсете және мемлекеттерге тиiмдi дамудан, тәжiрибе мен технологиялар алмасудан пайда табуға көмектесе отырып, Агенттiк мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асырады:
1. әсiресе, өз мүшелерiнiң мүддесi үшiн әрекет ете отырып, Агенттiк:
а) талдау, мониторинг және мүше мемлекеттерге осы саладағы саясатқа қатысты мiндеттемелер жүктемей, осы саладағы саясатты iске асыру тетiктерiн, көтермелеу мен жеңiлдiктердi, инвестициялау тетiктерiн, ұсынылатын практикаларды, қолжетiмдi технологияларды, интеграцияланған жүйелер мен жабдықтарды, сондай-ақ осы практиканың табыстылығына әсер ететiн факторларды қоса алғанда, жаңартылатын энергия саласындағы қазiргi практиканы жүйелеудi жүргiзедi;
b) пiкiрталастарға бастамашы болады және басқа үкiметаралық және үкiметтiк емес ұйымдармен және олардың осы және шектес салалардағы жүйелерiмен өзара iс-қимылды қамтамасыз етедi;
с) мүшелердiң сұрау салуы бойынша, олардың мұқтажын назарға ала отырып, осы саладағы саясат мәселелерi бойынша консультация берудi жүзеге асырады, жаңартылатын энергия саласындағы саясатқа, мұндай саясаттың негiзгi шарттарына қатысты пiкiрталасты халықаралық деңгейде қолдайды;
d) тиiстi бiлiмiн тереңдетедi, технологияларды беруге жәрдемдеседi, мүше мемлекеттердiң әлеуетiн дамытуды ынталандырады, осы байланыс үшiн қажеттiнi қолдайды;
е) кадрларды даярлау мен оқытуды қоса алғанда, мүше мемлекеттердiң әлеуетiн арттыруға мүмкiндiк жасайды;
f) мүшелердiң сұрау салуы бойынша жаңартылатын энергияға байланысты жобаларды қаржыландыруға қатысты консультация берудi жүзеге асырады, тиiстi тетiктердi қолдануға ықпал етедi;
g) әлеуметтiк-мәдени саладағы зерттеулердi қоса алғанда, зерттеулердi көтермелейдi, ғылыми-зерттеу жүйелерiн құруға, бiрлескен зерттеулер жүргiзуге, жаңа технологияларды дамытуға және өрiстетуге жәрдемдеседi;
h) әртүрлi халықаралық форумдарға қатысуға байланысты мұқият зерттеудiң негiзiнде жаңартылатын энергия саласындағы ұлттық және халықаралық техникалық стандарттарды дамыту мен енгiзуге қатысты ақпарат ұсынады.
2. бұдан басқа, Агенттiк жаңартылатын энергияны пайдалануға берiлетiн игiлiктер мен мүмкiндiктерге қатысты ақпаратты таратады және қоғамдық хабардарлықтың деңгейін арттырады.
В. Агенттiк өз қызметiн жүзеге асыру барысында:
1. халықаралық бейбiтшiлiк пен ынтымақтастыққа жәрдемдесу мақсатында Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен ұстанымдарына сәйкес және Бiрiккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму саласындағы стратегияларына сәйкес іс-қимыл жасайды;
2. өз ресурстарын, оларды тиiмдi пайдалануды, дамушы елдердiң, алыстағы және оқшауланған өңiрлер мен аралдардың ерекше қажеттiлiктерiн назарға ала отырып, Агенттiктiң мақсаттарын тиiстi дәрежеде iске асыруды және Агенттiктiң мүшелерi үшiн және әлемнiң барлық өңiрлерiнде мүмкін болатын пайданы барынша алу жөнiндегi оның қызметiн жүзеге асыруды қамтамасыз ететіндей етіп бөледi;
3. функцияларды қажетсiз қайталауға жол бермеу, осы саладағы мүмкiндiктердi жинақтауға және тиiмдi iске асыруға, үкiметтердiң, өзге де ұйымдар мен агенттiктердiң жаңартылатын энергияны пайдалануды ынталандыруға бағытталған тұрақты қызметiне жәрдемдесу мақсатында жұмыс iстеп тұрған ұйымдармен тығыз ынтымақтасады және өзара тиiмдi қатынастарды қолдауға ұмтылады.
