Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі Ұзақбай Сүлейменұлы Қарабалинге Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 20 желтоқсандағы
№ 1374 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы
Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау
саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
2002 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мұнай транзиті туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және Кеден одағын қалыптастыру туралы шартты, 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісімді негізге ала отырып,
ресейлік мұнайды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты ресейлік мұнайды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына тасымалдау үшін жағдай жасау болып табылады.
2-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін мынадай құзыретті органдарды тағайындайды:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрлігі;
Ресей Тарапынан - Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі.
Тараптардың уәкілетті ұйымдары:
Қазақстан Тарапынан - магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы;
Ресей Тарапынан - «Нефтяная компания «Роснефть» ашық акционерлік қоғамы болып табылады.
Құзыретті органдар және (немесе) уәкілетті ұйымдар өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
3-бап
Тараптар Ресей тарапының уәкілетті ұйымының ресейлік мұнайды жылына 10 млн. тоннаға дейін арттыру мүмкіндігімен жылына 7 млн. тонна көлемінде ұзақ мерзімді тасымалдауы үшін жағдай жасайды және оған Омбы (Ресей Федерациясы) - Ертіс (Қазақстан Республикасы) - Атасу (Қазақстан Республикасы) - Алашанькоу (Қытай Халық Республикасы) тасымалдау бағыты бойынша магистральдық құбырлар жүйесіне қол жеткізу құқығын береді.
4-бап
Осы Келісімде көзделген мұнайды ұзақ мерзімді тасымалдау Тараптардың уәкілетті ұйымдары арасында жасалған, мұнайды Ресей Федерациясының шекарасы - Қазақстан Республикасының шекарасы (Ертіс) - Атасу (Қазақстан Республикасы) - Алашанькоу (Қытай Халық Республикасы) бағыты (бұдан әрі - тасымалдау бағыты) бойынша тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартқа (бұдан әрі - тасымалдау туралы шарт) сәйкес жүзеге асырылады, оның талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген мұнай тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған үлгілік шарттың талаптарынан ерекшеленуі мүмкін.
5-бап
Мұнайды тасымалдау бағыты бойынша жылына 7 млн. тонна көлемінде тасымалдаудың заңды негізде Ресей тарапының уәкілетті ұйымына тиесілі құнын Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы осы Келісімнің бүкіл қолданылу мерзіміне Тараптардың уәкілетті ұйымдарының уағдаластықтары негізінде 1 тонна үшін АҚШ долларында бекітеді. Тасымалдаудың мұндай құны тасымалдау туралы шартта белгіленеді және ол осы Келісімнің қолданылу мерзімі ішінде Тараптардың уәкілетті ұйымдарының келісуінсіз өзгертілуге жатпайды.
Тараптардың уәкілетті ұйымдары мұнайды жылына 7 млн. тоннадан астам көлемде тасымалдауды келіскен жағдайда, мұнайдың 7 млн. тоннадан асатын бөлігіндегі әрбір қосымша көлемін тасымалдау құны Тараптардың уәкілетті ұйымдарының жеке келісуіне, Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органының 1 тонна үшін АҚШ долларында бекітуіне жатады және ол Тараптардың уәкілетті ұйымдарымен келісусіз өзгертіле алмайды.
Қазақстан тарапы мұнайды тасымалдау бағыты бойынша (оның ішінде оның учаскелерінің кез келгені бойынша) тасымалдау жөніндегі қызметтерге нөлдік мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығын салады. Бұл ретте Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын қайтару мақсаты үшін мұнайды тасымалдау бағыты бойынша (оның ішінде оның учаскелерінің кез келгені бойынша) тасымалдау жөніндегі қызметтерді халықаралық тасымал ретінде қарастырады.
6-бап
Ресей тарапының уәкілетті ұйымы тасымалдау бағытының соңғы пунктінде (Алашанькоу) мұнайды тасымалдау туралы шартта көзделгендей көлемде және сапада берген жағдайда, Қазақстан тарапының уәкілетті ұйымы Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарын мұнаймен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының магистральдық құбырлары жүйесінде ресейлік мұнайды қазақстандық мұнаймен ауыстыруды дербес жүзеге асыруға құқылы.
7-бап
Осы Келісімнің шеңберінде Ресей тарапының уәкілетті ұйымы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Кеден одағының кеден аумағынан тыс жерлерге әкететін мұнай үшін кедендік әкету бажын Ресей тарапының уәкілетті ұйымы Ресей Федерациясының бюджетіне төлеуге тиіс.
Ресей тарапының уәкілетті ұйымы осы Келісімде көзделген мұнай тасымалдауға байланысты Қазақстан Республикасының бюджетіне кез келген салықтарды, алымдарды, кедендік және өзге де төлемдерді төлеуден босатылады.
8-бап
Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.
Тараптардың уәкілетті ұйымдарының арасындағы дауларды реттеу тәртібі, оның ішінде осы даулардың соттылығы олардың арасындағы шарттарда айқындалады.
9-бап
Осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
10-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді және осы Келісімнен туындайтын құқықтық қатынастарға 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.
Осы Келісім 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады, бұл мерзім аяқталған соң ол, егер Тараптардың ешқайсысы екінші Тарапты оның алғашқы қолданылу мерзім аяқталғанға дейін кемінде 6 ай бұрын оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабардар етпесе, автоматты түрде 5 жылға ұзартылады.
Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғаннан кейін оның ережелері осы Келісім қолданылған кезеңде Тараптарда және Тараптардың уәкілетті ұйымдарында туындаған міндеттемелер толық орындалғанға дейін қолданылады.
2013 жылғы « » желтоқсанда қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланатын болады.
Қазақстан Республикасының |
Ресей Федерациясының |