Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының Қаржылық қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының қаржылық қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы
2012 жылғы 23 тамызда Бішкек қаласында жасалған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының қаржылық қағидалары туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
ТҮРКІТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕСІ
ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
Бұдан әрі - «Тараптар» деп аталатын, Әзербайжан Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Түркия Республикасының Үкіметтері,
Халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
2009 жылғы 3 қазандағы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімінің 11-бабының ережелерін іске асыруға ұмтыла отырып,
2011 жылғы 27 желтоқсанда қол қойылған Түркия Республикасының Үкіметі мен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығы арасындағы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Хатшылығы туралы қабылдаушы елдің Келісіміне тиісті құрметпен қарай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
«Түркі кеңесі» Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін білдіреді;
«Хатшылық» Түркі кеңесінің Хатшылығын білдіреді;
«Бюджет» Хатшылықтың міндеттері мен функцияларын іске асыруға арналған қаражаттарды құруды және оған билік етуді білдіреді;
«Қаржы жылы» күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан басталып 31 желтоқсанында аяқталатын уақыт кезеңін білдіреді;
«Жарналар» Хатшылықтың ағымдағы қаржы жылындағы қызметіне байланысты шығыстарды өтеуге арналған Тараптар үшін белгіленген сомаларды білдіреді;
«СІМК» Түркі кеңесінің Сыртқы істер министрлерінің кеңесін білдіреді;
«АК» Түркі кеңесінің Ақсақалдар кеңесін білдіреді;
«АЛТК» Түркі кеңесінің аға лауазымды тұлғаларының комитетін білдіреді;
«Қабылдаушы мемлекет» аумағында Хатшылықтың штаб-пәтері орналасқан Түркі кеңесіне мүше мемлекетті білдіреді;
«Сыртқы аудит» СІМК тағайындаған тәуелсіз аудитор/аудиторлар жүзеге асыратын Хатшылықтың қаржылық және экономикалық қызметін тексеруді білдіреді;
«Кірістер» бюджетке белгіленген жарналар ретінде Хатшылық алған қаражатты білдіреді;
«Өзге де кірістер» белгіленген жарналарды, ақша нысанындағы қайырмалдықтарды, сондай-ақ ағымдағы қаржы жылында шығыстарды тікелей өтеу нәтижесінде алынған сомаларды қоспағанда, барлық түсімдерді білдіреді;
«Шығыстар» Хатшылық өз міндеттері мен функцияларын қаржыландыру
үшін бюджеттен алатын қаражатқа билік етуін білдіреді;
«Айналым қаражатының резерві» міндетті жарналардың толық төленуіне дейінгі Хатшылықтың шығыстары үшін пайдаланылатын бюджеттің бір бөлігі болып табылады.
2-бап
Жалпы ережелер
Осы келісім АК-ға қатысты шығыстарды қоса алғанда, Хатшылық бюджетінің қаржыландыру көзін, құрылуы мен атқарылу тәртібін айқындайды және олардың қызметінің негізгі қаржылық аспектілерін реттейді.
3-бап
Бюджет
1. Хатшылықтың бюджеті АК шығыстарын қоса алғанда, қаржы жылындағы ақша және/немесе басқа нысандағы барлық кірістер мен шығыстарды өтейді.
2. Хатшылықтың бюджетін АЛТК мақұлдағаннан кейін СІМК бекітеді.
3. Кірістер мыналардан тұрады:
а) Мүше мемлекеттердің негізгі кіріс ретіндегі міндетті жарналары.
і) Жарналардың шәкілі мынадай мөлшерде белгіленген:
Әзербайжан Республикасы - 2/15
Қазақстан Республикасы - 4/15
Қырғыз Республикасы - 1/15
Түркия Республикасы - 8/15
іі) Алайда, мүше-мемлекеттердің экономикалық мүмкіндіктерінің өзгеруіне және/немесе ұйымның ұлғаюына байланысты қажеттіліктер пайда болған жағдайда СІМК-нің осы шәкілге АЛТК арқылы түзетулер енгізуге құқығы бар. Бұл түзетулер келесі жылғы бюджет үшін күшіне енуге тиіс және жарналар тиісті түрде жасалуы тиіс.
ііі) Жаңа жарналардың шәкілі бойынша консенсус болмаған жағдайда осы бапта көрсетілген шәкіл күшінде қалады.
іv) Осы Келісім ратификацияланғанға дейін ерікті жарналар ағымдағы шәкілге сәйкес төленеді.
b) Тараптардың ерікті жарналарынан құралған Хатшылық бюджетіне мөлшері шектелмейтін төлемдер.