С. Агенттiк:
1. мүшелерге өзiнiң қызметi туралы жыл сайынғы баяндаманы ұсынады;
2. мүшелердi осындай ұсыныстар бергеннен кейiн саясат мәселелерi жөнiндегi ұсынымдар туралы хабардар етедi; және
3. мүшелердi осы салада әрекет ететін халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық және осындай ұйымдардың қызметi туралы хабардар етедi.
V бап
Жұмыс бағдарламасы мен жобалар
А. Агенттiк өз қызметiн Хатшылық дайындаған, Кеңес қараған және Ассамблея қабылдаған жылдық жұмыс бағдарламасының негiзiнде жүзеге асырады.
В. Мүшелермен консультация жүргізгеннен кейiн және келiспеушiлiк болған жағдайда, Ассамблея мақұлдағаннан кейiн Агенттiк жұмыс бағдарламасын iске асырудан басқа, Агенттiктiң ақшалай емес ресурстары жеткiлiкті болған кезде, мүшелер бастамашы болған және қаржыландыратын жобаларды жүзеге асыра алады.
VI бап
Мүшелiк
А. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының, сондай-ақ осы Жарғыда көзделген қызметтiң мақсаттары мен түрлерiне сәйкес іс-қимыл жасауды қалайтын және қабiлеттi экономикалық интеграцияның өңiрлiк үкiметаралық ұйымдарының мүшелерi болып табылатын мемлекет Агенттiктiң мүшесi бола алады. Агенттiкке мүшелiк үшiн экономикалық интеграцияның өңiрлiк үкiметаралық ұйымын ең кемiнде оның бiреуi Агенттiктiң мүшесi болып табылатын егемен мемлекеттер құруға тиiс. Бұл ретте мемлекеттер Агенттіктің қызмет саласына кіретін мұндай ұйымның құзыретіндегі мәселелердің ең болмағанда біреуін жіберуге тиіс.
В. Мұндай мемлекеттер мен экономикалық интеграцияның өңiрлiк үкiметаралық ұйымдары:
1. Жарғыға қол қойып және ратификациялау туралы құралды депозитарийге тапсырып, Агенттiктiң бастапқы мүшелерi;
2. олардың мүшелiгi мақұлданғаннан кейiн қосылу туралы хабарламаны депозитарийге тапсырып, Агенттiктiң басқа мүшелерi болады. Мүшелiк, егер Агенттiктiң мүшелерiне тиiстi өтiнiштi жiбергеннен кейiн үш ай iшiнде қарсылық білдірмеген болса, мақұлданған болып саналады. Егер қарсылық білдірілген жағдайда өтiнiштi IX баптың Н абзацының 1-тармағында белгiленген тәртiппен Ассамблея қарайды.
С. Экономикалық интеграцияның өңiрлiк үкiметаралық ұйымы, ұйым және оған мүше мемлекеттер осы Жарғы бойынша мiндеттемелердiң орындалуына жауапкершiлiктi шектейдi. Ұйым мен оған мүше мемлекеттердің, осы Жарғы бойынша дауыс беру құқығын қоса алғанда, құқықтарды бiр мезгiлде iске асыруға құқығы жоқ. Өзiнiң ратификациялау немесе қосылу туралы құжаттарында жоғарыда аталған ұйымдар осы Жарғыны реттеу нысанасына кiретiн мәселелер бойынша өз құзыретiнiң шегін айқындайды. Бұл ұйымдар өз құзыретiнiң кез келген елеулi өзгерiстерi туралы да депозитарийге хабарлайды. Олардың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша дауыс берген жағдайда экономикалық интеграцияның өңiрлiк үкiметаралық ұйымдары Агенттiктiң мүшелерi болып табылатын осы ұйым мүшелерiнiң санына тең дауыс санына ие болады.
VII бап
Байқаушылар
А. Байқаушы мәртебесiн Ассамблея:
1. жаңартылатын энергия саласында белсендi қызметтi жүзеге асыратын үкiметаралық және үкiметтiк емес ұйымдарға;
2. осы Жарғыға қол қойған, бiрақ ратификацияламаған мемлекеттер мен ұйымдарға;
3. мүшелiк туралы өтiнiшi VI баптың В абзацының 2-тармағында көзделген тәртiппен мақұлданған өтiнiш берушiлерге беруi мүмкiн.
