Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықты құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықты құру туралы келісімді ратификациялау туралы
2013 жылғы 17 мамырда Алматы қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықты құру туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықты
құру туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қырғыз Республикасының Үкіметі төтенше жағдайлардан болатын қауіпті сезіне отырып,
төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алуда және оларды жоюда келісілген іс-қимылды жүзеге асырудың қажеттігін ескере отырып,
төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы ынтымақтастық өңір мемлекеттерінің әл-ауқаты мен қауіпсіздігіне жәрдемдесетінін мойындай отырып,
төтенше жағдай кезінде көмекке ынтымақтастық қағидаттарын таратуға ниет ете отырып және зардап шеккен халыққа тиімді және үйлестірілген көмекті қамтамасыз етуге бірлескен күш-жігер жұмсай отырып,
2009 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс (қорғау), төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің мақсаттарын басшылыққа ала отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың төтенше жағдайларда халықаралық көмек көрсету бойынша күш-жігерін қолдай отырып,
2005-2015 жылдарға арналған Хиого негіздемелік іс-қимыл бағдарламасының қағидаттарын: Мемлекеттер мен қауымдар деңгейінде зілзалаларға қарсы іс-қимыл әлеуетін құруды негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Анықтамалар
Осы Келісім мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
«болу мемлекеті» - мемлекетінің аумағында Орталық орналасқан Тарап;
«лауазымды адам» - Орталықта жұмыс істеу үшін Тараптардың бірі жіберген және тиісті штаттық лауазымға тағайындалған құзыретті органның өкілі;
«құзыретті орган» - әрбір Тарап мемлекеті осы Келісімді іске асыруға байланысты жұмыстарға басшылық ету және оларды үйлестіру үшін тағайындайтын орган;
«тәркілеу» - меншік иесінің мүлкін қылмыс немесе өзге құқық бұзушылық жасағаны үшін сот шешімі бойынша санкция түрінде өтеусіз алып қою;
«төтенше жағдайды жою» - төтенше жағдай туындаған кезде жүргізілетін, адамдардың өмірін құтқаруға және денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға залалдың мөлшері мен материалдық жоғалтуларды азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайдың аймағын оқшаулауға, оған тән қауіпті факторлардың әрекетін тоқтатуға бағытталған авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар;
«байқаушы» — Орталықтың жанындағы бақылаушы мәртебесі берілген тиісті халықаралық ұйым, осы Келісімнің Тарапының мемлекеті болып табылмайтын мемлекет;
«дағдарыс орталығы» - Орталық және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық құзыретті және басқа да мемлекеттік органдары арасында өзара іс-қимылды үйлестіру және ақпарат алмасу үшін Тарап тағайындаған орган;
«жіберуші мемлекет» - Орталықта жұмыс істеуі үшін өзінің өкілін жіберетін Тарап мемлекеті;
«ақпарат алмасу» - Тараптардың, Орталықтың және үшінші тараптардың ақпарат алуы және беруі;
«Орталықтың персоналы» - Орталықтың лауазымды адамдары мен қызметкерлері;
«Орталықтың үй-жайлары» - меншік нысанына және меншік құқығының тиесілігіне қарамастан, осы ғимараттарға немесе ғимараттардың бір бөлігіне қызмет көрсететін жер учаскесін қоса алғанда, Орталықтың мақсаттары үшін пайдаланылатын ғимараттар немесе ғимараттардың бір бөлігі;
«төтенше жағдайлардың алдын алу» - алдын ала жүргізілетін және төтенше жағдайлардың туындау қауіп-қатерін мүмкіндігінше барынша азайтуға, сондай-ақ олар туындаған жағдайда адамдардың денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға залалдың мөлшері мен материалдық жоғалтуларды азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;