с) Тараптардың мақұлдауына жататын Түркі кеңесіне бақылаушы мемлекеттерден, басқа мемлекеттерден, Түркі кеңесіне бақылаушы ұйымдардан, басқа халықаралық ұйымдардан және форумдардан, заңды және жеке тұлғалардан да қабылдануы мүмкін ақшалай және/немесе басқа да нысандағы ерікті жарналар.
d) Хатшылықтың міндеттері мен функцияларына қайшы келмейтін өзге де кірістер.
4. Шығыстарға мыналар енеді:
а) Бас хатшының сыйақысы, оның ішінде:
4.а.1. медициналық сақтандыру, 4.а.2. асырауындағы адамдарға жәрдемақы, 4.а.3. балаларға жәрдемақы, 4.а.4. білім гранты, 4.а.5. тұруға жәрдемақы, 4.а.6. ротация бойынша жәрдемақы, 4.а.7. демалыс жәрдемақысы, 4.а.8. өкілдік шығыстар, 4.а.9. әлеуметтік қамсыздандыру бойынша төлемдер.
b) Бас хатшы орынбасарының сыйақысы, оның ішінде:
4.b.1. медициналық сақтандыру, 4.b.2. асырауындағы адамдарға жәрдемақы, 4.b.З. балаларға жәрдемақы, 4.b.4. білім гранты, 4.b.5. ротация бойынша жәрдемақы, 4.b.6. демалыс жәрдемақысы (жылына бір рет), 4.b.7. өкілдік шығыстар, 4.b.8. әлеуметтік қамсыздандыру бойынша төлемдер.
с) Хатшылық персоналының сыйақысы, оның ішінде:
4.с.1. медициналық сақтандыру, 4.с.2. асырауындағы адамдарға жәрдемақы, 4.с.3. балаларға жәрдемақы, 4.c.4. білім гранты, 4.с.5. ротация бойынша жәрдемақы, 4.с.6. демалыс жәрдемақысы (жылына бір рет), 4.с.7. әлеуметтік қамсыздандыру бойынша төлемдер, 4.с.8. тілді білгені үшін жәрдемақы (Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығы Штатының қағидаларына сәйкес G санатындағы персонал үшін).
d) Қызмет мерзімін аяқтайтын персонал мүшелері қызметінің аяқталуына байланысты өтемақы.
е) Қызмет көрсетуші персоналдың еңбек келісімшарттары аяқталған жағдайдағы шығу жәрдемақысы.
f) Тәуліктік, көліктік және қонақүйде тұру шығыстарын қоса алғанда, Бас хатшының, Бас хатшы орынбасарының, Хатшылық персоналының және АК мүшелерінің іссапарларына арналған шығыстар.
g) Хатшылық үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
h) Кеңсе жиһаздары мен жабдықтарды, автокөліктерді және Хатшылықтың жұмыс істеуі үшін қажетті басқа да құралдарды сатып алу;
і) Хатшылықтың күнделікті жұмыс істеуіне арналған шығыстарды қоса алғанда, басқа да шығыстар:
- үй-жайға, кеңсе жиһаздарына, жабдықтарға, автокөліктерге және басқа да құралдарға техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу;
- персоналарды оқыту;
- лауазымға үміткердің шығыстары;
- жобаларға арналған шығыстар;
- протоколдық шығыстар;
- консалтинг.
5. Персоналдың рангі және жалақыларына сәйкес қаржы жылына арналған шығыстар көрсетілетін Хатшылықтың штаттық матрицасын Хатшылық дайындайды және АЛТК мақұлдауынан кейін СІМК бекітеді.
4-бап
Бюджеттің атқарылуы
1. Бюджетті Хатшылық атқарады.
2. Әр Тараптың міндетті жарнасының нақты сомасы бюджетте көрсетілуі тиіс.
3. Бюджетке жыл сайынғы жарналар АҚШ долларымен есептеледі және төленеді.
4. Хатшылық отырыстар барысында СІМК-ні бағаланған жарналардың бюджетке толық көлемде түскені жөнінде хабардар етеді.
5. Тиісті жарналар қаржы жылының алғашқы үш айы ішінде төленеді. Алайда, бұл ұлттық заңнамаға байланысты мүмкін болмаған жағдайларда төлемдер төрт кезең ішінде жасалып, әр үш айдың алғашқы күнінде жүзеге асырылуы мүмкін.
5-бап
Шығыстар сметасы
1. Хатшылықтың бюджеті қаржы жылына арналған шығыстарды қамтитын құжат - шығыстар сметасына сәйкес атқарылады.
2. Хатшылық өз смета жобасын қалыптастырады және оны әр бап бойынша есептеулермен және негіздемелермен бірге жаңа қаржы жылының алдындағы жылдың бірінші жартысында Тараптардың қарауы үшін жолдайды.
3. Жергілікті валютадағы шығыстарға арналған бюджетті бағалау үшін валюта бағамдары Қабылдаушы мемлекеттің Орталық банкінің алдыңғы жылғы орташа валюта бағамы бойынша негізделеді.