В. Байқаушылар Ассамблеяның және оның көмекшi органдарының ашық отырыстарына дауыс беру құқығынсыз қатыса алады.
VIII бап
Органдар
Агенттiктiң негiзгi органдары ретiнде:
1. Ассамблея;
2. Кеңес;
және
3. Хатшылық құрылады.
Ассамблея мақұлдаған жағдайда Ассамблея және Кеңес осы Жарғыға сәйкес олардың функцияларын iске асыру үшiн қажеттi деп санаған көмекшi органдарды құра алады.
IХ бап
Ассамблея
А. 1. Ассамблея - Агенттiктiң жоғары органы.
2. Ассамблея осы Жарғының шеңберiндегi немесе құрылуы осы Жарғыда көзделген кез келген органның функцияларына және өкiлеттiктерiне жататын кез келген мәселенi талқылай алады.
3. Ассамблея осы мәселелердiң кез келгенi бойынша:
а) шешiм қабылдай алады және кез келген осындай органға ұсынымдар бере алады;
в) олардың сауалдары бойынша Агенттiктiң мүшелерiне ұсынымдар бере алады.
4. Бұдан басқа, Ассамблея Кеңестiң талқылауына мәселелердi ұсынуға және Агенттiктiң жұмыс iстеуiне қатысты кез келген мәселе бойынша Кеңес пен Хатшылықтан баяндамаларды сұратуға құқылы.
В. Ассамблея Агенттiктiң барлық мүшелерiнен тұрады. Егер Ассамблея өзгеше шешiм қабылдамаса, кезектi жыл сайынғы сессияға жиналады.
С. Агенттiктiң әрбiр мүшесiнің Ассамблеяда бiр өкiлi болады. Өкiлдермен бiрге орынбасарлар мен кеңесшiлер жүруi мүмкiн. Ассамблеяның жұмысына қатысуға байланысты шығыстарды тиiстi мүшесi жабады.
D. Егер Ассамблея өзгеше шешiм қабылдамаса, Ассамблеяның сессиясы Агенттiктiң орналасқан жерi бойынша өткiзiледi.
Е. Ассамблеяның әрбір кезектi сессиясының басында әдiл географиялық өкiлдiк қағидатын назарға ала отырып, төрағаны және оның өзге де қажеттi лауазымды тұлғаларын сайлайды. Осы лауазымды тұлғалардың өкiлеттiгi келесi кезектi сессияда жаңа төрағаны және өзге де лауазымды тұлғаларды сайлаумен тоқтатылады. Ассамблея осы Жарғыға сәйкес өзiнiң рәсiмдiк қағидаларын белгiлейдi.
Ғ. VI баптың С абзацына сәйкес Агенттiктiң әрбір мүшесi Ассамблеяда бiр дауысқа ие. Ассамблея мүшелердiң, қатысушылардың және дауыс беруге қатысушылардың қарапайым көпшiлiк дауысымен рәсiмдiк мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды. Мәнi бар мәселелер жөнiндегi шешiмдер қатысушы мүшелердiң консенсусымен қабылданады. Егер консенсусқа қол жеткiзіле алмаса, осы Жарғыда көзделген жағдайларды қоспағанда, екiден аспайтын мүшесi қарсы болған жағдайда, консенсусқа қол жеткiзiлген болып саналады. Нақты мәселе мәнi бар мәселе болып табыла ма немесе жоқ па деген мәселе туындаған жағдайда, егер Ассамблеяға қатысушы мүшелердiң консенсусымен өзгеше шешiм қабылдамаса, мұндай мәселе мәнi бар мәселе ретiнде қаралады. Бұл ретте, егер консенсусқа қол жеткiзіле алмаса, екеуден аспайтын мүшесi қарсы болған жағдайда, консенсусқа қол жеткiзiлген болып саналады. Агенттiк мүшелерінің басым көпшілігі Ассамблеяның кворумын құрайды.
