Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«1993 жылғы 24 желтоқсандағы Әртүрлi мемлекеттердiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлерi арасындағы шаруашылық дауларды қарау кезiндегі мемлекеттiк баждың мөлшерi мен оны өндiрiп алу тәртiбi туралы келiсiмге өзгерiстер енгiзу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Әртүрлi мемлекеттердің шаруашылық
жүргiзушi субъектiлерi арасындағы шаруашылық дауларды қарау
кезiндегі мемлекеттiк баждың мөлшерi мен оны өндiрiп алу
тәртiбi туралы келiсiмге өзгерiстер енгiзу туралы хаттаманы
ратификациялау туралы
2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында жасалған 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Әртүрлi мемлекеттердiң шаруашылық жүргiзуші субъектiлерi арасындағы шаруашылық дауларды қарау кезiндегі мемлекеттiк баждың мөлшерi мен оны өндiрiп алу тәртiбi туралы келiсiмге өзгерiстер енгiзу туралы хаттама ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Әртүрлi мемлекеттердiң шаруашылық жүргiзуші субъектiлерi арасындағы шаруашылық дауларды қарау
кезiндегі мемлекеттiк баждың мөлшерi мен оны өндiрiп алу
тәртiбi туралы келiсiмге өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Әртүрлi мемлекеттердiң шаруашылық жүргiзуші субъектiлерi арасындағы шаруашылық дауларды қарау кезiндегі мемлекеттiк баждың мөлшерi мен оны өндiрiп алу тәртiбi туралы келiсiмге (бұдан әрі – Келісім) қатысушы мемлекеттер көрсетілген Келiсiмнiң 2 және 3-баптарына өзгерістер енгізіп, оларды мынадай редакцияда жазуға уағдаласты:
«2-бап
Дауларды шешу кезінде әртүрлі мемлекеттердің аумағында орналасқан шаруашылық жүргізуші субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғау үшін тең мүмкіндікті қамтамасыз ету мақсатында мына бағада (Ресей Федерациясының рублiнде) талаппен басқа мемлекеттің сотына жүгінген кезде мемлекеттік баждың мынадай ставкалары белгiленсiн:
10 мың рубльге дейiн – талап-арыз бағасынан 3 %;
10 мың рубльден жоғары 50 мың рубльге дейiн – 300 рубль + 10 мың рубльден асатын сомадан 2,5 %;
50 мың рубльден жоғары 100 мың рубльге дейiн – 1 мың 300 рубль + 50 мың рубльден асатын сомадан 2 %;
100 мың рубльден жоғары 500 мың рубльге дейiн – 2 мың 300 рубль + 100 мың рубльден асатын сомадан 1,5 %;
500 мың рубльден жоғары 1 млн. рубльге дейiн – 8 мың 300 рубль + 500 мың рубльден асатын сомадан 1 %;
1 млн. рубльден жоғары – 13 мың 300 рубль + 1 млн. рубльден асатын сомадан 0,5 %.
Егер талап қойылған мемлекеттің заңнамасында мемлекеттік баждың аз мөлшері белгіленбеген болса, мүліктік емес сипаттағы талап-арыздан мемлекеттік баж 500 рубльге балама мөлшерде алынады.
Сот шешімдерін (қаулыларын) қайта қарау туралы арыздардан мемлекеттік баж:
мүліктік сипаттағы даулар бойынша – арыз беруші даулап отырған соманың негізінде есептелген мемлекеттік баж сомасының 50 % мөлшерінде, бірақ 250 рубльден кем емес;
мүліктік емес сипаттағы даулар бойынша – мүліктік емес сипаттағы талап-арыз берген кезде төленуі тиіс мемлекеттік баж сомасының 50 % мөлшерінде алынады.
3-бап
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сот-төрелік органдарына мемлекеттік баж төлеу кезінде Ресей Федерациясының рублі (бұдан әрі – рубль) бірыңғай ақша баламасы ретінде белгіленсін. Ұлттық валюталардың рубльге қатысты бағамдарын Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық банктері айқындайды. Егер талап-арыздар Келісімге қатыспайтын мемлекеттің валютасында көрсетілген болса, онда талаптың рубльдегі бағасы мемлекеттік баж төлеу күніне Ресей Федерациясының Орталық банкі белгілеген бағам бойынша қайта есептеле отырып айқындалады.
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сот-төрелік органдарына мемлекеттік баж төлеу сот орналасқан мемлекеттің ұлттық валютасында не мемлекеттік баж төлеу күніне Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық банктері айқындайтын ұлттық валюталардың бағамдары бойынша қайта есептеле отырып, Ресей Федерациясының рублінде жүргізіледі. Мемлекеттік бажды өзге валютада төлеу сот орналасқан мемлекеттің заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүргізіледі.».
Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Келісімге қатысушы мемлекеттердің орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді. Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Келісімге қатысушы мемлекеттер үшін осы Хаттама депозитарий тиісті хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы осы Хаттамаға қол қойған әрбiр мемлекетке оның куәландырылған көшiрмесiн жіберетін Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетiнде сақталады.
Әзербайжан Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Армения Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Беларусь Республикасы үшін Түркіменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін
Молдова Республикасы үшін
2010 жылы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған 1993 жылғы 24 желтоқсандағы Әртүрлі мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы шаруашылық дауларды қарау кезіндегі мемлекеттік баждың мөлшері мен оны өндіріп алу тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың қазақ тіліне аудармасы дұрыс екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің Кадрлық
жұмысты үйлестіру және
бақылау департаменті Мемлекеттік
тілді дамыту және редакциялау
басқармасының бастығы Б. Ахметжанова
Әртүрлі мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері
арасындағы шаруашылық дауларды қарау кезіндегі мемлекеттік
баждың мөлшері мен оны өндіріп алу тәртібі туралы
КЕЛІСІМ
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер, Экономикалық одақ құру туралы Шартқа негізделе отырып және шаруашылық даулар бойынша сот төрелігін жүзеге асырудағы біркелкі тәсілдердің, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағындағы шаруашылық жүргізуші субъектілерінің құқықтары мен мүдделерінің тең қорғалуын қамтамасыз ету қажеттілігін мойындай отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Осы Келісім Экономикалық одақ құру туралы шартты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің төрелік және шаруашылық соттарының сот төрелігін жүзеге асыру бөлігінде орындауға байланысты мәселелерді реттейді.
2-бап
Әртүрлі мемлекеттердің аумағында орналасқан шаруашылық жүргізуші субъектілерінің дауларын шешу кезіндегі заңды құқықтары мен мүдделерін соттық қорғау үшін тең мүмкіндікті қамтамасыз ету мақсатында басқа мемлекеттің сотына жүгінген кезде мемлекеттік баж ставкасын талап қою арызының валютасында талап қою сомасының 10 пайызы мөлшерінде белгіленсін.
3-бап
Достастыққа қатысушы мемлекеттердің сот-төрелік органдарына мемлекеттік баж төлеу кезіндегі бірыңғай ақшалай балама ретінде рубль белгіленсін. Рубльге ұлттық валюталардың бағамын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық банктері айқындайды.
Сот-төрелік органдарына мемлекеттік бажды төлеу сот орналасқан мемлекеттің ұлттық валютасында не Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық банктері айқындайтын ұлттық валюталарының бағамдары бойынша қайта есептей отырып, Ресей Федерациясының рублінде жүргізіледі.
Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Ұлттық банктері мемлекеттік бажды кедергісіз төлеуді және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің төрелік органдарының шешімдері бойынша ақшалай сомаларды өндіріп алуды қамтамасыз етсін.
Шешімдердің орындалуын бақылау борышкер мемлекеттердің жоғары сот-төрелік органдарына (шаруашылық соттарына) жүктеледі.
4-бап
Достастыққа қатысушы мемлекеттердің қолданыстағы заңнамасын, сондай-ақ оны қолдану тәжірибесін және төрелік соттарының жұмысын зерделеу үшін тиісті заңнамалық актілерді және төрелік-шаруашылық тәжірибесі қамтылған сот құжаттарын тұрақты алмасу ұйымдастырылады.
5-бап
Осы Келісім оған қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.
6-бап
Осы Келісім оған басқа мемлекеттердің қатысуы үшін ашық.
7-бап
Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар Келісімге қол қойған мемлекеттердің бастамашылығы бойынша енгізіледі.
1993 жылғы 24 желтоқсанда Ашхабад қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Түпнұсқа данасы Беларусь Республикасы Үкіметінің Мұрағатында сақталады, ол осы Келісімге қол қойған мемлекеттерге оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Армения Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Беларусь Республикасы үшін Түркіменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін
Молдова Республикасы үшін
Әртүрлі мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы шаруашылық дауларды қарау кезіндегі мемлекеттік баждың мөлшері мен оны өндіріп алу тәртібі туралы келісімнің қазақ тіліне аудармасы дұрыс екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің Кадрлық
жұмысты үйлестіру және
бақылау департаменті Мемлекеттік
тілді дамыту және редакциялау
басқармасының бастығы Б. Ахметжанова
1993 жылғы 24 желтоқсандағы Ашхабад қаласында жасалған Әртүрлі мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы шаруашылық дауларын қарау кезіндегі мемлекеттік баждың мөлшері мен оны өндіріп алу тәртібі туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық
департаментінің
Басқарма бастығы Д. Есентаев