Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 27.10.2023 № 950 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 тамыздағы № 891 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 51, 691-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасы осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | С. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 7 маусымдағы № 588 қаулысына қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 тамыздағы № 891 қаулысымен бекітілген |
Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және
жүргізу қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы Заңына сәйкес әзірленді және мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы (бұдан әрі – МҒТС) ұйымдастыруға және жүргізуге байланысты қатынастарды реттейді.
2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар қолданылады:
1) өтінім беруші – уәкілетті органда аккредиттелген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі немесе ғылыми зерттеулерді іске асыратын дербес білім беру ұйымы және оның тең шарттардағы ұйымдары;
2) тапсырыс беруші – ұйымдастырушымен МҒТС жүргізуді ұйымдастыруға өтеулі шарт жасасқан заңды немесе жеке тұлға;
3) ұйымдастырушы – ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы;
4) сарапшы – сараптамалық қорытынды беретін, сондай-ақ тиісті біліктілігі, ғылыми дәрежесі мен мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар жеке тұлға.
Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалардың МҒТС үшін тартылатын сарапшының Хирша индексі бар рецензияланатын ғылыми журналдарда соңғы бес жылда жарияланған кемінде 5 ғылыми мақаласы болуы тиіс. Гуманитарлық, қоғамдық, саяси және әлеуметтік ғылымдар саласында маманданған адамдарға соңғы бес жылда кемінде 5 Хирша индексінің болуы жөніндегі талап қолданылмайды;
5) шетелдік сарапшы – Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын сарапшы, сондай-ақ шетелдік мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген осы мемлекетте тұрақты тұру құқығына құжаты бар, мамандығы бойынша Қазақстан Республикасының шегінен тыс шетелдік ғылыми ұйымдарда жұмыс өтілі және жетекші әлемдік ғылыми журналдарда жарияланған ғылыми мақалалары бар Қазақстан Республикасының азаматы;
6) қазақстандық сарапшы – шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген сол мемлекетте тұрақты тұру құқығына құжаты бар Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, оның ішінде уақытша шетелде немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс мемлекеттік қызметте жүрген, академиялық ғылыми журналдарда жарияланған ғылыми мақалалары бар сарапшы.
7) сараптама қорытындысы – сарапшы жасайтын және ол өткізетін сараптама нәтижелері, алдына қойылған мәселелер бойынша оның қорытындылары, МҒТС объектісінің объективті және тапсырыс беруші мен ұйымдастырушының мүдделеріне тәуелсіз талдамалық бағалау туралы мәліметтерді қамтитын құжат;
8) кешенді сараптама – ұйымдастырушының білімнің әртүрлі салаларындағы немесе бір білім саласының түрлі ғылыми бағыттарының мамандары болып табылатын сарапшыларды тартуы жолымен өткізілетін сараптама;
9) комиссиялық сараптама – ұйымдастырушының бір білім саласының бір ғылыми бағыты шегіндегі мамандар болып табылатын сарапшыларды тартуы жолымен өткізілетін сараптама;
10) МҒТС қорытындысы – МҒТС объектісі бойынша бағалаудың әрбір критерийі бойынша сарапшылар келіскен балдарды қорыту негізінде ұйымдастырушы осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасаған ресми қорытынды.
3. МҒТС сараптама қорытындыларының тәуелсіздігі, объективтілігі, құзыреттілігі, кешенділігі, дұрыстығы, толықтығы және негізділігі қағидаттарында ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалардың талдамалық бағасын дайындау мақсатында жүзеге асырылады.
4. МҒТС объектілері ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалар (оның ішінде, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы есептер, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық алу үшін ұсынылатын ғылыми-зерттеу жұмыстары, нысаналы ғылыми, ғылыми техникалық бағдарламалар) болып табылады.
5. Ұйымдастырушы мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларға, сондай-ақ тапсырыс берушінің өтініші бойынша өзге де МҒТС объектілеріне МҒТС жүргізу бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды жүзеге асырады.
6. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылуы тиіс ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалардың МҒТС-ын құзыретті шетелдік және қазақстандық сарапшылар жүргізеді.
7. Ұйымдастырушы МҒТС объектілері сараптамасының нәтижелері әкімшілендірілуінің, тәуелсіздігінің, айқындылығының және жариялылығының біртұтастығын қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
8. Мыналар МҒТС-ның негізгі міндеттері болып табылады:
1) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалардың ғылыми, техникалық және технологиялық білімнің әлемдік деңгейіне, ғылыми-техникалық прогрестің үрдістері мен басымдықтарына сәйкестігін бағалау;
2) МҒТС объектілерінің заңнама, конкурстық құжаттама талаптары мен нормаларына сәйкестігін бағалау;
3) жоспарланатын операциялар арқылы ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалардың мақсаттарына қол жеткізу мүмкіндіктерін, еңбек, қаржы қаражаты, материалдық ресурстардың болжамды шығындарының қажеттілігі мен жеткіліктілігін бағалау, сұратылатын қаржыландыруды бағалау;
4) ғылыми зерттеулерді жүргізуді мазмұндық, ұйымдастырушылық, материалдық, ақпараттық қамтамасыз ету бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларды (есептерді) іске асыру нәтижелерін объективті және кешенді қарау, алынған нәтижелерді мәлімделген мақсаттармен салыстыру;
5) МҒТС объектілерінің маңыздылығын бағалау;
6) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларды іске асырудың ғылыми-техникалық, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық салдарын болжау;
7) МҒТС объектілерін іске асыруға бөлінген қаржылай және басқа да қаражаттың жұмсалу тиімділігін бағалау.
9. Мыналар МҒТС жүргізу қағидаттары болып табылады:
1) сарапшылардың тәуелсіздігі, анонимділігі және құзыреттілігі;
2) МҒТС объектілерін зерттеудің ғылыми тәсілі, жан-жақтылығы, объективтілігі;
3) сараптама қорытындыларының толықтығы мен негізділігі;
4) МҒТС нәтижелерінің жариялылығы.
2. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және
жүргізу тәртібі
10. Тапсырыс беруші ұйымдастырушыға осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға ұсынылған МҒТС объектісіне және өзге де МҒТС объектілеріне МҒТС жүргізу үшін өтінім береді.
11. Ұйымдастырушы:
1) МҒТС жүргізу жөніндегі жұмысты МҒТС-ның әрбір объектісін кемінде үш сарапшыға МҒТС жүргізу үшін жолдау арқылы не МҒТС объектісіне байланысты кешенді (комиссиялық) сараптама өткізу арқылы ұйымдастырады;
2) МҒТС жүргізу үшін қазақстандық және шетелдік сарапшылардың құрамын олардың мамандануы мен МҒТС объектілерінің ерекшеліктеріне сәйкес сапалы және объективті іріктеуді қамтамасыз етеді;
3) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларға МҒТС жүргізу үшін кемінде екі шетелдік сарапшыны іріктеуді жүргізеді;
4) МҒТС объектілерінің электронды нұсқаларының деректер банкін және мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландыруға ұсынылған және МҒТС жүргізу үшін тапсырыс берушіден келіп түскен МҒТС объектілері бойынша дерекқор қалыптастырады;
5) МҒТС-ның әдістемелік және ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді, оның ішінде, қазақстандық және шетелдік сарапшылардың автоматтандырылған дерекқорын құру және МҒТС жүргізу жөнінде қызметтер көрсету туралы сарапшылармен шарт жасасу арқылы жүзеге асырады.
Шетелдік сарапшылардың дерекқорын құру үшін сарапшыларды іріктеу жетекші әлемдік библиометрикалық дерекқорларды пайдалану арқылы немесе жетекші әлемдік университеттер мен ғылыми ұйымдардың немесе МҒТС объектісінің тақырыбына сәйкес келетін ғылыми зерттеулер бойынша әлемдік жетекші журналдардағы жарияланымдары бар сарапшылардың ұсынысы бойынша жүргізіледі.