G. Ассамблея қатысушы мүшелердiң консенсусы негiзiнде:
1. Кеңестiң мүшелерiн сайлайды;
2. өзiнiң кезектi сессияларында Кеңесте қарауға берiлген Агенттiктiң бюджетi мен жұмыс бағдарламасын қабылдайды және Агенттiктiң бюджетi мен жұмыс бағдарламасына түзетулер енгiзуге қатысты шешiмдер қабылдауға құқылы;
3. Агенттiктiң қаржылық саясатын бақылауға, қаржылық ережелерiне, өзге де қаржылық мәселелерiне және аудиторды сайлауға қатысты шешiмдер қабылдайды;
4. Жарғыға түзетулердi мақұлдайды;
5. көмекшi органдарды құруға қатысты шешiмдер қабылдайды және олардың құзыретiн белгiлейдi;
6. XVII баптың А абзацы негiзiнде дауыс беруге рұқсат беруге қатысты шешiмдер қабылдайды.
Н. Ассамблея қатысушы мүшелердiң екеуден аспайтын мүшесi қарсы болған жағдайда, қол жеткiзiлген болып саналған консенсус негiзiнде:
1. қажет болған жағдайда, мүшелiк туралы өтiнiштерге қатысты шешiмдер қабылдайды;
2. соңғы қарауға берiлген Ассамблея мен Кеңестiң рәсiмдiк қағидаларын мақұлдайды;
3. жылдық баяндаманы, сол сияқты басқа да баяндамаларды қабылдайды;
4. осы Жарғының шеңберiнде кез келген мәселелер бойынша келiсiмдердiң қорытындысын мақұлдайды;
5. V баптың В абзацына сәйкес көзделген қосымша жобаларға қатысты мүшелер арасында келiспеушiлiк болған жағдайда шешiм қабылдайды.
I. Ассамблея Агенттiктің және Хатшылық Бас директорының (бұдан әрi Бас директор деп аталады) орналасатын жерiн қатысушы мүшелердiң консенсусы негiзiнде немесе, егер консенсусқа қол жеткiзілмесе, мүшелердiң, қатысушылардың және дауыс беруге қатысушылардың үштен екiсiнiң көпшiлiк дауысымен анықтайды.
J. Ассамблея өзiнiң бiрiншi сессиясында IX баптың Ғ-I абзацтарында тиiстi мәселелер үшiн көзделген дауыс беру рәсiмдерiне сәйкес Дайындық Комиссиясы әзiрлеген кез келген шешiмдердi, келiсiмдердiң, қаулылар мен ұсынымдардың жобаларын қарайды және қажет болған жағдайда мақұлдайды.
X бап
Кеңес
А. Кеңес Ассамблеяда сайланған Агенттiк мүшелерiнiң кемiнде 11 өкiлiнен және 21-ден аспайтын өкiлiнен тұрады. Өкiлдердiң дәл саны Кеңеске дауыс беру басында Агенттiк мүшелерiнiң саны негiзiнде анықталатын Агенттiк мүшелерiнiң үштен бiрiнiң дөңгелектенген баламасына сәйкес келедi. Кеңестiң мүшелерi дамыған және дамушы елдер Кеңесiнiң қызметiне нақты қатысуды, әдiл географиялық өкiлдiкке және Кеңестiң тиiмдi жұмысына қол жеткiзудi қамтамасыз ету қажеттiгiн ескере отырып, Ассамблеяның рәсiмдiк қағидаларымен бекiтiлген ротация қағидаттарына сәйкес сайланады. Кеңес мүшелерi екi жылдық мерзiмге сайланады.
В. Егер Кеңес өзгеше шешiм қабылдамаса, Кеңес Агенттiктiң орналасқан жерi бойынша жарты жылда бiр рет жиналады.
С. Кеңестiң әрбір отырысының басында осы отырыстың аяғына дейiнгi мерзiмге Кеңес өз арасынан Төрағаны, сондай-ақ қажет болған жағдайда өзге де лауазымды адамдарды сайлайды. Кеңес өзiнiң рәсiмдiк қағидаларын әзiрлеу құқығын сақтайды. Осы рәсiмдiк қағидалар Ассамблеяға мақұлдау үшiн берiледi.
D. Кеңестiң әрбір мүшесi бiр дауысқа ие. Рәсiмдік мәселелерi бойынша Кеңес өз мүшелерiнiң жәй көпшiлiк дауысымен шешiмдер қабылдайды. Мәнi бар мәселелер бойынша шешiмдер Кеңестiң үштен екi мүшесiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданады. Нақты мәселе мәнi бар мәселе болып табыла ма немесе жоқ па деген сұрақ туындаған кезде, егер Кеңестiң үштен екi мүшесiнiң дауысымен Кеңес өзгеше шешiм қабылдамаса, бұл мәселе мәнi бар мәселе ретiнде қаралады.