«төтенше жағдайларды болдырмау» - қоршаған табиғи орта мен әлеуетті қауіпті объектілердің жағдайын байқауда ұстау мен бақылауды, төтенше жағдайлар көздерінің туындауын болжауды және олардың профилактикасын, сондай-ақ төтенше жағдайларға дайындықты ұйымдастыруға бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, инженерлік-техникалық, экологиялық қорғау, санитариялық-гигиеналық, санитариялық-эпидемиологиялық және арнайы іс-шаралар кешені;
«Орталықтың қызметкері» - Орталықтың қызметін әкімшілік және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын Орталықтың штаттағы қызметкері;
«реквизиция» - табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде, Тараптардың заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда, мемлекеттік органдардың шешімі бойынша халықты, қоршаған Ортаны және шаруашылық жүргізуші объектілерді табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан кепілді қорғауды қамтамасыз ету үшін құрылған материалдық-техникалық, азық-түліктік, медициналық және басқа да ресурстардың мемлекеттік резерві болмаған немесе жеткіліксіз болған кездегі ерекше жағдайларда, мүліктің нарықтық құнын төлей отырып, мүлік иесінен мүлікті алып қою;
«Орталықтың басшылығы» - Орталықтың директоры, Директордың орынбасары;
«үшінші тарап» - Орталықтың жанындағы байқаушы мәртебесі жоқ құзыретті халықаралық ұйым, Келісім Тарапының мемлекеті болып табылмайтын мемлекет;
«дүлей зілзалалар» - халықтың қалыпты тыныс-тіршілігінің кенеттен бұзылуын, сондай-ақ материалдық құндылықтардың қиратылуы мен жойылуын туындататын түрлі табиғи құбылыстар;
«Орталық» - Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық;
«отбасы мүшелері» - күйеуі (әйелі), кәмелет жасқа толмаған балалары және лауазымды тұлғаның асырауындағы және үнемі олармен бірге тұратын адамдар;
«төтенше жағдай» - белгілі бір аумақта аварияның, қауіпті табиғи құбылыстың, жойқын апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың нәтижесінде қалыптасқан, адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған табиғи ортаға залал келтіруге, елеулі материалдық жоғалтуларға және адамдардың тыныс-тіршілік жағдайларының бұзылуына әкелуі мүмкін немесе әкелген жағдай.
«экспроприация» - азаматтарға және заңды тұлғаларға тиесілі мүлікті тек Тараптардың осы мүлікті ұлт меншігіне алу туралы заңнамасы негізінде жол берілетін ұлт меншігіне алу жолымен және осы мүліктің құнын және оны алып қоюмен келтірілген басқа да шығындарды өтей отырып мемлекеттік меншікке айналдыру.
2-бап. Мақсаты
Осы Келісімнің мақсаты - төтенше жағдайлардың қауіп-қатерін жеңілдетудің тиімді тетіктерін қамтамасыз ету және олардың салдарын азайту, келісілген мемлекетаралық іс-шаралар жолымен бірлесіп ден қою, өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты ынталандыру үшін Орталық құру болып табылады.
3-бап. Орталықты құру
Тараптар Қазақстан Республикасының Алматы қаласында тұрақты жұмыс істейтін мемлекетаралық орган болып табылатын Орталықты құрады.
Орталықтың функциялары мен құқықтарын осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Орталық туралы ережеде айқындалады.
4-бап. Қағидаттары
Осы Келісімнің ережелерін іске асыру кезінде Тараптар мынадай:
халықаралық құқықтың жалпы бірдей танылған нормалары мен қағидаттарын сақтау;
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес ынтымақтастық;
ынтымақтастық және тең құқылы әріптестік рухындағы өзара іс-қимыл қағидаттарын басшылыққа алады.