4. Бекітілген бюджеттің шегінде, жалақы позицияларын қоспағанда, бір позициядан екіншісіне кез келген трансферт Тараптарды алдын ала хабардар ете отырып, Хатшылық жүргізуі мүмкін.
5. Хатшылықтың қаржы жылының соңына дейін мақсаты бойынша пайдаланылмаған бюджет қаражатының қалдықтары келесі қаржы кезеңінің бюджет кірісіне енгізілуі тиіс. Әрбір мүше мемлекеттің жарналары тиісінше есептелуге тиіс және олардың таза жарналарының мөлшері туралы Тараптарға хабарлауға тиіс.
6. Жабдықтарды және ұзақ мерзімді қолданысқа арналған заттарды сатып алу үшін алдыңғы жылы толық пайдаланылмауына байланысты 1 қаңтардағы жағдай бойынша құралған бюджет қаражатының қалдықтары кейінге қалдырылған тапсырыстарды төлеу үшін пайдаланылуға тиіс.
6-бап
Ақшалай қаражаттарды орналастыру
1. Бас хатшы Хатшылықтың ақшалай қаражаты сақталатын банк шотын/шоттарын белгілейді.
2. Хатшылықтың шоттары АҚШ долларымен және Қабылдаушы мемлекеттің ұлттық валютасымен жүргізіледі. Алдыңғы кезеңдегі шығыстарға арналған валюта бағамдарының бухгалтерлік есебі Қабылдаушы мемлекеттің Орталық банкінің үш орташа айлық валюта бағамдарына негізделеді.
7-бап
Есептілік
1. Бас хатшы Хатшылықтың қаржылық қаражатын бақылауды жүзеге асырады және оған билік ету бойынша АЛТК арқылы СІМК алдында есеп береді.
2. Бас хатшы АЛТК арқылы СІМК-не әр қаржылық кезең үшін жылдық есепті/баяндаманы алдыңғы қаржы жылынан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсынады.
3. Әр қаржы жылының қорытындылары бойынша қаражаттың оң сальдосы не тапшылығы кірістердің шығыстардан артуын не шығыстардың кірістерден артуын есептеу арқылы анықталуы мүмкін. Хатшылық бюджетінің қолма-қол қаражат тапшылығы болған жағдайда Бас хатшы бұл туралы АЛТК арқылы СІМК-ні хабардар етеді және қажетті қаржылық шараларды қабылдауға қатысты ұсыныстар енгізеді.
8-бап
Аудит
1. Хатшылықтың қаржылық қызметінің сыртқы аудитін АЛТК-нің мақұлдауы арқылы СІМК уәкілеттік берген тәуелсіз аудитор/аудиторлар кемінде жылына бір рет жүргізеді. Бас хатшы уәкілетті органға сыртқы аудитті жүргізу үшін қажетті құжаттарды ұсынады.
2. Сыртқы аудит жүргізілгеннен кейін аудиттік есепті Бас хатшы барлық Тараптарға таратуға тиіс.
9-бап
Айналым қаражатының резерві
1. Айналым қаражатының резерві бюджеттің бір бөлігі болып табылады және жыл сайынғы міндетті жарналарды алғанға дейін бюджет қаражатын қаржыландыру үшін ғана пайдаланылуға тиіс.
2. Айналым қаражаты резервінің сомасы жылдық бюджеттің 3/12 бөлігінен төмен болмайтын мөлшерде бекітілуге тиіс. Жыл сайынғы күтілетін міндетті жарналар алынғаннан кейін аванстық сома айналым қаражатының резервіне қайтарылады.
10-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Түркі кеңесінің жаңа мүше мемлекеттерінің қосылуы үшін ашық болады.
Ол қосылушы мемлекет үшін депозитарий қосылу туралы құжатты алғаннан кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.
2. Түркия Республикасы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады. Депозитарий Тараптарды осы Келісімнің күшіне енген күні, сондай-ақ тиісті Тараптардан ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттарды дипломатиялық арналар арқылы алғаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
3. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер арқылы шешеді.
4. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалар нысанында өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болуға тиіс.
5. Тараптардың кез келгені депозитарийге жазбаша түрдегі хабарламаны жолдау арқылы осы Келісімнен кез келген уақытта шыға алады. Осы Келісім бұл Тарап үшін мұндай хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 6 ай өткен соң өзінің қолданысын тоқтатады.
2012 жылғы 23 тамызда Бішкек қаласында бір төлнұсқа данада әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік және ағылшын тілдерінде жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы. Келіспеушілік болған жағдайда ағылшын тіліндегі нұсқаның басым күші болады.
Осы Келісімнің төлнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол оған қол қойған әрбір Тарапқа куәландырылған дананы жолдайды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
Түркия Республикасының Үкіметі үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің әзербайжан, қырғыз, түрік және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.