Е. Кеңес Ассамблеяға есеп бередi және оның алдында жауапты. Кеңес, оған осы Жарғыда берiлген өкiлеттiктер мен функцияларды, сондай-ақ оған Ассамблея жүктеген функцияларды iске асырады. Бұл ретте ол шешiмдерге сәйкес және Ассамблеяның ұсынымдарын назарға ала отырып жұмыс iстейдi, олардың тиiсiнше және тұрақты орындалуын қамтамасыз етедi.
Ғ. Кеңес:
1. мүшелер арасында консультациялар жүргiзуге және ынтымақтастыққа ықпал етедi;
2. бюджеттiң және жылдық жұмыс бағдарламасының жобаларын қарайды және Ассамблеяның қарауына ұсынады;
3. күн тәртiбiнiң жобасын әзiрлеудi қоса алғанда, Ассамблея сессияларына дайындық жөнiндегi шараларды бекiтедi;
4. XI баптың Е абзацының 3-тармағына сәйкес Хатшылық дайындаған Агенттiктiң қызметi туралы жылдық баяндаманың жобасы мен өзге де баяндамаларды қарайды және Ассамблеяның қарауына ұсынады;
5. Ассамблеяның сұрау салуы бойынша кез келген өзге де баяндамаларды дайындауды жүзеге асырады;
6. Ассамблеямен алдын ала келiсілген жағдайда Агенттiктiң атынан мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және халықаралық агенттiктермен шарттар және халықаралық құжаттар жасасады;
7. Ассамблея қабылдаған жұмыс бағдарламасын Хатшылық қабылданған бюджет шеңберiнде iске асыруы мақсатында оны толықтырады және нақтылайды;
8. мәселелердi Ассамблеяның қарауына беруге құқығы бар;
9. VIII баптың В абзацына сәйкес қажет болған кезде көмекшi органдарды құрады, олардың өкiлеттiлiгi мен жұмыс iстеу ұзақтығын белгiлейдi.
XI бап
Хатшылық
А. Хатшылық Ассамблеяға, Кеңеске және олардың көмекшi органдарына оларға жүктелген функцияларды iске асыруына жәрдемдеседi. Хатшылық өзiне осы Жарғы, Ассамблея немесе Кеңес жүктеген өзге функцияларды да атқарады.
В. Хатшылық, оның басшысы және басты әкiмшiлiк лауазымды адамы болып табылатын Бас директордан және қажет болуы мүмкiн лауазымды адамдардан тұрады. Бас директорды Кеңестiң ұсынымы бойынша төрт жыл мерзiмге Ассамблея тағайындайды, ол тағы да осындай бiр мерзiмге бiр рет ұзартылуы мүмкiн.
С. Бас директор Ассамблея мен Кеңестiң алдында жауапты. Атап айтқанда, ол кадрларды iрiктеуге, Хатшылықты ұйымдастыруға және оның жұмыс iстеуiне жауап бередi. Персоналды iрiктеу және оның қызмет жағдайларын айқындау кезiнде тиiмдiлiктiң, құзыреттiлiктiң және адалдықтың ең жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге бiрiншi кезекте мән берiледi. Персоналды iрiктеудiң маңыздылығы бiрiншi кезекте мүше мемлекеттерден, барынша кең географиялық негiзде тиiстi дәрежеде ескерiлуге тиiс, дамушы елдердiң барабар өкiлдiгiне және гендерлiк теңгерілімнің сақталуына ерекше назар аударылуға тиiс.
Бюджеттi әзiрлеу кезiнде персоналды қабылдау жөнiндегi ұсыныстар Хатшылықтың штат саны Хатшылықтың функцияларын тиiстi дәрежеде атқаруы үшiн барынша аз болатындай қағидатқа негiзделуге тиiс.
