Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2013 жылғы 31 мамырда Минскіде жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 4 желтоқсандағы
№ 1317 қаулысымен
бекітілген
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастығы туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
өз халқының және басқа мемлекеттер халықтарының, сондай-ақ болашақ ұрпақтар алдында өмір сүруге қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге жауапкершілікті сезіне отырып,
әр мемлекеттің жерді, оның жер қойнауын, ормандарын, су ресурстарын, өсімдік пен жануарлар әлемін және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тәртібін орнату құқығын негізге ала отырып,
қоршаған ортаның тұтастығы мен бөлінбейтіндігі, оның сақталуы мен орнықты дамуына барлық мемлекеттер мүдделерінің біртұтастығы ұғымын негізге ала отырып,
табиғи-экологиялық және бассейіндік шекараларға мемлекеттер арасындағы шекаралар сәйкес келе бермейтінін ескере отырып және бір мемлекеттің аумағындағы шаруашылық және өзге де қызмет басқа мемлекеттердің қоршаған ортасына, халқының тұрмыс сапасына және шаруашылық қызметіне залал тигізбеуге тиіс екенін түсіне отырып,
қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдаланудың құқықтық негіздерін жасау саласында келісілген іс-қимыл жасау және мемлекетаралық қатынастарды дамыту қажеттігін мойындай отырып,
үйлестірілген іргелі және қолданбалы экологиялық зерттеулер жүргізу қажеттігін сезіне отырып,
2007 жылғы 5 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын одан әрі дамыту тұжырымдамасы мен 2008 жылғы 14 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған экономикалық даму стратегиясын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар қоршаған ортаны қорғау: жерді, топырақты, жер қойнауын, ормандарды, суды, атмосфералық ауаны, озон қабаты мен климатты, өсімдік және жануарлар әлемін қорғау және пайдалану саласында ынтымақтасады.
2-бап
Тараптардың ынтымақтастығы мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, экологиялық нормалар мен стандарттарды әзірлеу және қабылдау;
табиғи ресурстар кадастрын жүргізу және экологиялық мониторингті жүзеге асыру;
қоршаған ортаның жай-күйін мемлекеттік бақылау (қадағалау) жүйесін жетілдіру;
жанды ресурстарды молайту, биологиялық алуантүрлілікті сақтау және қалпына келтіру үшін шаралар қабылдау;
қорықтар, қаумалдар, ұлттық парктер және ерекше қорғалатын басқа да табиғи аумақтар мен табиғи кешендер желілерін дамыту, оларға іргелес жатқан аймақтарда шаруашылық және өзге де қызметтерді мейлінше азайту шараларын қабылдау;
шаруашылық және өзге қызметтердің экологиялық салдарын жан-жақты бағалау;
экологиялық сараптаманы, соның ішінде жоспарлар мен бағдарламаларды дамыту мен жетілдіруге бағытталған іс-қимылды жүзеге асыру, сондай-ақ трансшекаралық контексте жоспарланатын қызметтің қоршаған ортаға әсеріне бағалау жүргізу;
халыққа экологиялық білім беру мен тәрбиелеуді дамыту, экология мәселелерінде жариялылықты қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау;
таралу аймағы осы Келісімге қатысушы мемлекеттер үшін ортақ жануарлар мен өсімдіктердің сирек және құрып кету қаупі төнген түрлерін қалпына келтіру бойынша ортақ тәсілдерді әзірлеу және келісілген іс-шараларды жүзеге асыру;
инновациялық жобаларды, энергия тиімді және ресурс үнемдеуші технологияларды, қалдығы аз, қалдықсыз және экологиялық қауіпсіз технологиялық процестерді енгізу;
табиғат пайдалану мен қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық тетіктерінің жүйесін қалыптастыруды жүзеге асыру, экологиялық қызметтер, өнімдер, технологиялар және жабдықтар нарығын дамытуды ынталандыру.
3-бап
Тараптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін мыналарды орынды деп таныды:
қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық қауіпсіздік саласында бірлескен мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру;
трансшекаралық контексте қоршаған ортаның жай-күйі туралы деректердің салыстырылуын қамтамасыз ете отырып, оған антропогендік әсер етудің қоршаған ортаның сапасын бағалау мен оның жай-күйін бақылаудың және келісілген көрсеткіштерін әзірлеу және қолдану;
уағдаластық бойынша қоршаған ортаға шаруашылық және өзге қызметтің әсерін бағалау жөнінде келісілген әдістемелерді әзірлеу және пайдалану;
мыналарға: жабайы аңдар мен жабайы өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғауға, сондай-ақ олар мекендейтін және өсетін жерлерге; жабайы жануарлар мен жабайы өсімдіктердің агрессивті бөгде түрлерінің инвазиясынан келетін зиянды болдырмауға және азайтуға; биологиялық алуантүрлілік құрауыштарына генетикалық өзгерген организмдердің әсерін зерттеуге қатысты бақылаудың келісілген әдістерін әзірлеу және қолдану;
жалпы тәсілдерді әзірлеу және таралу аймағы осы Келісімге қатысушы мемлекеттер үшін ортақ жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін қалпына келтіру бойынша келісілген іс-шараларды жүзеге асыру;
қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпарат алмасуды жүзеге асыру;
қоршаған ортаны қорғау саласында келісілген ғылыми-техникалық саясатты әзірлеу және жүзеге асыру, үйлестірілген ғылыми зерттеулер жүргізуді;
табиғат қорғау қызметін ынталандырудың келісілген қағидаттарын әзірлеу және қолдану;
табиғат қорғау технологиялары саласында өзара іс-қимыл әрекеті, табиғат қорғау мақсатындағы қажетті жаңа техника мен аспаптарды, арнайы техникалық құралдар мен мониторинг үшін жеке қорғау құралдарын өндіру және өзара жеткізілуі, табиғи және техногендік апаттар салдарының алдын алу және жоюды;
табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болдырмау, білімді, ғылым мен техниканы дамытудың мемлекетаралық басым бағыттарын іске асыру үшін ресурстарды және бірлескен күш-жігерді біріктіру және шоғырландыру.
4-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесін құруға келісті.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің қызметі осы Келісімнің қосымшасы және оның ажырамас бөлігі болып табылатын Ереженің негізінде жүзеге асырылады.
Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің мүшелерін тағайындайды және ол туралы ТМД Атқарушы комитетіне хабарлайды.
5-бап
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ортақ іс-шаралар мен бағдарламаларды қаржыландыру тиісті министрліктер мен ведомстволарға жүктелген қызметтерді орындауға үшін ұлттық бюджеттерде олар үшін көзделген қаражат шегінде, сондай-ақ шарттық негізде бюджеттен тыс көздерді тарту есебінен жүзеге асырылады.
6-бап
Осы Келісім Тараптардың олардың мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
7-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кеш орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап күшіне енеді.
8-бап
Осы Келісімге Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімнің 7-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
9-бап
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері арқылы шешіледі.
10-бап
Осы Келісім оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы қосылуы үшін ашық.
Келісім қосылатын мемлекет үшін:
а) қосылу туралы құжат депозитарийге тапсырылған күні Келісім күшіне енген жағдайда, депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап;
б) депозитарийге қосылу туралы құжат тапсырылған күні Келісім күшіне енбеген жағдайда, Келісім күшіне енген күнінен бастап күшіне енеді.
11-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы депозитарийге шыққанға дейін кемінде алты ай бұрын өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып және Келісім қолданылған уақытта туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерін реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.
12-бап
Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап оның Тараптары арасында 1992 жылғы 8 ақпандағы Экология және қоршаған табиғи ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісім мен 1992 жылғы 8 ақпандағы Экология және қоршаған табиғи ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 2002 жылғы 7 қазандағы Хаттаманың қолданысы тоқтатылады.
2013 жылғы 31 мамырда Минск қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы оның расталған көшірмесін осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке жіберетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.
Әзербайжан Республикасының |
Ресей Федерациясының |
Армения Республикасының |
Тәжікстан Республикасының |
Беларусь Республикасының |
Түрікменстан |
Қазақстан Республикасының |
Өзбекстан Республикасының |
Қырғыз Республикасының |
Украина |
Молдова Республикасының |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы мемлекеттердің қоршаған ортаны
қорғау саласындағы ынтымақтастығы
туралы келісімге қосымша
2013 жылғы 31 мамыр
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
мемлекетаралық экологиялық кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ
I. Жалпы ережелер
1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қоршаған ортаны қорғау саласындағы салалық ынтымақтастық органы болып табылады.
2. Кеңес өз қызметінде халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қабылданған қағидаттары мен нормаларын, ТМД шеңберінде жасалған жарғыны және басқа да халықаралық шарттарды, Мемлекеттер басшылары кеңесінің, Үкіметтер басшылары кеңесінің, Сыртқы істер министрлері кеңесінің және ТМД экономикалық кеңесінің шешімдерін, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді (бұдан әрі – Келісім) және осы Ережені басшылыққа алады.
3. Кеңес өз қызметінде ТМД Үкіметтер басшыларының кеңесіне есеп береді.
4. Кеңес өз қызметін ТМД Атқарушы комитетімен, ТМД басқа да салалық ынтымақтастық ұйымдарымен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
5. Кеңестің құрамына Келісімге қатысушы мемлекеттердің табиғат қорғау органдарының басшылары немесе олардың құзыретті өкілдері кіреді.
Келісімге қатысушы әрбір мемлекет Кеңесте бір дауысқа ие болады. Кеңес құрамына бақылаушы ретінде ТМД қатысушысы болып табылмайтын, бірақ Келісімге қол қойған мемлекеттердің өкілдері қатысады.
II. Кеңестің міндеттері мен функциялары
Мыналар Кеңестің негізгі міндеттері мен функциялары болып табылады:
1. Мемлекеттер басшыларының кеңесі, Үкіметтер басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі және ТМД экономикалық кеңесі қабылдаған қоршаған ортаны қорғау саласындағы шешімдердің орындалуын ұйымдастыруға және үйлестіруге жәрдем көрсету.
2. Ұсынымдар тұжырымдау жолымен Келісімге қатысушы мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясатын үйлестіру.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықтық нормативтік актілерді үйлестіру бойынша ұсынымдар дайындау.
4. Табиғат пайдалану және қоршаған ортаны қорғау экономикасы саласындағы жалпы әдістемелік тәсілдерді әзірлеуге жәрдем көрсету.
5. Табиғатты пайдалану, экологиялық қауіпсіздік және ақпараттандыру саласындағы мемлекетаралық және өңірлік бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуді ұйымдастыру және іске асыруға жәрдемдесу.
6. Келісімге қатысушы мемлекеттердің экологиялық ақпарат жинауы, бағалауы, болжауы және алмасуы мақсатында экологиялық мониторингтің мемлекетаралық жүйесін дамытуға жәрдем көрсету.
7. Келісімге қатысушы мемлекеттер үшін таралу аймағы ортақ сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлардың түрлерін қалпына келтіру бойынша ортақ тәсілдерді әзірлеу және келісілген іс-шараларды жүзеге асыру.
8. Биологиялық алуантүрлілік құрауыштарына генетикалық өзгерген организмдердің әсерін болдырмау, сондай-ақ жабайы жануарлар мен жабайы өсімдіктердің агрессивті бөгде түрлерінің инвазиясынан келетін зиянды азайту әдістерін қолдануға және әзірлеуге жәрдемдесу.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісілген ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыру, үйлестірілген іргелі және қолданбалы экологиялық зерттеулерді ұйымдастыру, экологиялық білім беру мен тәрбиелеуді жетілдіру.
10. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мамандардың жұмыста тәжірибе алмасуын және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру.
11. Экологиялық сараптама жүйесін дамытуға және жетілдіруге жәрдемдесу.
12. Қоршаған ортаны қорғау саласында кадрлар даярлауға жәрдемдесу.
13. Энергияның баламалы көздерін дамыту және енгізу мәселелеріне жәрдемдесу.
14. Кеңеске ТМД Үкіметтер басшыларының кеңесі айқындайтын басқа да міндеттер мен функциялар жүктелуі мүмкін.
III. Кеңестің құқықтары
Кеңестің өз міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру үшін мынадай құқығы бар:
1. Келісімге қатысушы мемлекеттерден өз функцияларын орындау үшін қажетті, жабық болып табылмайтын ақпаратты, сондай-ақ Кеңестің шешімдерін орындау туралы ақпаратты сұрату және алу.
2. Кеңес дайындаған құжаттардың жобаларын Мемлекеттер басшылары кеңесінің, Үкіметтер басшылары кеңесінің және ТМД басқа да органдарының қарауына белгіленген тәртіппен енгізу.
3. Нақты міндеттерді шешу үшін тұрақты немесе уақытша жұмыс топтар құру, олардың жұмыс регламентін қабылдау, мұндай топтардың басшыларын тағайындау және қызметін бақылау.
4. Экологиялық сараптаманы, оның ішінде жоспарлар мен бағдарламаларды, дамытуға және жетілдіруге, сондай-ақ трансшекаралық контексте жоспарланатын қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалауды жүргізуге бағытталған іс-қимылды жүзеге асыру.
5. Халықаралық форумдарда және халықаралық бастамаларды іске асыру кезінде өзара мүдделілік туғызатын мәселелер бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісілген тәсілдерін тұжырымдау.
6. Өз жұмысының регламентін әзірлеу және бекіту, сондай-ақ оған өзгерістер енгізу.
IV. Кеңес жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі
1. Кеңестің жұмысы әдетте, Кеңес отырыстарын Келісімге қатысушы мемлекеттерде кезегімен өткізу арқылы жүзеге асырылады.
Кеңес өз жұмысын өзі әзірлеген және бекіткен жоспарлар негізінде ұйымдастырады.
2. Кеңестің отырыстары қажетіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі. Кезекті отырыс өткізілетін жер Кеңестің алдыңғы отырысында, әдетте мемлекеттер атауының әліпбилік тәртібімен айқындалады. Кеңестің кезектен тыс отырысы Келісімге қатысушы кез келген мемлекеттің бастамасы бойынша және Кеңес мүшелерінің көпшілігінің келісімімен шақырылуы мүмкін.
Егер Кеңес отырысына оның мүшелерінің немесе ол уәкілеттік берген тұлғалардың жартысынан астам қатысса, ол заңды болып табылады.
3. Егер Кеңес өзгеше белгілемесе, Кеңесте төрағалықты Келісімге қатысушы мемлекеттер атауларының орыс әліпбиі тәртібімен әрбір мемлекеттің атынан кезектесіп оның өкілі бір жыл бойы жүзеге асырады.
Кеңестің алдыңғы және кейінгі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады. Кеңестің төрағасы уақытша болмаған жағдайда, оның міндеттері тең төрағалардың біріне жүктеледі.
4. Кеңестің төрағасы:
Кеңестің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
Кеңестің отырыстарын өткізеді;
белгіленген тәртіппен ТМД органдарында Кеңестің мүддесін білдіреді;
Кеңестің тапсырмасы бойынша өз құзыреті шегінде олардың жұмыс топтары деңгейінде басқа ұйымдармен байланыс жасауды қолдайды көрсетеді және дамытады;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билігінің табиғат қорғау органдары арасында өзара іс-қимылды жасауды қамтамасыз етуге жәрдем көрсетеді;
Кеңестің қызметін қамтамасыз етуге байланысты өзге де іс-қимылдарды жүзеге асырады.
5. Кеңес мүшесі жұмыс топтарының қызметі, қабылдаған шешімдері туралы қажетті ақпарат алуға, сондай-ақ Кеңес құзыретінің шегінде кез келген мәселені талқылауға енгізуге құқылы.
6. Кеңестің отырысына Келісімге қатысушы мемлекеттердің қоғамдық ұйымдарының өкілдері, осы Келісімге қатысушы болып табылмайтын ТМД мемлекеттерінің өкілдері, сондай-ақ Кеңес мүшелерінің келісімімен Кеңес отырысына қатысатын үшінші мемлекеттердің, мемлекетаралық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бақылаушы ретінде қатыса алады.
7. Кеңестің әрбір келесі отырысының күні мен алдын ала күн тәртібі Кеңестің кезекті отырысында айқындалады.
Келісімге қатысушы мемлекеттердің табиғат қорғау органдары және өзге де мемлекеттік органдары Кеңес отырысында қарау үшін ұсыныстар әзірлейді.
Ұсыныстар құжаттардың немесе олардың тұжырымдамаларының алдын ала жобалары түрінде енгізіледі.
Мәселені күн тәртібіне енгізу туралы түпкілікті шешімді Кеңес қабылдайды.
8. Кеңес шешімдері Кеңестің қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Бағдарламалар мен жобаларды, осы Ережені өзгерту туралы ұсыныстарды бекіту туралы Кеңес шешімдері Кеңестің қатысып отырған мүшелерінің үштен екісінің дауыс беруімен қабылданады.
9. Келісімге қатысушы қандай да бір мемлекеттің мүддесін тікелей қозғайтын Кеңес шешімі оның өкілетті өкілінің қатысуынсыз қабылданбайды.
10. Кеңестің жұмысы туралы есеп белгіленген тәртіппен Үкіметтер басшылары кеңесінің, Сыртқы істер министрлері кеңесінің, ТМД Экономикалық кеңесінің, жарғылық және басқа да Достастық органдары жанындағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің тұрақты өкілетті өкілдері кеңесінің, сондай-ақ ТМД Экономикалық кеңесі жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссияның отырыстарында қаралады.
V. Кеңестің хатшылығы
1. Кеңес хатшылығының функциялары басшысы Кеңес төрағасы болып табылатын мемлекеттік биліктің табиғат қорғау органының аппаратына және ТМД Атқарушы комитетінің тиісті құрылымдық бөлімшесіне жүктеледі.
Кеңестің хатшылығы мынадай функцияларды атқарады:
қабылдаушы тараппен бірлесіп, Кеңестің кезекті отырыстарын өткізуді ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
Кеңес мүшелерінің қызметін, ұйымдастырушылық, құжаттамалық және ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
Кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде Кеңес отырыстарының күн тәртібінің жобасын әзірлеу және оларға жұмыс материалдарын дайындау;
Кеңес отырыстарына құжаттардың жобаларын дайындау және келісу;
Келіп түскен құжаттарды қорыту және оларды Кеңес мүшелеріне таратуды ұйымдастыру;
Кеңес қызметі мәселелері бойынша Кеңес мүшелерімен хат алмасуды қамтамасыз ету;
Кеңесте қабылдаған шешімдердің орындалу дәрежесін көрсететін жалпы мәліметтерді қорыту;
Кеңесті ТМД басқа органдарының және халықаралық ұйымдардың қызметі жөніндегі қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету.
2. Кеңес хатшысын Кеңес төрағасы тағайындайды және басшысы Кеңесте төрағалық ететін мемлекеттік биліктің табиғат қорғау органының өкілі, ал хатшының орынбасары – ТМД Атқарушы комитетінің өкілі болып табылады.
3. Кеңес хатшылығы туралы ережені Кеңес бекітеді.
4. Кеңес қабылдаған құжаттардың депозитарий ТМД Атқарушы комитеті болып табылады.
VI. Қаржыландыру
1. Кеңестің отырысын өткізуді қаржыландыруға байланысты шығыстар аумағында Кеңестің отырысы өткізілетін Келісімге қатысушы мемлекеттің мемлекеттік билігінің табиғат қорғау органы есебінен жүзеге асырылады.
2. Кеңес мүшелерінің және сарапшылардың отырысқа қатысуына байланысты шығыстарды жіберуші Тараптың жіберген мемлекеттік билігінің тиісті органы дербес көтереді.