5-бап. Орталықтың міндеттері
Орталықтың негізгі міндеттері:
төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
Тараптар мемлекеттері халқы тыныс-тіршілігінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қауіпсіздігі негіздерінің деңгейін арттыру;
дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту үшін халықаралық және үкіметтік емес коммерциялық емес ұйымдардың гранттарын тарту, бірлескен халықаралық жобаларды әзірлеу және іске асыру;
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
Тараптар мемлекеттерінде төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың ұлттық жүйелерін дамытуға жәрдемдесу;
Тараптардың ақпаратты жинауы, өңдеуі мен талдауының қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық жүйелерін құруға жәрдемдесу;
төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы халықаралық және басқа да бағдарламаларды іске асыру;
Тараптардың төтенше жағдайларды басқаруының жергілікті және ұлттық әлеуетін нығайтуға жәрдемдесу;
табиғи және техногендік төтенше жағдайлар бойынша халықаралық мониторинг жүйелері мен желілерін енгізу;
Тараптар мемлекеттерінің аумағында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу мақсатында олардың күштері мен құралдарының бірыңғай тізілімін жасау;
төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы озық жетістіктерді зерделеу және тәжірибе алмасу мақсатында үшінші тараптармен ынтымақтастық;
арнайы оқу-жаттығулар, тренингтер, оқыту курстары мен басқа тиісті іс-шаралар өткізу арқылы Тараптар мемлекеттерінің сарапшылары мен мамандарының біліктілігін арттыру;
төтенше жағдайларға ден қою, ден қою операцияларын жүргізу, Тараптар мемлекеттерінің бірлескен резервтік мүмкіндіктерін пайдалану жөніндегі үлгі әдістемелерді әзірлеу;
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын үйлестіру, бірыңғай терминологияны енгізу және Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарымен жұмыста пайдалану үшін әдіснамалық материалдарды әзірлеу;
төтенше жағдайлардың себептері мен салдарының алдын алу және зерттеу бойынша Тараптардың ғылыми-техникалық бағдарламаларын қолдау;
Тараптар мемлекеттерінің төтенше жағдайлар және Азаматтық қорғаныс (қорғау) саласындағы ұлттық заңнамаларын үйлестіруге қол жеткізуге жәрдемдесу;
төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласында өзге де міндеттерді іске асыру.
6-бап. Орталықтың мәртебесі және оның қызметін қаржыландыру
Орталық заңды тұлға мәртебесіне ие және осы Келісімге, Орталық туралы ережеге және болу мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес Орталықтың артықшылықтары мен иммунитеттеріне залал келтірмей, заңды тұлға құқықтарын пайдаланады және өз функцияларын орындайды.
Орталықтың болу шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы жеке халықаралық шартпен айқындалады.
Орталықтың қызметін қаржыландыру Тараптар мемлекеттерінің салымдары, донорлардың қаражаттары, халықаралық ұйымдардың өтеусіз көмегі, заңды және жеке тұлғалардың ерікті қайырмалдығы, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
Орталықтың бюджетін атқарудың, бюджет бойынша есептілік пен қаржы аудитінің тәртібі Орталық туралы ережеде айқындалады.
7-бап. Ақпарат алмасу
Ақпарат алмасу Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген ақпараттың қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтай отырып:
Тараптар:
Тараптар мен Орталық;
Орталық пен байқаушылар;
Орталық пен үшінші тараптар арасында жүзеге асырылады.
Тараптар Орталыққа жіберілетін ақпаратқа қол жеткізу деңгейін, сондай-ақ оны байқаушылар мен үшінші тараптарға беру тәртібін өздері дербес айқындайды.
Ақпарат алмасу шеңберінде Орталық:
келіп түскен ақпаратты жинауды, өңдеуді, жүйелеуді, сақтауды және қорғауды;
анықтамалық, талдамалық, статистикалық материалдар дайындауды;
Тараптарға ақпараттар беруді жүзеге асырады.
Ақпаратты беру туралы сұрау салу, сол сияқты ақпарат техникалық немесе өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып, арналар арқылы жіберіледі.
Осы Келісімнің міндеттерін орындау мақсатында Тараптар электрондық ақпараттық ресурстарды жіберу үшін ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді, ақпараттық жүйелерді құруы мүмкін.
8-бап. Орталықтың өзара іс-қимылы
Орталық Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасайды.
Құзыретті органдар Орталықпен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын дағдарыс орталықтарын айқындайды. Құзыретті органдардың тізбесі өзгерген жағдайда, Орталық Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарын бұл туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
Тараптар Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарына өздерінің міндеттерін, әсіресе тиісті ақпаратқа қол жеткізу бөлігіндегі міндеттерін орындауға мүмкіндік беретін жағдайларды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолданады.