D. Бас директор немесе ол тағайындаған өкiл Ассамблея мен Кеңестiң барлық мәжiлiстерiне дауыс беру құқығынсыз қатысады.
Е. Хатшылық:
1. Агенттiктiң жұмыс бағдарламасы мен бюджетiнiң жобаларын әзiрлейдi және Кеңестiң қарауына ұсынады;
2. Агенттiктiң жұмыс бағдарламасын және оның шешiмдерiн iске асырады;
3. Ассамблея немесе Кеңес сұратуы мүмкiн жылдық баяндаманы және кез келген өзге де баяндамаларды әзiрлейдi және Кеңестiң қарауына ұсынады;
4. Ассамблеяның, Кеңестiң және олардың көмекшi органдарының қызметiне әкiмшiлiк және техникалық қолдауды жүзеге асырады;
5. Агенттiк пен оның мүшелерi арасында ақпарат алмасуға жағдай жасайды;
6. IV баптың С абзацының 2-тармағына сәйкес Агенттiк мүшелерiне ұсыным бергеннен кейiн жаңартылатын энергия саласындағы саясат мәселелерi бойынша ұсынымдарды таратады, олардың әрбір отырысы үшiн саясат мәселелерi бойынша ұсынымдар жөнiндегi баяндаманы әзiрлейдi және Ассамблея мен Кеңестiң қарауына ұсынады. Кеңеске берiлетiн баяндамада жылдық жұмыс бағдарламасын iске асыруға байланысты саясат мәселелерi бойынша жоспарланатын ұсынымдар да қамтылуға тиiс.
Ғ. Өз мiндеттерiн атқару кезiнде Бас директор мен Хатшылықтың басқа да қызметкерлерi қандай да бiр үкiметтен немесе Агенттiкке жат өзге де көзден нұсқаулар сұратпауға немесе алмауға тиiс. Олар Ассамблея мен Кеңес алдында ғана жауапты халықаралық лауазымды адамдар ретiнде өздерiнiң жағдайына әсер етуi мүмкiн кез келген iс-әрекеттен тартынуға тиiс. Агенттiктiң әр мүшесi Бас директордың және Хатшылықтың басқа да қызметкерлерi мiндеттерiнiң халықаралық сипатын қатаң сыйлауға және өз мiндеттерiн атқару кезiнде оларға ықпал етуге тырыспауға мiндеттенедi.
XII бап
Бюджет
А. Агенттiктiң бюджетi:
1. БҰҰ шығыстарын бөлуге арналған жарналар шәкiлiне негiзделiп, Ассамблея белгiлеген мүшелердiң мiндеттi жарналары;
2. ерiктi қайырмалдық;
3. өзге де ықтимал көздер есебiнен,
осы Жарғының IX бабының G абзацында көзделгендей, консенсус негiзiнде Ассамблеяның қабылдауына жататын қаржылық қағидаларға сәйкес құрылады. Қаржылық қағидалар және бюджет Агенттiк қызметiнiң сенiмдi қаржылық негiзiн, оның жұмыс бағдарламасында белгiленген Агенттiк қызметiнiң түрлерiн тиiмдi жүзеге асыруды қамтамасыз етуге тиiс. Агенттiк қызметiнiң негiзгi түрлерi және оның әкiмшiлiк шығыстары мiндеттi жарналар есебiнен қаржыландырылады.
В. Агенттiк бюджетiнiң жобасын Хатшылық әзiрлейдi және ол Кеңестiң қарауына енгiзiледi. Кеңес жобаны мақұлдау туралы ұсыныммен оны Ассамблеяға жiберуi не пысықтап қайтадан енгiзу үшiн Хатшылыққа қайтаруы мүмкiн.
С. Ассамблея сыртқы аудиторды тағайындайды, оның өкiлеттiгi, қайта сайлану құқығымен төрт жылды құрайды. Алғашқы тағайындалған аудитор бұл лауазымда екi жыл болады. Аудитор Агенттiктiң шоттарын тексерудi жүзеге асырады және басқару тиiмдiлiгiне және iшкi қаржылық бақылауға қатысты қажеттi ескертпелер мен ұсынымдар жасайды.
XIII бап
Құқық субъектілігі, артықшылықтар және иммунитеттер
А. Агенттiк халықаралық құқық субъектiлiгіне ие. Ұлттық заңнамаға сәйкес өзiнiң әрбір мүшесiнiң аумағында Агенттiк өзiнiң функцияларын орындау және өзiнiң мақсаттарына жету үшiн ұлттық құқыққа сәйкес қажеттi осындай құқықтық қабiлеттiлiгiн пайдаланады.
В. Агенттiк мүшелерi Агенттiктiң артықшылықтары мен иммунитеттерi туралы жеке келiсiмге қатысты шешiм қабылдайды.
