Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Монако Князьдігінің Үкіметі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Монако Князьдігінің Үкіметі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 24 қыркүйектегі
№ 1001 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Монако Князьдігінің
Үкіметі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Монако Князьдігінің Үкіметі
өз мемлекеттері арасындағы достық қатынастарды нығайтуға ниет білдіре отырып,
туризмнің Қазақстан мен Монако халықтарының арасындағы екі жақты қатынастардың ұлғаюына және бір-бірін өзара жақсы тануына қаншалықты қолайлы болатынын түсіне отырып,
өз елдерінің экономикалық және мәдени дамуы үшін туризмді дамытудың маңыздылығын тани отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар екі мемлекет арасындағы туристік ағынды ұлғайту мақсатында туризм саласындағы тұрақты даму мен ынтымақтастықты қолдайды және екі мемлекеттің тарихы мен мәдениеті туралы білімдерін кеңейтеді.
Тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты осы Келісімнің ережелеріне, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес дамытады.
2-бап
Тараптар екі мемлекеттің үкіметтері туризм саласындағы саясаттың негізі ретінде алатын бағыттар мен ұсынымдарды айқындау үшін уәкілетті органдардың қатысуы мен үйлестіруі кезінде ұзақ мерзімді кезеңге есептелген туризмді ілгерілету жөніндегі бағдарламалар туралы ақпаратпен тұрақты негізде алмасады.
3-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің туризм индустриясына инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдеседі.
4-бап
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында төтенше жағдайлардың туындау қатерлері туралы ақпарат алмасуға жәрдем көрсетеді.
5-бап
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында өткізілетін туристік іс-шараларға туристік индустрия субъектілерінің қатысуын көтермелейді.
6-бап
Тараптар мемлекеттерінің туристік әлеуеті туралы жарнамалық және ақпараттық материалдармен, сондай-ақ туризм саласындағы мынадай:
өз елдеріндегі туристік қызметті реттейтін заңнама және басқа да нормативтік құқықтық актілер;
туристік индустрияны дамытудың стратегиялық жоспарлары мен бағдарламалары;
Тараптар мемлекеттерінің туристік көрікті орындары болып табылатын табиғи ресурстарын және тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауға және сақтауға бағытталған ұлттық заңнама;
туризм саласындағы статистикалық деректер;
туризм статистикасы саласындағы тәжірибе;
бәсекеге қабілеттілікті және туризмнің тұрақты дамуын арттыруға бағытталған қабылданатын шаралар;
туристік көрсетілетін қызметтердің сапасын және туризм саласындағы қауіпсіздікті арттырудағы жұмыс тәжірибесі;
туристік қызметтер көрсететін мекемелерді басқарудағы тәжірибесі;
туризм саласындағы инвестициялық жобалар туралы ақпарат алмасу үшін күш-жігерін жұмсайды.
7-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар арқылы шешеді.
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалар түрінде ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8-бап
Осы Келісім қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді, белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғысының жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін күшінде қалады.
Осы келісімнің қолданысын тоқтату, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, оның қолданысы барысында басталған іс-шаралар аяқталғанға дейін олардың орындалуына әсер етпейді.
201__ жылғы «___» _____________ қаласында екі дана, әрқайсысы қазақ, француз және ағылшын тілдерінде жасалды әрі барлық мәтіндердің заңдық күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Монако Князьдігінің
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.