Орталық үшінші тараптармен өзара іс-қимыл жасайды.
9-бап. Орталықтың кеңесі
Тараптар Орталықтың қызметін бақылауды Кеңес арқылы жүзеге асырады. Кеңестің құрамына әр Тараптан құзыретті органның басшысы кіреді. Кеңес Орталық қызметінің стратегиялық бағыттарын айқындайды.
Кеңестің функцияларына:
Орталық қызметінің негізгі бағыттарын айқындау және төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюға байланысты мәселелерді шешу кезінде жәрдемдесу;
Орталық басшылығы лауазымына тағайындау үшін белгіленген талаптарға сай келетін кандидаттарды қарау мен келісу және оларды бекіту үшін оларды үкімет басшыларымен келісу;
Орталықтың құрылымы мен штат кестесін бекіту;
Орталықтың қызметін бақылау;
Орталықтың алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін қажетті ресурстарды айқындау;
бюджетті қалыптастыру, бекіту және оның атқарылуын бақылау;
Орталықтың қызметі бойынша қаржылық және аудиторлық есептерді зерделеу;
Орталық пен Тараптардың құзыретті органдары арасындағы даулы мәселелерді қарау;
Орталықтың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерден туындайтын басқа да функциялар жатады.
Кеңестің отырыстары қажет болуына қарай, бірақ жылына кем дегенде екі рет Алматы қаласындағы Орталықта немесе өзара уағдаластық бойынша басқа Тараптың аумағында өткізіледі. Кеңестің отырысында орыс әліпбиі тәртібімен 1 жыл мерзімге сайланатын Тараптың құзыретті органының басшысы төрағалық етеді.
Кеңестің отырыстарында шешімдер консенсус негізінде қабылданады.
10-бап. Орталық персоналының қызметі
Лауазымды адамдарды жұмыс істеуі үшін Орталыққа жіберу тәртібі жіберуші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында айқындалады.
Орталық персоналы жұмысының мерзімдері, шарттары мен тәртібі Орталық туралы ережеде айқындалады.
Орталықтың персоналын ақшалай қамту Орталықтың бюджетінен қамтамасыз етіледі.
Орталықтың лауазымды адамдары халықаралық қызметшілер болып табылады.
Олар қызметтік міндеттерін орындау кезінде қандай да болмасын Тараптан, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардан нұсқау сұрауға немесе олардан нұсқау алмауға тиіс.
Тараптар Орталықтың лауазымды адамдары функцияларының халықаралық сипатын құрметтеуге және оларға қызметтік міндеттерін орындауы кезінде ықпал етпеуге міндеттенеді.
11-бап. Байқаушылар
Халықаралық ұйымға немесе осы Келісім Тарапының мемлекеті болып табылмайтын мемлекетке байқаушы мәртебесі берілуі мүмкін.
Байқаушы мәртебесін берудің шарттары Орталық туралы ережеде айқындалады.
12-бап. Лауазымды адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі
Орталықтың лауазымды адамдары Тараптар мемлекеттерінің аумағында жүріп-тұру еркіндігін, егер бұл мемлекеттік қауіпсіздік бойынша кіруге тыйым салынатын немесе реттелетін аймақтар туралы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, өздерінің ресми функцияларын орындау үшін қандай шамада қажет болса, сондай шамада пайдаланады.
Орталықтың лауазымды адамдары Тараптар мемлекеттерінің аумағында осы адамдардың мәртебесін куәландыратын құжаттар ретінде Тараптар мойындайтын қызметтік куәліктерді пайдаланады.
Лауазымды адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің болу мемлекетінде болған кезеңінде және өздері азаматтары болып табылатын мемлекетіне қайтып оралғаннан кейін жіберуші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында белгіленген барлық жеңілдіктері, кепілдері мен өтемақылары сақталады.
Орталықтың лауазымды адамдарын зейнетақымен қамсыздандыру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Орталықтың лауазымды адамдарының жұмыс уақыты жіберуші Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес олардың еңбек өтіліне есептеледі.
