Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Балқаш жылу электр станциясын дамыту, қаржыландыру, жобалау, салу, пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету саласындағы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының
Үкіметі арасындағы Балқаш жылу электр станциясын дамыту,
қаржыландыру, жобалау, салу, пайдалану және оған техникалық
қызмет көрсету саласындағы келісімді ратификациялау туралы
2011 жылғы 25 тамызда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Балқаш жылу электр станциясын дамыту, қаржыландыру, жобалау, салу, пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету саласындағы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының
Үкіметі арасындағы Балқаш жылу электр станциясын
дамыту, қаржыландыру, жобалау, салу, пайдалану және оған
техникалық қызмет көрсету саласындағы
КЕЛІСІМ
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі (бұдан әрі Тараптар деп аталатындар),
теңдік пен өзара тиімділік қағидаттары негізінде Балқаш жылу электр станциясы жобасын (бұдан әрі - Жоба) іске асыруға мүдделілік білдіре отырып,
Жобаны іске асыруға байланысты жасауға жататын шарттарды - электр станциясын жобалауға, сатып алуға және салуға арналған шартты, электр станциясын пайдалануға және техникалық қызмет көрсетуге арналған шартты, отын жеткізу шартын, қуатты сатып алудағы ұзақ мерзімді шартты немесе электр энергиясын сатып алудағы ұзақ мерзімді шартты (бұдан әрі - Жобалық келісімдер) назарға ала отырып, Тараптар Жобаны іске асыру, қаржыландыру, жобалау, салу, пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету үшін осы Келісім қажет екенін және Жобаны табысты іске асыру мақсатында Тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететінін мойындайды,
Жоба сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін жобаланатынын, салынатынын, іске асырылатынын және қаржыландырылатынын мойындай отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасында инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау қажеттігін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Жобаны іске асыруды электр энергиясын тәуелсіз өндіруші болып табылатын «Балқаш жылу электр станциясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі — Жобалық компания) ВООТ схемасы бойынша («build-оwn-ореrаtе-transfer» - «сал-иелен-басқар-тапсыр») жүзеге асырады. Жобалық компания акциялардың үлесі мен сатып алуды анықтау жөніндегі тиісті рәсімдерді жүргізгеннен кейін мынадай компанияларға тиесілі болады:
Қазақстан тарапынан - «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы;
Корея тарапынан - «Коrеа Еlесtrіс Роwer Соrроrаtіon» және «Samsung С&Т Соrроrаtіоn».
2-бап
Жобаны іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі регрестің шектелген құқығымен жобалық қаржыландыру талаптарына жауап беретін қуатты сатып алудың ұзақ мерзімді шартына немесе электр энергиясын сатып алудың ұзақ мерзімді шартына сәйкес Жобалық компаниядан электр қуатын немесе электр энергиясы сатып алатын ұйымды белгілейді.
3-бап
Жобалық компанияның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес преференциялар алуға құқығы бар.
4-бап
Жобаны жасау және пайдалану кезеңінде Қазақстан Республикасының Үкіметі құжаттарды уақтылы қарайды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес (шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат пен визаларды қоса алғанда) рұқсаттар мен келісулер береді.
5-бап
Осы Келісімді түсіндіру мен орындау кезіндегі Тараптардың даулары мен келіспеушіліктері тараптардың келіссөздері мен консультациялары арқылы шешіледі.
Жобалық келісім тараптарының арасындағы даулар Қазақстан Республикасының аумағында «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» 2004 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына және тиісті Жобалық келісімде көзделген талаптарға сәйкес коммерциялық төрелік қарайды.
Төрелік соттың шешімі түпкілікті, міндетті және орындалуға тиіс болып табылады.
6-бап
Жоба Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес коммерциялық жағынан қолайлы қазіргі заманғы технологиялар, қазіргі заманғы жобалық шешімдер мен ноу-хау негізінде Жобаның барлық қолданылу кезеңінде экологиялық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес сараптамадан өту кезінде және халықаралық нормалар мен стандарттарды пайдалану үшін қажетті рұқсаттар мен келісулерді алуда жәрдем көрсетеді.
7-бап
Осы Келісімнің ережелерін үйлестіруді және оның орындалуын бақылауды мынадай мемлекеттік органдар жүзеге асырады:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі,
Корея тарапынан - Корея Республикасы Білім экономикасы министрлігі.
8-бап
Қазақстан Республикасының инвестициялар, лицензиялау, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына Жобаны іске асыру талаптарының нашарлауына алып келетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда, оны іске асыру қоршаған органы қорғау саласындағы талаптарды қоспағанда, осы Келісімге қол қойылған күні қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы Келісімге қол қойылған күнінен кейін жаңа салықтар енгізілген (белгіленген) жағдайда, Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары Жобалық компания мен Жобаны іске асыруға қатысатын мердігер ұйымға қатысты жаңа салықтарды енгізу (белгілеу) бөлігінде қолданылмайды.
Осы баптың ережелері тек Жоба шеңберінде Жобалық компания мен Жобаны іске асыруға қатысатын мердігер ұйымдар жүзеге асыратын жұмыстарды (қызметтерді) өткізу жөніндегі кірістер мен операцияларға қатысты қолданылады және кредиттік шартқа қол қойылған күнінен бастап қуатты сатып алудың ұзақ мерзімді шартында немесе электр энергиясын сатып алудың ұзақ мерзімді шартында белгіленген түпкілікті күнге дейін қолданылады.
Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес төлем көзіне салық салынатын кірістерге қолданылмайды.
Осы баптың мақсаты үшін Жобаны іске асыруға байланысты Жобалық компания үшін жұмыстарды (қызметтерді) орындайтын ұйым мердігер ұйым деп түсініледі.
9-бап
Тараптардың осы Келісім бойынша өздерінің міндеттемелерін орындауын кедергі жасайтын мән-жайлар туындаған жағдайда Тараптар 1996 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің ережелерін басшылыққа алады.
10-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ішінде, оның ажырамас бөлігі болып табылатын шектелген регресс құқығымен Жобаны қаржыландыруды ойдағыдай ұйымдастыру мақсатында осындай өзгерістер қажет болған жағдайда және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.
11-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша нысандағы соңғы хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылуы осы Келісім шеңберінде жасалған Жобалық келісімдерде көзделген міндеттемелердің орындалуын оның қолданылу кезеңінде қозғамайды.
2011 жылғы 25 тамызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, корей, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтіннің басым күші болады.
Қазақстан Республикасының Корея Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
2011 жылғы 25 тамыздағы Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Балқаш жылу электр станциясын дамыту, қаржыландыру, жобалау, салу, пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету саласындағы келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық
департаментінің
Кеңесшісі Б. Мәшіков