Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2013 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытындыны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 желтоқсандағы № 1704 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2013 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытындыда (бұдан әрі – қорытынды):
екінші бөліктің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) 2013 жылы ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Протон-М» зымыран-тасығышын пайдалану 2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді зымыран отынының аса уытты құрамдас бөліктерін пайдаланатын зымыран-тасығыштарды пайдалануын кезең-кезеңмен қысқарту бөлігінде іске асыру үшін он төрттен аспайтын мөлшерде (2012 жылдың деңгейінде көрсетілген ұшырудың келісілген мөлшерінің сақталуына сүйене отырып) келісіледі.
Қазақстан тарапымен «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2012 жылға арналған жоспарын қарау кезінде келісілген және 2012 жылғы 27 желтоқсанда ұшыру жоспарланған, бірақ техникалық себептер бойынша 2013 жылға ауыстырылған «СатМекс-8» ғарыш аппаратымен «Протон-М» зымыран-тасығышын қосымша бір рет ұшыруға айрықша тәртіппен рұқсат етілсін.».
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі қорытындыға өзгеріс енгізу туралы дипломатиялық арналар арқылы Ресей Федерациясын хабардар етсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов