Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Психикалық бұзылушылықтардан зардап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С.Ахметов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Психикалық бұзылушылықтардан зардап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы
1997 жылғы 28 наурызда Мәскеуде жасалған Психикалық бұзылушылықтардан зардап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін беру туралы конвенция ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Психикалық бұзылушылықтардан зардап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін беру туралы конвенция
Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттер
мемлекеттiк егемендiк қағидатын негізге ала отырып және өзара құрмет пен ынтымақтастық негізінде,
мемлекеттердің құқықтық ынтымақтастығы мәжбүрлі емделудегі адамдарды қоғамдағы қалыпты өмірге қайтаруға ықпал етуге тиіс екендігін басшылыққа ала отырып,
олар тұрақты тұратын мемлекетте мәжбүрлеп емдеуді жүргізу БҰҰ-ның қағидаттары мен стандарттарына сәйкес көрсетілген мақсатқа неғұрлым тиімді қол жеткізуге ықпал ететінін мойындай отырып,
төмендегiлер туралы уағдаласты:
1-бап
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының есі дұрыс емес күйде қоғамға қауіпті әрекет жасаған, өздеріне қатысты екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі бар азаматтары осы Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша өздері азаматтары болып табылатын немесе аумағында тұрақты тұратын (егер азаматтығы жоқ адамдар болса) мемлекетке мәжбүрлеп емдеуден өткізу үшін беріледі.
2-бап
Егер:
а) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енсе;
б) мәжбүрлеп емдеуге жіберілген адам Уағдаласушы екі Тараптың да заңнамасы бойынша қылмыстық жаза қолданылатын әрекет жасаса;
в) Уағдаласушы екі Тараптың да заңнамасымен медициналық сипаттағы ұқсас шаралар көзделсе;
г) қабылдаушы Уағдаласушы Тарапта қажетті емдеуді және тиісті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мүмкіндігі бар болса;
д) науқастың келісімі, ал өз ойын еркін білдіруге қабілетсіз болған жағдайда – оның заңды өкілінің келісімі алынған болса, адамды мәжбүрлеп емдеуден өткізу үшін беру жүзеге асырылады.
3-бап
Адамдарды мәжбүрлеп емдеуден өткізу үшін беру сот шешімі шығарылған Уағдаласушы Тараптың да, адам азаматы болып табылатын немесе аумағында тұрақты тұратын Уағдаласушы Тараптың да өтініші бойынша жүзеге асырылады.
Құзыретті органның басшысы немесе оның орынбасары Уағдаласушы Тараптардың атынан өтініш беретін өкілетті адам болып табылады.
Мәжбүрлеп емдеуге жататын адам, оның заңды өкілі, сондай-ақ жақын туыстары кез-келген Уағдаласушы Тараптың құзыретті органдарына өзінің беруге мүдделі екендігі туралы өтінішін жіберуге құқылы.
4-бап
Өтініш жазбаша нысанда жасалады. Оған:
а) берілетін адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
б) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімінің және оның заңды күшіне енгені туралы құжаттың куәландырылған көшірмелері;
в) сот-психиатриялық сараптама актісінің куәландырылған көшірмесі;
г) емдеу түрін өзгерту нысанасына арналған психиатриялық куәландыру актісінің куәландырылған көшірмесі;
д) ДЕСК анықтамасы;
е) адамға айып тағу негізге алынған қылмыстық заң баптарының мәтіні;
ж) науқастың немесе оның заңды өкілінің өзі азаматы болып табылатын немесе аумағында тұрақты тұратын жері бар мемлекетке мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін беруге жазбаша келісімі;
з) егер бар болса, жақын туыстарының өтініші;
и) науқастың азаматтығы туралы, оның тұрақты және уақытша тұратын жері туралы куәландыратын құжаттар;
к) науқастың туыстары туралы мәліметтер;
л) егер Уағдаласушы Тараптар қажет деп тапса, басқа да құжаттар мен мәліметтер;
м) өтініштің және оған қоса берілетін құжаттардың расталған аудармасы қоса беріледі.
5-бап
Келісу (бас тарту) және адамды беру немесе қабылдау туралы шешімді өтініш алынған күннен бастап 40 күннен кешіктірмей құзыретті органның басшысы қабылдайды және екінші Уағдаласушы Тараптың құзыретті органының басшысына жіберіледі.
Қабылданған шешім туралы өзіне қатысты өтініш жолданған адамға немесе оның заңды өкіліне жазбаша нысанда хабарланады.
6-бап
Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары осы Конвенцияның мәселелері бойынша бір-бірімен тікелей қатынасады.
Әрбір Уағдаласушы Тарап өз құзыретті органының атауын депозитарийге хабарлайды.
7-бап
Адамды беру орны, уақыты және тәртібі Уағдаласушы екі Тараптың да құзыретті органдары арасындағы уағдаластық бойынша анықталады.