Сарапшымен жасалған шарт сараптаманы жүргізу мерзімі, МҒТС объектілері туралы мәліметтердің құпиялылығы туралы, сарапшының ғылыми этика қағидаттары мен нормаларын сақтауы шарттарын қамтуы және сарапшы туралы мәліметтің құпиялылығына кепілдік беруі тиіс.
Шарттың сарапшының бастамасымен дәлелді себептерсіз бұзылғаны туралы мәліметтер қазақстандық және шетелдік сарапшылардың автоматтандырылған дерекқорына енгізіледі.
Сарапшы шарт талаптарын және (немесе) осы Қағидада белгіленген МҒТС жүргізу қағидаттарын бұзған жағдайда, ұйымдастырушы оны автоматтандырылған дерекқордан шығарады.
12. МҒТС-ны ұйымдастыру және жүргізу мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) МҒТС жүргізуге өтінімдерді өңдеу және МҒТС объектілерінің электронды нұсқаларының деректер банкі мен МҒТС объектілері бойынша дерекқор құру – өтінім алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайды;
2) сарапшыларды іріктеу және олармен МҒТС жүргізу бойынша қызметтер көрсету туралы шарт жасасу – өтінімдерді өңдеу аяқталған және МҒТС объектілері бойынша дерекқорға МҒТС объектілері енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайды;
3) МҒТС жүргізу – сарапшымен шарт жасасқан күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайды.
Ұйымдастырушы әрбір кезеңнің аяқталғаны туралы ақпаратты ол аяқталған кейін бес жұмыс күні ішінде өз интернет-ресурсында жариялайды.
13. МҒТС объектісі бойынша сараптама қорытындысы МҒТС объектісіне байланысты осы Қағидаға 3, 4, 5 немесе 6-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша жасалады.
Сараптама қорытындысында сарапшы осы Қағидаға 7-қосымшада көрсетілген бағалау жүйесіне сәйкес әрбір бағалау критерийі бойынша балл қояды. Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалар бойынша қосымша бағалау критерийлерін тапсырыс берушінің ұсынысы бойынша ұйымдастырушы белгілейді.
14. МҒТС объектісіне кешенді (комиссиялық) сараптама жүргізілген кезде сарапшы топ құрылады. Сарапшы топ мүшелерінің арасынан төраға сайланады және сарапшы топ отырысының хатшысы анықталады. Сарапшы топтың отырысы күндізгі нысанда және (немесе) онлайн конференция арқылы өткізіледі. Сараптама үшін ұсынылған материалдар көлеміне байланысты кешенді (комиссиялық) сараптама кемінде үш және он бестен аспайтын сарапшылардың қатысуымен өткізіледі. МҒТС объектісінің кешенді (комиссиялық) сараптамасының нәтижелері бойынша МҒТС объектісіне байланысты осы Қағидаға 3, 4, 5 немесе 6-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша сараптама қорытындысы жасалады.
15. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға ұсынылған МҒТС объектілерінің МҒТС нәтижесі МҒТС қорытындысы болып табылады, оны ұйымдастырушы ұлттық ғылыми кеңестердің қарауына жібереді.
МҒТС-ның өзге объектілері бойынша МҒТС қорытындысын ұйымдастырушы тапсырыс берушіге жібереді.
16. Ұйымдастырушы конкурс шеңберінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға ұсынылған МҒТС объектілері бойынша МҒТС нәтижелерін көрсетілген конкурс шеңберінде МҒТС-ның барлық объектілері бойынша МҒТС жүргізілгеннен кейін күнтізбелік үш күн ішінде өз интернет-ресурсында жариялайды.
17. Ұйымдастырушыға және сарапшыға тапсырыс берушінің, өтінім берушінің және өзге де адамдардың қысым не өзге де ықпал көрсетуіне жол берілмейді.
Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасына 1-қосымша |
________________________________________
(МҒТС объектісінің атауы)
мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама қорытындысы
Бағалау критерийлерінің атауы | Орташа балл (1-ден 9-ға дейін) | Барлық сарапшылардың жетекші сұрақтарға жауаптарымен қоса түсініктемелері | |
1 | |||
2 | |||
3 | |||
4 | |||
Қорытынды балл(бағалаудың әрбір критерийі бойынша сарапшылармен келісілген балдарды қорыту) | |||
Қорытынды балдың шекті бағасы (төмен, орташа немесе жоғары) | |||
Күшті тұстары | |||
Әлсіз тұстары | |||
Сарапшылардың пікірі бойынша шығыстардың әрбір түрі бойынша өзгерістердің негіздемесімен қоса, объектіні іске асыруға қажетті қаржыландыру сомасы | |||
МҒТС объектісі мазмұнының ұсынылған басым бағытқа сәйкестігі туралы сарапшылардың пікірлері (сәйкес келеді немесе сәйкес келмейді) |
____________________
Ұйымдастырушы
Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасына 2-қосымша |
Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізуге өтінімнің
үлгілік нысаны
1. Жобаның мақсаттары мен міндеттері [500 сөзден артық емес]
Бұл бөлімде жобаның мақсаты және жоба мақсатына қолжеткіз жолдары, оларды іске асыру мен күтілетін нәтижелердің қысқаша түсініктемесімен қоса қойылған міндеттер сипатталады.
2. Жобаның ғылыми жаңашылдығы және практикалық маңыздылығы [500 сөзден артық емес]
Бөлім мынадай ақпаратты қамтиды:
1) жобаның ұлттық және халықаралық деңгейдегі жаңашылдығы мен маңыздылығы;
2) жобаны іске асыруға және оның нәтижесін алуға әлеуметтік сұраныс және (немесе) экономикалық және индустриялық мүдделілік.
3. Зерттеу әдістері [1000 сөзден артық емес]
Бөлім мынадай ақпаратты қамтиды:
1) жобада пайдаланылатын әдістерді қойылған мақсаттарға қол жеткізу тәсілдерін негіздеу, таңдалған амалдарды негіздеу ретінде сипаттау;
2) жобаны орындаудың сыни межелері, баламалы жолдары.
4. Жобаны іске асыру және басқару тобы [2500 сөзден артық емес]
Бөлім мынадай ақпаратты қамтиды:
1) зерттеу тобының құрамын, олардың ұстанымдарын, біліктілігі мен жобадағы жұмыс бағыттарын және жоба кезеңдерін қамтитын жұмыс жоспарын сипаттау;
2) жобаны іске асырудың әр жылына міндетті түсіндіруін келтіре отырып, жобаның жалпы құнын негіздеу (мың теңгеде);
3) жобаны іске асыру үшін қолда бар материалдық-техникалық базаны сипаттау.
5. Күтілетін нәтижелер [500 сөзден артық емес]
Бөлімде мынадай ақпарат көрсетіледі:
1) рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланымды жүзеге асыру және жобаның алынған нәтижелерін патенттеу мүмкіндігі;
2) күтілетін ғылыми және әлеуметтік-экономикалық әсер;
3) алынған нәтижелердің қолдануға жарамдылығы;
4) алынған нәтижелерді мақсатты тұтынушылар;
5) жұмыс нәтижелерін әлеуетті тұтынушылар, ғалымдар қоғамдастығы және қалың бұқара арасында тарату.
6. Библиография
Бөлімде "Жобаның ғылыми жаңашылдығы және практикалық маңыздылығы" деген 2-бөлімде сілтемелері берілген жарияланымдар көрсетіледі.
Әр жарияланым журналдың толық атауын, басылым нөмірін, шығарылған жылын, бет нөмірін, мақаланың толық атауын, мақаланың барлық авторларының есімдерін қамтуы тиіс.
Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасына 3-қосымша |
________________________________________
(МҒТС объектісінің атауы)
сараптама қорытындысы
(гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде)
Бағалау критерийлерінің атауы | Балл (1-ден 9-ға дейін) | Сарапшының/сарапшы топтың жетекші сұрақтарға жауаптарымен қоса түсініктемелері | |
1 | Зерттеу жоспарының сапасы және инновациялылығы | Жобаның ғылыми жаңашылдығы мен маңыздылығының болуы. Жоба шеңберінде жаңа ғылыми немесе әдіснамалық проблемалы салаларды зерттеу. Жобада ерекше маңызды нәтижелерге қол жеткізу үшін әлеуеттің болуы. Зерттеудің пәнаралылығы. Жобаның қауіптері бар, серпінді зерттеу деңгейіне сәйкестігі. Әлеуметтік-экономикалық әсері. Жобаның алынған нәтижелерін пайдалану жолдары. Жобаның стратегиялық маңызы (бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру үшін). | |
2 | Зерттеу жоспарының іске асырылуы | Мақсаттардың және зерттеу жоспары гипотезаларының айқындылығы мен шынайылығы. Жобада қолданылатын ғылыми әдістердің негізділігі. Баламалы тәсілдердің болуы. Әдістер мен тәсілдердің қойылған мақсаттар мен міндеттерге сәйкестігі. Ғылыми зерттеулердің әдіснамасы мен нәтижелерінің ашықтығын қамтамасыз ету. Жобаны басқару, зерттеу жоспарының ашықтығы және жұмыстарды бөлу деңгейінің қолайлылығы. Ресурстар (адами, қаржы және басқа материалдық) мен жұмыстарды бөлудің жұмыстардың мәлімделген мерзіміне, көлемі мен мазмұнына және сұратылған қаржыландыру сомасына сәйкестігі. Адамдарға және жануарларға жүргізілетін эксперименттік зерттеулерге қатысты этикалық мәселелердің көрсетілуі. Плагиатты болдырмау, мәліметтердің жасандылығы мен жалғандығы, жалған қос авторлық және нәтижелерді иемденуге қатысты мәселелердің көрсетілуі. Жобаны іске асырудың баламалы жолдарының болуы. | |
3 | Өтініш берушінің құзыреттілігі | Жобаны іске асыру үшін ғылыми жетекші мен зерттеу тобы мүшелерінің құзыреттілік деңгейінің жеткіліктілігі. Жобаны іске асыру үшін зерттеу тобы мүшелерінде комплементарлы (толықтырушы) білімнің болуы. | |
4 | Зерттеу ортасы | Өтінім берушіде жобаны жүзеге асыру үшін қажетті зерттеу инфрақұрылымының болуы. Өтінім беруші сатып алатын жабдықтың жоба мақсатына, жоспарланған жұмыс мазмұнына сәйкестігі. Жобаны халықаралық зерттеу ортасына интеграциялау мүмкіндігінің болуы (негіздемесімен). Жоба шеңберінде немесе оны іске асыру нәтижелері бойынша біліктілігі жоғары жас кадрлар даярлауды қолдау. Жоба шеңберінде қазақстандық/шетелдік әріптестермен бірлескен жұмыстардың болуы. Жобаға жетекші шетелдік ғалымдардың қатысуы. Зерттеу тобы мүшелерінің шетелдік зерттеу орталықтарында немесе университеттерінде тағылымдамадан өтуін, зерттеу орталықтары немесе университеттер арасында зерттеу тобы мүшелерінің өзара алмасуын жүзеге асыру. Үздік ғылыми нәтижелер алу немесе жобаны одан әрі дамыту мақсатында халықаралық ынтымақтастық орнату мүмкіндігінің болуы және қажеттілігі. | |
Қорытынды балл (бағалау критерийлері бойынша балл сомасы) | |||
Күшті тұстары | |||
Әлсіз тұстары | |||
Сарапшы пікірі бойынша шығыстардың әрбір түрі бойынша өзгерістердің негіздемесімен қоса, объектіні іске асыруға қажетті қаржыландыру сомасы | |||
МҒТС объектісі мазмұнының ұсынылған басым бағытқа сәйкестігі туралы сарапшылардың пікірлері (сәйкес келеді немесе сәйкес келмейді) |
Сарапшының Т.А.Ә. _____________________________________________
Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасына 4-қосымша |
____________________________________ есебі бойынша
(МҒТС объектісінің атауы)
сараптама қорытындысы
Бағалау критерийлерінің атауы | Балл (1-ден 9-ға дейін) | Сарапшы/сарапшы топ түсініктемелері | |
1 | Жұмыс нәтижелерінің ғылыми маңыздылығын, практикалық құндылығын бағалау | ||
2 | Ғылыми зерттеулерде қолданылатын әдіснамалардың сапасын бағалау | ||
3 | Жобада/бағдарламада қойылған міндеттердің орындалуын бағалау | ||
Қорытынды балл (бағалау критерийлері бойынша балл сомасы) | |||
Күшті тұстары | |||
Әлсіз тұстары |
Сарапшының Т.А.Ә. _____________________________________________
Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасына 5-қосымша |
Ғылым мен техника саласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
сыйлығына ұсынылған жұмыс бойынша сараптама қорытындысы
________________________________________
(МҒТС объектісінің атауы)
Бағалау критерийлерінің атауы | Балл (1-ден 9-ға дейін) | Сарапшы/сарапшы топ түсініктемелері | |
1 | Алынған әлемдік деңгейдегі нәтижелердің ғылыми жаңашылдық дәрежесі, жүргізілген зерттеулердің өзектілігі | ||
2 | Ғылыми зерттеулер үшін қолданылатын әдіснаманы бағалау | ||
3 | Зерттеудің негізгі нәтижелерінің ғылыми және практикалық маңыздылығын бағалау | ||
4 | Жұмыстың ғылым мен техника дамуына үлесін бағалау | ||
5 | Қорытынды балл (бағалау критерийлері бойынша балл сомасы) | ||
Күшті тұстары | |||
Әлсіз тұстары |
Сарапшының Т.А.Ә. _____________________________________________
Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасына 6-қосымша |
________________________________________
(МҒТС объектісінің атауы)
нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша сараптама қорытындысы
Бағалау критерийлерінің атауы | Балл (1-ден 9-ға дейін) | Сарапшы/сарапшы топ түсініктемелері | |
1 | Бағдарламалық шешім үшін ұсынылатын проблеманың басым сипаттамасы | ||
2 | Нысаналы бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерінің ғылыми маңыздылығы | ||
3 | Бағдарламалық іс-шаралардың негізділігі, кешенділігі және экологиялық қауіпсіздігі, оларды іске асыру мерзімі | ||
4 | Нысаналы бағдарламаны жүзеге асыру тетігінің тиімділігі | ||
5 | Нысаналы бағдарламаның тұтастай алғандағы әлеуметтік-экономикалық тиімділігі, нысаналы бағдарламаны іске асырудан күтілетін қорытынды нәтижелер және оның ел экономикасының дамуына ықпалы | ||
Қорытынды балл (бағалау критерийлері бойынша балл сомасы) | |||
Күшті тұстары | |||
Әлсіз тұстары |
Сарапшының Т.А.Ә. _____________________________________________
Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасына 7-қосымша |
МҒТС объектісін сараптамалық бағалау жүйесі
Шекті баға | Балл | Баға | Күшті және әлсіз тұстарын көрсете отырып бағалауды сипаттау |
Жоғары | 9 | Ерекше | Әлсіз тұстары жоқ |
8 | Көрнекті | Әлсіз тұстарын ескермеуге болады | |
7 | Үздік | Кейбір елеусіз әлсіз тұстары бар | |
Орташа | 6 | Өте жақсы | Елеусіз әлсіз тұстарымен көп |
5 | Жақсы | Кейбір күшті тұстары және бірқалыпты әлсіз тұстары бар | |
4 | Қанағаттанарлық | Кейбір күшті тұстары, бірақ айтарлықтай бір әлсіз тұсы бар | |
Төмен | 3 | Әлсіз | Елеусіз күшті тұстары және көптеген әлсіз тұстары бар |
2 | Қанағаттанарлықсыз | Күшті тұстары жоқ және айтарлықтай әлсіз тұстары бар | |
1 | Тым қанағаттанарлықсыз | Күшті тұстары жоқ |