13-бап. Орталықтың мүлкі
Орталық өзінің мүлкі, мұрағаттары мен құжаттары, оның ішінде қызметтік хат-хабарлары қай жерде тұрғанына қарамастан оларға қолсұғылмаушылық құқығын пайдаланады, оларға процестік іс-әрекеттің кез келген нысандарынан, оның ішінде экспроприациядан, реквизициялаудан және тәркілеуден иммунитет беріледі.
Орталықтың үй-жайы мен көлік құралдары, олардың қай жерде тұрғанына қарамастан тінтілуге, реквизициялануға, тәркіленуге және Орталықтың қызметіне кедергі келтіретін кез келген басқа араласу нысанына жатпайды.
Орталықтың үй-жайы мен көлік құралдарының қолсұғылмаушылығы оларды Орталықтың міндеттерімен және функцияларымен үйлеспейтін немесе Тараптар мемлекеттерінің қауіпсіздігіне, олардың жеке және заңды тұлғаларының мүдделеріне нұқсан келтіретін мақсатта пайдалануға құқық бермейді.
Орталық болу мемлекетінде белгіленген өртке қарсы қауіпсіздік қағидалары мен санитариялық нормалардың сақталуын қамтамасыз етеді.
14-бап. Орталықтың нышандары мен жұмыс тілі
Орталықтың Кеңес бекіткен туы, эмблемасы және басқа да нышандары болады және ол оны өзінің ресми құжаттарында, орналасқан үй-жайлары мен Орталықтың автокөлік құралдарында орналастыра алады.
Тараптар Орталықтың ресми құжаттарын, мөрлерін, мөртабандарын және нышандарын мойындайды.
Орталықтың ресми және жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
15-бап. Басқа халықаралық шарттармен байланыс
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
16-бап. Өзгерістер мен толықтырулар енгізу, дауларды шешу
Осы Келісімге Тараптардың келісуімен осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің нысанасы болып табылатын және оның мақсаттары мен объектісіне қайшы келмейтін мәселелер бойынша басқа халықаралық шарттар жасау құқықтарын шектемейді.
Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын мәселелер консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
17-бап. Келісімнің күшіне енуі, қолданылу мерзімі және оған қосылу мен одан шығу
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптар дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің ратификацияланғаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім басқа да мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Келісімге қосылу туралы шешім Тараптардың өзара келісуі бойынша қабылданады.
Осы Келісімге басқа мемлекеттер қосылған жағдайда Қазақстан Республикасы осы Келісімнің депозитарийі функциясын атқарады. Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий оның қосылғаны туралы хабарлама алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шығуының болжамды күніне дейін 6 айдан кешіктірмей бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жібере отырып, одан шыға алады. Қосылған мемлекет осы Келісімнен шығуының болжамды күніне дейін 6 айдан кешіктірмей бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, шыға алады.
2013 жылғы 17 мамырда Алматы қаласында қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Қырғыз Республикасының Үкіметі
арасындағы Төтенше жағдайлар және дүлей
зілзалалардың қауіп-қатерін
азайту жөніндегі орталықты
құру туралы келісімге
қосымша
Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық туралы ереже 1. Жалпы ереже
Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық (бұдан әрі - Орталық):
төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы ынтымақтастықты дамыту;
төтенше жағдайларды болдырмауға интеграцияланған тәсілді қамтамасыз ету;
төтенше жағдайлар қауіп-қатері факторларын жұмсарту, төтенше жағдайлар қауіптілігіне бірдейлендіру, бағалау мен мониторинг жүргізу және оларды болжау;
төтенше жағдайлардың қауіп-қатері туралы ерте хабардар ету және өзара хабарлау жүйесін құру;
төтенше жағдайларға тиімді және уақытында ден қою үшін бірлескен күштерді үйлестіру және әзірлікті нығайту;
тұрақты өзара ақпарат алмасу мақсатында құрылады.
Орталық өз қызметінде 2009 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс (қорғау), төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерді азайту жөніндегі орталықты құру туралы келісімді (бұдан әрі -Орталықты құру туралы келісім) және осы Ережені басшылыққа алады, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарды ескереді.
Тараптардың төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы орталық мемлекеттік органдары Орталықпен ресми байланысты жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары болып табылады.
Орталық өз қызметін:
Тараптардың төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою мәселелеріне жауапты мемлекеттік органдарының (бұдан әрі - құзыретті органдар) мүмкіндіктерін, ресурстары мен дерекқорларын пайдалана отырып;
мемлекеттік, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау үшін жүзеге асырады.
Орталық төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы келісілген бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруда, өткізуде және үйлестіруде жәрдем көрсету үшін Тараптардың тұрақты жұмыс істейтін, мамандандырылған мемлекетаралық органы болып табылады және жыл сайын өз қызметі туралы Тараптардың құзыретті органдарына хабарлайды.
Орталыққа жалпы басшылықты Тараптардың Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы құзыретті органдары басшыларының кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) жүзеге асырады.
2. Негізгі функциялары
Орталықтың негізгі функциялары:
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл, басқа елдердің мемлекеттік құрылымдарымен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық;
Тараптардың құзыретті органдарының сұрау салуы бойынша ақпарат ұсыну;
төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту саласында бірлескен халықаралық және мемлекетаралық жобаларды іске асыру жөніндегі іс-шараларды өткізу;
төтенше жағдайларды басқару әлеуетін нығайту бойынша Тараптардың жергілікті және ұлттық атқарушы органдарымен бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру;
Тараптардың сарапшылары мен мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқу-жаттығулар, тренингтер, оқыту курстары мен басқа іс-шаралар өткізу;
халықаралық құрылымдар мен шет елдердің үкіметтік ұйымдарының озық жетістіктерін зерделеу;
тәжірибе алмасуды жүзеге асыру және Тараптардың құзыретті органдарының практикасына төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі озық тәжірибені енгізу;
Тараптардың күштері мен құралдарының бірыңғай тізілімін құру жөніндегі қызмет;
Тараптардың төтенше жағдайлар және Азаматтық қорғаныс (қорғау) саласындағы ұлттық заңнамаларын үйлестіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы затты уақтылы қабылдауды, жинауды, жөндеуді, сақтауды, қорғауды және талдауды жүргізу;
Тараптардың құзыретті органдары мен басқа мүдделі құрылымдар саласында өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз ету;
келіп түсетін ақпаратты талдау және тиісті ұсынымдар әзірлеу;
ақпаратты жүйелі түрде жинақтау жөніндегі рәсімдерді әзірлеу, Орталықтың деректер банкін қалыптастыру және толықтыру;
ақпараттық жүйелерді, оның ішінде Тараптардың құзыретті органдарының дерекқорларын біріздендіру жөніндегі шараларды іске асыруға жәрдемдесу;
ақпарат алмасудың стандартталған нысандары мен жүйелерін енгізу, ақпарат талдау бағдарламаларын енгізу және жетілдіру;
төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы мемлекетаралық және басқа да бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
төтенше жағдайлар саласындағы ақпаратпен тұрақты өзара алмасу үшін Тараптардың мемлекеттік органдарымен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс байланысын орнату және ұстау;
Тараптар мемлекеттерінің аумағында және басқа шет елдерде халықаралық оқу-жаттығулар, құтқару және гуманитарлық операцияларды дайындауға және өткізуге қатысу, оларға Тараптар мемлекеттерінің күштері мен құралдарының қатысуын қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы өзге де қызметті жүзеге асыру болып табылады.
3. Құқықтары
Орталықтың өз функцияларын орындау үшін:
құзыретті органдардан осы Ережеде көзделген қызметті жүзеге асыруға қажетті ақпаратты сұратуға және оларға ұсынуға, деректер банкін құруға;
Кеңеске өз қызметін қаржыландыру мәселелері жөніндегі ұсыныстарды белгіленген тәртіппен енгізуге;
өз құзыреті шегінде төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы ұсыныстарды, ұсынымдарды және құжаттардың жобаларын әзірлеуге;
өзінің құзыретіне жататын халықаралық және басқа іс-шараларға қатысуға құқығы бар.