XIV бап
Басқа ұйымдармен өзара қарым-қатынас
Ассамблеяның мақұлдауы бойынша Кеңеске Агенттiктiң атынан келiсiмдер жасасуға уәкiлеттік берілетін болады. Мұндай келiсiмдер Агенттiк пен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының, сондай-ақ қызметi Агенттiктiң қызметiне байланысты кез келген басқа ұйымдардың арасында тиiстi байланыс орнатады. Осы Жарғының ережелерi мүшелердiң басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiне нұқсан келтiрмейдi.
ХV бап
Түзетулер, Агенттіктен шығу, қайта қарау
А. Осы Жарғыға түзетулер енгiзу туралы ұсыныстарды Агенттiктiң кез келген мүшесi енгiзе алады. Бас директор ұсынылған кез келген түзету мәтiнiнiң куәландырылған көшiрмелерiн дайындауды жүзеге асырады және оларды Ассамблеяда қарағанға дейiн кемiнде тоқсан күн бұрын оның барлық мүшелерiне жiбередi.
В. Түзетулер Агенттiктiң барлық мүшелерi үшiн:
1. Кеңестің ескертулері қаралғаннан кейiн олардың әрқайсысына қатысты түзетулердi Ассамблея мақұлдаған жағдайда;
2. барлық мүшелерi өздерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес олар үшiн түзетулердiң мiндеттiлiгiне келiсетiндiктерiн бiлдiрген жағдайда күшiне енедi. Агенттiк мүшелерi осы Жарғының XX бабының А абзацында белгiленген тиiстi құжатты депозитарийге беру жолымен түзетулердiң мiндеттiлiгiне келiсетiндiктерiн бiлдiредi.
С. Агенттiк мүшесi осы Жарғының XIX бабының D абзацына сәйкес күшiне енген күнінен бастап бес жыл өткеннен кейiн кез келген уақытта Агенттіктен шығатыны туралы Кеңес пен барлық мүшелердi дереу хабардар ететiн, осы Жарғының XX бабының А абзацында белгiленген депозитарийге жазбаша түрде хабарлай отырып, Агенттiктен шыға алады.
D. Мұндай шығу тиiстi хабарлама жiберiлген жылдың аяғында күшiне енедi. Мүшенiң Агенттiктен шығуы V баптың В абзацына сәйкес туындаған оның шарттық мiндеттемелерiнiң не осы мүшенiң Агенттiктен шығатын жылғы қаржылық мiндеттемелерiнiң тоқтатылуына әкеп соқпайды.
XVI бап
Дауларды шешу
А. Агенттiк мүшелерi осы Жарғыны түсiндiруге немесе қолдануға байланысты барлық дауларды бейбiт құралдармен Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 2-бабының 3-абзацына сәйкес шешедi және осы мақсатта дауларды Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 33-бабының 1-абзацында көрсетiлген құралдармен шешуге ұмтылады.
В. Кеңес ізгілікті қызметтерді ұсынуды, мүшелердi өздерi таңдаған құралдарды пайдалану арқылы дауларды шешуге кiрiсуге шақыруды, келiсiмге қол жеткiзуге қатысты кез келген рәсiмге арналған уақытша негiздемелердi ұсынуды қоса алғанда, өзi қолайлы деп санайтын кез келген құралдармен дауларды шешуге жәрдемдесе алады.
XVII бап
Құқықтарды уақытша тоқтата тұру
А. Агенттiктiң алдында қаржылық мiндеттемелерi бойынша өтелмеген берешегi бар оның кез келген мүшесi, егер оның берешегiнiң сомасы осының алдындағы толық екi жылда алынатын жарналардың сомасына тең болса немесе асып кетсе, дауыс беру құқығынан айырылады. Алайда, Ассамблея Агенттiктiң мұндай мүшесiне, егер төлем мерзiмiнiң өтуi оған қатысы жоқ жағдайларға байланысты болғандығын ол мойындаса, дауыс беруге қатысуға рұқсат бере алады.
В. Агенттiк мүшесi осы Жарғының немесе осы Жарғыға сәйкес жасалған кез келген өзге келiсiмнiң ережелерiн үнемi бұзған жағдайда, Ассамблея қатысып отырғандардың және дауыс беруге қатысушылардың үштен екiсiнiң дауысымен Кеңестiң ұсынымы бойынша мұндай мүшенiң Агенттiкке мүшелiкке байланысты құқықтары мен артықшылықтарын iске асыруын тоқтата тұруы мүмкiн.