Тасымалдау науқастың жай-күйіне теріс әсер етпеуі, қашып кетуіне немесе қандай да болсын қауіпті әрекет жасауына әкеп соқпауы ескеріле отырып, беру жүзеге асырылады.
8-бап
Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Конвенцияға сәйкес үшінші Уағдаласушы Тарапқа берілетін адамдарды өз аумағы бойынша транзиттік тасымалдауға рұқсат етеді. Мұндай тасымалдауға адам азаматы болып табылатын мемлекеттің өтініші бойынша рұқсат етіледі.
9-бап
Адамды бергенге дейін туындаған, оны беруге байланысты шығыстарды олар туындаған Уағдаласушы Тарап көтереді. Адамды беруге байланысты кейінгі, соның ішінде оны транзиттік тасымалдау бойынша шығыстарды адамды мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін қабылдаған Уағдаласушы Тарап көтереді.
10-бап
Берілген адамға қатысты сот шешімін қайта қарауға шешім шығарған Уағдаласушы Тарап қана құқылы.
Мәжбүрлеп емдеуге жіберілген адам осы баптың 3-бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, ол есі дұрыс емес деп танылған нақ сол әрекетіне қатысты оны емдеу жүргізу үшін қабылдаған Уағдаласушы Тарапта қылмыстық жауаптылыққа қайтадан тартылмайды.
Егер мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін адамды бергеннен кейін сот шешімінің ол шығарылған Уағдаласушы Тарапта күші жойылса және жаңа тергеу немесе сот талқылауы көзделсе, бұл туралы шешімнің көшірмесі, қылмыстық істің материалдары және басқа да қажетті құжаттар осы Уағдаласушы Тараптың заңнамасы бойынша оны жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін адамды қабылдаған Уағдаласушы Тарапқа жіберіледі.
Сот шешімі өзгертілген жағдайда ол шығарылған Уағдаласушы Тарап бұл туралы адамды мәжбүрлеп емдеу үшін қабылдаған Уағдаласушы Тарапты дереу хабардар етеді.
Мәжбүрлеп емдеудегі адамның психикалық жай-күйінің өзгеруін ескере отырып, дәрігерлік комиссияның қорытындысы бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын жою немесе өзгерту қажет болған жағдайда медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын жою немесе өзгерту туралы тиісті шешімді адамды мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін берген Уағдаласушы Тараптың соты немесе мәжбүрлеп емдеу жүргізу орны бойынша Уағдаласушы Тараптың соты қабылдауға құқылы. Қабылданған шешім туралы екінші Уағдаласушы Тарапқа жазбаша түрде хабарланады.
11-бап
Осы Конвенцияның ережелері Конвенция күшіне енгенге дейін мәжбүрлеп емдеуге жіберілген адамдарға да қатысты қолданылады.
12-бап
Осы Конвенция Уағдаласушы Тараптардың келісуімен басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
Қосылған Тараптар үшін Конвенция депозитарий осындай қосылуға келісуі туралы соңғы хабарламаны алғаннан кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.
13-бап
Осы Конвенция оған қол қойған күннен бастап күшіне енеді. Заңнамасы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуын талап ететін Уағдаласушы Тараптар үшін - тиісті хабарламаны депозитарийге тапсырған күнінен бастап күшіне енеді. Уағдаласушы Тараптар осындай рәсімдерді орындау қажеттігі туралы осы Конвенцияға қол қойған кезден бастап үш ай ішінде депозитарийге хабарлайды.
Конвенция бес жыл мерзімге жасалады. Бұл мерзім аяқталғаннан кейін Конвенцияның қолданысы келесі бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.
14-бап
Әрбір Уағдаласушы Тарап депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Конвенциядан шыға алады. Конвенция осы Уағдаласушы Тарап үшін депозитарий шығу туралы хабарламаны алғаннан кейін үш ай өткен соң күшін жояды.
1997 жылғы 28 наурызда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы Хатшылығында сақталады, ол осы Конвенцияға қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы үшін Молдова Республикасы үшін
Армения Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Грузия үшін Түркіменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін
ескертпемен
Психикалық бұзылушылықтардан зардап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін беру туралы конвенцияға
Украинаның ескертпесі
10-баптың 3-бөлігінде «бұл туралы шешімнін көшірмесі,» деген сөздерден кейін «психикалық бұзылушылықтан зардап шегетін адам болмағанда ықтимал барлық тергеу және өзге де іс жүргізу іс-қимылдарын орындағаннан кейін» деген сөздермен толықтырылсын.
Украина Президенті Л.Д.Кучма
1997 жылғы 28 наурызда Мәскеу қаласында қол қойылған Психикалық бұзылушылықтардан зардап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін беру туралы конвенцияның қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің түпнұсқалық дәлме-дәлдігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының
Халықаралық ынтымақтастық
Департаменті бастығының м.а. Ә.Нұрбеков