4. Қызметті ұйымдастыру
Орталыққа басшылық етуді Кеңестің шешімімен тағайындалатын және босатылатын Орталықтың директоры жүзеге асырады.
Орталықтың қызметін ұйымдастыру жөніндегі жұмысты Кеңестің шешімімен бекітілген персонал жүзеге асырады.
Орталықтың директоры болып үш жыл мерзімге Тараптар мемлекеттері атауларының орыс әліпбиі ретімен ауысу негізінде Тарап өкілі тағайындалады.
Бір мемлекеттің азаматтары Орталықтың директоры және директордың орынбасары бола алмайды.
5. Персоналды іріктеу, жіберу және кері шақырып алу тәртібі
Лауазымды адамдарды Орталыққа жұмысқа жіберу Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өкілдерінің арасынан және олардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
Жұмысқа қабылдаған кезде Орталықтың қалған қызметкерлері мынадай талаптарға сай болуға:
болу мемлекетінің азаматтығына ие болуға;
басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының қолданыстағы біліктілік сипаттамаларында белгіленген біліктілік талаптарына (мамандығы бойынша тиісті білімі және жұмыс өтілі) сай келуге тиіс.
Лауазымды адамдар Тараптардың ұсынуы бойынша 3 жыл мерзімге жұмысқа қабылданады. Жұмыс мерзімі ұзартылуы мүмкін, бірақ ол 3 жылдан аспауға тиіс.
6. Персонал
Орталықтың персоналы Орталықтың лауазымды адамдарын және қызметкерлерін, оның ішінде техникалық құралдар мен бағдарламалық қамтамасыз етілімнің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі қызметкерлерді қамтиды.
Орталықтың директоры:
Орталықтың жұмысын ұйымдастырады;
Орталыққа жалпы басшылықты жүзеге асырады және Орталыққа жүктелген міндеттердің орындалуы үшін дербес жауаптылықта болады;
Орталықтың құрылымы мен штат кестесін Кеңестің бекітуіне ұсынады, Орталықтың штатын қалыптастыруға қатысады;
Орталық персоналының функцияларын, құқықтары мен міндеттерін айқындайды және олардың орындалуын бақылайды;
Тараптардың мемлекеттік органдарымен және үшінші тараптармен өзара қарым-қатынаста Орталықтың атынан өкілдік етеді;
Тараптар мемлекеттерінің шеңберінде өткізілетін іс-шараларға қатысады;
Орталықтың бюджеті мен оның атқарылуы туралы есепті Кеңестің бекітуіне ұсынады;
Орталық бюджетінің қаражатына билік етеді;
жыл сайын Кеңеске Орталықтың атқарған жұмысы туралы есеп ұсынады.
Тараптардың әрқайсысына, Қазақстан Республикасына 5 бірлік, Қырғыз Республикасына 5 бірлік көлемінде лауазымды адамдар атқаратын лауазымдар квотасы бекітіледі. Лауазымды адамдар оларды жіберетін мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес Орталыққа жіберіледі (іссапарға жіберіледі).
Орталықтың лауазымына тағайындауды, Орталыққа жұмысқа қабылдауды Кеңеспен және өз өкілдерін Орталыққа жұмыс істеу үшін жіберіп отырған құзыретті органдармен келісу бойынша Орталықтың директоры жүзеге асырады.
Орталықта жұмыс істеу кезеңінде лауазымды адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің жіберуші мемлекеттің ұлттық заңнамасында белгіленген құқықтары, жеңілдіктері, кепілдіктері мен өтемақылары сақталады.
Орталықтың лауазымды адамдарының халықаралық қызметшілер мәртебесіне сай келмейтін қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
Орталықтың персоналы Орталыққа немесе Тараптардың ұлттық мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін іс-қимылдарға және көпшілік алдында жазбаша немесе ауызша сөз айтуына жол бермеуге тиіс.
