«Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» 2012 жылғы 1 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 14) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 17-2-бабының 6-тармағына, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 1-тармағына және Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысының 2013 жылғы 21 ақпандағы № 1 хаттамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - қор) заңнамада белгіленген тәртіппен «Қазақстан Халық Банкі», «Қазкоммерцбанк» және «БТА Банк» акционерлік қоғамдарынан акциялар сатып алу арқылы, оның ішінде «Қазкоммерцбанк» және «БТА Банк» акционерлік қоғамдарының қорға тиесілі акцияларын өткізу есебінен «Халық банкінің» жинақтаушы зейнетақы қоры», «ГРАНТУМ жинақтаушы зейнетақы қоры» және «Ұлар Үміт» жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамдарының акционері болуға рұқсат берілсін.
2. Қорға заңнамада белгіленген тәртіппен қайта құрылымдау бойынша қол қойылған құжаттарға сәйкес 2013 жылғы 31 желтоқсанға дейін «БТА Банк», «Альянс Банк» және «Темірбанк» акционерлік қоғамдарының қорға тиесілі акцияларын өткізу мақсатында:
1) «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамына «БТА Банк» акционерлік қоғамының осы қаулының 1-тармағында көзделген іс-шараларды орындағаннан кейін қалған акциялар пакетін сатып алу ұсынылсын;
2) «Альянс Банк» және «Темірбанк» акционерлік қоғамдарының акцияларын бірыңғай стратегиялық инвесторға, өткізілетін акцияларын сатып алудың басым құқығынан көрсетілген банктер акционерлері бас тартқан жағдайда, иеліктен шығару жөнінде шаралар қабылдау ұсынылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов