РҚАО-ның ескертпесі!
Осы қаулы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 қазандағы № 1151 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 56, 800-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілерді айқындау қағидасында:
5-тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) Қазақстан Республикасының республикалық және облыстық маңызы бар орталық және жергiлiктi атқарушы мемлекеттік органдарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың, Бас прокуратураның, облыстардың прокуратураларының, республикалық маңызы бар қала мен республика астанасы прокуратураларының, қалалық және оларға теңестірілген әскери және басқа да мамандандырылған прокуратуралардың, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен оның аумақтық бөліністерінің әкiмшiлiк ғимараттары мен объектiлерi;».
2) көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің инженерлік-техникалық нығайтылуы жөніндегі талаптарда:
6-тармақтың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«2) В санаты – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың объектілері; жанар-жағармай, энергетикалық пайдалы қазбаларды өндіруге және қайта өңдеуге байланысты объектілер, химия өнеркәсібінің объектілері; су шаруашылығы объектілері – гидротехникалық құрылыстар: гидротораптар, шлюздер, бөгеттер; су қоймалары, аса қауіпті, бактериологиялық, биологиялық және химиялық заттарды әзірлеу, өндіру, сынау және сақтау жөніндегі ұйымдардың объектілері мен оқшауланған үй-жайлары; тіршілікті қамтамасыз ету объектілері; ауыр қылмыс жасағаны үшін күдікті адамдарды стационарлық сот-психиатриялық сараптамадан және зерттеуден өткізу жөніндегі ұйым;
3) С санаты – Қазақстан Республикасы орталық және жергiлiктi атқарушы мемлекеттiк органдарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың; Бас прокуратураның, облыстар прокуратураларының, республикалық маңызы бар қала мен республика астанасы прокуратураларының, қалалық және оларға теңестірілген әскери және басқа да мамандандырылған прокуратуралардың, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен оның аумақтық бөліністерінің әкiмшiлiк ғимараттары мен объектiлерi; Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң объектiлерi, оның филиалдары мен сақтау орындары; Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктер, консулдық мекемелер мен халықаралық ұйымдардың өкiлдiктерi; республикалық маңызы бар байланыс, теле және радиохабарларын тарату объектiлерi; ғарыш инфрақұрылымының объектілері.».
2. Осы қаулы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi С. Ахметов