XVIII бап
Агенттiктiң орналасқан жерi
Агенттiктiң орналасатын жерiн Ассамблея өзiнiң бiрiншi сессиясында анықтайды.
XIX бап
Қол қою, ратификациялау, күшiне ену
А. Осы Жарғы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мүшелерi болып табылатын барлық мемлекеттер үшiн, сондай-ақ VI баптың А абзацында белгiленгендей, экономикалық интеграцияның өңiрлiк үкiметаралық ұйымдары үшiн Құрылтай конференциясында қол қою үшiн ашық болады. Осы Жарғы ол күшiне енетiн күнге дейiн қол қою үшiн ашық күйiнде қалады.
В. Осы Жарғыға қол қоймаған VI баптың А абзацында айқындалған, мемлекеттер мен экономикалық интеграцияның өңiрлiк үкiметаралық ұйымдары үшiн осы Жарғы аталған мемлекеттердiң не ұйымдардың мүшелiгiн Ассамблея VI баптың В абзацының 2-тармағында көзделген рәсiмге сәйкес мақұлдағаннан кейiн қосылу үшiн ашық болады.
С. Осы Жарғының мiндеттiлiгiне келiсiмiн бiлдiру ратификациялау не қосылу туралы құжатты депозитарийге тапсыру арқылы жүзеге асырылады. Ратификациялауды не осы Жарғыға қосылуды мемлекеттер өздерiнiң iшкi заңнамасының ережелерiне сәйкес жүзеге асырады.
D. Осы Жарғы ратификациялау туралы жиырма бесiншi құжат депозитарийге тапсырылған күнiнен бастап отызыншы күнi күшiне енедi.
Е. Осы Жарғы күшiне енгеннен кейiн ратификациялау немесе қосылу туралы құжатты депозитарийге тапсырған мемлекеттер не экономикалық интеграцияның өңiрлiк үкiметаралық ұйымдары үшiн осы Жарғы тиiстi құжатты депозитарийге тапсырған күнінен бастап отызыншы күнi күшiне енедi.
Ғ. Осы Жарғының ережелерiне ескертпелерге жол берiлмейдi.
ХХ бап
Депозитарий, тiркеу, мәтiннiң тең түпнұсқалығы
А. Осы Жарғының, сондай-ақ ратификациялау және қосылу туралы құжаттардың депозитарийi болып Германия Федеративтік Республикасының Үкiметi тағайындалады.
В. Осы Жарғының депозитарийi оны тiркеудi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес жүзеге асырады.
С. Осы Жарғының тең түпнұсқалы ағылшын тiлiндегi мәтiнi депозитарийдiң мұрағаттарында сақталады.
D. Осы Жарғының тиiстi түрде куәландырылған көшiрмелерiн депозитарий осы Жарғыға қол қойған не мүшелiгi VI баптың В абзацының 2-тармағында көзделген рәсiмге сәйкес мақұлданған сол мемлекеттердiң үкiметтерiне және сол экономикалық интеграцияның өңiрлiк үкiметаралық ұйымдарының атқарушы органдарына жiберетiн болады.
Е. Депозитарий осы Жарғыға қол қойған мемлекеттер мен ұйымдарды әрбiр құжатты депозитарийге тапсырылған күнi туралы, Жарғыны ратификациялау туралы және оның күшiне енген күнi туралы дереу хабардар етедi.
Ғ. Депозитарий осы Жарғыға қол қойған мемлекеттер мен ұйымдарды, сондай-ақ Агенттiк мүшелерiн мемлекеттердiң және экономикалық интеграцияның өңiрлiк үкiметаралық ұйымдарының Агенттiкке кiрген күнi туралы дереу хабардар етедi.
G. Депозитарий мүшелiк туралы жаңа өтiнiштердi VI баптың В абзацының 2-тармағында көзделген рәсiмге сәйкес қарау үшiн Агенттiктiң барлық мүшелерiне дереу жiберетiн болады.
Осыны куәландыру үшiн тиiстi түрде уәкiлеттік берілген төменде қол қоюшылар, осы Жарғыға қол қойды.
2009 жылғы 26 қаңтарда Бонн қаласында ағылшын тiлiнде түпнұсқалық бiр данада жасалды.