1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) ұсыну және алу тәртібі туралы келісімге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2013 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытынды (бұдан әрі - қорытынды) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2012 жылғы 30 желтоқсанға дейін қорытындыны дипломатиялық арналар арқылы Ресей Тарапына жіберсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С.Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1704 каулысымен
бекітілген
«Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және
зымырандарды сынақтық ұшырудың 2013 жылға арналған жоспарлары
бойынша қорытынды
Ескерту. Қорытындыға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 03.04.2013 № 323 қаулысымен.
1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) ұсыну және алу тәртібі туралы келісімнің 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Ресей Тарапы ұсынған (Ресей Федерациясы СІМ 2012 жылғы 26 қарашадағы шығ. № 16658/3дснг):
1) 2006 — 2015 жылдарға арналған Ресейдің Федералдық ғарыштық бағдарламасы, «2012 - 2020 жылдарға арналған ГЛОНАСС жүйесін ұстау, дамыту және пайдалану» федералдық нысаналы бағдарламасы, халықаралық ынтымактастық бағдарламалары мен коммерциялық жобалары шеңберінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2013 жылға арналған жоспарымен;
2) «Байқоңыр» ғарыш айлағынан әскери мақсаттағы ғарыш аппараттарын ұшырудың 2013 жылға арналған жоспарымен;
3) Ресей тарапы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі және Қазақстан Республикасының басқа да мүдделі мемлекеттік органдары өкілдерінің қатысуымен РС-18 зымыранның ұшу трассасы өтетін Қазақстан Республикасының елді мекендерінің үстінен алдын ала ұшып шығуды өткізген жағдайда, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды сынақтық ұшырудың 2013 жылға арналған жоспарымен келіседі.
Бұл ретте:
1) «Союз» үлгісіндегі зымыран-тасығыштардан бөлінетін бөлшектерінің жаңа құлау ауданын пайдалануды көздейтін ғарыш аппараттарын ұшыру тиісті халықаралық шартқа қол қойылып, ол күшіне енгеннен кейін жүзеге асырылуы мүмкін;
2) 2013 жылы ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Протон-М» зымыран-тасығышын пайдалану 2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді зымыран отынының аса уытты құрамдас бөліктерін пайдаланатын зымыран-тасығыштарды пайдалануын кезең-кезеңмен қысқарту бөлігінде іске асыру үшін он төрттен аспайтын мөлшерде (2012 жылдың деңгейінде көрсетілген ұшырудың келісілген мөлшерінің сақталуына сүйене отырып) келісіледі.
Қазақстан тарапымен «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2012 жылға арналған жоспарын қарау кезінде келісілген және 2012 жылғы 27 желтоқсанда ұшыру жоспарланған, бірақ техникалық себептер бойынша 2013 жылға ауыстырылған «СатМекс-8» ғарыш аппаратымен «Протон-М» зымыран-тасығышын қосымша бір рет ұшыруға айрықша тәртіппен рұқсат етілсін.