Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Үкіметаралық жолшылар кеңесінің жарғысы туралы келісімінің жобасы мақұлдансын.
2. Үкіметаралық жолшылар кеңесінің жарғысы туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 30 мамырдағы
№ 557 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Үкіметаралық жолшылар кеңесінің жарғысы туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Үкіметаралық жолшылар кеңесі жарғысының жаңа редакциясы қабылдансын.
2-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
3-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
4-бап
Осы Келісім күшіне енгенінен кейін ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжатты беруі жолымен қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
5-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығуға дейін кемінде алты ай бұрын депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп және осы Келісімнің қолданысы кезінде туындаған міндеттемелерді реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.
2013 жылғы __________ Минск қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасының |
Ресей Федерациясының |
Армения Республикасының |
Тәжікстан Республикасының |
Беларусь Республикасының |
Түрікменстан Республикасының |
Қазақстан Республикасының |
Өзбекстан Республикасының |
Қырғыз Республикасының |
Украина |
Молдова Республикасының |
Үкіметаралық жолшылар кеңесінің
жарғысы туралы келісімге
қосымша
Үкіметаралық жолшылар кеңесінің
ЖАРҒЫСЫ
1. Жалпы ережелер
Үкіметаралық жолшылар кеңесі (бұдан әрі – ҮЖК) қызметін өз құзыреті шеңберінде жүзеге асыратын ТМД салалық ынтымақтастық органы болып табылады және ТМД Экономикалық кеңесі мен Үкіметтері басшыларының кеңесіне есеп береді.
Өз қызметінде ҮЖК Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарды, ТМД Мемлекеттер басшылары кеңесінің, Үкіметтер басшылары кеңесінің және Экономикалық кеңесінің шешімдерін, сондай-ақ осы Жарғыны басшылыққа алады.
ҮЖК өз құзыреті шеңберінде ТМД Экономикалық кеңесі жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссиямен, ТМД Атқарушы комитетімен, көлік саласындағы ТМД салалық ынтымақтастық органдарымен (ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көліктік үйлестіру кеңесі, Достастыққа қатысушы мемлекеттердің теміржол көлігі жөніндегі кеңесі, ТМД көліктік дәліздерді үйлестіру комитеті) және өзге де ТМД салалық ынтымақтастық органдарымен өзара іс-қимыл жасайды.
2. ҮЖК мақсаты, қызметінің негізгі бағыттары және функциялары
2.1. ҮЖК мақсаты – жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының желісін дамыту мен жетілдіруге жәрдем көрсету, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жол ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық әлеуетін толығымен пайдалану үшін жағдай жасау, келісілген жол саясатын жүргізуде және интеграциялық процестерді тереңдетуде үкіметтерге қолдау көрсету, кадрлар даярлау деңгейін арттыру.
2.2. ҮЖК қызметінің негізгі бағыттары:
автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын жобалау, салу, қайта жаңарту, жөндеу және күтіп-ұстау саласында ҮЖК-ге қатысушы жол әкімшіліктері арасындағы өзара пайдалы қатынасты кеңейтуге жәрдемдесу;
жол саласындағы, оның ішінде экология және қозғалыс қауіпсіздігі саласындағы ғылыми-техникалық тұжырымдамаларды әзірлеу;
ТМД халықаралық автомобиль жолдарының тізбесіне жатқызылған автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын жобалау, салу, қайта жаңарту, жөндеу мен күтіп ұстау бойынша жол әкімшіліктерінің өзара іс-қимылын үйлестіру;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген жол саясатын жүргізуі бойынша ұсынымдар дайындау;
кадрлар даярлау, жол бейініндегі оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының жұмысы жөніндегі қызметті үйлестіру болып табылады.
2.3. ҮЖК негізгі функциялары:
ғылыми-техникалық міндеттерді бірлесіп шешу, жол шаруашылығы саласындағы негіз қалаушы нормативтік құжаттарды жетілдіру бойынша белгіленген тәртіппен ұсыныстар енгізу;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жол салаларын дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылды үйлестіру;
автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын салу, қайта жаңарту, жөндеу мен күтіп-ұстау, өндірістік, тұрғын үй және азаматтық мақсаттағы объектілерді салу бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға жәрдемдесу;
жүк-жолаушылар тасымалдарының басым бағыттарында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттеріне кіреберіс жолдарды дамыту бойынша ұсыныстар дайындау;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттеріне іргелес автомобиль жолдарын, жол желілерін, халықаралық көлік дәліздерін салу жобаларын, жоспарларын салу (қайта жаңарту) және өткізу пункттерін дамыту құзыретіне жататын мемлекеттік биліктің атқарушы органдарымен үйлестіруге жәрдемдесу;
жол-құрылыс материалдарын, конструкцияларды, механикаландыру құралдарын, жұмыс сапасын бақылау және жолдар диагностикасын, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын, бағдарламалық өнімдерді бірлесіп өндіруді ұйымдастыру бойынша ұсыныстар дайындау;
нормативтік және әдістемелік құжаттарды, ұсынымдарды, құрылыс нормалары мен ережелерін, мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу, ақпараттық анықтамалық және талдау материалдарын дайындау бойынша ұсыныстар әзірлеу;
жол шаруашылығын дамыту бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесіп қаржыландыру және жүргізу бойынша ұсыныстар әзірлеу;
тиісті халықаралық ұйымдармен байланыстарды дамыту және
ҮЖК-нің халықаралық одақтарға, конгрестерге және басқа да форумдарға қатысуын қамтамасыз ету.
2.4. ҮЖК өз функцияларын іске асыру үшін:
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жол салаларын дамытуға қатысты мәселелер жөніндегі құжаттардың жобаларын дайындайды және ТМД-ның жоғары органдарының қарауына белгіленген тәртіппен енгізеді;
ҮЖК құзыретіне кіретін мәселелер бойынша екі және көп жақты келісімдердің, ТМД Мемлекеттер басшылары кеңесінің және Үкіметтер басшылары кеңесінің шешімдерін орындау туралы ақпарат алу үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атқарушы билік органдарына жүгінеді;
жалпы отырыстарды, ал жекелеген мәселелер бойынша – ҮЖК құзыретіне жатқызылған құжаттардың жобаларын дайындау үшін жұмыс кеңестерін немесе жұмыс топтарын шақырады және өткізеді;
ғылыми-практикалық конференцияларды, семинарларды, кеңестерді, көрмелерді және басқа да іс-шараларды өткізеді;
ҮЖК қатысушы жол әкімшіліктерінен өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпарат сұратады.
3. ҮЖК жұмысын ұйымдастыру
3.1. ҮЖК құрамына жол қызметін жүзеге асыруды ұйымдастыру мәселелері құзыретіне жататын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының басшылары кіреді.
Бұл ретте ҮЖК-ге қатысушы әрбір мемлекет бір дауысқа ие.
ҮЖК құрамына кеңесші дауыс беру құқығымен ҮЖК хатшылығының басшысы кіреді, сондай-ақ ҮЖК бекіткен Бақылаушы мәртебесі туралы ереже негізінде ҮЖК мақсаты мен міндеттерін бөлісетін, ТМД-ның қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының өкілдері кіруі мүмкін.
ҮЖК шешімі бойынша оның құрамына дауыс беру құқығымен ТМД-ның салалық ынтымақтастық органдарының басшылары, Халықаралық көлік академиясының басшысы, ТМД-ның Атқарушы комитетінің өкілі кіруі мүмкін.
ҮЖК мүшелерінің шешімі бойынша оның жұмысына қауымдастырылған мүшелер ретінде жол ұйымдарының, мемлекетаралық, үкіметаралық, өңірлік, қоғамдық және ғылыми-зерттеу ұйымдарының, қауымдастықтардың, акционерлік қоғамдардың, холдингтер мен басқа да ұйымдардың өкілдері қатыса алады. Қауымдастырылған мүшелік туралы ережені ҮЖК бекітеді.
ҮЖК шеңберінде бекітілген ережелер негізінде құрылымдық бөлімшелер ретінде Сараптамалық-ғылыми кеңес, «Жол шаруашылығы» мемлекетаралық техникалық комитеті, мынадай:
жол шаруашылығын басқару және дамыту;
құқықтық проблемалар;
жол шаруашылығын қаржыландыру;
техникалық саясат, жолды күтіп-ұстау және қозғалыс қауіпсіздігі;
қажет болған жағдайда, ТМД-ның жол шаруашылығы қызметінің басқа да бағыттары бойынша тұрақты жұмыс істейтін жұмыс топтары әрекет етеді.
Көрсетілген жұмыс топтарының басшыларын ҮЖК бекітеді.
Қажет болған жағдайда, ҮЖК мүшелерінің шешімі бойынша уақытша жұмыс топтары құрылуы мүмкін.
3.2. ҮЖК өз жұмысының регламентін бекітеді.
3.3. ҮЖК мүшелерінің ұсынысы бойынша ҮЖК отырысы қажет болуына қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі.
Егер отырыстардың жұмысында оның мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда, отырыс заңды деп танылады.
Отырыс өткізілетін орын мен мерзімі ҮЖК мүшелерінің алдын ала уағдаластығы бойынша белгіленді.
ҮЖК отырысын өткізуді қаржыландыруға байланысты шығыстарды ТМД-ға қатысушы қабылдайтын мемлекеттің тиісті мемлекеттік билік органдарының есебінен жүзеге асырылады.
ҮЖК мүшелерін және ҮЖК іс-шараларына қатысушыларды іссапарға жіберу шығыстарын ТМД-ға қатысушы жіберуші мемлекеттердің билік органдары, ұйымдары мен кәсіпорындары жүзеге асырады.
3.4. ҮЖК-ні Төраға басқарады.
Егер ҮЖК өзгеше шешімі болмаса, төрағалықты ТМД-ға қатысушы мемлекеттер ТМД-ға әрбір қатысушы мемлекеттің атынан оның өкілі атауларының орыс әліпбиі ретімен бір жыл бойы кезекпен жүзеге асырады.
ҮЖК-нің алдыңғы және кейінгі төрағалары оның тең төрағасы болып табылады. Төраға уақытша болмаған кезде оның міндеттері тең төрағалардың біреуіне жүктеледі.
3.5. ҮЖК жыл сайын жұмыс жоспарын бекітеді, мәселелерді қарау тәртібі мен мерзімдерін анықтайды.
3.6. ҮЖК-нің шешімдері егер ҮЖК-нің шешімімен өзгеше белгіленбесе, оның отырысқа қатысқан мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.
ҮЖК-нің кез келген мүшесі қандай да бір мәселеде өзінің мүдделілігі туралы мәлімдеуі мүмкін, бұл шешім қабылдау үшін кедергі ретінде қаралмайды.
Шешіммен келіспеген ҮЖК мүшелері өзінің ерекше пікірін білдіре алады, олар отырыс хаттамасына енгізіледі.
3.7. ҮЖК қызметін ұйымдастыру-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді тұрақты жұмыс істейтін ҮЖК-нің атқарушы органы хатшылық жүзеге асырады. ҮЖК хатшылығының функциясы және оның қызметінің тәртібі ҮЖК бекітетін Жарғымен айқындалады.
Хатшылықты ұстауға жұмсалатын шығыстарды қоса алғанда, ҮЖК-нің қызметіне байланысты шығыстарды қаржыландыру бюджеттен тыс көздерден ҮЖК-ге қатысушылардың жыл сайынғы жарналары, заңды және жеке тұлғалардың ерікті жарналары мен қайырмалдықтарының есебінен жүзеге асырылады.
ҮЖК-ге қатысушылар аударымдарының мөлшері хатшылықтың шығыстар сметасын бекіткен кезде ҮЖК шешімімен белгіленеді.
3.8. ҮЖК атқарушы органын ҮЖК шешімімен осы лауазымға бес жылға бекітілетін ҮЖК Хатшылығының басшысы басқарады.
ҮЖК Хатшылығының басшысы лауазымы бойынша ҮЖК төрағасының орынбасары болып табылады.
3.9. ҮЖК Хатшылығының орналасқан жері – Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласы.
4. Қорытынды ережелер
4.1. ҮЖК жыл сайын ТМД-ның Атқарушы комитетіне өз қызметі туралы ақпарат береді.
ҮЖК-нің жұмысы туралы есеп белгіленген тәртіппен ТМД-ның Үкіметтер басшылары кеңесінің отырысында қаралады.
ҮЖК есебінің кестесін ТМД-ның Экономикалық кеңесі жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссия бекітеді.
4.2. ҮЖК-нің жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.