Орталықтың лауазымды адамдары мен қызметкерлеріне жыл сайынғы демалыс беріледі.
Директор Орталықтың персоналына Кеңес бекіткен белгіленген үлгідегі куәлік береді.
7. Байқаушы
Халықаралық ұйымға немесе Орталық құру туралы Келісім тарапының мемлекеті болып табылмайтын мемлекетке Орталық жанындағы байқаушы мәртебесі берілуі мүмкін. Байқаушы мәртебесін беру және тоқтата тұру немесе оның күшін жою туралы шешімді Тараптармен.келісу бойынша Кеңес қабылдайды.
Орталық жанындағы байқаушы мәртебесін беру рәсімі:
мемлекеттің, құзыретті халықаралық ұйымның Орталықтың директорына жазбаша дәлелді өтінішін;
Орталық директорының осы өтінішті Кеңестің қарауына шығаруын;
Кеңестің өтінішті қарауын қамтиды және байқаушы мәртебесін беру туралы шешім қабылдау Тараптармен келісу бойынша және консенсус негізінде жүзеге асырылады.
Орталық жанындағы байқаушы мәртебесі бар мемлекет, халықаралық ұйым Орталықпен байланысты өз өкілдері арқылы жүзеге асырады.
8. Қызметті қаржылық және мүліктік қамтамасыз ету
Орталықтың қызметін қаржыландыру Орталықтың бюджеті есебінен жүзеге асырылады, бұл ретте бюджет:
1) Тараптар мемлекеттерінің салымдары;
2) донорлардың қаражаты;
3) халықаралық ұйымдардың өтеусіз көмегі;
4) заңды және жеке тұлғалардың ерікті қайырмалдығы;
5) Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
Қаржы қаражаты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық валютасында да, еркін айырбасталатын валютада да енгізілуі мүмкін.
Тараптардың әрқайсысынан Орталыққа өтеусіз негізде жабдық, басқа да мүлік, зияткерлік және өзге де меншік берілуі мүмкін.
Орталықтың қызметін қамтамасыз етуге жіберілетін қаражат Қазақстан Республикасында қабылданған жеке есеп-шоттарды жүргізу тәртібіне сәйкес жеке есеп-шоттарда болады.
Орталыққа өз қызметін тиімді қамтамасыз ету мақсатында уақытша негізде үй-жайлар, жабдық, байланыс құралдары және басқа да материалдық құралдар берілуі мүмкін.
Орталықтың үй-жайларында болу мемлекетінің тиісті билік және басқару органдарының шешімі бойынша кез келген іс-әрекет тек Директордың немесе оны алмастыратын адамның келісімімен ғана орындалуы мүмкін.
Болу мемлекеті Орталықтың үй-жайларын қандай да бір басып кіруден немесе нұқсан келтіруден қорғау үшін тиісті шаралар қолданады.
Орталықтың үй-жайлары Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы бойынша қудаланатын немесе Тараптардың кез келгеніне немесе үшінші мемлекетке тапсырылуға жататын адамға пана бола алмайды.
9. Бюджет, аудит және қаржылық басқару
Барлық міндеттемелерді және шығыстарға ақы төлеуді, сондай-ақ түсімдерді жинауды бақылауды Тараптар мемлекеттері жіберетін аудиторлар жүзеге асырады.
Әр жарты жылда Орталықтың директоры Кеңеске, сондай-ақ Орталықты қаржыландыруды жүзеге асыратын халықаралық ұйымдар мен донор мемлекеттерге олар берген қаржы қаражаты бөлігінде қаржылық есеп ұсынады.
Аудиторлардың есептері директорға, Кеңеске, сондай-ақ Орталықты қаржыландыруды жүзеге асыратын халықаралық ұйымдар мен донор мемлекеттерге олар берген қаржы қаражаты бөлігінде ұсынылады.
Директор аудиторлар есебінің нәтижелері бойынша қабылданған шаралар туралы Кеңеске хабарлайды.
10. Қорытынды ережелер
Орталықтың заңды тұлға мәртебесі болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес өз қызметіне қажетті деректемелері болады.